1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
«Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» мәртебесiн берiп, қылмыстық жауапкершiлiктен босатып, мүлкiне кепiлдiк беру керек» дейдi депутаттар. Неге?
Билiкке бiр тықырдың таянғаны (55.5%)
Жармақтардың жарысы шегiне жеткенi (33%)
Әлдекiмдердiң мазағы бұл (4.7%)
Бiр ұлтқа бiр көшбасшы керек қой (6.8%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Президенттің айналасында 99 пайызы жағымпаздар, жәдігөйлер, «жабық жемқорлар». Яғни, сыбайлас-жемқор демесін деп бәрін таныстары мен туыстарының атына жазып қойып үлкен бизнестерге ие болып отыр. Олардың қатарында елдің ертеңін ойлап отырған ешкім жоқ.  
Автор: Балташ Тұрсынбаев, қоғам қайреткері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (15477) 10 наурыз, сәрсенбі 2010
10 наурыз 2010
Бiр жылда 76 мектеп жабылды

ҚР БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI ДӘЛ ОСЫНДАЙ ЖАУАП БЕРДI

ҚР Статистика агенттiгiнiң 2010 жылдың қаңтар айында таратқан мәлiметтерi бойынша, Қазақстанда жалпы орта бiлiм беретiн мектеп саны – 7811. Ал ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, орта бiлiм департаментiнiң директоры Н.Аршабеков мырзаның айтуынша, 2009-10 оқу жылында республикада 7576 мемлекеттiк жалпы бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстейдi. Барлап қарасақ, екi мекеме көрсеткен екi ақпараттың айырма саны – 235 мектеп.

 ЕКI МЕКЕМЕЕКI ТҮРЛI МӘЛIМЕТ ТАРАТТЫ
Алдымен Статистикалық агенттiгiнiң жаңа ақпаратын көзiмiз шалды. Жiтi мән берiп, жiлiктедiк. Онда ресми тiлде сiресiп дәл былай деп жазылған: «Алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда мектептердiң жалпы саны 0,6 пайызға төмендедi. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жаңа мектеп­тердi салу және iске қосуға байланысты, мектеп санының азаюының қысқару беталысы байқалады (2008 жылғы 99-дан 2009 жылы 48-ге дейiн)».
Бiр қарағанда 0,6 пайызымыз түкке тұрмайтындай көрiндi. Ал оны есепшот­қа салып жiберген едiк, Қазақстан бiр жылдың iшiнде 47 мектептiң орнын сипап қалыпты. Қалайша? Көкейде не себептен бұлай болды деген сұрақ тұрды. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне сұрау салып, мән-жайды толық бiлмек болдық. Тез арада жауап алдық. Бiлiм және ғылым министрлiгi, орта бiлiм департаментiнiң директоры Н.Аршабеков мырзаның айтуынша, 2009-10 оқу жылында республикада 7576 мемлекет­тiк жалпы бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстейдi. Оның 3811-i – қазақ тiлiнде, 1598-i – орыс тiлiнде, 2089-ы – аралас тiлде бiлiм бередi.
ҚР Үкiметiнiң 2007 жылғы 27 желтоқсандағы №1256 «Бiлiм беру ұйымдары желiсiнiң кепiлдендiрiлген мемлекеттiк нормативi» қаулысына сәйкес бастауыш сынып оқушыларының саны 5 және одан да көп болса, бастауыш және негiзгi мектеп оқушыларының саны 41-ден асқанда, орта мектеп (1-11 сынып) оқушыларының саны 81-ден артық бол­ғанда ғана жалпы орта бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстей алады. Осыған байланысты ағымдағы оқу жылында шалғай ауылдардағы шағын кешендi 76 мектеп жабылды.
Ендi екi мемлекеттiк мекеменiң таратқан ақпараттарын салыстырайық. Мектептер саны бiрiншiсiнде – 7811, екiншiсiнде – 7576. Екеуiнiң айырма саны – 235 мектеп. Жабылған мектептерге келсек, бiрiншiсiнде – 47, екiншi­сiнде – 76. Айырма саны – 29. Сон­да жұрт қай мекеменiң ақпаратына сенуi тиiс? Мемлекеттiң барлық санағына жауап беретiн Статистика агенттiгiне ме, әлде бiлiм беру iсiндегi мiндеттердi атқаратын министрлiкке ме?
 
7 ЖЫЛДА 678 МЕКТЕПТIҢ ОРНЫ ОЙСЫРАП ҚАЛДЫ
Ендi мына деректердi таразылайық. Бұрын хабарлағанымыздай 2003 жылы республикадағы күндiзгi жалпы бiлiм беретiн мектептер саны – 8254. Ал 2010 жылы – 7576. Осы орайда есепшотқа қайта ұмтылдық. Бар-жоғы 7 жылдың iшiнде 678 мектептiң орны ойсырап қалған. Бiрақ, бұл мектептер қай жерде орналасқан, не үшiн жабылғаны жөнiнде бiрде-бiр ақпарат таппадық. Алайда, аталған министрлiктiң уәжi былай: «Жабылған мектептер шалғайда жатқан шағын ауылдарда орналасқан. Бала саны жетпейдi».
Мәселен, 2009-10 оқу жылында Қазақстанда 76 мектеп жабылған. Атап айтқанда, Ақмола облысында – 12, Ақтөбеде – 5, Алматыда – 2, Атырауда – 1, Шығыс Қазақстанда – 19, Жамбылда – 2, Батыс Қазақстанда – 7, Қарағандыда – 1, Қостанайда – 5, Павлодарда – 5, Солтүстiк Қазақстанда – 13, Оңтүстiк Қазақстанда – 5 мектептiң есiгiне құлып салынған. Осы 76 мектептiң 35-i – қазақ, 35-i – орыс, алтауы – аралас мектеп. Оқу жылының басында 19 мектептiң табалдырығын аттауға бiрде-бiр оқушы табылмаған. 41-iнде оқушы саны онға да жетпеген. Жиырмадан қырыққа дейiн оқушысы бар мектептердiң саны – 5. Тек қана Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Кудряшев атындағы аралас мектептегi оқушының саны – 189, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы әл-Фараби атындағы бастауыш мектепте – 180, Батыс Қазақстан облысы, Теректi ауданы, 1-9 сыныптарға арналған Федоров мектебiнде – 149, Павлодар облысы, Ақсу қаласы, №6 орта мектепте – 480, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шымкент қаласында №16 мектеп-балабақшасында – 119. Жалпы жабылған 76 мектеп­тегi оқушылардың ұзын саны – 1693.
Ашынарлығы сол жабылған мектеп­тер­дiң барлығы дерлiк ауыл-аймақта орналасқан. Бала саны тым аз. Кейбiрiн­де мүлде жоқ. Былайша айтқанда, Қа­зақстанның жетпiстен аса елдiмеке­­нi­н­­де мектепке баратын оқушы болмаған.
 
БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕРДIҢ САНЫ 1031-ГЕ ЖЕТТI
Сондай-ақ, жақында президент Н.Назарбаев халыққа жолдауында «үкiмет 2020 жылға қарай орта бiлiм беру жүйесiнде 12 жылдық оқыту жүзеге асуы үшiн барлық жағдайды қамтамасыз етуi тиiс» дегендi айтты. 20 жылда 9 немесе 11 жылдық бiлiм беру iсiн ептей алмай жатқанда 12 жылдыққа көшуге күш қайда? Статистика агенттi­гi­нiң хабарлауынша, республикадағы жалпы бiлiм беретiн 7811 мек­тептiң 1031-i бастауыш мектептер екен. Егер дәл осы дерек рас болса, жақын жылдарда елiмiзде 1031 мектептiң есi­гiне дәу қара құлып салынуы мүмкiн. Оған қоса дәл осынша ауыл болмаса да тең жартысы құрдымға кетуi ықтимал.
Ал республикадағы жалпы мек­тептiң 1164-i 1-9 сыныптарға шақтал­ған. Бұған бастауыш мектептердi қоссақ 2195-ке жеттi. Сонда осынша мектеп 12 жылдықты былай қойғанда, 11 жылдыққа әлi дайын емес. Алдағы 10 жылда осынша мектептiң бiлiм беру iсiн демей-ақ қоялық, материалдық жағдайын 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне үкiмет дайындай ала ма, жоқ па?
 
АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰРҒАН МЕКТЕПТЕР КӨП
Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Берiк Бекжановтың айтуынша, бiр ғана Оңтүстiк Қазақстан облысындағы 1012 мектептiң 480-i типтiк, ал 532-сi ыңғайластырылған ғимараттарда орналас­қан. Оның iшiнде, 62 мектеп апатты жағдайда, 29-ы үш ауысымда оқиды. Ал Статистика агенттiгiнiң мәлiметтерiне жүгiнсек, дәл қазiр республика бойынша 2-3 ауысымда сабақ өткiзетiн жалпы бiлiм беретiн мектептердiң саны 5147-ге жеттi. Облыстық, Астана және Алматы қалалары бiлiм басқармаларының мәлiметi бойынша оқу жылының басында 201 мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр. Онда оқитын оқушылардың саны – 55950. Яғни, 56 мыңға жуық бала қауiптi жағдайда бiлiм алуда.
Сонымен бiрге ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң деректерiне қарағанда, елiмiздегi оқушылардың саны – 2 491 202. Оның 1 794 127-i қазақ балалары болса, оның 1 544 649-ы – қазақ мекте­бiнде, 249 478-i – орыс мектебiнде, 501025-i – аралас мектепте бiлiм алуда. Былайша айтқанда, Қазақстанда 750 503 қазақ баласы таза қазақ тiлiнде жетiк бiлiм алмай жүр. 
Қысқасы, үкiметтегiлер «жаңа мектептiң қазығын қағып, қабырғасын тұрғыздық», «ауыл-аймақты гүлдендiрiп жатырмыз» дегенiмен республикадағы бiлiм беру мекемелерi оңалып, ауылдың тасы өрге домалап жатқан жоқ. Бiр жылда жаңадан 29 мектеп ашылғанымен 76 мектеп жабылған. Ал жетi жылда жетi жүзге жуық мектеп санаттан шыққан. Көбi ауыл-аймақта орналасқан. Бiрақ, бұл көрсеткiштер жаға ұстатқанымен дендеп кеткен ауруға ем болатындай нақты жүйе болмай тұр.
 
Дилара ИСА
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар