1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №81 (15435) 8 қазан, бейсенбі 2009
8 қазан 2009
Мемлекеттiк тiл және «космополиттердiң» арандату науқаны

 
Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл мәртебесiн иеленгенiне 20 жыл толуына орай елiмiздiң саяси партия жетекшiлерiнiң, мерзiмдi басылым басшыларының, зиялы қауым өкiлдерi мен қоғам қайраткерлерiнiң ұйымдастыруымен Республика сарайында «Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясы» өткiзiлгенi белгiлi. Мемлекеттiк тiл мәселесiн шешуге келгенде салғырттық пен немқұрайдылықтан арылмаған билiктiң бұл тiрлiгi ұлтқа қауiп-қатер төндiретiнiн, елiмiздiң келешегiне балта шабатынын азаматтық қоғам өкiлдерi осы жиында ашық әрi ашына айтты. Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясына жиналған төрт мыңға жуық халық Ақорданың «қазақстандық ұлт» пен «үштұғырлы тiл» саясатына бiрауыздан қарсылығын бiлдiрдi. Мемлекет басшысы мен жоғары лауазымды шенеунiктердiң ресми кездесулерде, шетел сапарларында және ел алдында мемлекеттiк тiлде сөйлеуiн талап еттi. Жиында жалынды сөздер, қабырғалы ойлар айтылды. Бiр сөзбен айтқанда, халық осы жиыннан ерекше рухтанып шықты. Президентке 10 талап қойылып, оның орындалуын жұртшылық талап ететiнiн айрықша қадап айтты.
Бүгiндерi мемлекеттiк тiл мәселесiмен айналысатын қоғамдық қозғалыстар мен қайраткерлер жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақша қаптады. Әрқайсысы ондаған дөңгелек үстел мен конференция ұйымдастыруды да әдетке айналдырған. Қай-қайсысы болсын, «мемлекеттiк тiл проблемасын мен тұңғыш көтердiм» деп кеуде қағады.
 
Өкiнiшке қарай, осындай «қайраткерлер» мен жазушылар мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясында төбе көрсетпедi. Олар бұл жиынға неге келмедi? Мемлекеттiк тiлдiң проблемасын көтеруге, халықтың билiкке қойған әдiлеттi талабын қолдаудан неге бас тартты? Тiл мәселесiмен шұғылдануға тiкелей мiндеттелген «Қазақ тiлi» қоғамының басшылығы қайда? Оның президентi Ө.Айтбайұлы жиынға неге қатыспады? Мемлекеттiк тiлде екi сөздiң басын қоса алмайтын аудан әкiмi Марат Үсеновтi «қазақ тiлiн дамытуға айрықша үлес қосқаны үшiн» марапаттайтын «Қазақ тiлi» қоғамының президентi ұлт патриоттарының акциясында неге сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салмады? Қазақстанда мемлекет­тiк тiлде жазатын 700-ге тарта ақын-жазушы бар. Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясына соның iшiнен бес-алтауы ғана қатысты. Қалғаны қайда? Олар неге кел­мейдi? «Ұлттық, мемлекеттiк мүд­денi көтерген жиындардан Тұманбай Молдағалиев, Марфуға Айт­қожина, Ибрагим Иса, Серiк Қирабаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Рафаэль Ниязбеков, Исраил Сапарбай, Әзiлхан Нұршайықов, Шөмiш­бай Сариев, Қадыр Мырза-әли сияқты мүйiзi қарағайдай ақын-жазушыларымызды неге көрмей­мiз? Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мемлекеттiк тiл мәселесiне алаңдаушылық бiлдi­рiп, жиынға неге келмедi?». Оқырмандардың мұндай сауалына не айтамыз? Бiз оларды кiнәлаудан аулақпыз. Әркiмнiң әртүрлi себеп-салдары болады. Бәлкiм, жиын кезiнде Алматыдан тысқарыда жүрген шығар? Ең дұрысы мұн­дай сауалға ақын-жазушыларымыздың өздерiнiң жауап қатқаны жөн болар.
Қазақ тiлiнде жарық көре­тiн газет-журнал басшыларының басым көпшiлiгi мемлекеттiк тiлдi қолдау жиыны өтетiн күнi Республика сарайында төбе көрсетпедi. Билiкке тәуелдi басылымдардың көпшiлiгi бұл жиын туралы тiл қатпады да. Өткен жылы тiлдi қолдау акциясынан кейiн бiрқатар қазақ­тiлдi басылымдар жиынға «көңiл­дерi толмай», билiктi сынап-мiнеудiң қажетi жоқтығын айтқан. Бұған ұлт патриоттары мен «Жас Алаш» газетi тойтарыс берiп, қарсы сын жазды. Осыдан ауыздары күйген билiк «жанашырлары» биыл мемле­кеттiк тiлдi қолдау акциясы туралы жазбаса да, оны сынамаған. Бұған да шүкiршiлiк еттiк. Десек те, ұлттық, мемлекеттiк мүдде, өз ана тiлiмiздiң мәселесiнде бiр жұдырық болып бiрiкпеуiмiз, бәрiмiз бiрлесiп, “бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол” шығармауымыз алаңдатады. Мемлекеттiк тiл төңiрегiнде бiрiкпеген ұлтты не бiрiктiредi? Керек десеңiз, бұл жиынға “Нұр Отан” партиясының өкiлi де қатысып, сөз сөйледi. Онда ақын-жазушылар, зиялы қауым өкiлдерi мен республикалық басылым басшылары мемле­кет­тiк тiлдi қолдау акциясына қатысудан неге қашқақтады? Азаматтық ар-намыс, ұлттық сезiм қайда?
Мемлекеттiк тiлдi қолдау акция­сы өткен соң бiрқатар БАҚ өкiлдерi мен өз iшiмiзден шыққан космополиттер бұл жиынды ұйымдастырушыларға сын айтуды мақсат тұтқаны байқалды. Тiптi арандату әреке­тiне барды да. “Время” газетiнде жарық көрген журналист Руслан Бахтигареевтiң Алматы қаласы Тiл басқармасының төрағасы Кенжехан Матыжановпен жүргiзген сұхбатын басқаша атау мүмкiн емес. Төрт мыңға жуық тiл жанашырлары қа­тыс­қан жиынды “немногочисленный митинг” деп сипаттаған “Время” газетi ұлт жанашырлары айтпаған мәселенi “айтты” деп К.Матыжановқа “Ұлт патриоттарының 1 қазаннан бастап мемлекеттiк тiлде сөйлеуге көшуiмiз керек деген бастамасына қалай қарайсыз?» деп сауал қойған. «Бiр топ ұлт патриоты оңтүстiк астанада аз адам жиналған митинг өткiзiп, қазанның бiрiнен бастап ресми түрде тек қана қазақ тiлiнде көшуге шақырды. Мемлекеттiк тiлдi меңгермегендерге ұсыныс жасалды: не тiлдi үйренсiн, не елден кетсiн» деп те жазған журналист. Осының өзi барып тұрған арандатушылық емес пе? Мемлекеттiк тiлдi қолдау акция­сын ұйымдастырушылар мұндай талапты қашан қойды? Президентке жолданған үндеуде де мұндай мәселе мүлде жоқ. Оның мәтiнi бiрнеше басылымда жарияланды. «Время» газетiнiң тiлшiсi «мемлекеттiк тiлдi Қазақстан азаматтарының бәрi де 1 қазанға дейiн үйренсiн, әйтпесе елден кетсiн!» деген жолдарды қайдан оқып жүр? Жалған ақпарат таратып, мыңдаған оқырмандарын неге адас­тырады? Н.Назарбаев атына жазылған ашық хатта былай делiндi: “Мемлекет басшылары мен лауазымды қызмет иелерi барлық ресми кездесулерде мемлекеттiк тiлде сөйлеуге мiндет­телiп, республика көлемiндегi мемлекеттiк iс-шаралар, мемлекеттiк тiлде жүргiзiлсiн. Мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер iлеспе аударма қызметiн пайдаланатын болсын». Журналистiң меңзеп тұрғаны да осы мәселе болса керек. Бiрақ бұл жерде «бәрi 10 күннiң iшiнде қазақ тiлiн меңгерсiн немесе елден кетсiн!» деген мәселе бар ма? Атымен жоқ. Орыстiлдi басылым қызметкерiнiң, оның редакциясының адасуына не түрткi сонда?! Мемле­кеттiк тiлдi қолдау акциясына қатысқан әрi президентке жолданған үндеудi оқыған, тыңдаған адам ретiнде К.Матыжановтың бұл «деректi» жоққа шығармағаны да бiздi таңдандырды. Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясын ұйымдастыру комитетi мен «Мемле­кеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы «Мемлекеттiк тiлiн, ұлтын менсiнбей­тiн мәңгүрт» атты сыйлық тағайындағанын мәлiмдедi. Оның аты айтып тұрғандай, «сыйлықтың» мемлекеттiк тiлге, ұлтқа қарсы шығып, «бахтигареевше» арандатуға баратын журналистер мен публицистерге, қоғам қайраткерлерi мен жоғары билiк өкiлдерiне берiлетiнi айқын. Жыл соңында тапсырылатын «сыйлыққа» бiрден-бiр лайықты адам ретiнде осы сұхбатты жазып алған әрi өзiнiң орынсыз пiкiрiн қосқан «Время» газетiнiң тiлшiсi Руслан Бахтигареевтi ұсынамыз.
Қазақстандағы мемлекеттiк тiл мәселесiнiң дамуына, ұлт патриоттарының бұл проблеманы жиi көте­руiне бiрқатар ресейлiк басылымдар да алаңдаушылық бiлдiрген. «Iс-қағаздарды мемлекеттiк тiлге көшi­ру Қазақстандағы орыс ұлтының өкiлдерiн елден көшуге мәжбүр­лейдi» деп мәлiмдеген Ресей басылымдары Ақордаға өзiнше «ой» тас­тағысы келедi. Десек те, бұл пiкiр­дiң астарында еш негiз жоқ екенi айқын. «Қазақстан қазақ үшiн!» деген ұранды көтерген адам жоқ бiзде. Әсiре ұлтшылдыққа, өзге ұлттарды қыспаққа алуға бiз де қарсымыз. Қазақстандағы тiл жанашырларының басты талабы – мемле­кеттiк тiлге деген құрмет. Қазақстанды мекендеген қазақ та, орыс та, ұйғыр да, түрiкмен де, тәжiк те, немiс те, татар да мемлекеттiк тiлдi ардақтап, құрметтеуi тиiс. Себебi, мемлекеттiк тiл – бәрiмiзге де ортақ! Ешбiр мемлекеттiң бұл мәселеге қол сұғып, мемлекеттiк тiлдi дамытпауы тиiс деген оғаш ой айтуға, елдiң iшкi саясатына араласуға қақысы жоқ. Қазақстан саясаткерлерi Ресейдiң iшкi iсiне араласпайды. «Ресей орыс тiлiн дамытып жатыр, мемлекеттiк тiлдi өркендетуде» деген мәселеге қатысты алаңдаушылық та бiлдiр­мей­дi. Себебi, бұл әр елдiң жеке iсi, халықаралық заңнама бойынша бекiтiлген құқы. Сондықтан да Кремльдiң де, ресейлiк басылымдардың да бұл мәселеге қол сұғушылық жасауына жол бермеуiмiз керек. Қазақстанның әнұраны, елтаңбасы мен туы тәрiздi мемлекеттiк тiлдi де әр азаматтың, әр елдiң сыйлап үйренуi қажет.
Сонымен, мемлекеттiк тiлдiң 20 жылдық мерейтойы өз мәресiне жеттi. Билiк «әлi де уақыт керек» деп жалтарса, елiмiздiң қоғамдық күш­терi «мемлекеттiк тiлге билiк құрметпен қарауы тиiс» деп мәлiм­дедi. Қалай десек те, мемлекеттiк тiлдiң жағдайы әлi де оңалған жоқ. Болашағы бұлыңғыр, келешегiне күмән­мен қарайтындар да көп. Әсiресе «қа­зақстандық» ұлт идеясы қазақ ұлтына да, тiлiне де үлкен қатер төндiруде. Бұл мәселенiң барлығы да президентке айтылды. Бiрнеше мың адамның атынан жазылған үн­деу оған табысталды да. Бiзде барлық мәселенi бiр ғана адам шешедi. Халық өз айтарын айтты. Ендiгi кезек – президенттiкi. Халықты, мемле­кеттiк тiлдi сыйласа, мәселенiң оң шешiлуiне өз септiгiн тигiзедi деген үмiттемiз.  
Жанболат МАМАЙ

 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар