1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (16204) 2 наурыз, бейсенбі 2017
2 наурыз 2017
Қарағанды әкімдігі БӨКЕЙХАНОВТАН жерiнiп тұр

Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толған биылғы 2017 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов аруағының алдында тағы да ұятты болатын түріміз бар. Тағы да деуіміздің себебі, былтыр ұлт көсемі, аса ірі мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы республика көлемінде жетім қыздың тойындай өтіп, туған жері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының шеңберінен шықпай қалды. Сол жергілікті жерде өткен шағын тойда Қарағанды облысының басшылары Әлихан Бөкейхановтың есімі бір ауданға берілетінін айтқан болатын. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап», қазақ баспасөзі қамыққан көңілін осы уәдемен демеп, сүйіншілеп қалған еді.

Енді әңгіме ауанына қарасақ, Қарағанды басшылары Бөкейхановтың есімін аудан атына беруге қиналып отырғандай. Ақпан айында халыққа берген есебінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов ақсақалдың «Октябрь ауданының атауы Әлихан Бөкейхан болып неге өзгермей тұр? Былтыр айтқан уәделі сөзіңіз қайда?» деген сауалына мардымды жауап айтпады. Әкім жалпақ жұрт пен Бөкейхановтың аруағының алдында айтқан уәдесінен емес, «Октябрь атауы өзгермеуі керек» дейтін Дмитрий Бойка сияқты үш-төрт коммунист белсендіден қысылып, аяғын тартатындай. Неге десеңіз, Әлихан Бөкейханның мерейтойынан кейін Дмитрий Бойка «Октябрь ауданының атауы өзгерсе, бұл шараға үкімет қаржысы бостан бос кетеді» деген болатын. Қарағандылық тарихшы Темірғали Аршабеков Дмитрий Бойкалардың пікірінен кейін шенділер Бөкейхановқа аудан атын беруді жылы жауып қоя ма деп алаңдайды. Тарихшы бұл шаруада қоғамдық тыңдау өтіп, Алаш көсеміне аудан аты кешіктірілмей берілуі тиіс дейді.
Ресми орындардың пікірін білу үшін облыс әкімдігіне хабарласып та көрдік. Облыс әкімінің баспасөз орталығы Ә. Бөкейханов есіміне қатысты істі «қалалық әкімшілік шешеді, қоғамдық тыңдауды солар өткізеді» деп отыр. Әлихан Бөкейхановтан облыс әкімдігі ат-тонын ала қашқандай болып отырса, қалалық әкімдік қайда барушы еді? Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаевадан «Октябрь ауданының атын өзгерту бір күннің мәселесі емес, қаншама халық бар. Жүзден астам әлеуметтік мекемелер мен көптеген заңды тұлғалар бар. Аудан атауы өзгергені тұрғындарға қаржылай әсер етпейді. Бірақ заңды тұлғалар кәдімгідей шығындалады. Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға сұраныс жіберіп жатырмыз. Барлық жұмыстар аяқталған соң қоғамдық тыңдау өткіземіз» деген жауап естідік. Сонда алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа бір ауданның атын беру жүз шақты заңды тұлғаның шығынына қарап тұр ма?

Арайлым Еркебаева,
Қарағанды қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті