1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №101 (16183) 19 желтоқсан, дүйсенбі 2016
19 желтоқсан 2016
Иманғали Тасмағамбетов қағандарға неге соқтықты?
Жағымпаздықтан жарысқа түсiп жүрген небiр қужақ дүлдүлдердiң “аузына құм құйған” Тасмағамбетов президенттi мақтап-мақтап, аспанның ар жағына бiр-ақ шығарды. Ендi онымен ешбiр “дуалы ауыз” айтқыштың шендесе қоюы неғайбыл. Өйткенi Имекеңнiң тарихты “аударып-төңкерiп” тапқан иiрiмдерiнен президенттiң “бәрi менiң арқам” дейтiн пiкiрiнiң иiсi мүңкiп тұр. Өз жанынан қосқаны – Түркi қағанатынан бергi 15 ғасырлық тарихта тұңғыш президенттiң тырнағына татитын бiрде-бiр қаған мен ханның болмағаны. Бұдан асырып не айтуға болады? Бұдан асатындай бiрдеңе ойлап табудың өзi мүмкiн бе?
 
Жә, сонымен көптен күткен Тәуелсiздiктiң 25 жылдық ме­рекесi де өте шықты. Соған орай Астанада салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда президенттiң атына бағыттал­ған мақтау мен мадақтан құлақ сарсыды. Бiрақ оның бәрiн айтудың қажетi жоқ. Себебi айтуға тұрмайды: кiлең жадағай пiкiр, жайдақ сөз. Мұны прези­денттiң өзi де аңғарған секiлдi. Ол бүй дедi: “...Бүгiн менiң атыма көп әсiре мақтау сөз айтылды. Менiң жасым да, тәжi­ри­бем де үлкен, сондықтан мұн­дай сөздер маған әсер етпейдi, әрине. Шын мәнiнде iстелген iстер туралы айтылса, онда жөн, бiрақ одан артық айтылмауы тиiс. Дегенмен мен баршаңызға жылы сөздерiңiз үшiн алғыс айтамын. Мұның бәрi менi болашақ iстерге қанаттандыру үшiн айтылып жатыр деп есептеймiн. Дәл қазiр мен қа­наттанып отырмын деп сiздер­дi сендiргiм келедi”.
Осыны айтқанда Нұрекеңнiң буыны босап кеткендей көрiн­дi, көңiлi көтерiлiп күлiмсiредi.
Ал қандай сөз президентке қанат бiтiре алады? Мұны басқа адам бiлмесе бiлмейтiн шығар, орнынан қозғалмайтын президентпен 25 жылдан берi қанаттаса жұмыс iстеп келе жатқан Имекең жақсы бiледi. Қазiр бұрынғыдай “мен президенттiң өнiмiмiн” дейтiн мақтаулар “модадан” қалған. Айтасың ба, тың дүние тап! Ешкiмнiң ойы түгiлi түсiне кiрмеген жаңа те­ңеу, соны салыстыру iзде! Жә­не соны көкейiңдегi ниеттiң жөргегiне орап, жымын бiлдiр­мей жеткiзе бiл!
 
“Адам үшiн алаңсыз өмiр сүру бiр бақыт болса, халық үшiн тәуелсiз болу – мың бақыт! Ал “бақыт” дегенiмiз орындалған ақ арман. Ашығын айту керек. Бұл жолғы бақ – бiздiң маңдайымызға бұрын-соңды қонбаған бақ. Оған осынау са­йын даламыздың келбетi, әз аталарымыздың сөзi, ақбас тарихтың өзi куә”, – дедi тарихты жақсы бiлетiн ақбас кiсi.
Атаңның сөзi мен тарихтың өзiн куәге тартқаннан кейiн не жаның қалады!? Пай-пай, мына қасқаның сөзiн-ай деп жұрт ерiксiз мойын бұрмай ма. Бұл кезде Имекең VI ғасырдағы Көк түркiлерден бергi кезеңде Ұлы даланы 128 қаған мен ханның билегенiн тiлге тиек ете келiп, мынадай мадақ сөздi лақ еткiздi: “Олардың ешқайсысы елiнiң шекарасын шегендей алған жоқ. Ешқайсысы елiне қауiп төнбейтiндей етiп, бәрiмен келiсiм жасай алған жоқ. Ешқайсысы елiнде “қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған” бейбiт заман орнатып, татулыққа ұйыта алған жоқ. Ешқайсысы мемлекетiн әлемнiң алты құрлығына бiрдей мойындата алған жоқ. Ешқайсысы барша адамзат баласын ымыраға шақырып, келiсiм сөзiн жүргiзе алған жоқ. Ешқайсысы ешқашан мызғымас астанасын сала алған жоқ. Ал елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрiн бiр өзi жасады”.
 
И.Тасмағамбетовтiң бұл сөзi президентке қанат бiтiргенiнде дау жоқ. Бiрақ тарих үшiн қып-қызыл қиянат. Мысалы, Сiз Керей мен Жәнiбектi “неге шекараны сол кезде шегендемедiңдер, неге тiкенек сым тартпадыңдар?!” деп жазғыра аласыз ба? Арқаға апарып Астана салмағаны үшiн Мөденi кiнәлауға бола ма? Әрине, болмайды! Ендеше Имекеңнiң бұл сөзi – не сөз? Жағымпаздығымен нан тауып жүрген жанбақылар айтса, бiр сәрi, Имекеңе не жоқ?! Ол “айтылған сөз – атылған оқ” екенiн, күндердiң күнiнде оның да сұрауы боларын ұқпағаны ма? Әлде президенттi аспандата мақтай отырып, жұртқа әлдененi астарлағысы келе ме?
Бiздiңше, мұны бiлу үшiн Тас­мағамбетовтiң аузынан сөз емес, тас болып түскен пайымдарға жеке-жеке тоқталған дұрыс секiлдi.
Иә, ол шегенделген шекара туралы айтты. Бiрақ мұны тапқырлық деуге келмейдi. Айтыла-айтыла әбден ақжемi шықққан дүние. Тiптi шекарасыз ел қалмаған ХХI ғасырда шекара туралы айта берудiң өзi ұят. Онда неге Иманғали бұл мәселеге қайта соқтықты? Өзге ештеңе таба алмағаннан ба? Әрине, жоқ. Бiлесiз, iлгерiде Ақорданың маңынан алысқа ұзамаған Тасмағамбетовке президент Қорғаныс минис­трлiгiн берiп, полигонға “қуып жiберген”. “Жемқорлыққа батқан салаға баруы оның өзi үшiн қауiптi” деген пiкiрдi бiрқатар сарапшылар сол тұста айтқан едi. Алайда ол үкiметке аман-есен қайтып оралды. Онда да тура Үкiмет басшысының iргесiне, Дариғаның орнына! Демек кешегi “дөй солдаттың” шекара туралы сөзi президентке айтқан ал­ғысы шығар деп жорамалдауға болатындай.
 
“Ешқайсысы елiне қауiп төнбей­тiндей етiп, бәрiмен келiсiм жасай алған жоқ” дейдi Имекең келесi пайымында. Оның осы сөзiн ке­рiсiнше де түсiнуге болады. Айталық, Ресей мен Қазақстан арасындағы келiсiм құжаттарын теңдеп арт­саң, қазiр қырық есекке жүк болуға тақады. Бiрақ Ресейдiң ай құрғатпай зымырап жатқан протондары елдiң зәре-құтын алып болды. Құлаған зымыранның өтемақысы әлi төленген жоқ. Былай қарасаң, келiсiм тап-тұйнақтай, бiрақ қауiп орасан. Ал кешегi қаған мен хандардың қайсысының тұсында осындай кесапат болып едi? Ешбiрiнiң! Кешегi Тоғым хан 9 ұлымен майдан даласында мерт болған. Елi мен жерiнiң бүтiндiгi үшiн! Ал бүгiн “Қытайға жер бермеймiз” деп бейбiт митингiге шыққан Макс пен Талғат түрмеде жатыр. Сонда “елге төнбейтiн қауiп” пен “бәрiмен жасал­ған келiсiм” туралы нендей қорытынды шығаруға болады? Демек Тасмағамбетовтiң мұнысы – “iшiң бiлсiн, әләулайдың” керiне ұқсайды.
“Ешқайсысы мемлекетiн әлем­нiң алты құрлығына бiрдей мойындата алған жоқ”. Алтыншы құрлығыңыз – Антарктида. Жүгiрген аң, ұшқан құс болмаса, мұз құрсанған құрлықты мекен ететiн мемлекет жоқ. Мұны басқа бiлмесе де, еңбек тәжiрибесiн география пәнiнiң мұғалiмi болып бастаған адам жақсы бiлуi тиiс. Сонда Имекеңдiкi не? Назарбаевтың кiм екенiн Антарктидағы пингвиндер мен морждар да мойындайды деген кекесiн емес пе, өзi?!
 
“Ешқайсысы барша адамзат баласын ымыраға шақырып, келiсiм сөзiн жүргiзе алған жоқ” дейдi Тасмағамбетов тақ бiр қағандардың қолына су құйып көргендей. Бiрақ осы сөздiң салмағы зiл-батпан. Қазақ басшысының әлемдi ымыраға шақыруға құмар екенi рас. Ал ел iшiндегi ымыра қай деңгейде? Қуғынға түсiп, шетел асқан саясат­керлердiң саны қанша? Барлық мемлекетпен “келiсiмге” келiп қойған Ақорда неге оларды елге алдыра алмай пұшайман болып жүр? Ендеше бұл президенттi мақтауға iлiк қылар тақырып бола ала ма? Осыны ескерсеңiз, «бiр тырнағы бүгулi» Имекең Мұқтар Әблязовтiң босап шыққанын көз қылып, президенттi қыжыртып тұрған жоқ па екен деген де ой келедi ерiксiз. 
“Ешқайсысы елiнде “қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған” бейбiт заман орнатып, татулыққа ұйыта алған жоқ”. Құлаққа жағымды естiлетiнi рас. Бiрақ 128 қаған мен ханның қайсысы Жаңаөзендегiдей өз халқына оқ атып едi? “Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған” кезеңде Шаңырақ оқиғасының орын алғанын қалай түсiнемiз? Айтпақшы, осы Шаңырақ пен Бақайдың дауы Тасмағамбетовпен тiкелей байланысты. Бұйрық жоғарыдан түстi дегеннiң өзiнде, оны орындаған – сол кездегi Алматы әкiмi. Сонда Тасмағамбетов өз кiнәсiн мойындап тұр ма? Бұл – өте орынды сауал. Бiрақ жауап жоғарыдағы сұрақтардың бәрiне ортақ. Қараңыз: “Ал елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрiн бiр өзi жасады”.
Мақтап-мақтап, мұзға май құйрықпен жалаңаш отырғызды деген осы болады. Егер бiздiң бұл болжамды пiкiрiмiзге қосылсаңыздар, Имекеңнiң есебi түгел деп қорытынды шығаруға әбден болады. Дегенмен тағы бiр са­уал бар. Күндiк өмiр үшiн неге бүкiл қаған мен ханды сүмiрейтiп, тарихқа қиянат жасау керек? Мұның жауабын Тасмағамбетовтiң баяғыда айтып тас­таған өз сөзiнен табасыз: “Мен президенттiң өнiмiмiн”. Демек өзiне қара да, өнiмiн таны. Өй, өзiнiң де, өнiмiнiң де... десеңiз де еркiңiз.
Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар