Еліміздегі төтенше жағдайға жауапты басшылардың өз жұмысына немқұрайдылығынан қаншама ауылды су басып, қаншама отбасы қара жамылды, қаншама адам қайғы-қасірет шекті. Қыстың көбесі сөгіліп, күн күрт жылынғанда аспаннан түскендей абдырап қалатын олардың селқостығынан қазір сел, су тасқыны десе елдің жүрегі зырқ ете қалатын болды. Бұл ретте Тараз тұрғындары үшін қалаға жақын жатқан Киров суқоймасының қауіпсіздігі өте маңызды.

Күні кеше қырғыздар осынау суқоймаға күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлап, Шу-Талас бассейндік инспекциясына 18 қазаннан бастап біздің елге қарай ағып жатқан су мөлшері еселене түсетінін ескертіпті. Олардың бұл ескертулері соңғы уақыттағы екі ел арасындағы шиеленісті жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан да халықтың көкейінде «суқойманы жөндеу жұмысы жоспарланған дүние ме, әлде қырғыздар суқойманы сөз етіп қыр көрсетіп отыр ма?» деген күдіктері басым.

Енді ше, бірер жыл бұрын «Қырғыздар Киров суқоймасын жармақшы» деп көне шаһардың мыңдаған тұрғындары төбе-төбені қуалап, қаланы тастай қашқаны жұртшылық жадынан ұмытыла қоймаған болар. Сол кезде бұл суқойманың қауіпсіздігіне күмән келтірушілер аз болған жоқ. Өйткені Қырғыз елінің Талас облысының аумағында орналасқан сыйымдылығы 550 миллион текше метр болатын суқоймадан қандай да бір ақау шықса, оның ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені Тараз қаласы теңіз деңгейінен небәрі 650 метр биікте орналасқан болса, желкесінде тұрған Киров суқоймасы теңіз деңгейінен 1050 метр биіктікте салынған.
Бұл ретте Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Қырғызстан тарапы Киров суқоймасына жөндеу жүргізілетіні туралы Қазақстанға алдын ала ескертілгенін мәлімдеді. Ол суқоймадан жіберілетін қосымша суды тосып алуға даярмыз деп отыр. «Қазақстанның кезекші қызметтері дайын отыр. Әзірге су жіберілген жоқ. Су бүгін жіберіледі (18.10.2017) деп жоспарланған. Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі уақытын қосымша хабарлайды. Біз олардың кезекші қызметтерімен байланысып отырмыз», – дейді Р.Иманқұлов.

– Бүгінгі мәлімет бойынша Киров суқоймасында 24,65 млн текше метр су бар. Қоймаға түсіп жатқан су мөлшері секундына 26 текше метр, ал қоймадан тасталып жатқан су мөлшері секундына – 40 текше метр. Осы айдың аяғына таман Киров суқоймасындағы су көлемін ең төменгі деңгейіне (ол көлем 10,0 млн.м3) жеткіземіз. Су көлемі шекті деңгейіне жеткенде аталған суқойманың конустық су тежегіш құрылғыларының қымтау жабдықтарын ауыстырамыз. Содан кейін суқойма келесі жылғы суару кезеңіне су жинау режиміне көшіріледі.

Жыл басынан бергі тоғыз айдың нәтижесі бойынша Киров суқоймасына келіп түскен су мөлшері 797,8 млн текше метрді құрады. Өзен арнасымен тасталған су мөлшері болса 1046,2 млн текше метр. Бұл көрсеткіш орташа жылдық есептермен салыстырғанда 71 пайызға немесе 435 млн текше метрге жоғары болып отыр. Киров суқоймасындағы судың көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 209,3 млн текше метрге кем. Өткен жылдың осы кезеңінде қоймадағы су көлемі 223,6 млн текше метр болған, – дейді Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ғалымбек Құралбаев.

Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев су шаруашылығы нысандарының жай-күйіне арналған жиында тиісті қызметкерлерге Киров суқоймасына жөндеу жұмыстары қысқы аязға дейін созылмауын қамтамасыз етуін тапсырды. Әкім жиналған су мұз болып қататын болса да, суқойманың жарылуы мүмкін екенін айтты.Ал сол жиында Талас ауданының әкімі Досмаханбет Әлиев өзі басқаратын аудандағы «Қазақбай» каналының қай ауылда орналасқанын білмейтін болып шықты. Қай каналдың қай жерде екенін білмейтін әкім оның қандай күйде тұрғанын қайдан білсін? Әлде Д. Әлиев «Таласқа әкім болғаныма бір айдан енді асты, ауданның суқоймалары мен каналдарының жай-күйімен танысуға әлі ерте» деп, көктемнің шығуын күтіп арқаны кеңге салып жүр ме екен?

P.S. Бет қатталып жатқанда Киров суқоймасынан су жіберіле бастағаны туралы ақпарат жетті.

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы