Мен бәрібір әділ сайлау өткіземін. Әрбір халық өзі сайлаған басшысына лайық. Қазақ билігінің бізге не үшін сондай жағаласқысы келетінін түсінемін. Олар Бәкиевті жақсы көреді. Бәкиевтер Қазақстанда әлі күнге дейін тайраңдап, мейрамдатып жүр. Мен тіпті Қазақстанның ең үлкен қызметтерінде жүргендерден «Бәкиевтер адамдарды атып, дұрыс істеді» дегенін естідім. Өз құлағыммен естідім. Ешқайсысының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Біз қазақ халқына «жақсы үлгі» көрсетіп отырған жоқпыз.

Нұрсұлтан Әбішұлы дұрыс айтады: Алматының жалпы ішкі өнімі бүкіл Қырғызстандыкінен бес есе үлкен. Қазақстан жалпы ішкі өнімі Қырғыз экономикасынан 20 есе көп. Қазақстанның орташа жалпы өнім табысы Қырғызстаннан 10 есе үлкен. Олай болса Қазақстандағы зейнетақы неге 1,5 есе ғана үлкен, 10 есе емес, тарифтер қалайша бес есе жоғары? Себебі Қазақстан байлығын тонап жатыр. Келген пайда халыққа жұмсалып жатқан жоқ. Осы үшін де біз «нашар үлгіміз», себебі Атамбаев әділ биліктің мысалын көрсетіп отыр. Біздің Талас жақтағы алыс аймақ тұрғындарының жағдайы қазақстандықтардың жағдайынан кем емес.

Егер бізде табыс жан басына шаққанда әр адамға 10 есе көп болса, зейнетақы да қазіргіден 10 есе жоғары болар еді. Себебі менің маңайымда жүрген шенеуніктер Қазақстандағы Өтемұратов секілді шенеуніктердей байып жатпас еді. Соның алдында біздің бабановтар мен сариевтер құрдай жорғалап жүр.

Мен Назарбаевтың Бабановпен кездесуінде айтқан «Қырғызстанда жас президент болса жақсы болар еді» деген сөзімен толықтай келісемін. Бірақ бізде президенттікке үміткерлердің ішінде ең үлкені Назарбаевтан 20 жасқа кіші. Ал мен 16 жасқа кішімін. Сонда жас президент кімге керек болды – бізге ме, Қазақстанға ма?

Қазақтар – біздің қаны бір бауырларымыз. Біз тарихты жақсы білеміз. Біз осыдан 500 жылдан астам уақыт бұрын өз басшысы ретінде Шыңғыс ұрпағынан сайлаған бір ел едік. Бірақ кейде Қазақстанды қазір қазақтар емес, әлі де Шыңғыс әулеті басқаратындай көрінеді.

Біздің ішкі тірліктерімізге килігіп, үйретудің қажеті жоқ. Біз өз жолымызды таптық.

Р.S. Қырғызстан президенті А.Атамбаевтың осы сөзіне байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады. «Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды. Қырғызстан президентінің сайлауалды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлық байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз. Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынастарын дамыту жолында берік болып қала береді» делінген мәлімдемеде.