1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №101 (16183) 19 желтоқсан, дүйсенбі 2016
19 желтоқсан 2016
«ТАЛАЙ ЖАСТЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘЛI КҮНГЕ БЕЛГIСIЗ», – дейдi осыдан отыз жыл бұрынғы оқиғаны еске түсiрген Бекназар Мұсаев
Арада отыз жыл өтсе де сол бiр сұрапыл жылдардың елесi әлi көз алдына келедi. Ол кезде Бөген ауданына қарасты Қараспан совхозында қарапайым жұмысшы болып iстейтiн. Алматыдағы мал-дәрi­герлiк институтты сырттай оқиды. 1986 жылдың желтоқсанында сессия басталып, Алматыға барған Бекназар Мұсаев алдында қандай тағдырдың күтiп тұрғанын әрине, ол кезде бiлген жоқ.  Д.Қонаевтың қызметтен алынып, оның орнына Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ, қазақ деген ұлтты танып бiлмейтiн Г.Колбиннiң келгенiн ол жатақханада теледидардан естiген. Ертесiне, яғни 17 желтоқсанда студенттер, жұмысшылар тегiс көшеге шықты.
 
АЛАҢДА
 
– Алаңға келсек, әр жерде қолына микрофон ұстаған ере­уiлшi студенттер, жұмысшылар сөйлеп тұр екен, – дедi жуырда газетiмiздiң тiлшiлер қосынына арнайы келiп, Желтоқсан оқиғасындағы көрген-бiлгенi­нен естелiк айтқан Бекназар Мұсаев. – “19 облыстан басшы болатын бiр қазақтың табылмағаны ма, бұл не басынғаны, қазақтың кiм екенiн бiлмейтiн адам қалайша қазақты басқарады” деген әңгiмелер айтылды. Бiр генерал шенiндегi кiсi шығып, “тарқаңыздар” дедi. Ашулы көпшiлiк оны мiнберден қуып шықты. Бұдан кейiн қа­зақтың бiр әйелi шығып, орыс тiлiнде сөйлеп жатыр едi, “қа­зақша бiлмейтiн мақау екен­сiң, ең болмаса өз ана тiлiңде сөйле” деп, жастар жағы оған қар лақтырды. Кешкiсiн оншақты өрт сөндiру көлiгi келiп, халықтың үстiне су шашты. Бiрақ көпшiлiк бiр-бiрiмен қолтықтасып қимылдамай тұрып алды. Жастардың қайсарлығын сонда көрдiк, үстерi малмандай су болып, теңселiп  тұр­са да Шәмшi ағамыздың “Менiң Қазақстаным” әнiн шыр­қады. Жүрек елжiреп, көзге жас келдi. Ақыры аяғында милиция халыққа лап қойды. Шайқас қас-қағым сәтте    бас­­­­та­лып кеттi. Милициялардың қолында таяқ, ал алаңдағы халықта дым жоқ. Болмаған соң тал бiткендi сындырып алып, соны қару қылып қорғанысқа көштiк.
 
Ертесiне яғни, 18 желтоқсан күнi Бейбiтшiлiк пен Сәт­баев көшелерiнiң қиылысында жиналдық. Алдымызда үш қа­тар әскерилер тұрды. Алдың­ғы қатарда қызыл шүберек байлаған жасақшылар. Екiншi қатардағылар каска киiп, қалқан ұстағандар. Үшiншi қатардағылар сапер күрегiмен қаруланған. Алдыңғы жақтағы офицерлер микрофон арқылы “внимания” деп тұрды да, бiр кезде “начали” дедi. Қыран-топан басталды. Менiң көргенiм, арт­­қа шегiнген кезде қыз балалар көп құлады. Оларға көмек­тесемiн деген жiгiттер де соқ­қы алып, жерге домалап жатты. Бiздiң қолымызда – ағаш, жендеттердiң қолында – темiр­дей дубинка, арматура кесiн­дiсi, сапер күрегi. Әскерилер құлағандарды тепкiлеп, қолындағы ауыр қаруымен соғып жатыр. Көз алдымдағы көрiнiс­тер­ден басым айналып, мен де алға қарай ұмтыла бер­дiм, бiрақ артқа шегiнiп үлгере алмадым. Қалқан ұстағанның еке­уi қоршауға алды. Басыма бiрiншi соққы тигенде құлап түстiм, құлақшын бiр жаққа, өзiм бiр жаққа кеттiм. Екiншi соққы тигенде есiмнен тандым.
Аздан кейiн есiмдi жиғанымда бiлгенiм, екi әскери тi­зеге салып кезек-кезек теп­кiнiң астына алып, жатыр екен. Бет-аузымнан дым жоқ, айнала қан-қызыл қан, екеуi дырылдатып сүйреген күйi автобус­қа апарып тықты. Iштегiлердiң бәрi өзiм сияқты таяқ жегендер. Ауыр халдегi екi жiгiттi әкелген едi, кейiн оларды есiн жинамаған күйi қайта алып кеттi. Қайда әкеттi, бейшаралардың кейiнгi тағдыры не болды, өлi ме, тiрi ме, мұны әлi күнге дейiн ешкiм бiлмейдi.
 
АБАҚТЫДА
 
Содан бәрiмiздi Алатау аудандық iшкi iстер бөлiмiне алып келдi. Iште жараланған қыздар шыңғырып жатыр. Оған қарап жатқан бiр жан жоқ. Милицияның алдына әкелiп тура түрмедегiдей “выходи по одному, руки на шею” деп, бiр офицер команда берiп тұр. Шамасы жеткендер автобустан бiртiндеп түсе бастады. Iшке кiрiп бара жатқанда әскери форма кигендер бiздi бiр-бiрлеп тебе бастады. Гестапоның қолына түскендей болдық.
Ұлдар мен қыздарды бө­лек-бөлек камераға қамады. Бiр абақтыда 50-60 адам, тiптi отыратын орын жоқ. Қансырап жатқан екi-үш жiгiттi жатқызып, қалғандарымыз түрегеп тұрдық. Әбден қансыраған жiгiттерге дәрiгерлер көмектеспек болып едi, есiктiң ау­зында тұрған қарауылдар рұқ­сат етпей қойды. Бiр кезде оларды сыртқа сүйрелеп алып кеттi. Олардың кейiнгi тағдыры, өлi ме, тiрi ме, бұл жағы да белгiсiз.
Ақ күртеше киген, денелi бiр жi­гiт: “Жасымаңдар, бiз әлi алаңда қалған ұл-қыздардың кегiн қайтарамыз, бұл әлi бастамасы, қазақтар барлық облыста көтерiледi, сонда көр­се­темiз” деп, бiзге басу айтты. Сол жiгiттi дәретханаға алып кетiп едi, қайтып оралмады. Оның да көзiн жойды деп ойладық.
Бiр кезде азаматтық киiм киген бiр орыс жiгiтi келiп, “У кого документы имеется?” дедi. Мен “У меня имеется” дедiм. Қалтамда сынақ кiтап­шам, студенттiк және партби­леттерiм болатын. Әлгi жiгiт менi екiншi қабаттағы бiр бөл­меге алып келдi. Iште тағы бi­реуi отыр екен. Кiргенiм сол, тұмсықтан ұрып құлатты, артынша екеуi айыздары қанғанша тепкiнiң астына алды... Бiр уақытта бетiме су шашып есiмдi жиғызды. Қалтамды ақтарып, құжаттарымды алды. Партбилеттi көрген соң бiр сыбап боқтап алды да “оказывается, партийный” дедi. Ұру­ды осыдан кейiн тоқтатты. Менен кейiн бiр жас жiгiттi алып келдi. Ол күндiзгi бөлiмде оқитын студентке ұқсайды, бiраз қарсылық жасап көрiп едi, оны да тепкiнiң астына алды. Ол мен шыққанша есiн жинамаған болатын. Бiр кезде тергеушi Макаров тапаншасын алып, менiң басыма тақады да “Если сверху приказ будет, вас казахов всех в стенку поставим” дедi. Тергеушi өз бiлгенiн айтып отырды, мен оның сөздерiн қағазға түсiр­дiм. Кейiн қол қойдырып алды. Сол қағаз екi айдан кейiн менi партиядан шығарар кезде алдымнан шықты. Өз қолыммен жазғандарымды оқып, өзiм жағамды ұстадым. Абақтыда бiр тәулiк жатып, екiншi тәулiкте босатып жiбердi. Бiр аптадан кейiн Алатау аудандық iшкi iстер бөлiмiне барып құжаттарымды алдым. Барсам, бөлiм­де­гi қызметкерлер мүлдем бас­қа, бәрi – өзiмiздiң қазақтар. Бiздi тергегендердiң Мәс­­кеуден келген КГБ-ның қызмет­кер­лерi екенiн осы кезде бiл­дiм.
 
АУЫЛДА
 
Қараспанға қаңтардың ая­ғында оралдым. “Бекен ұс­талып кетiптi” деп ел дүрлiгiп жүр екен. Шешем жылап отыр, бала-шағада ес-түс жоқ. Бөген аудандық милицияның бастығы Қарабаев деген азамат болатын. Ол менi үйге бiрнеше қайтара iздеп келiптi. Ағайын, туған-туысты түгел тер­геген. “Әкесi халық жауы болған жоқ па? Ағайын-туыстарының арасында халық жауы бар ма?” дегендей сұрақтар қойыпты.
Қараспан совхозының пар­торгы Сабыр Әлiбеков “Бекен жинал, ауданға баратын болдық” дедi. Ол кезде аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Жандарбек Қожа­баев деген азамат болатын. Мәселемдi бюрода қарап, қатаң сөгiс бердi. Бiрақ мұнымен тоқтап қалған жоқ, арада үш күн өткенде кезектен тыс бюро өтiп, менi партиядан шығарды. Жандарбек аға “бiзде ешқандай кiнә жоқ, жоғарыдағылар осындай тапсырма бе­рiп, қыспаққа алды, содан кейiн партиядан шығаруға тура келдi” дедi. Артынша менi жұмыстан да босатты. Онымен де қоймай, 4-курста оқып жүрген менi оқудан да шығарып жiбердi. Сол кездегi облыстық прокуратураның бастығы Шведюк деген азамат едi. Соның Воронов деген орынбасары менi тергеп, екi ай бойы сандалтты. Көздеген мақсаты – менi түрмеге қамату. Алайда бала-шағаның несi­бесi шығар, қамалып кетуден аман қалдық. Арада төрт жыл өткенде жанашыр азаматтардың арқасында партияға қайтып кiрдiм. Кiргенiмдi қай­тейiн, партияның ғұмыры ұзаққа бармады, екi айдан кейiн жойылып кеттi.
 P.S. Бүгiнде жеке шаруашылықпен айналысып жүрген Бекназар Мұсаев Шымкент қаласында тұрады.
Ғалымжан Елшiбай,
Оңтүстiк Қазақстан облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар