1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Үштiлдiлiкке... үндемей қалмадық

Мешiн жылында дүйiм жұртты дүрбелеңге түсiрген жайттың бiрi – мектеп реформасы болды. Бiлiм және ғылым министрi Е.Сағадиев мырзаның бұл тараптағы қиялы қырық құбылды. Оның 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшу, жалпы бiлiм беретiн мектептерде ай сайын тест түрiнде емтихан алып тұру, бiр өзi бiрнеше пәндi қатар оқытатын әмбебап мұғалiмдер даярлау, оқу жылын шiлдеге дейiн созып, жазғы демалысты қысқарту, мектептердi мемлекеттiк мекемеден – шаруашылық есеппен жұмыс iстейтiн құқы бар аймақтық мемлекеттiк кәсiпорынға, былайша айтқанда, өз күнiн өзi көретiн мекемеге айналдыру сияқты шикiлi-пiсiлi долбарлары жұрт құлағын сарсытты. Ал елiмiздiң мектептерiн жаппай үштiлдiлiкке көшiру, жаратылыстану пәндерiн ағылшынша оқыту, “Қазақстан тарихын” жоғары оқу орындарының бағдарламасынан алып тастау реформасы министрдiң атын жер өртегеннен бетер дүркiретiп шығарды.
Жұрттың төбесiнен жай түсiрген бұл “жаңалыққа” академик Асқар Жұмадiлдаев: “Жаратылыстану пәндерiн ағылшын тiлiнде оқыту – қазақ тiлiне төнген қауiп!” – деп бiрден қарсы үн қатты. Ғалымның пiкiрiнше, “қазақтың тiлi тiл болу үшiн – ғылымның, бизнес, технологияның тiлi болуы керек. Олай болу үшiн жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тiлiнде де оқытылуы керек. Егер өйтпейтiн болсақ, онсыз да көлеңкеде тұрған тiлiмiз бiрден құриды. ...Тек әдебиетпен, өнермен жұрттың бәрiн таңғалдырамыз деу – бос сөз.
Қазақ бәйгеден озамын десе, технократтық елге айналуы керек”. Ал технократтық жүйенi рухани байлықпен ұштастырудың жарқын мысалы – Жапония. Ол “Өзiнiң ойлау жүйесiн қалдырып, оны ғылымның жаңа технологиясымен ұштастырған. Бiздiң өлеңiмiздi, әнiмiздi, ойлау жүйемiздi, психологиямызды, менталитетiмiздi технологиямен ұштастыру керек. Сонда ғана өркендеймiз, әйтпесе құримыз”, – дедi ғалым “Жас Алаш” ұйымдастырған қоғамдық тыңдауда.
Бұл ұсыныстың ақылға мүлдем сыймайтынын сол жиында кесiп айтқан көпшiлiк пiкiрi: “Орта мектепте ағылшынша оқуға мәжбүрлеу – азаматтардың ана тiлiнде бiлiм алуға ерiк беретiн конституциялық құқын бұзу. Бала қай тiлде бiлiм алса, сол ұлтқа қызмет етедi. Сонда бiздiң жас ұрпақ ертең қай мемлекетке, қандай қоғамға қызмет етпек?!” дегенге сайды. Тағы бiр даусыз шындық – аталған пәндердi жаппай ағылшыншаға көшiруге не мұғалiмнiң, не оқушылардың дайын еместiгi. Демек белден басып, осы реформаны енгiзiп жiберген жағдайда қазақтың балалары жаратылыстану ғылымдарын игеруден шеттеп, мақұрым қалады, бұл түбi қазақ мектептерiнiң жойылуына, қазақ тiлiнiң ғылым тiлi болудан қалуына алып келедi деген сөз.
Қазақтың ғылым, бiлiмiн керi кетiруге, жас ұрпағын мәңгүрттендiруге бағытталған бұл реформасымақтың жай-жапсарын ашып көрсетуден “Жас Алаш” аянып қалған жоқ. Осы мақсатта “Ұлтымыздың түбiне үштiлдiлiк жетедi” атты дөңгелек үстел, “Қазақтың тiлi мен тарихы – ұлттың алтын қазығы”, “Сағадиев, келiңiз!” деген тақырыппен қоғамдық талқылау өткiзiлдi. “Трибуна – саяси қалам” газетiмен бiрлесiп ұйымдастырылған соңғы талқылауға арнайы шақырылса да Е.Сағадиев келген жоқ. Бiрақ белгiлi қоғам қайраткерлерi, зиялы қауым өкiлдерi, тiл жанашырлары қатысқан жиындардың барлығында небiр салмақты ойлар, сарабдал пiкiрлер айтылды. Қатысушылардың атынан Үндеу қабылданып, ол тиiстi орындарға жiберiлдi, газет бетiнде жарияланды. Үндеудiң түйiндi тұсына қайта тоқталар болсақ, Е.Сағадиевтiң күштеуiмен биылғы оқу жылынан бастап мектептерге енгiзiлген және алдағы кезеңдерге жоспарланған бағдарламаның қауiптiлiгi мынада – “Үш тұғырлы тiл” – қазақ атауындағы ұлттық мектептердi түбегейлi жойып тынады, атауы ғана емес, заты да өзгерiске ұшырайды; қоғам қабылдамай тастаған “қазақстандық ұлтты” қайта жаңғыртуға негiз қалайды; екi тiлдiк жағдайында халi мүшкiл болған қазақ тiлi одан әрi сорлайды; ана тiлiнiң құнарын бойына дарытпаған соң жас жеткiншек ұлттық болмысын жоғалтады; үш тiлдi қатар меңгеру балғындардың санасына артық салмақ түсiредi, ойлау-түйсiну қабiлетiн кемiтедi; бiлiм алу сапасын төмендетедi.
Осы сияқты басқа да маңызды жайттарға назар аударта отырып, бiз Үндеуде: “Қазақтың тiлi ғылымның тiлi, бизнестiң тiлi, технологияның, саясаттың тiлi болуы керек. Мектептерде оқытылатын ғылымдардың барлығы, оның iшiнде министрлiк шеттеткен физика, химия, биология, информатика, тарих пәндерi қазақ тiлiнде оқытылғанда ғана, Конституцияның: “Әрбiр бала орта бiлiмдi ана тiлiнде алуға құқылы” деген бабы орындалғанда ғана соған қол жеткiземiз”, – деген нақты байлам жасадық. Сондай-ақ оған есiмi елге танымал көрнектi тұлғалар, қайраткерлер, қоғам белсендiлерi жаппай қол қойды.
Үштiлдiлiктi енгiзу арқылы ұлтымыздың, ұрпағымыздың тағдырын ойыншық етуге бет алған шендiлер қоғамның кәрiнен ыққандай болып, бастапқы райынан бiраз қайтты. Екпiнiмен тау құлатардай жұлқынғандар ентiгiн сәл басып: “Жаңартылған бiлiм стандарты бiрте-бiрте, кезең-кезеңiмен енгiзiледi, әлi де қарастырылады, зерттеледi” деген сыңайдағы әңгiмеге көштi. Мұның өзi – көңiлге медет. Жылда министр ауысып, жылда реформа жасалатынын ескерсек, алдағы уақытта бүгiнгi асығыс шешiмдердiң де терiстелер уақыты келер. Бiлiм саласына халық тегiс қалап, тiлеуiн тiлеп жүрген Асқар Жұмадiлдаевтай бiлiмдi, ең бастысы, ұлтжанды азамат басшылыққа келер күн туса, жағдай да күрт өзгерер.
Қалай болғанда да, “Жас Алаш” қай кезде де ұлт руханиятының, оның ғылымы мен бiлiмiнiң жоқшысы, жанашыры болудан танбайды.

Н.ҚОҢЫР
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Б.Шаяхметұлы | 4 қаңтар 2017 21:59
Айттың не , айтпадың не , бәрібір олар өз ойындағыларын жасайды! Т....... басқарған Ел оңады дегенге кімдер сенер! Түбі , Қазақ ұлтын құртып тынатын шығар , жақұт(якут) немесе тыва(тува) сияқты толық орыстанып , тарих сахнасынан өшіп тынатын шығармыз әлі... Соған келе жатырмыз! Өкінішті-ақ!
Қасым Тельбаев | 5 қаңтар 2017 00:21
Үш тіл оқытқанның зияны жоқ. Үш тілді дұрыс деңгейде оқыту үшін оқушылардың апталық жүктемесін азайту керек.Мысалы денешынықтыруды 3 сағат оқыту қажет емес себебі көптеген балалар спорт мектебіне барады оларға ауыр. Дүние жүзі тарихын жоғарғы сыныпта ғана оқыту керек. технология сабағын 5-11 сыныптарда оқыту керек емес. Тегін кәсіптік колледждерде білім алған дұрыс. Апталық жүктеме 1-4 сыныптарда 20 сағаттан,5-9 сыныптарда 25 сағаттан 10-12 сыныптарда 30 сағаттан аспағаны дұрыс.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті