1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №100 (16182) 14 желтоқсан, сәрсенбі 2016
14 желтоқсан 2016
Құрманғазы Рахметов, «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының төрағасы: АЛАҢДА ЖАСТАРДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ЖIГЕРДI, КӨЗДЕРIНДЕГI ОТТЫ КӨРДIМ...
  Нарызылық неден туды? Оны өздерiңiз де бiлесiздер, елiмiздi бiрнеше жыл басқарған Д.А.Қонаев ақсақалды СОКП орталық комитетiнiң шешiмiмен бiрiншi хатшылықтан алып тастап, оның орнына ешкiм танымайтын, бiзге бей­мәлiм Колбиндi басшы етiп Қазақстанға алып келуi болды. Осыған орай бiз СОКП пленумының шешi­мiне қарсылығымызды бiлдiрiп, алаңға шықтық. Жұмысшы жастар мен студенттердiң қойған бiр-ақ талабы болды. Ол “Д.А.Қонаевтың не себептi алынғаны”, “бұл қалай болды?”, – деген сауалдарға өзiнiң аузынан жауап естiгiмiз келдi. Өкiнiшке қарай, жастардың бұл талабына, ұсынысына екiншi тарап мән бермедi, ескермедi. Ескерiл­мек түгiлi, екiншi тарап арандату iсiн бастап жiбердi. Алаңға шығып, наразылық бiлдiрген­дердi жаппай қудалау, жазалау әрекетiне көштi. Алаңдағы сол кездегi оқиғаны еске алып, көз алдымнан өткiзу маған аса қиын әрi ауыр. Тек осы Желтоқсан көте­рiлiсi жөнiнде айтқым келетiнi – бұл Алланың қазақ жастарына берген үлкен қасиетi, бақыты деп санаймын.
 
1986 жылы алаңға жиналған жастар ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Бiз тек қана митингiге шығып, өзiмiздiң құқымызды пайдаланып, жағдайдың мән-жайына көзiмiздi жеткiзгiмiз келдi. Өкiнiшке қарай, оның арты қақтығысқа ұласып кеттi. Жазалау амалы сұрапыл үлгiде жүрдi. Наразылықтан кейiн iле-шала сурет, бейнетаспа арқылы iздеу жұмыстары басталды. Ол кезде мен ҚазГу-дiң физика факульте­тiнiң 1-курс сту­дентiмiн. Нарызылық ретiнде ұран жаздыртқам. Сол кездерi бiз КСРО тарихынан Лениннiң ұлттық саясаты туралы оқитынбыз. Бiздiң жiгiттер Ленин­нiң ұлттың өзiн-өзi танудағы құ­қықтары, ұлттық саясат және конституциялық құқықтардың сақталуы туралы “күн көсемнiң” сөздерi мен цитаталарынан ұрандарды бiр-ақ түнде жазып тастады. Алаңға қарай бара жатқанда көшеде транспаранттарды ашқан жоқпыз, оны қойнымызға тығып алғанбыз. Бiз топ-тобымызбен қызу әңгiме­лесiп келе жаттық. Бiздiң арамызда қыздар да бар едi. Бiр кезде арт жағымнан басымнан қатты соққы алдым да, бiрден құлап түстiм. Бiрақ есiмдi тез жидым. “Басыма капюшон iле салғаным қандай жақсы болған” деп ойлап та үлгердiм. Көзiмдi ашқанда көр­генiм, айналамдағылардың бәрi менiң жанымнан қашып кеткен екен. Оларды қашып бара жатқан жерiнен ОМОН арттарынан қуып, қолдарындағы ауыр сойылмен бас-көзге қарамай, ұрып-соғып, шет­терiнен автобустарға тығып жат­қанын байқадым. Мен орнымнан тұруға әрекет жасадым, мұрнымнан қан саулап кеттi. Бiр жас жiгiт, жасы мен құралпы, өзi қазақ екен, қолындағы сойылы мен iстiгiн ұстап маған төнiп келдi де, онсыз да мұрнымнан қан саулап тұрғанын көрген соң ба бiлмеймiн, әйтеуiр менi ұрмады. Мен ол жерден қаша жөнелдiм. Артынша автобуспен алып кеткендерге ОМОН-ның не iстегенiн естiдiк қой. Оларды аямай ұрып-соққан, әсiресе, студент-қыздарды да қатты ұрғаны сонша, “олардың шыңғырған дауыстары құлағымнан кетпей қойды”, – дедi кейiн маған сол автобуста болғандардың бiрi. Қатты қорлап, ұрып-соққанға шыдай алмаған курстасымның бiрi тергеушiлерге Лениннiң сөздерiнен жазылған транспаранттарды менiң дайындағанымды айтып берiптi...
 
Қаншама азаматтарды бiрден түрмеге тоғытып жатты. Тiптi “шейiт­тердi қаланың сыртына апарып тастап жатты” дегендi де естiдiк қой. Алматы қаласы оқшауланды. Телефонмен сөйлесуге, ауыл жақтан хабар алуға мүмкiншiлiк болмады. Соған қарамас­тан алаңға сол күндерi 30-40 мың адам жиналды деген есеп бар. Ұлт-азаттық көтерiлiсi тек Алматы қаласында болған жоқ. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiн қамтыды. Желтоқсанның соңына дейiн Жезқазғанда, Талдықорғанда, Семейде, тiптi шағын деген Сарыөзекте бас көтерулер орын алды. Осыдан кейiн қазақ жастарын аямай жаншу, түбiмен құрту көзделдi. Желтоқсанның 22-сiнде менi прокурордың санкциясымен Целинный кинотеатрының жанындағы түрмеге қамап тас­тады. 7 қаңтар күнi 7 жыл­ға соттап жiбердi. Оның арасында Комсомал қатарынан шығарып үлгердi. Мысалы, Әлiмжан дейтiн ауылдан келген орысша бiлмейтiн жiгiт арандатушылыққа ұшырады. Орыс тiлiнде айтар уәжiн жетiк жеткiзе алмай, екi жылға бас бос­тандығынан айырылды. Оқшау­ланды. Өрiмдей 25 қыз-жiгiттi оқудан шығарып тастады. 
 
Нақақтан-нақақ Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдiқұлов өлiм жазасына кесiл­дi. 102 адам сотталды. Олардың кө­бiн 60-65-баппен соттаса, кейбi­реуiн басқа баппен соттады. Мысалы, сол кездегi 200-бап бұзақылыққа қатысты болатын едi. Сол баппен бiрталай жасты соттап жiбердi.
Мысалы, өз басым менi соттайды деп ойлағам жоқ. Босатып жiбередi деген сенiм болды. Қайдағы... 7 жыл кесiп бердi ғой.
Сол кездегi жаппай жазалау тiкелей Кремльден берiлген бұй­рықпен жүзеге асты. Мен сiздерге айтайын, 99 жiгiттiң сот тергеушiсi, айып тағушысы, мемлекеттiк айыптаушы, санкция берушi қазақ ұлтынан болып шықты. Кремльдiң тапсырысымен, бұйрығымен қазақ жiгiтiн қазақ азаматы соттады. Бұл – қолдан жасалған сұмпайы саясат. Бiрақ мен сол кезде алаңдағы ауызбiршiлiктi көрдiм. Жас­тардың бойындағы жiгердi, көзде­рiндегi отты көрдiм. Мен әсiресе қыздардың ерлiгiне тәнтi болдым. Сол кездегi өрiмдей қыз-жiгiттердiң ерлiктерiне бас иемiн. Жазалаушы машина ер деп, қыз деп жынысына қараған жоқ. Бәрiмiзге бiрдей ауыр жаза қолданды. Жүректе желтоқсанның ауыр қайғысы, қасiретi қалды. Оны емдеп-жазу, ұмыту әсте мүмкiн емес.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар