1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (16187) 5 қаңтар, бейсенбі 2017
5 қаңтар 2017
Шенеунiк баласы шетелде оқымасын! Осындай шектеу қойылса, бiлiм сапасы жақсарар ма едi?

Қарапайым жұртқа ауыртпалығы айтарлықтай тиген 2016 жылдағы аз-маз қуаныштың бiрi мен үшiн журналист Ярослав Красиенконың Ресейге тайып тұрғаны болды. Бiр ғимаратта араға есiк салмай бiраз жыл көршi болсақ та, қол созып амандаспаған, ақпарат алаңында дәм-тұзымыз жараспаған Ярослав Красиенко жыл соңында менi осынша қуантады деп кiм ойлаған? Айтпақшы, Ярослав Красиенко деген кiм едi? КТК телеарнасының Астана тiлшiлер тобын ұзақ жыл басқарған, сол арнада бағдарлама жүргiзген Ярослав Красиенко Ақордаға қалаулы һәм таңдаулы тiлшi едi. Оның таланты мен қабiлетiне бас ұрған президент әкiмшiлiгiнiң бай-бағландары оған президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы төрт-бес фильм түсiрттi. Красиенко президент әкiмшiлiгiне, Ақордаға емiн-еркiн кiрiп-шығатын тiлшiге айналды. Мұндай мәртебеге ол қалай жеттi? Я.Красиенкода таңнан кешкен дейiн, тәулiгiне 25 сағат бойы президент Н.Назарбаевты, оның “сарабдал саясатын” тоқтамай мақтайтын ерекше “талант” бар едi. Ол “Н.Назарбаевтың дұрыс шешiмiн ғана қолдау керек” деген жүйелi сөздi мүлдем түсiнбейтiн. Эфирде ғана емес, дастарқан басында отырса да “Н.Назарбаев не айтса да, оныкi дұрыс” деп өңешiн жыртатын. Қазақ ұлтшылдарына ата жауындай шошына, үрке, сезiктене, асқан жеккөрушiлiкпен қарағанын жасырып әуре де болмады. Тiптi, арнайы сайт ашып, ұлтшылдарды, қазақ мүддесiн түгендегендердi мұқатуға ашық майдан ашты. Еуразиялық экономикалық одаққа күмәнмен қарап, қарсы пiкiр айтқандардың аузына құм құюға жанын салды. Мiне, осындай тiлшiнi Ақорда әкiмшiлiгi алақанына салып, аялап ұстады! Сөйткен, Ярослав Красиенко Қазақстанды тастап, Мәскеуге тайып тұрды.
Егер Қазақстан дамуы, Ақорда саясаты, Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолы өзi сан жылдан берi мақтап, мадақтағандай болса, онда Ярослав Красиенко қарыштап дамып кеткен елдi неге тастап кеттi? Бұл сұраққа оның өзi орыстiлдi әрiптестерiне берген сұхбатында “балаларымның болашағы үшiн кеттiм” деп сырын айтамын деп шынын айтыпты. Оның бұл пiкiрiне қиқу қосып, қолдап-қоштағандардың қарасы қалың шықты. Олар Ярослав Красиенконың Ақорданың аялы алақанын Мәскеудiң кептелектi көшесiне алмастырғанын ерлiкке балады. “Титтей мүмкiндiк болса, бұл елден бiзде кетер едiк” деген iшкi армандары бiлiнiп-ақ тұрды. Интернеттегi осындай арман-тiлекке толы пiкiрлердi оқығанымда шынымды айтсам, өмiрiмде бiрiншi рет Ярослав Красиенконың қолын алып, арқасынан қағып, рақмет айтқым келдi. Сан жылдан берi көрермендi популистiк нұрлы ұранмен алдап келген тiлшiнiң бiр мәрте өмiр шындығын мойындағаны да ерлiк емес пе!?.
Дегенмен, Ярослав Красиенконың кетiсiне қатысты бiздiң айтпағымыз бұл емес. Шындығына келгенде, кеттi екен деп Ярослав Красиенкоға ренжитiн ештеңемiз де жоқ. Себебi, оның бiздегi көптеген мемлекеттiк шенеунiктерден еш айырмашылығы жоқ. Иә, ол – қып-қызыл ресейшiл. Анығында путиншiл. Бiзде де путиншiл шендiлер көп. Ақорда әкiмшiлiгiндегi басты идеологтың бауыр етiндей жақыны шахматтан Қазақстанның емес, Ресейдiң намысын қорғап жүргенiн Ярослав Красиенко бiлмейдi дейсiз бе? Әлде, Қазақстан шендi-шекпендiлерiнiң балалары қарапайым орта мектептерде оқымайтынын Ярослав Красиенко көрмедi дейсiз бе? Бiлгенде, көргенде қандай! Бiзде “Нұр Отан” мүшесi, “нұрлы жолдың” одасын айтушы, “Нұр Отанның” депутаты, “Нұрсая” тұрғын үй кешенiнiң иесi болса да, Нұрсұлтан қаласының тұрғыны болмағаны үшiн өздерiн кәдiмгiдей бақытсыз сезiнетiндер, олардың ағайын-туыстары, құда-жекжаттары балаларын құрып кеттi дегенде Назарбаев мектебiне бередi. Ал құрығы ұзын, жолы болғыш шендi-шекпендiлердiң 90 пайызы балаларын шетелдерде оқытып жүргенi дүйiм жұртқа жасырын емес. Ал шенеунiктердiң балаларын Қазақстандағы қарапайым жоғарғы оқу орындарынан шам алып iздесеңiз де таппайсыз.
Осы жерде сұрақ туындайды: Қазақстан шендiлерiнiң балалары неге қарапайым мектептерде оқып, елдiң баласындай Н.Назарбаев туралы шығарма жазып, қаратабан студенттер секiлдi саяси шараларда “массовкада” тұрмайды? Әрине, елдегi бiлiм саласы мен сапасы жоғары болса, әкiм, министр, депутаттар балаларын жаппай шетелге немесе ақылы мектептерге берiп әуре болмас едi ғой. Мiне, осындай көрiнiстi iштей көрiп, сырын ұққан Ярослав Красиенко секiлдiлер балаларының болашағы үшiн тайып тұрғанды жөн көредi. Себебi, олардың екiншi отаны бар. Екiншi отаны жоқ бай-манап, шендi-шекпендiлерде балаларын шетелде оқыту үшiн түрлi жолмен бюджет бүйiрiнен жұлып алған қаржысы бар! Ал бiр айлықтан екiншiсiне әрең жететiн қарапайым ата-ана қайтпек? Қарапайым қазақтың баласы қайткенде сапалы бiлiм алмақ?
25 жылда керi кетпесе, алға жылжымаған бiлiм саласын жақсартудың бiр үмiтi мен үкiлi амалы көрiнген сияқты. Оның мәнi мынада: бiз бәрiбiр адам құқығы мен бостандығын басты мақсат санайтын батыс өркениетiн өзiмiзге қолдана, қондыра алмаймыз. Себебi, бiздi әлi де кеңестiк сана-түсiнiктегi басшылар басқарып отыр. Бұл жағдайда “еуропа құндылығы мен жетiстiгi” деп әзiрге бос ауа қармамай, Ярослав Красиенко көшiп барған Ресейден үлгi алуымыз керек-ақ. Путиншiл саясатты түсiнетiн, қолдайтын шендiлер өзiмiзде жетiп жатқандықтан, Ресейдегi кейбiр бастамаларды өз пайдамызға жарату шарт. Соның бiрi мәселен, мемлекеттiк шенеунiктердiң кәмелет жасына толмаған балаларына шетел бiлiм ордаларында бiлiм алуға тыйым салу. Иә, тыйым салу! Дәл осындай заң жобасы қазiр Ресей мемлекеттiк думасында қаралып жатыр. Депутат Валерий Рашкин дайындаған бұл заң жобасы қабылданар болса, мемлекеттiк шенеунiктер, қызметкерлер мен ұлттық компания басшылары, топ-менеджерлерi балаларын шетелдiк оқу орындарында оқыта алмайды. Депутат Рашкиннiң пiкiрiнше, Ресейде бiлiм алған бала мемлекетшiл болады және тиым салу әлеуметтiк жiкшiлдiктi тоқтатады. Мiне, осы қисынға бiзде тас кенедей жабысып алуымыз қажет. Егер ғайыптан тайып, парламентке осындай заң қабылдатар болсақ, шендi-шекпендiлердiң балалары мәжбүрлеу заңымен Қазақстанның қарапайым мектептерiнде оқи бастаса, елдегi бiлiм саласы кәдiмгiдей жақсарып қалар едi. Өйткенi өзiм дегенде өгiз қара күшiм бар дейтiн шендiлер өз балалары үшiн елдегi бiлiм реформасымен шындап айналысып, жанын салады ғой. Сайлау сияқты саяси науқанда “есек” қылып мiнiп алған мұғалiмнiң айлығын, әлеуетiн, мәртебесiн, бiлiктiлiгi мен бiлiмiн арттыруға шындап ден қояр едi. Өз баласы қарапайым мектепке баруға мәжбүр болған соң, нән бастықтар Қазақстандағы шынайы өмiрге көзiн ашып қарар едi. Қырық қатеден құралған оқулықты түзетуге атсалысар едi. Шендi-шенеунiктердiң баласына шетелде бiлiм алуына тыйым салу либералды-демократия талаптарына сай болмаса да, тұралап қалған бiлiм саласын шындап дамыту үшiн мұндай қадамға бару керек-ақ. Өйткенi бұл – елдегi бiлiм саласын тiрiлтудiң соңғы жолы. Путиншiл Красиенко сияқты тұлғалар кетер жағына кетiп бiттi. Ендi қазақтың болашағы үшiн өз мәселемiздi өзiмiз шешейiк!
 

Жасұлан АҚКЕР,
Астана
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
Мағауия | 5 қаңтар 2017 12:54
Менің бір жақынымның баласы Ресейде оқып келді. Бес алты жыл бұрын. Әлгі бала тым орысшыл, ресейшіл болып, санасы уланып келді. Қазір қайда жүр дейсіздер ғой. ҰҚҚ-ның орталық аппаратында!
Қазақ қызы | 5 қаңтар 2017 15:38
өте дұрыс, қолдайтын мәселе....
казах | 5 қаңтар 2017 22:52
Бұған кім кінәлі?
Рашид | 5 қаңтар 2017 23:23
Менің де ойымда жүрген ой еді. Қолдаймыз!
Ата -ана | 7 қаңтар 2017 00:21
Осы неге бізде білім сапасы төмен деп айқайлай бересіңдер. Бізде қаншама мұғалім сапалы білім беріп жатыр, айлығының аздығына қарамастан. Оқулық, мектеп, университетті жамандағанды қою керек шығар. Осы тілшілер бір Қазақстаннан емес басқа жақтан білім алып келгендей жазады. Шетелде оқып келген баланың елімізде оқыған баладан асып тұрғанын көргем жоқ. Сапалы білім, саналы тәрбие өзіміздің елде беріліп жатыр. Балаңыз жаман оқыса қабілетінің төмен болғаны.
Данияр | 7 қаңтар 2017 12:47
Ол бір десеңіз, екінші шетелде оқып келген балаларын Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарына орналастыруға да тыйым салу керек. ҰҚК, ІІМ, Ұлттық банк, Қарулы күштер қатарына т.б мемлекеттік органдарда мүлде қызмметке алынбауы керек.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар