10 наурыз 2010
Жаңаөзен мұнайшылары тағы да ереуiлге шықты

БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ МҰНАЙШЫЛАР ҮШIН ДҮРБЕЛЕҢМЕН БАСТАЛДЫ
Наурыздың алғашқы күнi мұнайшылар “Өзенмұнайгаз” өндiрiстiк филиалы басшылығының жүргiзiп отырған саясатына қарсы наразылық акциясын өткiздi. Осылайша мұнай-газ өндiру басқармасының бiр жарым мыңдай мұнайшысы жұмысшыларды тасу бекеттерiне жиналып, кәсiпшiлiкке апаратын автобустарға отырудан бас тартып, жұмысын бiр сағатқа кеш бастады. Бұл кезде “Өзенмұнайгаздың” кейбiр мұнайкәсiпшiлiк автокөлiк мекемелерi де жұмысын бiр сағатқа тоқтатқан-ды. Мұнайшылардың наразылығы келесi күнi де жалғасты. Ал 3 наурыз күнi наразылық акциясы тiптi ушыға түстi. Шамамен 3 мыңдай адам жұмысқа барудан бас тартып, барлық автокөлiк мекемелерiнiң арнайы техникалары жұмысын уақытша тоқтатты. Ескерту шарасы 1,5 сағатқа созылды.
Жұмысшылардың бұл жолғы наразылығына не түрткi болды? Мұнайшылардың айтуына қарағанда, ақпан айының аяғында “Өзенмұнайгаз” басшылығының нұсқауымен жалақы төлеу ережелерiн өзгертуге қатысты ескертпелер таратылып, оған зорлап қол қойдыру науқаны жүргiзiлдi. Сөйтiп, жаңа ереже бойынша мұнайшыларға осы кезге экологиялық жағдайға байланысты төленiп келген 70 пайыз аудандық коэффициент пен айлық сыйақының бiр бөлiгi алынып тасталып, негiзгi жалақыға қосылатын көрiнедi. Бұл мұнайшылардың ашу-ызасын тудырды. Бiрақ “Өзенмұнайгаз” басшылығы жұмысшылардың ескертпесiн құлақтарына да iлмедi. Мұнымен санасу түгiл, керiсiнше, еңбекақы өзгерiсiне қорқытып қол қойдыруды жалғастыра бердi. Басшылықтың бұл бассыздығы мұнайшылардың жаңа толқуларына әкеп соқтырды. Сөйтiп, мұнайшылар наурыздың алғашқы күндерiнде жұмысын небәрi 1-3 сағатқа ғана тоқтатып отырса, 4 наурыз күнi “Өзенмұнайгаз” өндiрiстiк филиалы 15 мекемесiнiң жұмысшылары жұмысын толық тоқтатып, ереуiлге шықты. Ереуiл 5 наурызда да жалғасын тапты. Бұл күнi ереуiлге 5-6 мың мұнайшы қатысты. Сондағы ереуiлшiлердiң қойған талабы мынандай: “1. Еңбекақы жүйесiн өзгертпеу, яғни жалақыға қосымша берiлетiн 70 пайыз коэффициенттi негiзгi тарифке қоспау. Мұнайшылардың есебiнше, 70 пайыз коэффициент айлыққа кiргiзiлген жағдайда қолға тиетiн жалақы едәуiр азайып кетедi. 2. Қазiргi “ӨМГ” ӨФ басшыларын қарапайым жұмысшылардың мүддесiне керi iс-әрекет жасаумен айналысқаны үшiн жұмыстарынан босату”.
Мұнайшылар мен басшылық арасындағы текетiрес осымен үш жылдан берi жалғасып келедi. Мұнайшылардың жағдайы әсiресе, “Өзенмұнайгаз” “Қазмұнайгаз Барлау Өндiру” АҚ құрамына қосылған соң тiптен ушыға түстi. Жаңаөзендiк мұнайшылар ереуiлiнiң себебi тек еңбекақы төлеу тәртiбiне тiрелiп отырмағаны түсiнiктi. Оған жалақының дұрыс төленбеуi, еңбек жағдайларының болмауы, “ҚМГ” БӨ АҚ қызметкерлерiнiң өздерiмен салыстырғанда бiрнеше есе көп жалақы алуы, қосалқы бөлшектердiң жоқтығы, түрлi әлеуметтiк әдiлетсiздiктер түрткi болған. Қысқасы, мұнайшылар барлық мәселенi тек үкiмет қана шеше алады деп есептейдi. Ол үшiн, мұнайшылардың ойынша, үкiмет мына шараларды iске асыруы тиiс: 1. “ҚазМұнайГаз” БӨ” АҚ тез арада Жаңаөзен қаласына, ең құрығанда Ақтау қаласына көшiрiлсiн. Немесе “Өзенмұнайгаз” оның құрамынан шығарылып, дербес акционерлiк қоғам болып қайта құрылсын. Мұнайшылардың арқасында әлдекiмдер шалқып-шылқып өмiр сүрмеуi тиiс. Жақсы пәтер, қомақты жалақымен “ҚазМұнайГаздықтар” емес, қатардағы мұнайшылар қамтылуы қажет. 2. “ҚМГ” БӨ” АҚ қызметкерлерiнiң саны қысқартылсын. Олардың ұзын саны 100 адамнан аспауы тиiс. Және жалақыларының мөлшерi “Өзенмұнайгаз” мұнайшыларынiкiмен бiрдей болуы керек. 3. “ҚазМұнайГаздағы” негiзгi билiк мұнай өндiретiн филиал басшыларына берiлсiн. 4. “Өзенмұнайгаз”, “Ембiмұнайгаз” тендерлерi өздерiнде өткiзiлуi тиiс. 5. Жаңаөзенде жаңадан өндiрiстiк жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты азайту керек. 6. “Өзенмұнайгазға” материалдар, қосалқы бөлшектер, құрал-жабдық, мұнай техникасын сатып алу үшiн бөлiнетiн қаржыны көбейту керек.
Қазiр Жаңаөзенде “үкiмет “Өзенмұнайгазды” қытайлықтарға бермек” деген қауесет гулеп тұр. Бiрақ жергiлiктi әкiмшiлiк “Өзенмұнайгаз” Қытайға сатылмайды” деп мәлiмдеме жасады. Сондай-ақ әкiмшiлiк: “Мұнда ешқандай саяси мәселе жоқ. Ал жұмысшылардың бас көтеруi – заңсыз”, – деп кiмге ұрынарын бiлмей тұр.
Соңғы дерек: 9 наурыз күнi ереуiлге қатысқандар саны сегiз мыңнан асты деген ақпарат жеттi.
Ә.Маратұлы,
Жаңаөзен қаласының тұрғыны.





мына айтып отканын не?биздердин арамызда журмегесин.болмагасын аузынды жауып жур!кормегенди коргендей кылып айткан улкен КУНА. так что унинди ошир!
Сіздердің жағдайларыңызды білмейтін, бос сөзді көпірткен, көкрегі қараңғы Толағай сияқты күлкінің орынын білмейтін адамдарға өкпелемеңдер! Оларға БІР АЛЛАМ өзі береді жазасын.