1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №2 (16188) 10 қаңтар, сейсенбі 2017
10 қаңтар 2017
Қойынға қолды салғаның...

Азаматтардың тiркелуi туралы жаңа заң мен қазақстандық қыздарды жылына 90 мың доллар табысы бар қытайлық бай жiгiттермен көңiл жарастырғызбақ болған Ольга Самаринаның әрекетi елдiң ашу-ызасын туғызды. “Gimeney” агенттiгiнiң хабарлауынша, 15 қытай жiгiтi Қазақстанға қыз таңдау үшiн ақпан айында 4 күнге аялдамақ. Олар еуропалық бiлiмдi, ағылшын және бiрнеше шет тiлдерiн бiледi, орыс тiлiн де меңгерген, өте ауқатты. 18-40 жастағылардан таңдап алынатын қыздар да осы талғам-талапқа сәйкес келуi керек. Аз уақыттың iшiнде қытайдың бай жiгiттерiне күйеуге тимек болған 20 қыз да табыла кеттi. Осы ақпарат өткен аптаның соңында әлеуметтiк желiлерде жаппай жұрттың ашу-ызасын туғызды. Оның үстiне ЭКСПО-ға 350 мың қытайлықтың “Эйр Астанаға” билет алса болды тегiн кiре алатыны, өткен жылдың желтоқсанындағы Кәрiм Мәсiмовтiң Пекинде қытайлықтардың Қазақстанға топтық сапарын ұйымдастыруына қол жеткiзiп келуi – қоғамдық көңiл-күй қызуын тiптi көтерiп жiбердi.

Осы оқиға елiмiзде тағы бiр шетiн мәселенiң шетiн шығарды. “Неке және отбасы туралы” ҚР заңы бойынша қазақстандықтың кез келген шетел азаматымен некеге тұруына тыйым салынбайды. Зайырлы мемлекет болғандықтан, адамның жеке өмiрiндегi таңдау еркiне шектеу жоқ. Қысқасы, қазақстандық бойжеткен не жiгiт кез келген елдiң азаматымен некелесе алады. Бала туса да, көңiлдес болса да, өз еркi. Ондайлар жетерлiк. Қоғамдық пiкiр екiге жарылды. Ешкiмнiң етегiн бағып жүре алмайсың, бұл жалғаса беретiн жайт дейдi самарқау топ. Ел тағдырына бейжай қарамайтын белсендi көпшiлiк ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп төндiретiн осы құбылысқа өзгенiң етегiнен ұстағандарды азаматтықтан айыру арқылы шектеу қою керек дейдi. Кейбiр заңгерлердiң пiкiрiне қарағанда, бұ заманда ешкiмнiң қалауына қарсы тұра алмайсың. Қыздар бұған дейiн де шетелдiктерге тиiп, бала туып жатыр. Осында келген вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн шетелдiктердiң көңiлдесi, не уақытша әйелi болып та жүр, жезөкшелер де жетерлiк.
Неке бұзуға байланысты көптеген сот процестерiне қатысушы ақтөбелiк заңгер, қорғаушы Төлеген Молдабаев былай дейдi:
– “Зорлау” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертацияма дерек iздеу үшiн 1998 жылы талай мәлiметтермен таныстым. Арасында құпия ақпараттар да бар. Сонда түйгенiм, 1985 жылға дейiн елiмiзде зорлау дерегi мүлде аз, тiптi жоқ деуге болады. Зорлау деректерi 1985 жылдан бастап көбейе бастады. Мұның себебi мынада.
Порнографиялық фильмдер 1990 жылдары ашықтан-ашық темiржолдарда және автовокзалдарда көрсетiле бастады, “видиктердi” күндiз-түнi айналдырды. Ондай фильмдердi бiздiң апа-жеңгелерiмiз ала сөмкемен тауар тасығанда, шекараның аржағынан тығып әкелiп сатып жүрдi. Мен ол кезде осы облыста тергеушiмiн, жағдайды жақсы бiлемiн. Сол жылдары тiптi ауылдарға дейiн осындай порнографиялық фильмдер тарады. Учаскелiк полицей, шаруашылық директоры оған көз жұма қарады. Үйдiң терезесiн тұмшалап, адамды жинап, түнi бойы осындай порнофильмдердi көрсетiп жүрдi. Мұндай жағдай 1987 жылдан басталды. Ақыры не болды? Байғанин, Ойыл, Ырғыз сияқты өмiрi қыз зорлау дерегi тiркелмеген аудандарда сол жылдары қылмыстың осы түрi көбейiп, жас жiгiттер түрмеге көп түстi. Бұл – бiр. Яғни, жастардың санасын бұзу осындай фильмдерден басталды.
Екiншiден – жастар темекi шегедi, спирттiк iшiмдiктерге әуес, қорқор тартады. Жiгiттер әлжуаз, қыздар денсаулықтарын күтпейдi. Бұлар ертең ата-ана болам деп көп бастарын қатырмайды. Некеге отырғанға дейiн де төсек қатынасына жиi барады, әдеттенiп қалғандықтан бiр әйелдi, не бiр еркектi қанағат етпейдi. Ажырасудың түпкi себебi – төсек қатынасының дұрыс еместiгiнде, отбасылық құндылығын дұрыс түсiнбеуде. Үйленген жiгiт жас келiншегiн үйге тастап, түнi бойы жоқ болады, бiрнеше күндеп жоғалады. Ал жас келiншек сонда не iстейдi? Күйеуi қарамаған соң ол да қыдыра бастайды. Бұл – менiң сот процестерiнен көрген-түйгенiм.


Үшiншiден – жергiлiктi қазақ қаладан бiр мейрамхана, не асхана ашамын десе, ол көп кедергiге ұшырайды. Қағаз жинап, тексерушi мекемелерден жүйкесi тозғандықтан, бәрiн тастап қашады. Қараңызшы, елiмiздiң қай қаласы болмасын, кәуапхана, донер, самса аяқ аттаған сайын кездеседi. Олар қазақтiкi емес. Өзбек, грузин, армяндардың кәуапханасында ыдыс жуып, еден сүртiп, кәуап тасып жүрген кiм? Қазақтың жас балалары, жасыратыны жоқ, студенттер. Олар бiр кеште таңғы 4-ке дейiн кәуапхана жабылғанша жұмыс iстейдi. Сосын жұмысы бiткен соң қолына 2 мың теңгесiн ұстатады да, есiктен шығарып жiбередi. Ол бала таңертең сағат 8-де басталатын оқуына баруы керек. Айтыңызшы, түнiмен кәуапханада мас адамдардың былапытын естiп, көк түтiнде қақалған еркектердiң арасынан шыққан ол таңертең университетте қалай дәрiс тыңдайды? Ол қандай маман болып шықпақ? Кәуапханалар иелерi қолдарына түскен қазақ қыздарын бұзып жатыр. Ыдыс жуғызып, еден тазалатып қана қоймай, кейбiр қожайындар осы балаларды жаман нәрселерге де көндiредi. Ырбаң-ырбаң етiп отырған еркектерге түнiмен қызмет жасаған бала бұзылмайды дейсiң бе? Грузин, армян, түрiктiң көңiл көтеру орындары да қазақ қыздарын, ұлдарын бұзып жатқан орындар. Жоқшылықтан азып-тозған ауылдан келiп, әке-шешесiнде ақшасы жоқ балаға не iстетпей жатыр? Осыдан соң бiз қазақтың қызы қытайға күйеуге тиiп жатыр деп шулаймыз. Менiңше, осы мәселеге терең көзқараспен қараған жөн.
Қазақтың қытайға күйеуге шығуы тақырыбының артқы жағында – үлкен шетiн мәселе тұр. Ол қазақ балаларының жағдайының төмендiгi, жұмыссыздық, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан бақылаудың жоқтығы. Бәрiн ақшаға тiреп қойған заманда, өмiрге ендi ғана қадам басқан жас бала қолдап-қорғаусыз, сүйеусiз қалай адам болады, айтыңыздаршы? Тәрбие жоқ. Балабақша, мектеп, орта, жоғары оқу орындары студенттерiн бақылаудан шығарып алған. Кәуапханалар мен кафелерде Еңбек Кодексiнiң талаптары жүрмейдi. Заң бойынша 8 сағаттан артық жұмыс iстегенде, тiптi түнiмен жұмыс жасағандарға нормадан артықтығы үшiн көтерiңкi ақы төленуi керек.
Кеңес уақытында Ақтөбе қаласында 4 мейрамхана ғана жұмыс iстедi, онда тек түнгi сағат 12-ге дейiн. Уақыт асқан соң барлық мейрамханалар жабылады, кафелер түнгi 11-ге дейiн жұмыс iстейтiн. Бiзге осы уақыт шектеуiн енгiзу керек болар. Грузин, армян кәуапханаларының көбеюiне өзiмiз де кiнәлiмiз. Адам келмесе, көбеймес едi. Үйiмiзде бала-шағамыз аш отыр, бiз болсақ жұмыс арасында екi шиша арағымызды жолай сатып алып, әлгiлердiң 4 тал кәуабын жеп, 10 мың теңгемiздi тастап кетуге ақша аямаймыз.
Кафелер мен түнгi клубтардан шықпайтын жастар көп те, есесiне спорт секцияларына баратын жастар аз. Бiз елiктегiш халықпыз. Берекесiзбiз. Намысы аз халықпыз. Сырттан келетiн жаман нәрсенiң бәрi неге бiзге кеп соғатыны осыдан. Тәрбие жоқ, ата-ана баласын жақсы тәрбиелесе, мұндай жағдай болмас едi.
Төртiншiден, қазiр зорлау деген қыздардың бопсалап, ақша табу көзiне айналып кеттi. Бiр еркекпен ерiктi түрде жыныстық қатынасқа түседi де, iле-шала “менi зорладың” деп ақша бопсалайды, көнбегенiнiң үстiнен арыз жазады. Қорғаушылық қызметiмде осындай оқиғалардың талайына куә болып жүрмiн. Соңғы кезде “телефондағы секс” деген бәле шықты. Телефонның тұтқасында отырған қыз, не ұл арсыз нәрселерге тұтқаның ар жағында жаттығып алады да, соны iс жүзiне асыруға көшедi. Мұны тоқтататын күш – ұлттық тәрбие. Қазақы тәрбиеден шыққан, ата-ананың, ата-әженiң тәрбиесiн алып, сыйластық пен мейiрiмнен күш алып, жақсы мен жаманды айырып өскен бала мұндай жаман нәрселерге жоламайтыны анық”.
Қытайға қазақ қыздарының күйеуге шығуы мәселесiнiң артында айтылмаған, жазылмаған осындай көп түйiн жатыр.
 

Баян СӘРСЕНБИНА,
Ақтөбе облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
орик актау | 10 қаңтар 2017 19:23
ешек миын жеген биликтегилер кетпей осылай бола береди
мен | 11 қаңтар 2017 08:44
Қайтесің заманымыз басы істемейтін билік болған соң. Елде жұмыссыздық, коррупция, жемқорлық билеген жерде осындай болады. Елді Н тоздырып болды. Қайтсын жастар киім кию керек, тамақ керек , тапқан амалы сол болған соң барлық жаман қылықтарға барады.
Терең ойлайтын билік жоқ.
Мен | 11 қаңтар 2017 19:15
Баян Сәрсенбина өте дұрыс жазған екен. Менің бір студентім кафеде даяшы болып жұмыс істеді. Кафелерде "Апай сіз білмейсіз ғой, әкеңнен үлкен атаң құралпы адамдар "қарындас дем алмаймыз ба? "деп отырады" дейді. Рас мен білмейді екем мұндай сорақыны. "Тыныш жұмысын істеп жүрген қызда несі бар. Қыздардың өзі қағынып тұрған соң, шығады ғой пәленің бәрі"- деп ойлаушы ем. Атасы құралпы өз қандасы осылай дегенде басқа жұрттың озбырлығын айтып тауыса алмассың...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар