Ауырсаң алақайлап жата бермейсің ғой, қиналғанда емшілерді іздеп, емінен ештеңе ала алмаған соң, интернет деген «иттің» иіріміне қойып кетесің. Құдайым-ау, мұнда не жоқ дейсің, ауруыңның атауын жаза қойсаңыз, «мен, мен бармын, мен!» деген жыбырлаған жарнамалар көбелек болып ұшып, көзіңе қона кетеді. Бәрі далбаса. Ақша табудың амалы. «Даобаб» дей ме, «Даминал», «Саминал» дей ме, «Мист КУР пластыр» дей ме, әйтеуір, ауырған халықты алдаудың алдына жан салмайтын арбаушылары жарнамада жаныңызды жай таптырып, ауруыңыздың бәрін көшеге дейін сыпырып тастайды…

Солардай байып қалайын деген оймен «Қосылған қос өзен» екеуміз ақылдаса келе, «Капрон шұлық» деген атаумен емдік қасиеті керемет бірдеңе ойлап таптық. Бірдеңе деп былдырлап жатқаным қайдағы емдік қасиеті бар дейсіз? Базардан «оптом» әйелдер киетін капрон шұлықтың жүз данасын сатып алдық та, қазанға салып, үстіне су құйып, бір қасық тұз салып, майонез қосып, қышытатын қышыма қосып, жарты сағат қайнатып алдық. Ал сосын интернеттегі әлеуметтік желілерге жарнаманы «жынды» жазып тастадық. Мұны киген адамның қан қысымы көтерілмейді, жөтелмейді, жыбырламайды, түнде сыбырламайды, асқазанында свет жарқырап тұрады, жүрегі «келсең кел!» деп арқырап тұрады, миы кеппейді, қысқасы, түрлі ауруға ем, бұған ештеңе жетпейді. Сол-ақ екен, капрон шұлығымызды ауырған әйелдер де, тіпті еркектер де есепсіз сатып ала бастады. «Капрон шұлыққа шөптен жасалған дәрілер сіңдірілген, бір ай киесіз де, лақтырып тастайсыз, бір құтыда төрт капрон бар, емделу курсы елу капрон шұлық, бағасы арзан, небәрі 25 мың теңге» деп алдап жүргенімізге алты ай өткенде, астыма қарасам, өлә, «Джип» мініп жүр екенмін. Екіқабатты коттеджді бір жылдан соң қалай сатып алғанымызды есіме түсіре алмадым. Бір күні бір еркек келді. Ентігіп, есі шығып.
– Капрон шұлығыңызды киіп жүрмін, сирағымды қышытқаннан басқа емін көрмедім. Ақшамды қайтар! – деп тұр.
– Кешіріңіз, есіміңіз?
– Апалақ.
– Менің атым Сапалақ. Ағасы, бұл капрон шұлықтың сыртынан шалбар кимеңіз деп ескерттім ғой. Сосын емі дарымайды.
– Сонда не, көшеде, жұмыста әйелдер сияқты сидиып…
– Ем болсын, аға, ем болсын!
Ашуланған еркек көз алдымда шалбарын шешіп, капрон шұлығын киіп алды. Әдемі жарасады екен. Үстінде куртка… Бүрсеңдеп кете барды. Тағы бір күні кесірленген келіншек келді.
– Ағай, мына шұлығыңыздың ауы жыртық қой?
– Е, срогы өтіп кетсе өзінен-өзі жыртылып кетеді.
– Өткенде күйеуім киіп кетіпті. Күйеуімнен ағасы тартып алған, одан абысыным киіп… Әрең тауып алдым… Дәрілік емі таусылып қалған жоқ па? Осы сіздің лицензияңыз бар ма? – деп сұрады аңқау келіншек. Мен оған мектеп бітіргенімнің куәсі – аттестатымды көрсеттім. Келіншек: «Мен сізді сотқа беремін, соттатамын! Алаяқ!» – деп кетіп қалды. Сотқа бере берсін. Оған да капрон шұлық кигізіп жіберемін. Айтпақшы, менің аса қадірлі достарым! Емдік қасиеті керемет капрон шұлық алыңыздар! Бір парын алып, екі адам бөліп киіп алуға да болады! Келіңіздер, маған ғана сеніңіздер!

Мұхтар ШЕРІМ