2 наурыз 2010
Оралманның оралуына тұсау

ҚАЗАҚ КӨШIНIҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ ҚҰБЫЛЫП БАРАДЫ?
Ел үкiметi тәуелсiздiктiң қарсаңында-ақ қазақ көшiнiң құқықтық жағдайын реттеуге ерекше ден қойды. “Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерге жұмыс iстеуге тiлек бiлдiрушi байырғы ұлт адамдарын КСР-ына қоныстандыру тәртiбi мен шарттары туралы” Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасы министрлер кабинетiнiң 1991 жылы 18 қарашада қабылданған қаулысы сыртқы көшi-қонның алғашқы құқықтық актiсi болды. Содан бергi 20 жылға таяу уақытта осы саланың құқықтық базасын кемелдендiру жолында ұлт жанашырлары үздiксiз тер төгумен келедi. Әрине, кедергiлер мен кемшiлiктер де бар. Соған қарамастан 1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған “Халықтың көшi-қоны туралы” заң тәуелсiз қазақ елiнiң көшi-қон тарихында дәуiр бөлгiштiк маңызға ие бiрегей құжат болды. Өкiнiшке қарай, осы саланың тiзгiнiн ұстаған атқамiнерлер осы заңды одан әрi жетiлдiре түсудiң орнына аталған заңның құйрық-жалын күзеумен әлек. Нәтижесiнде кереғарлықтар кесiрiнен қазақ көшi қаңтарылуға сәл-ақ қалды. 2009 жылы 20 мың отбасына есептелген көшiп келу квотасының 4000 отбасына кем орындалуынан-ақ, бұл саладағы жағдайдың қаншалықты күрделi екенiн байқауға болады.
Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi “Халықтың көшi-қоны туралы” заңның жаңа жобасын дайындап, ал 2009 жылы 30 желтоқсанда үкiметтiң №2251 қаулысымен мәжiлiстiң қарауына берiлген-дi. Аталған заң жобасынан күткенiмiз көп едi. Бiрақ, үмiт ақталмады. Заң жобасы қандастарымыздың құқықтық жағдайын бұрынғыдан да бетер қиындататын, қазақ көшiн тығырыққа тiрейтiн баптардың жазылуы күтпеген жағдай болғанын ашық мәлiмдеуге мәжбүрмiз. Ендi заң қазақ көшiне қатысты баптарына талдау жасайық. Заң жобасының 44-бабында: “Оралман мәртебесi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтатылады. Оралман мәртебесiн алған күннен бастап бiр жылдың iшiнде, ҚР-ның азаматтығын алу туралы өтiнiш бермеген оралман, оны ұзарту және қайталап алу құқығынан айырылады”, — деп көрсетiлген. Қолданыстағы заң да оралман мәртебесiн азаматтықпен байланыстырады. Демек, ҚР азаматтығын қабылдаған оралман сол сәттен бастап заң бойынша берiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек пен жеңiлдiктерден мақұрым болады. Бiз күткен заң жобасы ең алдымен сан мыңдаңдаған қандасымызды сарсаңға салып, былай тартса арба сынатын, былай тартса өгiз өлетiн жағдайға жеткiзген, алаяқтар мен жемқорлардың жемсауын толтырған кереғарлықты түзетуге бағытталуы керек едi. Заң жобасы осы қайшылықты одан бетер шиеленiстiрiп жiбердi.
Заң жобасының тағы бiр “жаңалығы” — 45-баптың 1-тармағында. Онда былай дептi: “Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiнiң: 1) Iшкi iстер органдарына тiркелу жолымен, жеңiлдетiлген тәртiппен ҚР азаматтығын алуға құқылы”.
Ендi “Iшкi iстер органдарына тiркелу жолымен, жеңiлдетiлген тәртiппен” деген ұғымға тоқталып көрелiк.
Қазiргi кезде азаматтықты жеңiлдетiлген тәртiппен алуға байланысты 1996 жылдың 17 қаңтарынан бастап қолданысқа енген Қазақстан ман Белоруссияның арасындағы және Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей арасындағы 1999 жылдың 26 ақпанынан бастап күшiне енген халықаралық келiсiмде, сондай-ақ, қос азаматтық және азаматтықсыз қалуға жол бермеу мақсатында жасалған түрлi келiсiмдерде бұл мәселе қарастырылған. Аталған халықаралық келiсiмдер келiсiм жасаушы мемлекеттердiң заң шығарушы билiгi тарапынан ратификацияланған. Және аталған келiсiмдердi орындауды бiрiздiлiкке келтiру мақсатында ҚР Iшкi iстер министрiнiң 2002 жылдың 23 тамыздағы №556 бұйрығымен бекiтiлген нұсқаулығы да бар. “Жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтық алу” терминi осы уақытқа дейiн Қазақстан мен көршi мемлекеттер арасында халықаралық келiсiмдерге байланысты ғана ұлттық заңнамада қолданылды. Оны қолданудың тәртiбi ҚР Конституциясының 4-бабының 3-тармағы негiзiнде бекiтiлген. Ал “Азаматтық туралы” ҚР заңында “жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтық алу” терминi қолданылмайды. Тек осы заңның 16-бабының 1-тармағында ғана арнайы санаттағы адамдар үшiн жеңiлдiк қарастырылыпты. Осы мәселеге байланысты 2009 жылдың 30 желтоқанында үкiмет қаулысымен мәжiлiстiң қарауына енгiзiлген “Кейбiр заңнамалық актiлерiне халықтың көшi-қоны мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы” заң жобасында “Азаматтық туралы” заңының 30-бабына “оралмандардың азаматтық алуын жеңiлдетiлген тәртiппен жүзеге асыратыны” жөнiндегi сәйкестi өзгертулер мен толықтырулар енгiзу қарастырылған. Ал халықаралық келiсiмдерге байланысты қолданыстағы нұсқаулықтың 42-тармағында: “Жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтық алуға арыз берiлген уақыттан бастап мәлiметтердi қарау уақыты үш айдан аспауға тиiс” деп айқын көрсетiлген. Яғни, “оралман мәртебесi” тек үш-ақ айға ғана жарамды деген сөз. Ары кеткенде бiр жыл үш айдан аспайды. Егер аталған мерзiмнен асып кетсе, заң жобасының 45-бабында көрсетiлген тәртiпке сәйкес елге оралған ағайын оралман мәртебесiне қайта ие бола алмайды! Мәңгiге! Демек, ондай қандастарға ендiгәрi өз отанының есiгi жабық. Бұл — елге оралған ағайын үшiн тым қатал жаза! Осы жерде мына бiр мәселенiң басын ашып алуға тиiспiз. Елге оралған ағайын жат елдiң азаматтығына ерекше бiр қимастық сезiмi болғаны үшiн ғана Қазақстан азаматтығын қабылдауға асықпайды десек, қатты қателесемiз. Олардың басым көпшiлiгi — көшi-қон квотасы шеңберiнде берiлетiн атаулы әлеуметтiк көмектен үмiт үзбегендiктен ғана елiмiз азматтығын қабылдауға асықпай жүргендер. Себебi, азамат атанған оралманға заң бойынша ешнәрсе тиесiлi емес. Өткен жылы көшiп келу квотасына енгiзiлгендердiң басым көпшiлiгi 2009 жылы көшiп келгендер емес, дәл сол азаматтықты қабылдауға асықпай, атаулы әлеуметтiк көмектi сарғая күтiп жүргендер болатын. Әрине, азаматтықты қабылдамау бiрiншi кезекте олардың өздерiне қолайсыздық тудырады. Басқа бiр елдiң төлқұжатымен жүрген адам жер сатып алу, үй сатып алу, тұрақты жұмысқа орналасу, несие алу сияқты аса зәру мүмкiндiктерге қол жеткiзе алмайды. Жат жұртта жүрген ағайын өз елiнен тысқары жерде өмiр сүретiн болса, ұрпақтары өзiнiң ұлттық болмысынан айырылады. Елге келсе, үш айдан бiр жыл үш айға дейiнгi мерзiмде елiмiздiң азаматтығын қолына ұстатады да, ендi “өз күнiңдi өзiң көр” деп тағдырдың талқысына лақтырып жiбередi. Ол аз болғандай, заң жобасының 42-бабы 10-тармағы 1-2-тармақшасындағы ереже бойынша “Қазақстанда тұрған алғашқы үш жылдың iшiнде, оралмандардың көшiп келу квотасын алған кезде қоныстану үшiн белгiленген өңiрден тыс жерге өзiнiң жеке ерiк-қалауымен өздiгiнен iшкi көшiп-қонған” және “оралман мәртебесiн алған күннен бастап бес жылдың iшiнде Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайларда” тағы да жазаға тартылып, барлық атаулы әлеуметтiк көмектi толығымен қайтарып беруге мәжбүр болады. Заң жобасындағы осы баптарды оқып отырып ойға қаласың. Жат жұртта жүрген ағайынның өз елiне келген соң осынша қыспақ пен құқай көретiндей не жазығы бар?! Заңның ең басты мақсаты – елге оралған өз қандастарымыздың құқықтық мәртебесiн айқындап, олардың өз отанындағы өмiрге бейiмделiп, кiрiгуiне барынша жағдай жасау емес пе? Ал бiз оларға азаматтық бергенiмiздi бұлдап, осы бiр әлеуметтiк жағынан ең нашар қорғалған қоғамдық топты қараусыз қалдыруға асығып отырмыз. Мұнысы азаматтық беру арқылы олардың мәселесiнен ертерек құтылсақ дегенге ұқсайды. Сонда мұндай заң жобасын қабылдаудың қандай мән-мағынасы қалады? Азаматтық алу — онсыз да олардың конституциялық құқығы. Бiз сонау 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған “Мемлекеттiк тәуелсiздiк туралы” заңның 7-бабында: “Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын, республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердiң заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығы танылады. Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады. Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесiнде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды” деп тасқа басқандай анық жазылған. Ал тәуелсiз елiмiзде тұңғыш рет 1992 жылдың 26 маусымында қабылданған “Көшiп келу туралы” заңының 1-бабында: “Шетелде тұратын отандастар өздерiнiң ата қонысына еркiн орала алады”, – деп айқын көрсетiлген. Демек, елге оралған ағайынға азаматтық беру немесе оны жеңiлдету жаңалық емес. Мәселе олардың өз отанындағы өмiрге қалай бейiмделуi және елiмiз қоғамына кiрiгуiне жәрдемдесу заң жобасының ең басты мiндетi болуға тиiс.
Бiз елге оралған қандастарымызға азаматтық беру мен оларға жәрдем көрсету мәселесiнiң арасындағы қарама-қайшылыққа байланысты көшi-қонды бiзден бұрын бастаған, бiздегi атқамiнерлер аузынан тастамай айтып жүретiн Израиль мен Германияның тәжiрибесiн құқықтық тұрғыдан жақсы бiлемiз. Бұл елдерде өз елiне оралушыларға азаматтық беру бiрiншi кезекте жүзеге асырылады. Және ол — өз елiне оралушылардың талассыз құқығы.
Мәселен, Израильде 1950 жылы қабылданған “Қайта оралушылар туралы” заңның 1-бабында: “Барлық еврей тектiлер Израильге қоныс аударуға құқылы” деп көрсетiлсе, 3-бабында: “Израильге қоныс аударғысы келетiн әрбiр еврей ол Израильде болған кезде “репатриант куәлiгiн” (теудат оле) ала алады”, – деп айқын жазылған. Ал оралушыларға (репатрианттарға) аталған куәлiк негiзiнде Израильге қайта оралу актiсi күшiмен тез арада азаматтық берiледi. Израиль азаматтығын қабылдаған әрбiр еврей азаматы ғана “кiрiс қоржынының” иесi аталады. Оған 7 ай бойы репатриантқа ақшалай жәрдемақы ретiнде түрлi мақсатқа мемлекеттен жәрдемақы төленедi. “Кiрiс қоржынының” мөлшерi отбасы құрамына байланысты болады. Егер 7 айдан 12 ай арлығында жұмысқа орналаса алмаған репатриант өз бетiмен де табыс таба алмайтын болса, Кiрiс министрлiгiнен күн көрiстiң ең төменгi деңгейiндегi жәрдемақы алып тұрады. Израиль заңнамасына сәйкес репатрианттар үшiн басқа да көмек түрлерi қарастырылған.
Ал Германияда этникалық немiстердiң (құқықтық терминге сәйкес “кешiгiп оралушылар”) тарихи отанына қайта оралу процесi “Көшiп келушiлер және босқындар туралы” (1993 жыл 2 маусым) заңымен реттелген. Аталған заңның §4.3-тармағында: “ГФР Конституциясының 116-бабына сәйкес көшiп келушi немiс болуы шарт. Егер неке ұзақтығы үш жылдан кем емес болса, оның ұрпақтары мен жұбайы (немiс емес) да осы құқықтық мәртебеден игiлiктене алады” деп жазылған. Осы заңның §7.1-тармағындағы ережелерге сәйкес “кешiгiп оралушылар” мәртебесiне ие болғандар үшiн кәсiптiк, мәдени және әлеуметтiк өмiрдегi кiрiгудi жеңiлдету керектiгi және кешiгiп оралушылардың өмiрiне қиындық тудыратын жағдайларды болдырмау қажеттiгi қарастырылған. Заңның тағы бiр тармағында материалдық және басқа да көмектердiң тiзбесi көрсетiлсе, тағы бiр тұсында “кешiгiп оралушыларға” көрсетiлетiн көмек қоныстанушы тұрақты мекенжайға орналасқан күннен бастап 78 аптадан аспайтын мерзiмге тиесiлi болуы керектiгi заңмен бекiтiлген. Бұдан шығатын қорытынды — Израиль де, Германия да елге оралған өз қандастарының азаматтықты алуын бiрiншi кезекке қояды. Ал барлық атаулы әлеуметiк көмектер тек азаматтық алған оралушыларға бағытталады. Және оның қанша мерзiмнен аспайтын уақытта оралушыларға тиесiлi болу керектiгi жөнiнде мемлекет өзiне мiндеттеме алады. Ал бiздегi заң жобасы бойынша барлық жауапкершiлiк тек елге оралған қандастарымыздың мойнында.
Заң жобасында қандастарымыздың жағдайын қиындататын басқа да принциптiк қателiктер жетiп-артылады. Аталған заң жобасының 21-бабының 1-тармағында: “Қазақстанға бiлiм алу мақсатымен келген этникалық қазақтардың қатарындағы көшiп келушiлер оқуын аяқтағаннан кейiн тұрақты тұруға рұқсат алуға өтiнiш беруге құқылы”. Бұл бапқа сәйкес, бұдан былай шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың балалары елiмiзге бiлiм алу мақсатымен келсе, ол оқуын аяқтағанан кейiн ғана тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтiнiш беруге құқылы. Демек, бiрден елiмiздiң азаматтығын қабылдауға мүмкiндiгi жоқ.
Заң жобасында қандастарымыздың жағдайын қиындататын басқа да принциптiк қателiктер жетiп-артылады. Аталған заң жобасының 21-бабының 1-тармағында: “Қазақстанға бiлiм алу мақсатымен келген этникалық қазақтардың қатарындағы көшiп келушiлер оқуын аяқтағаннан кейiн тұрақты тұруға рұқсат алуға өтiнiш беруге құқылы”. Бұл бапқа сәйкес, бұдан былай шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың балалары елiмiзге бiлiм алу мақсатымен келсе, ол оқуын аяқтағанан кейiн ғана тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтiнiш беруге құқылы. Демек, бiрден елiмiздiң азаматтығын қабылдауға мүмкiндiгi жоқ.
Бiз осындай бапты енгiзудiң қажеттiгiн де көрiп отырған жоқпыз. Шетелде тұратын этникалық қазақ өз баласын Қазақстанның оқу орындарына тек бiлiм алу мақсатында ғана жiберiп отырған жоқ. Олар өз ұрпақтарының өз отанына ертерек бейiмделiп, кiрiгуi үшiн түптiң-түбiнде осында тұрақтап қалдыру үшiн жiбередi. Олар студент кезiнде елiмiздiң азаматтығын қабылдаса, қоғамға шығысымен елiмiздiң төл маманы, бiлiктi еңбек адамы болып қалыптасады. Өткен жылы “дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша Алматы қалалық көшi-қон департаментiнiң мұрындық болуымен жоғары оқу орындарының қабырғасында азаматтық алып үлгерген бiр топ жас маман елiмiздiң шалғай ауылдарына жiберiлдi. Егер олар оқуын аяқтағаннан кейiн ғана азаматтыққа өтiнiш беру құқығына ие болса, осы мамандар кемiнде бiр жыл кешiгiп аттанар едi.
Осы заң жобасы бойынша оралман мәртебесiн беру және оларды көшiп келу квотасына енгiзудiң де машақаты шаш етектен. Қолданыстағы заңның 39-бабының 3-тармағында: “Көшi-қон мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган этникалық қазақтардың өтiнiштерi мен құжаттарын оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсетiнi туралы қорытынды дайындау үшiн келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде үмiткерлер тұруға таңдап алған өңiрлердегi өздерiнiң аумақтық бөлiмшелерiне жiбередi.
Көшi-қон мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi этникалық қазақтың оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге өтiнiшi мен құжаттарын қарау үшiн және қабылдауға келiсу не қабылдаудан бас тарту туралы шешiм қабылдау үшiн жергiлiктi атқарушы органдары мен iшкi iстер органдарына жiбередi.
Екi айдың iшiнде жергiлiктi атқарушы органдар мен iшкi iстер органдары қабылдаған қабылдауға келiсу туралы шешiмдердiң негiзiнде, көшi-қон мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi үш жұмыс күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде этникалык қазақты қабылдауға келiсу туралы қорытындыны дайындайды және оны оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның қарауына ұсынады”, – деп жазылған.
Аталған баптан түсiнгенiмiз ендi көшiп келу квотасынан үмiткерлер бұрынғыдай уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң есiгiн ғана тоздырмайды. Ендi жергiлiктi атқарушы органдар мен iшкi iстер органдарының да табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Демек, қуырдақтың көкесi алда деген сөз. Себебi, жергiлiктi атқарушы орган мен iшкi iстер органдары “қабылдауға келiсу не қабылдаудан бас тарту туралы шешiм қабылдай” алады. Бұрынғыдай уәкiлеттi органның шешiмi мiндеттi емес. Ендi олар тек қағаздарды қабылдап, құзыреттi орындарға жолдап, олардың шешiмiн оралмандарға хабарлап отыратын делдал мекемеге айналады. Осыдан кейiн көшi-қон жөнiндегi уәкiлеттi органның қажеттiгi бар ма, жоқ па деген ойда қаласың. Ал 1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған “Халықтың көшi-қоны туралы” заңның 35-бабында: “Уәкiлеттi органның квота шегiне қабылданған репатрианттар (оралмандар), мәжбүрлi қоныс аударушылар, эмигранттар мен босқындар мәселелерi жөнiндегi, оларды орналастыру мен жайластыру туралы шешiмдерiнiң мiндеттi күшi бар және оны барлық атқарушы органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар орындауға тиiс” деп көрсетiлген болатын.
Уәкiлеттi органның заңды құзыретiн осыншама құлдыратып жiберу кiмге қажет болғанын түсiне алмай-ақ қойдық. Мүмкiн, ендiгi жерде бiреулер үшiн қазақ көшiнiң де қажетi жоқ шығар. Кiм бiледi?..
Рақым АЙЫПҰЛЫ.
«ЖАС АЛАШТАН»: Ақпанның 25-i күнi ҚР Парламентi Мәжiлiсiнде «Халықтың көшi-қоны туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне азаматтарды тұрғылықты жерi бойынша тiркеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өттi. Сенiмдi ақпарат көздерiне қарағанда, заң жобасына байланысты мәжiлiс депутаты Жараспай Сүлейменов жетекшiлiк ететiн арнайы жұмыс тобы жасақталған. Жұмыс тобына кiлең мемлекеттiк шенеунiктер мен мәжiлiс депутаттары енгiзiлген. Ал осы саладағы қоғамдық ұйымдар жұмыс тобына қатысу жөнiнде өтiнiш бiлдiргенiне қарамастан, жұмыс тобына қабылданбаған. Демек, алдағы кезде олардың заң жобасына байланысты ұсыныс пiкiрлерiнiң де ескерiлуi күмән тудырады. Рахым Айыпұлының мақаласындағы орынды ұсыныстар мен дәлелдi пiкiрлердi құлаққа iлмесе, онда заң жобасын жасаушылар кiмнiң мүддесiн көздегенi?





Уәж айту