1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Декелбаевтың даңғаза әрекетi

Жуырда Фейсбук әлеуметтiк желiсiнде және “Абай.KZ” сайтында 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде алаңға шыққандардың бiрi Ерлан Декелбаевтың “Тарихи кiтаптарға менi “сатқын” деп жариялатқан – Мұхтар Шаханов” деген мәлiмдемесi шықты. Онда мынадай жолдар бар: “Мұхтар аға, мұның барлығы өзiңiз басқарған “Желтоқсан комиссиясының қорытындысынан” алынған. Сiз бұл қорытындыға қолыңызды қойып, менi комиссияның қорытындысымен сатқын деп тарихты бұрмаладыңыз. Менi ұрпақ алдында масқаралап отырсыздар. Бүкiл кiтаптардың iшiнде бадырайтып тұрып, “Исабеков Сәбиттi” сатқан деп ойып тұрып, жалғыз маған ғана қорытынды шығарғаныңызға аң-таң қалып отырмын. Неге сонша маған ғана қадалып қалғансыз? Мұхтар аға, сiз арыз жазып келген 21 адамдарыңызбен бiрге қоса 22 адам болып менiң арқама пышақ сұқтыңыз. Ең болмағанда еркек құсап сол пышақтың бiреуiн неге менiң кеудеме қадамадыңыздар, Мұхтар аға?”.
Ендi осы сөйлемдерге ой жүгiртiп, саралап көрелiк.
Рас, мен 1986 жылғы Желтоқсан шындығын ашумен және оған түпкiлiктi баға беру жұмысымен шұғылданып жүргенiмде Аманжол Нәлiбаев бастаған желтоқсаншылардың және оны қолдаушылардың үлкен тобы комиссияға 21 адам қол қойған арнайы хатты әкелiп тапсырған. Сол хаттың iшiнде Ерлан Декелбаевтың желтоқсаншы Сәбит Исабековтiң сотталуына себепкер болғаны айтылады. Комиссия мүшелерiнiң және желтоқсан шындығына араласып жүрген өзге де қоғам қайраткерлерiнiң мұқият түрде талқылауынан кейiн комиссия шешiмiне мынадай жолдар ендiрiлген екен:
“Исабеков С.К., тяжело раненный 18 декабря, был помещен в тюремную больницу КГБ. Против него было возбуждено уголовное дело (следователь Егоров). На основании единственного показания другого обвиняемого – Декелбаев Е.А. – Исабеков осужден впоследствии на 6 лет лишения свободы.”
Бұл мәлiметтiң тергеушi Егоров қатысқан арнайы сот шемiнен алынғаны көрiнiп тұр. 21 адамның комиссияға жазған хаты да Е.Декелбаев туралы болатын. Ол хатты өз мұрағатымнан iздеп табу үшiн бәлкiм, айдан аса уақыт қажет шығар. Бiрақ хат кезiнде газетке де жарияланған сияқты едi.
Ендi Е.Декелбаевтың “жалғыз маған ғана қорытынды шығарғандарыңызға аң-таң қалып отырмын” дегенi сауатсыздық, пайымсыздық емес пе? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының тұжырымдамасында жүзден астам адамдардың аты-жөнi және жасаған iстерi баяндалады. Комиссия тек Декелбаев iсiмен шұғылданған болса, оның несi комиссия. Екiншiден, Е.Декелбаев “менi комиссияның қорытындысымен сатқын деп тарихты бұрмаладыңыз” деген пiкiр бiлдiредi. Көрдiңiздер ме, ол өзiн тарихқа айналдырып отыр. Декелбаев тарихпен сыбайлас болатындай қандай iс тындырыпты. Бiрақ дәлелсiз және себепсiз пiкiр айтып 1986 жылғы Желтоқсан шындығын әйгiлеген комиссияға ширек ғасырдан соң орынсыз күйе жаққаны үшiн Декелбаевтың желтоқсан тарихында қалуы әбден мүмкiн. Әйтпесе, мына әрекетiн қалай түсiнуге болады?

Желтоқсан көтерiлiсiнiң шындығын әйгiлеу барысында 5 комиссия жұмыс iстедi. Мен басқарған 4-комиссия оқиғаға кiнәлi 41 адамның аты-жөнiн жариялап, М.С.Горбачев басқарған КОКП Орталық комитетiнiң, оның саяси бюросының қылмысты iстерiн комиссия шешiмi арқылы бүкiл дүниежүзiне әйгiлеген шақта, Г.Колбин М.Горбачевке кiрiп, КСРО Қауiпсiздiк комитетi, КСРО Iшкi iстер министрлiгi, КСРО прокуратурасымен бiрлескен арнайы комиссия құрғызып,бiздiң комиссияның iсiн жоққа шығаруға жұмыс жасағанын жұрттың көбi бiле бермейдi. Кейiннен менiң КСРО президентi Горбачевтi Конституциялық сотқа бергенiмдi және М.Горбачевтан 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде жасаған әдiлетсiздiгi үшiн бүкiл қазақ халқынан кешiрiм сұратқанымды да бiреу бiлiп, бiреу бiлмеуi мүмкiн. Күнi бүгiнге дейiн сол Желтоқсан шындығын әйгiлегенiмiзге риза емес адамдар, анда-санда болса да бой көрсетiп тұрады.
Әйтпесе, Декелбаев мырза сол кезде-ақ өзiнiң комиссия шешiмiне енгенiн жақсы бiледi. Тiптi оның өз кiнәсiн мойындай отырып, комиссия шешiмiнен өз есiмiн алып тастау туралы өтiнiш айтқаны да кейбiреулердiң есiнде қалыпты. Сөйте тұра Декелбаев комиссияның 100-ден астам жұмысшы тобының арасында жүрiп, кейбiр iстерiмiзге қолғабыс тигiзгенiн де жоққа шығармаймыз. Араға ширек ғасырдан астам уақыт түскенде Е.Декелбаев өзiн сүттен ақ, судан таза етiп көрсетiп, айқай көтергенi қалай? Қолында дәлелi болса, сол кезде неге өзiн ақтап алуға тырыспады? Бiздiң ұғымымызша, Декелбаев мырзаны жасырын қолдаушылардың iшiнде 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнiң және оның рухани беделiн қорғаған комиссияның абыройын түсiргiсi келетiн бiреулер бар сияқты.

Жарияланған мәлiмдемесiнiң соңына таман Е.Декелбаев былай деп күш көрсетедi:
“Сiз және кiтапты шығарушылар (Берiк Әбдiғалиұлы, Қайым-Мұнар Тәбей, Мәулен Әшiмбаев, Асқаров Әлiбектер болып) пресс-конференция ұйымдастырып, ел-жұрт алдында өрескел қателiктерiңiздi мойындап, менi тарих алдында ақтаңыздар... Егер бас тартып, менi осындай “сатқын” күйде қалдыра беретiн болсаңыздар, мен барлықтарыңызды сотқа тартамын!”.
Керiсiнше, негiзсiз, пайымсыз айыптауы үшiн, маған және бүкiл комиссия мүшелерiнiң жасаған iсiне көлеңке түсiруге тырысқаны үшiн, Ерлан Декелбаев өз мәлiмдемесiн жариялаған сайттарда, менен ғана емес бүкiл комиссия мүшелерiнен және комиссия мүддесiне жасқанбай қол ұшын берген халық қаһарманы Қасым Қайсенов, халық жазушысы Сафуан Шәймерденов секiлдi ағалар басқарған жұмысшы тобынан кешiрiм сұрамаса, онда бұл жалақор мырзаны комиссия мүшелерi және комиссия жұмысына тiкелей қатысты адамдардың сотқа тартуға мүмкiндiгi бар.
 

Мұхтар ШАХАНОВ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу және оған түпкiлiктi баға беру комиссиясының тең төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғызстанның Халық ақыны, “Түркi тiлдес халықтар арасындағы ең үздiк әлем ақыны” сыйлығының иегерi.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Макс | 12 қаңтар 2017 16:46
Мұхтар аға "ит үреді, керуен көшеді"-деген ғой атам қазақ. Үрген ит үре берсін.
Жарылхапов Жұмабай | 13 қаңтар 2017 22:32
Жарайсың Мұхтар аға. Асықпаңдар! Артымызда қазы бар, Тергеп талай, сүйектерің қазылар деп А.Байтұрсынов атам айтқан.
мен | 13 қаңтар 2017 23:07
бул адам Муктар Шахановка карсы сойлеу ол тексиздик
Қызылордалық Балталы Төлеген | 17 қаңтар 2017 11:06
Декелбаев бауырым қойсайшы! Не қыласың біреудің "айтағына" еріп.. Еркек болып, ІРІ болып қалсайшы..!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар