Күріш – Сыр өңірінің бренді. Биыл 90 977 гектар жерге күріш егіліпті. Оның 99,8 пайызы орып алынып, бұл өнімнің орташа мөлшері гектарына 54,3 центнерден келіп отыр. Ал жалпы өнім көлемі 475 184 тоннаға жетті.

– Облыста 800-дің үстінде егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар болса, соның 300-ден астамы бір ғана Жаңақорған ауданында орналасқан, – дейді бізбен әңгімесінде Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай. – Қазір біздің оңтүстіктегі іргелі ауданымыз өнімін 100 пайыз жинап алды. Күріш дақылы мұнда гектарына 48 центнерден келді.

– Нұрлан Амангелдіұлы, қазір жанар-жағармайдың бағасы жағадан алып тұрған кез. Әлеуметтік желі болсын, басқа болсын басты тақырып осы. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп, жергілікті басшылық та жиын сайын осы тақырыпты арқау ететін болды. Бұл жағдай егін жинау науқанына қаншалықты әсер етіп отыр?
– Білесіз бе, шаруашылықтың жайы мүлдем бөлек. Агросекторға баса мән берген біздің өңір бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған. Арнайы субсидиялау тағы бар. Ал жанар-жағармайға келсек, облысқа 30 000 тонна көлем берілген. Біз жыл басында көктемгі егіс жұмыстарына 14 000 тоннасын жараттық. Бізге Оңтүстік Қазақстан облысындағы мұнай өңдеу зауыты жанармаймен қамтамасыз ететін болып бекітілген. Ал онан кейінгі облыстың әрбір өңіріне «Невть-Транс-Қызылорда» ЖШС және «РК-Мұнай» ЖШС жеткізіп беретін оператор болып таңдалған. Қазіргі таңда көктемнен қалған 16 000 тонна сұйық отынды біз күзгі дала жұмыстары мен егін жинау жұмыстарына бөліп қойғанбыз. Шілдеден бастап тарата бастадық. Қорда біраз жанармай отынымыз бар. Шілдеде 4000 тоннаға жуығын жұмсасақ, тамызда 5000 тоннадан астамын жараттық. Көктемнен бастап бұл әрбір шаруашылықтарға 128 теңгеден босатылды. Байқап қарасаңыз, бұл үлкен жеңілдік. Қазір дизель отынының бағасы 147 теңгеге жетті. Мемлекеттің диқандар қауымына беріп отырған мүмкіндігі мен жасалып жатқан жағдайының бір парасы ғана бұл.

– Күріштің жаңа сорттарын егудегі жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр? Қайсыбір жылдары ирандық таром-хошеми деген сортты әкелді деп естіп едік…
– Иә, ирандық күрішті өткен жылы Қармақшы ауданына қарасты «Ақтөбе и К» серіктестігі алып келген. Облыстан барған делегация бұл күріштің ондағы өтімділігі мен сапасын зерттеп келді. Оны мұнда жерсіндірсек, біраз пайдаға кенелетін түріміз бар. Сол сортты небәрі үш гектар жерге орналастырдық әрі елге келіп егемін дегенше біраз уақытты жіберіп алдық. Кеш ексек те, нәтиже жаман емес. Сапасы да Ирандағымен бірдей. Шыдамды екен, бір жағынан. Бір қызығы, ол жақта бұл күріштің келісі 5 доллар тұрады екен. Өзіміздің ақ күріштің келісін 150 теңге деп есептесек, 10 есе қымбат. Бұл сорттың тиімділігін ескерген серіктестік төрағасы Нұрлан Іздібаев биыл 70 гектар жерге екті. Келер жылы одан сайын ұлғайтпақ. Биылдың өзінде 60 тонна күрішті экспорттауды меже қылып отыр.

– Аталған серіктестіктен басқа, қызығып отырғандар бар ма?! Пайдасы әрі сапасы жақсы екен…
– Иә, әлбетте, шаруашылықтар арасында бұл идея тез тарап кетті. Қазіргі таңда Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС мекемесі де бірнеше гектарын тәжірибе мақсатында байқап көруге екті. Ол да болашақта көлемді арттырмақшы.

– Дей тұрғанмен, бұл сорттан бөлек, өзіміздің ақ маржанның жайы қалай? Экспортқа шығарып жатырмыз ба?

– Бұрын біз күрішті ақтап барып экспортқа жөнелтетінбіз. Өйткені, бір жағынан, агрегаттарда біраз адам жұмыспен қамтылып, халықтың да жағдайы жақсарады деп осындай қадамға барғанбыз. Алайда, жоғарыда айтып өткендей, майда шаруашылықтардың күріш ақтайтын агрегаты жоқ, күрішті қаралай өткізеді. Сондықтан агрегаты барлар «күрішің нашар екен» деп сылтау қылып, төмен бағада алғысы келеді. Ала жаздайғы еңбегі ақталмайды. Міне, осы олқылықты реттеу үшін біз күрішті қара салы күйінше экспорттауды қолға алдық. Биыл Қытайға мұндай күріштің 20 мың тоннасын өткізбекшіміз. Бұл облыстың 2017-2020 жылдарға арналған агрокартасы аясында жасалып жатқан жағдай деуге толық негіз бар.

– Демек, біз ақ күрішті экспорттауды доғарып жатырмыз ба?
– Жоқ, олай емес. Қара күрішті өткіземіз дегеніміз – ақ күрішсіз қаламыз деген сөз емес. Бұған дейін бір жылда сыртқа 40-50 тонна ақ күріш жіберетін болсақ, биылғы тоғыз айдың өзінде 69 мың тоннадан астамын жібердік. Меже еселеніп артып келеді. Үдеден шығып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН
Қызылорда облысы