4 наурыз 2010
Қоғамдық көлiк жүргiзушiлерi ереуiлге шықты

Бейсенбi күнi Алматыда тосын оқиға болды. Қала iшiмен жүретiн елуге тарта қоғамдық көлiк жүргiзушiлерi жұмыстарын тоқтатып, наразылық шарасын өткiздi. Олар «Саяхат» автобекетi маңындағы Пушкин көшесiнiң бойына автобустарын қаңтарып қойып, бiр сағатқа таяу уақытқа жолды жапты. Кейiннен басқа да бағыттағы қоғамдық көлiк қызметкерлерiмен бiрлесе Алматыдағы ескi алаңға жиналды. Осылайша жүргiзушiлер жол сақшылары тарапынан тексерулердiң көбейiп кеткенiне қарсылық бiлдiрдi. Олардың автопарк басшыларына да артар кiнәсi бар.
Ескi алаңға жиналған наразы топ полицияның оларды жиi тоқтатып, айыппұл салатынына қарсы. Жүргiзушiлердiң айтуынша, қаладағы көлiктiң көптiгiнен аялдамаларда кептелiс болып, олар ереженi бұзуға мәжбүр. Наразылық шарасына келген кондукторлардың бiрi Бауыржан Сапаров мәселенiң мән-жайын былай түсiндiрдi: «Бiз қалай заң бұзбаймыз? Аялдамаларда үнемi кептелiс. Жеңiл машиналар жолды жауып тұрады. Амалсыз олардың алдына барып тоқтаймыз. Егер олардың орнынан қозғалуын күтiп тұрсақ уақыт өтiп кетедi. Ал бiзге күндiк жоспар – жиырма жетi мың теңге. Оны орындамасақ жалақымыздан қағыламыз. Бiздiң қолымызға қарап отырған бала-шағамыз бар. Сондықтан, талабымыз не автопарк жетекшiлерiмен келiсiп күндiк жоспар төмендетiлсiн немесе МАИ қызметкерлерiнiң айыппұлдарына шектеу қойылсын» Оның бұл сөзiне автобус жүргiзушiлерiнiң бiрi Бекет Меңдебекұлы да қосылды: «Парктi үкiмет өз қарауына алсын. Жоспарды тұрақты қойып, маршруттар санын қысқартсын. Автобустар қалыпты жағдайға келтiрiлсiн. Мiне, мыналар 5 жыл болған автобустар, орнынан әрең қозғалады. Олардың бұл жағдайы үшiн, «экологияға зиян келтiрдi» деп тағы да бiзге айыппұл салынады», – дедi ол.
Жүргiзушiлермен тiлдесуге Алматы қаласы Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Асқар Тойбаев та келдi. Мән-жайды тыңдаған ол, автопарк және жол полициясы басшыларымен бiрлесiп тиiстi шара қолданатынын жеткiздi. Бiрақ, басқарма тарапынан жүргiзушiлер талабына кешегi күнге дейiн жауап жоқ.
Инга ИМАНБАЙ





Уәж айту