1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (16203)   28 ақпан, сейсенбі 2017
28 ақпан 2017
«Шетелдіктер көлік сатып алу үшін реформа жасап жатыр ма?»

Конституцияны өзгерту мен толықтыру жобасын «халық талқыласын» деген бір ай аяқталады. Ресми билік «реформаға қоғам қызығушылығы жоғары болғанын», президенттің өкілеттілігін бөлу, парламенттің рөлін арттыру, үкімет пен жергілікті биліктің жауапкершілігін күшейту, сот жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, меншік құқығын айқындау мәселелері бойынша жұмыс тобына үш мыңдай өтініш келіп түскенін хабарлады. Президенттің ресми сайты www.akorda.kz реформаға «қызығушылық жоғары болған» жалпыхалықтық талқылау мерзімінің аяқталғанын хабарлардан бір-екі күн бұрын мәжілістегі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев «бұл талқылаудың науқанға айналып кетпеуін» айтып қалды.
«Елде көптеген бастамалар көтерілді, олардың соңын мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, сарапшылар науқаншылдыққа айналдырып жіберді. Конституциялық реформа да соның кебін кие ме деген қауіп бар, жауапкершілікпен қарайық» деді ол «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының Астанада өткен жиынында.
«Нұр Отан» партиясының мүшесі, білдей бір комитет төрағасы, әріптестері сияқты тілші көрсе тұра қашпайтын депутаттың өзі осындай алаңдаушылық білдіріп отырғанда, расымен де «жалпыхалықтық талқылау болды ма, әлде әдеттегі науқаншылдық па?» деген сұрақ өзінен өзі төбе көрсетеді. Оған жауап іздеу үшін саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың талқылау мерзімінде қандай ұсыныс, пікір айтқанына қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

КЕЙ ПАРТИЯ ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНБАҒАН
Билік партиясының сайтында (www.nurotan.kz) конституциялық реформаға қатысты ақпарат көп. Бірақ оның басым бөлігі – есеп беру. «Бүкілхалықтық талқылау барысында партияға 900-ге жуық ұсыныс түскен», «талқылау кезінде партия, сондай-ақ өзге де алаңдарда төрт мыңнан астам іс-шара өтіп, оған 200 мың адам қатысты. Бұл жұмыс белсенді жалғасуда», «анандай жиында мынандай бастаманы қолдады» дегендей есептен аяқ алып жүре алмайсыз. Құрғақ ақпараттарын оқи бастасаңыз, «Нұр Отанның» «төрт мың шарасына қатысқан 200 мыңдай адам» «аса маңызды» жиындарда қозғалмай ұйықтап жатқандай көрінеді. Пікірталас пен айтыстың лебі тіпті білінбейді.
Сондай-ақ, «келіп түскен ұсыныстарды жұмыс тобына жібергені» болмаса, билік партиясы конституциялық реформаға қатысты өз аттарынан ешқандай ұсыныс айтпағандай. Жеті рет қайта қарасақ та, сайттан партия ұсынысын көре алмадық.
Өздерін президентшіл һәм оппозицияшыл санайтын «Ақ жол» партиясы жұмыс тобына 18 ұсыныс жіберіпті. Сайттарындағы (www.akzhol.kz) салыстырмалы кестеге қарасақ, мемлекеттік тіл мәртебесін айқындау, ақпарат еркіндігіне кепіл бапты нақтылау, мәжіліске тергеу құқығын тағайындау мен оны өткізу құзыретін беру сияқты ұсыныстар арасында қоғамда дау туғызған 26-баптың жайы да бар (бұл баптың жыры: көпшілік егер билік «Қазақстан азаматы заңды жолмен иеленген кез келген мүлкін жекеменшігіне ала алады» деген сөйлемдегі «Қазақстан азаматы» сөзін «әркім» деп өзгертсе, онда ертең шетелдіктердің жерді сатып алуына себеп болады деп қауіптенеді – ред.) «Ақ жол» 26-бапқа «Осы бап жер қатынастарына қатысты қолданылмайды. Жерге қатысты жекеменшік мәселелері Конституцияның 6-бабы 3-тармақшасымен реттеледі» деген сөйлемді қоса жазуды ұсынады.
Партия реформаға қатысты ұсыныстарын ақпанның 13-і күні нақтылаған. Ал ақпанның 20-сында партия серкесі Азат Перуашев «Сенат таратылсын! Қазақстан сияқты унитарлы елде бір палаталы парламент тиімді!» деп шықты. Дәл осы ұсынысты «Ақ жол» конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобына жібергені иә жібермегені белгісіз, сайттарында бұл туралы ақпарат жоқ. Нақты жауап алуға А. Перуашевтың өзіне де хабарласып көрдік. Бірақ ол кісі «жарты сағаттан соң хабарласыңызшымен» жауап айтудан қашқақтады.
Жалпы, конституциялық реформаны талқылауға халыққа берілген бір айлық мерзімнің соңында «сенатты тарату» амалы саяси «пиар» яғни, қоғам назарын қолдан жасалған мәселеге аударту болса керек. Билік пен бюджетке кіндіктері байлаулы ақпарат құралдарының сенат тағдырына ерекше алаңдауы да соның бір айғағы сияқты. Әйтпесе, сенаттың түкке қажеті жоқтығын А.Перуашевтан бұрын саясаттанушы Дос Көшім сияқты азаматтар он шақты жылдан бері талмай айтып келеді. Бірақ олардың бұл ойларын «ұзын арқан, кең тұсаудағы» ақпарат құралдары желбіретіп ала жүгірген емес.
Совет террорының атасы В.Ленин мен ел президенті Н.Назарбаевты көсем санайтын Қазақстан коммунистік халықшыл партиясының (ҚКХП) қызыл-қара сайтынан конституциялық реформаға қатысты ұсыныс таппадық. Мәжіліс төрінде халықтың есебінен нан жеп отырған коммунистер «жалпыхалықтық талқылауда» ештеңені көрмегендей ауыздарын буып отырғаны түсініксіз.
Қызылдардан гөрі «Ауыл» сайтының (www.auyl.kz) ажары көрікті. Нанды да, әнді де табасыз. Н.Назарбаев жолдауы бұл сайттың басты жалауы. Ал «Ауылым» – негізгі әні. Сайттарының маңдайшасына ілінген жалғыз әннің сөзін партия төрағасы Әли Бектаевтың өзі жазған.
Партия сайтындағы мақалалардан конституцияға енгізілер өзгерістерге қатысты Оңтүстік Қазақстан облысының заңгер-ғалымдары айтқан соттардың мәртебесі туралы ұсыныс қана көзге түседі. Ауылда жер үшін алаңдаған ағайынның ала көңілі бұл партияның сайтында тіпті байқалмайды.
Сайлау кезінде аяқасты тіріліп «бәйгеге» түсетін, одан шаңға көміліп ең соңында қалса да өздері «өте әділетті өтті» деп бағалайтын сайлаудан қалмайтын «Бірлік» (бұрынғы «Қазақстан патриоттары» мен «Руханият» партияларының қосындысы) партиясы елдегі «жалпыхалықтық талқылау» мен «конституциялық реформаны» көрмеген, естімеген де сияқты. Сайттарындағы (www.pp-birlik.kz) соңғы, 2016 жылдың 22 қаңтарында шыққан ақпарат мынандай: Біз, «Бірлік» партиясының мүшелері, депутаттардың парламент мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймыз! Осы сөзден кейін «Бірлік» партиясының сайтына уақыт келесі сайлауға дейін тоқтап қалғандай.
Ал өздерін оппозицияшыл партияның соңғы тұяғы санайтын Жалпыұлттық социал-демократияшыл партиясының конституциялық өзгерістеріне қатысты билік пен жұмыс тобына ұсыныс жібергені жайында дерек жоқ. Есесіне, билікке біраз сұрақ пен талап қойыпты. Партия сайтындағы (www.osdp.info) мәлімдемеге қарасақ, ЖСДП-ның ойынша, «жарияланған конституциялық өзгерістер – билік өкілеттіктерін қайта бөлуді қамтамасыз етпейтін үстірт әрекет».
«Шын мәнінде, қолданыстағы президенттің вертикальды үстемдігін сақтап қалатын барлық өкілеттіктер қалдырылған. Ұсынылған түзетулер демократиялық саяси жүйенің негіздерін: азаматтардың сөз бостандығын, шерулер өткізу және бірлестіктер кұруды, саяси партиялар туралы либералды заңды, әділ сайлау өткізуді, тиімді жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құруды, сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуді назардан тыс қалдырып отыр. Бұл өзгерістер болмай, кез келген билік өкілеттіктерін қайта бөлу қадамдары ешқандай демократиялық нәтиже бермейді» делінген партия мәлімдемесінде.
ЖСДП «жарияланған реформаға қатысы жоқ нормаларға» алаңдаулы. Осы ретте билік ұсынған жобаға қатысты «бұл ережелер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерді шетелдіктерге сатуға және олардың экономикалық экспанциясын жеңілдету, уақытында әділетсіз өткен халықтың меншігін жекешелендіру қорытындысын конституция арқылы бекіту емес пе?» деген сұрақ қояды. Ақпанның басында жіберген бұл сұрақтарына ЖСДП биліктен әлі жауап алмаған сияқты. Алса, алақайлап сайттарына іліп те қояр ма еді?

АДВОКАТТАР КОНСТИТУЦИЯҒА «ЕНГІСІ КЕЛЕДІ»
Конституциялық реформадан үміт үзбей, жұмыс тобына ерінбей ұсыныс жіберген үкіметтік емес ұйымның бірі – республикалық адвокаттар алқасы. Адвокаттар азаматтардың сөзін түрлі жолмен тыңдау және де басқа жеке өмірге араласу санкциясын қазіргідей прокурор емес, соттың беруін қалайды. Өте ауыр қылмыс жасағандарда алқа билер сотының төрелігіне жүгінетін құқық болса дейді. Күдіктіге ұсталған сәтінде жауап бермеуіне және дереу адвокат көмегін алуға құқық беріліп, сот шешімінсіз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа түсіруді сұрап, «бұл – БҰҰ -дағы адам құқығы комитетінің талабы» деп ұсыныстарын нақтылап қояды. Сондай-ақ, олар «істің мән-жайын білуде адвокаттар тергеуге алынбасын, адвокатты тергеуге тыйым салынсын» дейді. Өлім жазасын тоқтатуды, Жоғарғы сотқа жеткен істер ішінара емес, бастан-аяқ толық қаралуын, прокурор құзыретін қылмыстық істі жүргізу аясында шектеуді сұрап отырған адвокаттар өздері туралы Конституцияда бірауыз сөз жазылса дейді.
Олардың уәжінше, прокурор сөзі кездесетін Конституцияда адвокат деген атау мүлдем жоқ.


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ ҰСЫНЫС
Конституциялық реформаға қатысты зиялы қауым да ұсыныс жасап, ақпарат құралдары арқылы билікке ашық хат жазды. Есімі елге белгілі жүз елудей азамат қол қойды делінген мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты ашық хат мәтінін сәл ықшамдап, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
«Біз, Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын Конституцияның 7-бабынан 2-тармағын алып тастауды ұсынамыз. Себебі «Тілдер туралы» алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Совет Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы (ҚССР)» еді. Заңның аты да «ҚССР-дың Тіл туралы» заңы делінген... Әрі осы заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деген бапты қабылдау кезінде халықтың пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни, қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылғы Конституция қабылданар кезде Қазақстан Республикасы осы «ҚССР-дің Тіл туралы» заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптарының шеңберінен шыға алмай, «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-баптың 2-тармағын қабылдап, орыс тілін тіпті, шектен тыс күшейтіп жіберді деуге болады…
Кейін де, 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы» заңымыз да осы ескі сүрлеумен, Совет империясы кезіндегі талаппен кетті. Ал қазір Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқанда, қазақтардың саны кемінде 70 пайыздан асып кеткендіктен, орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр. Бұндай өзгеріс Тәуелсіздігіміздің 26-жылында, Азаттық үшін күрескен Алаш қозғалысына 100 жыл толып отырған кезеңде жасалып жатса, ол ең алдымен демократиялық жаңаруды бастаған президентіміздің еңбегі болары анық. Президент биылғы жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деп мәлімдеді. Жолдаудағы бұл сөздерді – «қазақ тілінің басымдығы сақталады, дамуына зор көңіл бөлінеді» дегенді қарапайым, өмірлік қалыпқа түсірсек, біріншіден, конституциядан мемлекеттік тілдің дамуына басты кедергі болып тұрған орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастау! Екіншіден, «мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау! Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылып тұрса да, оның екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек!».
Қол қоюшылар:
Мәтінді толық оқыдым, қолдаймын және қолымнан бас тартпаймын:
Ә.НҰРПЕЙІСОВ, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Д.ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
А. ӘШІМОВ, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Қ.ЖҰМӘДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Т.ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты;
А.АЙТАЛЫ, профессор, қоғам қайраткері;
Т.ШАРМАНОВ, Ұлттық ғылым Академиясының академигі;
К.ОРМАНТАЕВ, Ұлттық ғылым Академиясының академигі;
Ө.АЙТБАЕВ, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының төрағасы, Ұлттық ғылым Академиясының академигі;
М.МЫРЗАХМЕТОВ, Ұлттық ғылым Академиясының академигі, Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның құрметтi журналисi;
Н.НҮСІПЖАНОВ, Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
С.ДОСАНОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты. Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты;
Ұ.ЕСДӘУЛЕТ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КР Еңбек сіңірген қайраткері;
Е. РАУШАНОВ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
М.ӨТКЕЛБАЕВ, математик, Ұлттық ғылым Академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
С.ЕЛУБАЙ, жазушы, қоғам қайраткері;
С.СМАТАЙ, жазушы, қоғам қайраткері;
Ж. ЕРМАН, ақын, КР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары одағы төрағасы;
А.ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігі төрайымы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшесі;
М.ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы;
Д.КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» бірлестігі төрағасы;
Қ.ИСА, ақын, «Қазақ үні» газеті президенті, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық иегері;
И.САПАРБАЙ, ақын, «Тарлан-Платина» сыйлығы лауреаты,
С.ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, КР Еңбек сіңірген қайраткері;
К.ӘМІРБЕК, ақын, КР Еңбегі сіңген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты;
Д.ЫСҚАҚ, филология ғылымы докторы, профессор, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі;
М.КЕМЕЛ, экономика ғылымы доқторы, профессор;
З.ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымы докторы, профессор
С.ЖҮСІП, «Алаш» ғылыми-зертеу институты директоры;
Д.МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын, филология ғылымы докторы, профессор;
Д.КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы, философия және теология ғылымдарының докторы;
Б.САРБАЛАҰЛЫ, сыншы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты;
Ә.ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы;
С.ҒАББАСОВ, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы,КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі;
С.БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық университеті профессоры, Астана қалалық «Мемлекеттiк тiл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы;
Э.ТӨРЕХАНОВ, жазушы, Алматы қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы;
З.ЖАНДАРБЕК, ғалым, тарих ғылымының кандидаты;
Б.ӘЛІМЖАНҰЛЫ; ақын, жыршы-манасшы, КР Еңбек сіңірген қайраткері;
Ж.ЖҮЗБАЙ, күйші, КР Еңбек сіңірген қайраткері;
С.АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын;
Т.ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын;
Ғ.ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, КР Еңбек сіңірген қайраткері;
Р. БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігі Павлодар облыстық филиалы төрайымы;
А.САРЫМ, саясаттанушы;
Р.ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы.
115 адам қол қойды. Қол қою әлі де жалғасуда.

ДАУ ТУДЫРҒАН «26»
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бастамасына қатысты ақпан айының басында жазған қолдау мақаласы қоғам арасындағы дауға одан әрі ілік болды.
Мәселен, Қ.Тоқаевтың «Қазақстан аумағында тұратын әркімнің қай елдің азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға екендігіне қарамастан заңды сатып алған кез келген мүлкіне жекеменшік құқығы кепілдігін беру» – шетелден инвестиция тартып, азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру үшін президент Назарбаевтың бастамасымен жобаға енгізілген ұсыныс» деген сөйлемі әлеуметтік желіде «вирус» сияқты бір сәтте шартарапқа тарап, көпшілікті алаңдатты. Жұрт билік бастамасының астарында жерді шетелдіктерге заңдастырып беру мақсаты болуы мүмкін деген күдікке имандай сенді. Сеніп те отыр.
26-баптағы «Қазақстан азаматы заңды жолмен иеленген кез келген мүлкін жекеменшігіне ала алады» деген сөйлемдегі «Қазақстан азаматы» сөзін «әркім» деп өзгертуден қауіп көрген қарапайым тұрғындар, азаматтық белсенділер, қоғам қайраткерлері мен саяси науқандарда көзге түспейтін театр актерлары, эстрада өкілдері «26-баптың өзгеруіне қарсымын» деген суреттерімен әлеуметтік желіні толтырып тастады. Қоғамның бұрқырап қайнаған қазандай көңіл-күйін ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев басуға тырысып та көрді. Арнайы баспасөз мәслихатында 26-баптың өзгерісі жер кодексіне жүрмейтінін айтқан министр бір сөзінде «Қазақстанға келген шетелдік көлік сатып алса, онда оның бұл меншігі (заңмен) қорғалуы тиіс» деді. Сол-ақ екен «конституцияны өзгерту шетелдіктердің көлік сатып алуы үшін керек пе?» деген әжуа әлеуметтік желіде өрттей өршіп кетті.
Жалпы, жұрт билік өкілеттігінің бөлінісінен гөрі Конституциядағы азаматтардың меншік құқығына қатысты 26-бапқа алаңдаулы. Редакциямызға жер-жерден келіп жатқан хат-хабардың басым бөлігі де осы «26-ға» қатысты. Мысалы, Жамбыл облысынан ардагер журналист Мәкен Уақтегінің «Жас Алашқа» жазуынша, ақпанның 20-сында өткен Шу ауданы ардагерлерінің кезекті жиынында көктемгі тазалық жұмыстары айтылу керек болған. Бірақ жиынға қатысқандар тек 26-баптың жағдайын айтып тарасқан. Ардагер кеңесінің мүшесі Балтабай Салықбаевтың «26-бапқа өзгеріс енгізетін болсақ, келешекте бала-шағамыз бен немерелерімізге үй салуға жер табылмайды» десе, Қазақбай Байжұманов «былтырғы жерді сату дауында тұмсықтары тасқа тірелген соң, енді сол жоспарларын іске асыруға тапқан амалдары осы болуы керек» деп сөйлеген. Олардың бұл сөздерін жиынға қатысқан ақсақалдар бірауыздан қолдап, билік саясатына реніштерін білдірген.


КОНСТИТУЦИЯ ӨЗГЕРГЕН СОҢ...
Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков басқаратын, парламент, үкімет, жоғары сот, заңгерлер, ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдерінен құралған, жиынтығы он шақты мүшеден тұратын жұмыс тобы халықтан түскен үш мыңға жуық ұсынысты қанша уақыт қарап, талқылайтыны әзірге белгісіз. Жұмыс тобының жиындары көпшілікке ашық болар-болмасы да түсініксіз. Сосын жұмыс тобы президент ұсынып, баспасөзде жарияланған жобаға қатысы бар ұсыныстарды ғана қарастыра ма? Әлде әрбір ұсынысқа жауап айта ма?
Мәселен, талқылау барысындағы кейбір отырыстарда «округтен сайланатын бір мандатты депутат жүйесіне қайта оралған тиімді» деген ұсыныстар да айтылды. Заңгер Ерсайын Оспановтың пікірінше, мәжілістің 50 пайызы партиялық тізіммен, қалған 50 пайызы бір мандаттық округтен сайлануы ұтымды. «Қазіргі жағдайда парламентке нақты кімнің баратынын анық білмейміз. Сосын түрлі әңгіме шығады. Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) адам қайтыс болғанда депутаттардың не айтқанын көрдік қой (тілшілердің «ХҚКО кезегінде тұрып қаза тапқан адамның өліміне өзіңізді кінәлі санамайсыз ба?» деген сұрағына депутат Жамалов «дәл сондай денсаулығымен (ол) үйінде де өлуі мүмкін еді» деп жауап қатқан – ред.). Бұл жерде халық күткен жауап пен депутаттың мәселеге көңіл бөлуі үйлесім таппады. Соның әсерінен халықта «а, депутат үшін біз сондай екенбіз ғой» деген таңданыс туды. Қазір партиялық жүйеде тізімге іліксең болды. Партиялық тізім біздің сайлану құқығымызды шектейді. Ешбір саяси партия қатарына қосылмаған адам неге сайлану құқығынан айырылуы керек?» деді заңгер ақпанның 24-і күні Астанада өткен қоғамдық жиынның бірінде. Заңгердің бұл ұсынысынан рушылдық пен жершілдіктің өршуін көргендер де болды. Олар бір мандаттық округпен депутат сайлау жүйесіне оралса, «аймақтарда өз руының адамдарын ғана депутат сайлап алады» деп отыр. Жергілікті мәслихат депутаттары қалай ғана қырық рудан құралғанын ескергісі келмейтіндей. Осы жиынға қатысқан депутат Мәулен Әшімбаев рушылдық пен жершілдік әңгімесінен гөрі конституциялық өзгерістен кейінгі мәселені айтуды жөн көрді. «Конституция өзгергеннен кейін көптеген заңдарды өзгертіп, түзету керек болады. Сосын сол жаңа заңдардың жаңа жүйеде ыңғайлы жұмыс істеуін қалыптастыру қажет. Заң шығарушы жүйенің құзыретін күшейтіп, парламентті ғылыми, сараптамалық орталықпен қамту шарт. Парламент қасында заңнамалық институт, талдау құрылымы, сарапшылар орталығы ашылуы тиіс. Парламент әлеуеті осылай артқанда ғана үкімет пен министрлер жұмысын сапалы қадағалауға, билік арасындағы тепе-теңдікті орнықтыруға мүмкіндік туады. Реформаның маңызы осында.
Егер осында құрылымды қалыптастырсақ, Қазақстан саяси демократиялық жүйеге үлкен қадам жасаған болар еді. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Халық сайлауда көп дауыс берген саяси партия үкіметті жасақтап, партия бағдарламасының жүзеге асуын қадағалайды. Осылайша халық парламентті сайласа, сайлаған партиясы арқылы үкіметті бақылайды. Яғни, үкімет парламентке, парламент халыққа есеп беріп, халық билігі орнығады» дейді депутат. М. Әшімбаевқа жобада ұнамай тұрған бір мәселе, ол – премьер-министрдің министрді тағайындайтын кезінде мәжіліспен ақылдасуы. «Ақылдасу – жалыпылама дүние. Қауіпсіздік саласынан өзге, елдің ішкі шаруасындағы министрлер мәжілістің келісімімен тағайындалғаны шарт. Ақылдасу мен келісім беру – екі бөлек ұғым. Жобаның осы жерін нақтылау керек» дейді ол.

ӨЗГЕРІСКЕ ҚАРСЫЛАР
Қазақстан жұртшылығы өкілдерінің атынан мәлімдеме таратқан танымал саясаткер және қоғам белсенділері Жасарал Қуанышәлин, Геройхан Қыстаубаев, Маратжан Арыстанбектердің жазуынша, Н.Назарбаевтың билік өкілеттілігін бөлісу бастамасы оң нәтиже бермейді.
«Конституцияға президент ұсынған өзгерістер ел басқару ісін демократияландыруға емес, керісінше, диктатураны күшейте түсуге бағытталғандықтан, ондай өзгерістердің кері қайтарылуын талап етеміз!» дейді. «Қазақстан жұртшылығы өкілдері» Конституцияның 26-бабына ұсынылған өзгеріс «қазақ жерін жаппай сатуды заңдастыру», «Қазақстанның территориялық тұтастығына, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қауіп төндіреді» деп біледі.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Бек | 28 ақпан 2017 15:58
Өкiлеттiлiктi бөлгеннен ештеңе өзгермейтiнi анық. Түбегейлi өзгерiс жасау керек. Кеңес заманынан айырмашылығымыз жоқ қазiр, ол кездеде сондай "тым-тырыс, ундемейтiн" республика едiк. 26 бап тағы "өзiм бiлемдiкпен" өзгерiп кетсе не iстеймiз?
Қызылордалық Балталы Төлеген | 1 наурыз 2017 11:40
"Өзгерістер"нәтижелі болуы үшін,ХАЛЫҚ жергілікті ӨЗ ПЕРЗЕНТТЕРІНЕН әкімді,сотты 5 жылға сайлап,қылмыс ашумен айналысатын ТЕРГЕУ КОМИТЕТТЕРІ құрылып,полиция тек"қоғамдық тәртіпті"сақтаумен айналысу қажет.Олардан"отчет,показатель"деген бәлелер алынса,ешқандай орган жұрттың құқығын бұзып"қылмыс ашпайды".Прокуратура 50%қысқарып"айыптаушы"емес,"заңды қадағалаушы"орган болуы керек.Адамы қамалған барлық құжаттар сотқа жолданып,"санкция беру"тергеу жүргізу"соттың құзырына жолдануы керек.
айтбек | 1 наурыз 2017 20:37
алда әлі қос аяқты баран мен баранчиктерді сату күтіп тұр.
Ореке | 3 наурыз 2017 15:34
Қ.Тоқаев біреудің ТЖ-деп ШМО-болып қалғанба??? 26-бап өзгерусіз қалғаны құтты болсын ҚАЗАҚ азаматтарына. Қазақ халқын биік шыңдардан көруді, АЛЛА ҚОЛДАСЫН!!!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар