1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Туристер самса жемейдi

ҚАЛАЛЫҚ ӘКIМШIЛIК ӘУЕЖАЙ МЕН ВОКЗАЛДАҒЫ САУДАҒА ТЫЙЫМ САЛЫП, КӘСIПКЕРЛЕРДI ШЫРЫЛДАТУДА
 

29 қаңтарда Алматыда ХХVIII қысқы Универсиада ойындарының ашылу, 8 ақпанда жабылу салтанаты өтедi. Осыған орай мегаполистегi 9 сауда орталығы жұмысын тоқтатып, жабылады. Бұл туралы қала әкiмiнiң баспасөз қызметi ақпарат таратты.  Бiр қызығы, қалалық әкiмшiлiк бұл хабарды “2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпанында санитарлық-тазалық күнiн өткiзуге байланысты қаладағы 9 сауда орталығы жабылады”, – деп хабарлады. Мұны естiгенде, әу баста көпшiлiк дұрыс түсiнбей қалды: бiрi “дүкендер мен базарлар екi аптаға жабылады екен” дестi, екiншiсi: “санитарлық күннiң Универсиадамен тұспа-тұс келгенi қызық болды-ау” деп қайран қалды. Осы ақпарат тарасымен бiз дереу Алматы қаласы әкiмiнiң баспасөз қызметiне хабарластық. “Санитарлық күннiң Универсиада ойындарының ашылу-жабылу рәсiмiмен бiр күнге сәйкес келуi кездейсоқтық па, жоқ әлде тапсырма солай болды ма?”, – деген сауалымызға баспасөз қызметiнiң өкiлi: “Анығын айтсақ, айтулы iс-шараның жұмысына көлiк нөпiрi кедергi келтiрмес үшiн әкiмшiлiк сол күндерi ұйымдастыруды сұрап едi, олар (сауда орындары – ред.) келiстi” деп қысқа қайырды. Бұл ендi қаладағы көлiк қозғалысын шектеудiң амалы шығар, мұнымен келiсуге болады. Әйтсе де, шаһар әкiмшiлiгiнiң кейбiр қисынсыз iс-әрекетiне кәсiпкерлер наразы.
Мәселен, Алматы әуежайының iшiнде сауда-саттықпен айналысатындарға, оның iшiнде тамақ өнiмдерiн сататын сауда иелерiне iшiм-жем сатуға (ыстық тағамнан бөлек, шай, бутерброд, бәлiш, самса және т.б.) тыйым салыпты. Тек орамдағы қораптағы өнiмдi сатуға талап қойылып, бұйрық берiлiптi. Айтқан уәждерi – “тазалық жоқ”. Осыған орай “Жас Алашқа” хабарласқан кәсiпкер Хадиша апай: “Өздерiңiз бiлесiздер, әуежайда сауда орнын жалға алу өте қымбат. Бiз соған қарамастан тұтынушылардың жағдайын ойлап, бағаны барынша төмендетiп қоямыз. Ендi мына Универсиада ойындары басталардың алдында тамақ сатуға тыйым салып тастады. Қазiр күн суық, әуежай жолаушылары ыстық шай iздеп, жан-жаққа тентiреп кеттi. Шай сатқанның не айыбы бар? Сонда Қазақстанға келген турист әуежайдан тамақ iшпеуi керек пе? Бiз осыны түсiнбей отырмыз. Бүгiн II Алматы темiржол вокзалына жолым түстi. Онда да осындай жағдай. Сырттан келетiн қонақтардың аузы жоқ па, әкiмшiлiктiң тамақ сатуға салған тыйымын түсiнбей далмыз. Мен өзiм шетелге жиi шығатын адаммын. Халықаралық байқау, олимпиадалық ойындар және осы тақылеттес шаралар ұйымдастырылғанда, мысалы Еуропада сауданы жаппайды, қайта қызмет көрсету сапасын арттырып, тауарды саудаға молырақ шығаруды ойлайды. Өйткенi жан-жақтан ағылып туристер келедi, олар сол елде ақшасын қалдырады. Бұл дегенiңiз табыс емес пе? Ал табыстан бiз салық төлеймiз”, – дейдi шыр-пыр етiп.
Шынында да, бұл не масқара? Хадиша апай: “Бiр апта болды, ешқандай сауда жоқ, ендi жалдың ақшасын қалай өтеймiн? Жалға берушiлер бұл жағдайды ескерiп оның құнын түсiрген де жоқ”, – дейдi күйiнiп.
Бұл – бiр мәселе. Екiншi түйткiл, әлгi жабылатын 9 сауда орталығының iшiнде “Алтын Орда” базары жүр. Алматының iрiлi-ұсақты барлық базары, дүкендерi көкөнiс пен жемiс-жидек атаулыны көтерме бағамен “Алтын Ордадан” алатынын бiлемiз. “Алтын Орда” екi күнге емес, жарты күнге жабылса да баға қалай шарықтайтынын iшiмiз сезедi. Мұның бәрiн бiле тұра, әкiмшiлiктiң әлгiндей қадамға баруы – қисынсыз.
Айтпақшы, 2011 жылы қысқы Азия ойындары кезiнде де Алматыда тура осындай жағдай орын алған. “Сол кезде де саудаға тыйым салып едi. Бiрақ Қазақстанға ағылған шетелдiк туристердi көрмедiк. Айтпады демеңiздер, биыл да соның кебiн киемiз”, – дейдi ашуға мiнген Хадиша апай.
Сонымен, Универсиада қарсаңында жабылатын сауда орталықтары мыналар, бiле жүрiңiздер:
-“Магнум” (Ақбұлақ, 273)
- “Алтын Орда” базары (Ташкент тас жолы, 15 км, 1)
- “Барлық” базары (Ташкент тас жолы, 18 км, 1/1)
- “Құрдас-7” базары (Ташкент тас жолы, 15 км, 1/7)
- “Жiбек жолы” базары (Райымбек даңғылы, 517/6)
- “Жұлдыз” базары (Розыбақиев, 33/1)
- “Барыс 4” базары (Райымбек даңғылы, 212д/1)
- “Кар Сити” сауда үйi
- “Арзан” гипермаркетi (Райымбек даңғылы, 507а).
 

Г.ҚАПАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар