Қытай Халық Республикасындағы бірқатар қандастар Қазақстанға көшіп келмек болғаны үшін немесе Қазақстандағы туыстарына саяхаттап келгені үшін қуғын көріп, тіпті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып жатыр. Бұл туралы сейсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген қоғам белсенділері мен Қытайда сотталған қандастардың туыстары мәлім етті.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы, кәсіпкер Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, бұрын да Қытайдағы қандастарымыздың атажұртқа оралуына бірқатар кедергілер жасалса, енді бұған себепсіз жаппай соттау қосылып отыр. «Бұған негіз – қандастардың Қазақстандағы туыстарымен сөйлескені, оларға туысқаншылап келуі не біржолата қоныс аударуға ниетті болғаны», – дейді ол.

Жиынға қатысқан саясаттанушы, қоғам белсендісі Расул Жұмалы соңғы бір-екі жылда Қытай қазақтары бұрынғыдан бетер қиын-қыстау жағдайға тап болғанын, бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, әзірге тиісті шешімін таппай отырғанына қынжылыс білдірді. «Қазіргі кезде 5 миллионға жуық қандасымыз шетелде өмір сүріп жатыр. Соның ішінде ең бір қиындыққа тап болып отырған – Құлжа, Шыңжаң өңіріндегі қандастарымыз. Әсіресе соңғы бір-екі жылда жағдай тым ушығып кетті. Бірталай азамат өте күмәнді себептермен, кей кездері себепсіз түрмеге жабылып, ұзақ мерзімге сотталып жатыр, кей азаматтар сол түрмеде мерт болды. Одан өзге де, түрлі шектеулер тудырып, әсіресе құжатын тартып алып, сөйтіп, Қазақстанға шығармай қоятын жағдайлар да кездеседі. Бұдан бөлек, атажұртқа оралып, азаматтық алған қандастарға Қытайға виза бермеу мәселесі де бар. Қытайдың өз ішінде қытайландыру саясаты, қазақ мектептерін қытайландыру, қазақ дәстүрін жою не шектеу, діни ар-ожданға шектеу жасау күшейіп кетті. Бұл – халықаралық адам құқықтарын ғана емес, Қытайдың өз заңдарын, ұлттық аймақтарға қатысты заңдарын өрескел бұзу», – дейді Р.Жұмалы.

Қоғам белсендісі Марат Тоқашбаев Қытайдағы қазақтардың қуғын көріп отыруының себебін жергілікті басшылардың әпербақан әрекетімен байланыстырды. Оның айтуынша, қандастарды қудалау Тибетті басқарған Чын Шуан Го есімді басшының Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданын басқаруға келгелі бері басталған. «Чын Шуан Гоу Тибеттегі ұлт-азаттық көтерілісті басуға қолданған әдістерін Шыңжаңда қолданып отыр. Осыны Қытай басшылығына жеткізуіміз керек», – деді ол.
М.Тоқашбаев Қытайда қуғын көріп, ұзақ жылға сотталған қандастардың есімдерін түгендеп шықты. «1980 жылы туған Өмірзақ Мақан есімді қандасымызды жергілікті полицейлер соққыға жығып, содан мерт болды. Зейнолла Рақымжан азаптауға душар болып, қазақ тыңшысы деген айып тағылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қасымбайұлы Жарқынбек балаларын Қазақстанға жібергені үшін 10 жылға қамалды. Қабыл Имам Қазақстаннан діни кітаптар алғаны үшін сегіз жылға сотталды. Бағдат Жеңісхан Қазақстанға көшпек болғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды».
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар ұзын саны 22 адамнан тұратын, Қытайда жазықсыз сотталған қандастар тізімін ұсынды. Осы тізімдегі зейнеткер, 10 жылға сотталған Жарқынбек Қасымбайұлының ұлы Жұмадан Жарқынбек әкесінің басынан кешкенін егжей-тегжейлі баяндап берді.

– 2010 жылы атажұртыма оралып, Қазақстан азаматтығын алғанмын. Менің әкем Жарқынбек Қасымбайұлы 1963 жылы туған ҚХР азаматы. Зейнеткер әрі зиялы қауым өкілі. Әкем біздің атажұртқа оралып, осында тұрақтап қалуымызға байланысты жиі келіп-кетіп жүрді. Биылғы жылы 10 мамыр күні Қазақстандағы визасының бітуіне байланысты қазақ консулдығынан виза аштыру үшін Қытайға қайта өтті. Үнемі байланыста болдық, телефонмен, интернет желісімен сөйлесіп жүрдік. Сөйтіп, бір ай өтті, әкем консулдыққа визаға тапсырып, өзі тұратын Бұратала қаласына қайтты. Бірақ биылғы жылдың 10 маусымынан бастап әкеммен байланыс үзіліп қалды. Бір апта бойы еш хабар-ошар болмады. Хабар күтіп жүргенде Қытайда тұратын жалғыз әпкем әкемнің Бұратала полициясы тарапынан қамауға алынғанын айтты. Оған дейін әкем заңға томпақ нәрсе жасаған кісі емес еді. Себебін сұрағанымызда, полиция қызметкерлері әкеме «Қазақстанға жиі өтіп тұрасың, идеяңда ауытқу болуы мүмкін, бұзылған болуы мүмкін, сенің идеяңды тазалаймыз» деп саяси үйрену орталығында бір ай оқытамыз деп алып кетіпті. Біз олар жай ғана оқытулар жүргізіп қайтарады деп бейқам қалдық. Бір айдан кейін әпкем байланысқа шығып, әкемнің сотталып кеткенін айтты. Төбемнен жай түскендей болды. Өйткені әкем заңға оғаштық жасап, үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет жоқ. Себебін сұрап, қазбалай бергеннен кейін екі ұлының Қазақстанға келіп, азаматтықты қабылдағанының кесірі тигенін білдік. Қытайдағы туыстарымыз бізбен хабарласуды доғарды. Олардың бәрі бақылауға алынған, кімде-кіммен байланыс жасаса, құзырлы органдар тарапынан сұраққа алынуы мүмкін.

Р.Жұмалы егер құзырлы мемлекеттік органдар мен сыртқы істер министрлігі бұл мәселені шеше алмай, жағдай осы күйінде қала беретін болса, белсенділер халықаралық ұйымдар мен адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа, БҰҰ-ның тиісті институттарына шағымданатынын жеткізді.

Елнұр Бақытқызы