1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Тек пен тест

Бұл қазақтың шығармайтыны жоқ. Әнеукүнi бiр әрiптесiмiз әлеуметтiк желiде “Тест атаулының тек бiреуi ғана ақиқатты дәл ажыратады, ол – әйелдердiң жүктiлiгiн анықтайтын тест” дептi. Күлесiз және шындығын мойындайсыз. Бiрақ солай екен деп өзге тест түрлерiн түгел ысырып тастауға болмайды ғой. Өйткенi үкiмет қазiр оқушыларға тиiстi сынақты былай қойғанда, мемлекеттiк қызметкерлердiң бiлiктiлiк деңгейiн де осы әдiспен анықтап жүр. Алайда оның дәлдiгi қай шамада боларына болжам жасау қиын. Ең негiзгiсi, сұрақтың сүйекке жететiндей “терең” әрi “мағыналы” болғаны. Байқасаңыз, билiк бiртiндеп осыған келе жатқан сияқты.
 

Өткен аптада “31”-арна бiр қызық ақпарат таратты. Ондағы деректерге үңiлсек, шымкенттiк шендiлер рушылдық деңгейiн әйгiлеу үшiн сынақ тапсыра бастаған. “Б” корпусындағы мемлекеттiк қызметкерлерге қойылған 200 сұрақтың арасында “Туысыңды қызметке орналастыруға қолұшын берер ме едiң?” деген де сауал бар көрiнедi.
Мiне, бұл “мағыналы” сұрақ. Мәселе, оған кiмнiң қалай жауап беретiндiгiнде. Шынын айту керек, өле алмай жүрген ешкiм жоқ, алдына мұндай сауал түскендердiң бәрi “қолұшын бермеймiн” деп жауап бередi. Сынақ сонымен тәмам. Өзгерген дәнеңе жоқ. Сонда мұндай тест арқылы кiмнiң рушыл, кiмнiң тамыр-таныс жинағыш, кiмнiң туысын өрге сүйрегiш екенiн анықтау мүмкiн бе? Әрине, мүмкiн емес.
Сондықтан тәп-тәуiр бастамаға аздаған өзгерiс енгiзген жөн секiлдi. “Туысыңа қолұшын бересiң бе?” деп төбеден түскендей қойып қалмай, сауалды мейлiнше жұмсартқан жөн. Мәселен: “Б” корпусына деген ұмтылысыңа бек рақмет! Ал ендi айта қойшы, “А” корпусындағы ағаңның аты кiм?”. Немесе “Кiнәң болмаса да, аяқасты бәлеге шатылып, қамауға түсiп жатсаң, ең бiрiншi кiмге телефон шалар едiң?”. Болмаса “Астанаға жолың түскенде кiмнiң үйiне аялдайсың, жеген-жұтқаныңды кiммен бөлiспесең, өзiңдi ыңғайсыз сезiнесiң?”.
Мiне, сауалдарға осылайша аздаған астар берiлсе, шенеунiктер шешiлiп сала бермесе де, шикiлiгiн аңдатып алуы мүмкiн. Сынақ қорытындысының нәтижелi болуы – оны алудағы ерекшелiкке де байланысты. Дұрысы, сауалды қағазға тiзе бермей, сұрақтың жауабын көзбе-көз алған.
Көзбе-көз дегеннен шығады, 2014 жылы “қағынған” журналистер Ақмола облысының әкiмi Сергей Кулагиннiң көзiне шұқығандай етiп, мынадай сауал қойған: “Ұлыңыз Павел Кулагиннiң Алматы ауданына әкiм болғаны жөнiнде не айтар едiңiз?”. Сонда С.Кулагин не дедi? Бүй дедi: “26 жас ерте деп ойлайсыз ба? Айналаға қарап, ой елегiнен өткiзiп көрiңiздер. Араларыңызда 26 жастағылар жоқ па? Әлде тек Кулагиндi көрiп қалдыңыздар ма... Сiздер айналаға жақсылап көз жүгiртiңiздер”.
26 жас дегенi – П.Кулагиннiң Астананың бiлдей бiр ауданына әкiм болған кезiндегi жасы. Бiрақ оған байланып қалатын түк те жоқ. Мәселе “айналаға” қарай бiлуде. Өкiнiшке қарай, Ақмола әкiмiнiң “айналаға көз жүгiртуге” қатысты меңзеуiне ешкiм жете мән берген жоқ. Егер “айналаның” мәселесi сол тұста мемлекеттiк деңгейде қаралғанда қай баланың қайдан келгенi бiрден әшкере болар едi. Онда қазiргiдей “Туысыңа қол ұшын бересiң бе?” деген сауалдың да қажетi болмас едi.
Дегенмен “Ештен кеш” деген, кештеу болса да, “көз жүгiртiп” көрейiкшi, Кулагиннiң ымдаған “айналасы” қай маң? Бiздiңше, әкiмнiң ишарамен нұсқаған бағыты Ақордадан онша алыс болмауы керек. Себебi туыстық мәселесiнiң төресi осында. Мысалы, Дариға Назарбаева осы уақытқа дейiн талай төбенiң басына отырып көрдi. Мәжiлiстен – үкiметке, үкiметтен – сенатқа желдей есiп жүр. Ендi ойлап көрiңiзшi, президенттiң қызынан әкiмнiң баласының қай жерi кем? Дариға жоғарғы қызметтердi шетiнен адақтап жүргенде Павелге неге бiр аудан бұйырмауы керек? Пендеуи тұрғыдан ойласаңыз, облыс әкiмiнiң сөзiнде жан бар. Соның бiр дәлелi болса керек, П.Кулагин қазiр – президент әкiмшiлiгiнде.
Жоғары билiктегi туыстық туралы сөз қозғалғанда, артынан бала-шағасын, туыс-туғанын ертпей, жеке-дара жалғыз кеткен шендiнi емге табу қиын. Басқасын айтпай-ақ, соңғы аласапыран оқиғаларға зер салайықшы. 28 миллион теңге парамен ұсталған “Бәйтерек Development” басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов кiм? Ол – экс-спикер, бүгiнгi депутат Қабиболла Жақыповтың ұлы. Күнi кеше қамауға алынған бұрынғы Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев экс-мәжiлiсмен Уәлихан Бишiмбаевтың баласы. Әнеукүнi Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты арнайы операция кезiнде Iлияс Тасмағамбетов деген кiсiнiң аты аталды. Ол – операция жүргiзiлген мұнай өңдеу зауытының директоры. Әрине, зауытқа директор болу – мемлекеттiк қызметке жатпайды ғой дейтiндер табылуы мүмкiн. Бiрақ сол Iлиястың әкесi – Құрманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов деген кiсi Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттiк кiрiс департаментi бастығының орынбасары екен. Демек Иманғали Тасмағамбетовтiң не ағасы, не iнiсi.

Мұндай мысалдарды жүздеп емес, мыңдап келтiруге болады. Бiр қызығы, “туыстық” деген жоралғыға алыстан қосылатын, бiрақ жақындығы жағынан туыстың өзiн “ауызға ұратын” iлiк-шатыстық өз алдына бiр төбе. Мысалы, Дариға Назарбаева мен Берiк Имашев – құдай қосқан құдалар. Бейбiт Атамқұлов пен Нұрбах Рүстемов, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мен мәжiлiсмен Құдайберген Ержан – “бiр-бiрiн көргенде басын қаситын” бажалар. Ерлан, Нұрлан Нығматуллиндер – егiз.
Ендi бiрсыпыра шендi-шекпендiлердiң ұл-қыздары бизнесте жүр. Олар ресми түрде мемлекеттiк қызмет iстемейтiндер қатарында. Бiрақ солардың арасында мемлекеттiк тендерге қатысып, үнемi ұтып кететiндер өте көп. Тiптi қыруар қаржы тауып, байлыққа мелдектеп жатса да, үкiметке соқыр тиын салық төлемейтiн сараңдары да кездеседi. Олардың бiразының есiм-сойы өткен жылы баспасөзде жарияланған. “Өкпелеп” жүрмес үшiн олардың ең құрығанда ата-аналарын атай кетейiк. Әнеукүнгi атышулы бейнебаяннан кейiн атына “төбелескiш” деген “тiркеме” iлiнiп, мәжiлiстен кетiп тынған Мұхтар Тiнiкеев, мәжiлiсмендер Гүлжан Қарағұсова мен Зағипа Балиева, Қайрат Мәми мен Сергей Кулагин т.б.
Ендi негiзгi мәселеге оралайық. Тест арқылы мемлекеттiк қызметкердiң тегiн тексеруге, оның ниет-пейiлiнiң түзулiгiн аңғаруға бола ма? Болатын сияқты. Оның жолы – жоғарыда айтқанымыздай, тестi көзбе-көз жауаптасуға алмастыру. Мысалы, былай: сынақ тапсыруға келген шенеунiк қолына шежiре ұстай кiредi. Сосын жетi атасынан берi қарай таратады. “Бәленбайдан Түгенбай” дей бергенде сынақ алушының бiрi “Тоқта, тоқта. Мынауың – ана кiсi емес пе?” деп бiр тексерiп алады. Күдiгi расталса, “Е, сенiң кiм арқылы көктеп келе жатқаның белгiлi болды, қайқая бер” дейдi. Сынақ тапсыру осы жобамен өтсе, әлдеқайда ұтымды болар едi. Мемлекеттiк саясат үшiн, кадр мәселесiндегi былық-шылықты анықтау үшiн тiптi Кулагиндерге де күштеп отырып, жетi атасын түгендетуге болар едi. Мұндай жағдайда тегiн ауыстырған Қайрат Сатыпалды секiлдiлер қаптап шығарында сөз жоқ. Бiр жағынан – сынақ, бiр жағынан – қызық.
Әттеген-айы сол, бұл нұсқаның да берерi аз. Өйткенi мемлекет мұндай қадамға шынымен барғысы келсе, сынақ “Б” корпусынан емес, “А” корпусының ар жағындағы Ақордадан басталуы керек-тiн. Олай болмаған соң, бәрi бекер. Былайша айтқанда – ойын. Ал Қазақстандағы кез келген саяси ойынның басты шартын Сiз жақсы бiлесiз, ұтыс – тек билiкте.
 

Сансызбай НҰРБАБА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Қазақ үні | 13 қаңтар 2017 17:21
Ой, айналайын Сансызбай! Биліктің қоясын түгел болмағанмен, әп әжептәуір ақ жүндепсің!!! Бұдан шығатын қорытынды қандай болмақ? Меніңше басты себеп, мемлекет басында, халық үшін бас тігетін, ұлтшыл тұлғаның болмауында! Сондықтан, Қазақ елі тексіздердің "ұлтандық билік" дәуірін бастан өткізуде. Оның қашанға созылары белгісіз, себебі олар қазіргі кезде "ақырып теңдік сұрар"қазақ ұрпағын мейілінше үнін өшіріп, тоз тоз қылып тонап, этникалық 130 топтың бірі дең бірлікке жеткізуге жанұшыра кірісуде!
Есенғали, Антакиядан | 14 қаңтар 2017 17:39
Біздің шөпкетышар шенеуніктер көсемдеріне ұқсаған "сегіз қырлы, бір сырлы
джигиттер". Ұры отан партиясы қайда жіберсе, "амалсыздан" бастық болып
кете береді.
"Научный коммунизмнен" дәріс берген сабаз - елші,
цирк директоры - сыртқы істер министрі,
гастроном директоры - ...
мұғалім - қорғаныс министрі (сырттан келген жауды указкамен түйреп, бормен
атқылайтын болса керек ? !).
Кіл тас қопарып, тауды төңкеріп тастайтын сабаздар жиналған !
атырау | 14 қаңтар 2017 22:21
тоз бола қоймаспыз
Сәния | 1 ақпан 2017 18:50
Не таң қалатыны бар, негізінде мықты бола алмай жүргендердің бәрі осал емес, ал мықты дегендердің осалдары да бар. Оның бәріне жағдайлар төреші. Батыс,күншығыс , көршілер емес өзін бағаласа ғана қазақ оңатын сыңайлы. Өзіңді көрсете алмайсың-көптеген кісілерге тән уәж.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар