Біздің сүйікті үкіметіміз картоптың не себепті қымбаттағанын жұртқа түсіндіріп әлек болып жатқанда ежелгі көрші – Қытайда Қытай компартиясының кезекті XIX cъезі өтті. Бес жылда бір рет өтетін съезд әлемдік саясаттағы үлкен оқиғаға баланып, әлем елдері көз тігеді.

Көз тігетіні – бұл жиында Қытайдың алдағы бес жылда ұстанатын саяси-экономикалық, әскери, ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттары түзіледі және бас хатшы сайланады. Бір аптаға созылған съезд жұмысы бүгін аяқталады. Бұл – жалпы ақпар. Қазіргі заманда Қытайдың қолы жетіп, табаны тимеген ел жоқтың қасы. Дүниежүзілік экономиканың көшбасшысына айналып келе жатқан Қытай әлемдік саяси аренада да ең ірі ойыншы есептеледі. Біз Қытай компартиясының XIX cъезінен кейін көрші елдің Қазақстанға қатысты саясаты қалай өрістейді, қандай өзгерістер болуы ықтимал деген сауалдар төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік.

Қытай – жабық ел. Сондықтан да бұл елдің саяси-экономикалық және басқа да салалары туралы толық әрі жан-жақты ақпарат алу, Қытай билігінің жүрістерін есептей отырып болжам жасау қиындау іс. Әрі Қытай саясатының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүрі, белгілі бір мәдениеті бар. Десе де, съезд уақытында түрлі болжамдар айтқан әртүрлі сарапшылардың айтқандарына иек артып, белгілі бір картина құрауға болатындай.
Қытай – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы әрі қарыз беруші ел. Мысалы, 2016 жылы Қытайдан Қазақстанға келген тікелей инвестиция 623,9 миллион доллар болып, одан бұрынғы жылдармен салыстырғанда жеті есеге өскен. Ал Қазақстанның Қытайға ішкі қарызы былтыр 12,3 млрд доллар болыпты. Бұған 2000-2014 жылдар аралығында Қытайдың Қазақстанға көмек есебінде берген 100-500 миллион доллар қаражатын және қосыңыз.
Бұдан байқайтынымыз, Қытайдың Қазақстанға экономикалық ықпалы күшейіп келеді. Қазақстан, әрине, экономикалық жақтан кіріптар елге айналып барады. Орталық Азия елдері және Қазақстанға қатысты Қытай саясатының өзегі де осы экономикада жатыр. Яғни экономика арқылы өз дегенін жүргізу. Қытай компартиясы съезі қазіргі төраға Си Цзиньпинді қайта сайлайтынын көптеген сарапшылар әлден айтып жатыр. Бұл дегеніңіз – Си Цзиньпин саясаты жалғасын тауып, «Бір белдеу – бір жол» экономикалық саясаты жүзеге асып, Қытаймен бірлескен 51 зауыт Қазақстанға көшеді деген сөз. Қытайға қатысты қоғамда қорқыныш, үрей болғанымен, ол экономикадағы Қытай үлесін кеміте алмайтын сияқты. Мәселе – Қытай инвестициясын, берілген қарызды, әкелінген зауыттарды Қазақстан қалай пайдаланады, Қытаймен қатынаста өзінің ұлттық мүддесін, азаматтарының мүддесін қорғай ала ма? Көршімен байланыстағы ең үлкен мәселе – осы. Осы уақытқа дейінгі қытай компанияларында туындаған жұмыс бөлінісі, жалақы айырмашылығы сынды дау болған мәселелерді еске алсақ, біздің билік Қытайға келгенде өз мүддесін қорғауға қауқарсыз. Әрі мұнай-газ саласындағы қытай компанияларындағы болған оқиғаларда ел азаматтарының есебі түгенделіп, мүддесі қорғалғаны туралы ақпарат жоқтың қасы. Бұған тікелей себеп – биліктің бірден-бір мақсаты – инвесторды ренжітпеу. Яғни өз азаматтарының еңбек, тілдік және басқа да құқықтарын тежей отырып, инвесторға жағдай жасау. Осы ұстанымның кесірінен қытай компанияларындағы қазақстандық жұмысшылар үлесі тым аз және олар төмен жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Негізі, инвестиция экономиканы көтеріп, сол арқылы сырт елдердің экономикалық ықпалынан шығуды көздейді. Экономикалық ықпалдан шығу деген сөз – Қытай секілді көрші елдердің алдындағы саяси беделіңіздің артып, онымен тең дәрежеде сөйлесуге, қарым-қатынас жасауға жол ашу. Қазақстан бұл тараптан ұтылды. Ұтылғанының белгісі – тәуелсіздік жылдарындағы Қытайдан келген инвестицияны өз мақсатына дұрыс пайдалана алмағандықтан, Қытай енді 51 зауытын Қазақстанға көшірмек. Негізі, Қытай және басқа да елдерден келген инвестиция, көмек қаражаттардың есебінен 51 зауытты Қазақстан өзі іске қосуы тиіс еді. Алайда ел экономикасының ондай бағытта өрістеуіне тереңдеп кеткен жемқорлық зор зиянын тигізіп келеді. Оның жарқын мысалы – президент Н.Назарбаев тұсауын кесіп, ашқан 10 зауыттың көп өтпей қайта жабылғандығы. Бұл жерде тек жемқорлықты қана емес, Қазақстанда жүргізілген экономикалық реформалардың бәрі де сәтсіз болғандығын айтпай кетуге болмайды. Ал сәтсіз экономикалық реформа билікті саяси басқару жүйесінің әлсіздігі болып шығады. Қытай болса кез келген елдің тап осындай әлсіз тұстарын белгілі бір аймақта өз ықпалын арттыруға шебер пайдаланады. Мәселен, жемқорлық жайлаған Қазақстан секілді елдер Қытай кәсіпкерлерінің жұмыс істеуіне, инвестиция салуына қолайлы елдер болып есептеледі. Қытайдың мақсаты – қандай да бір елде қытай кәсіпкерлерін молайту және олардың тұрақты дамуына барынша көмектесу. Өйтетіні кәсіпкер қытай азаматтары көптеп шоғырланған елдердің ішкі саясатына араласып, қытайшыл билік жасақтауға жол ашу жеңіл. Қазақ қоғамындағы қытай қорқынышының да түпкі мәні сонда. Жемқорлық Қытайда да бар. Си Цзиньпин басшылыққа келгенде жемқорлықпен аяусыз күрес жариялаған. Кейбір ашық деректерге қарағанда, жемқорлыққа қатысы бар делініп, Қытайдың 1 пайыз, яғни 13 миллион азаматы репрессияға ұшыраған. Қытай репрессиясы деген – ату, соттау, мүлкінен, қызметінен айыру. Бірақ бәрібір жемқорлықты тұсай алмай отыр. Тұсағанда Си Цзиньпин жемқорлықты желеу етіп, партияны жоғарғы лауазымды шенеуніктер ішінен өзіне қарсы яки болмаса өзі сенімсіз санайтын адамдардан тазартыпты деген де ақпар бар. Бізде де жемқорлықпен күрес осыған ұқсас тәсілмен жүреді: элитааралық төбелес, кланаралық қырқыстардың алаңына айналған. Қытай мен қазақ билігінің тағы бір ұқсастығы – Қытайдағы жаңа миллиардер, миллионерлердің көбі лауазымды партия шенеуніктерінің балалары екен. Оның үстіне Қытайда әлеуметтік теңсіздік мәселесі де өршіп тұр. Теңсіздік мәселесі біздің елдің де басты ауруы. Бірақ билік ресми статистикаға сүйеніп, бұл «ауруды» жоқ деп есептейді. Ал Қытайда теңсіздікке қарамастан, он шақты жыл бұрын партия қойған мақсат орындалып, 2016 жылы әр қытайлықтың орташа табысы 750 долларға жеткен. Жемқорлық пен миллиардер, миллионерлер шығуы жағынан қатты ұқсастық болғанымен, Қытайдың саяси-экономикалық әлеуеті алапат екені сөзсіз.
Әрине, елдегі ресми баспасөз Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілгенін, инвестиция көлемінің ұлғайғанын айтудан танбайды. Бұл билікке қажет. Ал жыл сайын өсіп жатқан инвестицияның қайда, қалай жұмсалып, қандай нәтиже бергені сөз болмайды. Бұл Қытай үшін пайдалы. Жалпы, Қытай автократиялық елдермен жұмыс істегенді бейіл көреді. Өйткені мың адамнан гөрі бір адаммен келіскен ыңғайлы. Әрі осы бір ыңғайлы позицияның неғұрлым ұзақ тұрғанын да қалайды. Оның себебі – жоғарыдағы Қытай инвестициясының ағынымен келген кәсіпкерлерді көбейту әрі оларды сөз айта алатын, өткізе алатын дәрежеге жеткізу. Ар жағы нұсқаумен ғана тынатын іс.
Қарап тұрсақ, Қазақстан Қытай инвестициясын экономикасын дамытып, белгілі бір тұрақтылыққа жеткізуге жұмсай алмағанын Қытай билігі жақсы біледі. Енді съезден кейін «Бір белдеу – бір жол», бірлескен 51 зауыт секілді экономикалық жобаларды қарқынды түрде іске асыра бастайды. Ал Қазақстан не істейді? Біздіңше, билік болашақты ойласа, Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасын қайта қарауы тиіс. Ең әуелі Қытаймен жасалған келісімшарттар жария болуы тиіс. Олай дейтініміз, билік Қытайдың ықпалын азайтуда тек қоғамға ғана арқа сүйей алады. Неге десеңіз, билік саяси реформаларды былай қойғанда, «ең әуелі – экономика» деп ұрандаған саясатының өзін ширек ғасыр ішінде орындай алмады. Орындалмағаны дәл қазіргі экономиканың ауыр халінен сезіліп отыр. Мұнайға сенген билік мұрнымен жер сүзуге шақ тұр. Ал Қытай Қазақстанды сол баяғы шикізат көзі ретінде ғана қарайды және өзінің болашақ саяси мүдделерін іске асыру үшін экономикалық кіріптар аймақ есебінде қарастырады. Айналып келгенде, Қытай да өз ұлттық мүддесі мен азаматтарының мүддесін табанды түрде қорғай білетін елдерді ғана тең дәрежеде көреді, санасады. Бұл тұрғыда Қазақстан Қытай үшін екінші деңгейлі елдер қатарында қала береді. Егер Қазақстан ежелгі көршімен экономикалық қатынасты қайта қарамаса… Қытай инвестициясы демекші, бұл ел инвестиция салған елдердің экономикасында тұрақты даму болмайды екен. Яғни не өспейді, не өшпейді. Бұл – батыс сарапшыларының пікірі. Бұл да Қытаймен экономикалық байланысты қайта бір қарауға ойланарлық негіз.
Біз неге Қытай компартиясының ХIX съезін негізге ала отырып, экономиканы көбірек айттық?! Өйткені Қытай саясаты күшке емес, есепке және ұзақ уақытқа құрылады. Есеп дегеніңіз – экономика. Айтпақшы, съезде үш жарым сағат тапжылмай тұрып есептік баяндама жасаған 64 жастағы Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Қытай армиясы көп көңіл бөлініп, ғасырдың орта шеніне таман қуатты армияға айналатынын» айтты. Сондай-ақ төраға Қытай әлемдегі көшбасшы ел болуға ұмтылмайтынын, кез келген саяси мәселені келіссөздер арқылы шешу бағытын ұстанатынын да атап өтті. Бірақ Қытай армиясының қуаты артқан сайын, оның көршілес елдерге салатын салмағы да зорая түсетінін ұмытпаған жөн.
Ұмытып барады екенбіз, Қытай компартиясының съезіне бұрынғы бас хатшылар да қатысты. Си Цзиньпин Қытай компартиясының жаңа саяси буын басшысы болып есептеледі. Дүниедегі бірден-бір жабық ел – Қытайдың өзінде басшылар ауысып, әрі кеткенде екі мерзімге сайланады. Ал бізде бәрі баяғыдай…
Айтпақшы, үкімет картоптың неге қымбаттағанына бірнеше себеп іздеп тауыпты, әйтеуір, абырой болғанда… Қытайдың ірі экономикалық серіктесі саналатын Қазақстандағы дәл қазіргі экономикалық жағдай – картоп мәселесі. Түрлі салаға соншама инвестиция әкеліп, қарыз берген көршіден ұят болды-ау…

ҚАҒЫТПА
Франция президентінің 10 нақсүйері бар. Соның біреуі жыныстық ауруға шалдыққан. Оның кім екенін қазір іздеп жатыр.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселесінде 10 кеңесшісі бар. Соның біреуі – ФСБ агенті. Оның кім екенін қазір іздеп жатыр.

Қазақстан президентінің экономика мәселелері бойынша 10 кеңесшісі бар. Соның біреуі экономиканың не екенін біледі. Оның кім екенін қазір іздеп жатыр.

Таңатар ТАҒАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз