1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (16204) 2 наурыз, бейсенбі 2017
2 наурыз 2017
Тор себетке жетері жоқ

Полиэтилен пакеттерге көзіміз үйренгені соншалық, бүгінде баяғы жіптен тоқылған торлар мен азық-түлік салатын себеттерді мүлде ұмытуға айналдық. Апаларымыз бұрын базарға арнайы сөмке арқалап баратын болса, қазір кез келген сауда-саттық орнына дорбасыз, дымсыз бас сұғып, дүниенің затын пакет-пакетімен арқалап шығуға болады. Тиімді болатын себебі, ол пакеттер, біріншіден, тегін; екіншіден, азық-түлік салуға өте қолайлы және қысылмай ұстап жүре беретіндей жып-жинақы. Дегенмен, тұтынушы көңілінен шыққан сол пакеттердің қоршаған ортаға, адамзат баласының түрлі іс-әрекеттерінен онсыз да зардап шегіп жатқан табиғатқа келтіріп жатқан зияны шаш-етектен көрінеді.
Нақты мәліметтерге жүгінсек, дүниежүзі бойынша жыл сайын триллион тоннаға жуық полиэтилен пакеттері шығарылады және оларды артынша қайтадан өңдеу тіпті мүмкін емес деуге болады. Және өздері оңайлықпен шірімейді де. Ал өртеу барысында олардан табиғатқа да, адам баласына да өте зиянды заттар бөлінеді. Жұрттың қоқысқа тастайтын пакеттерінің жыл сайынғы мөлшері үлкен қалаларда шамамен алғанда алты тоннаны құрайды. Жеп-жеңіл, жұп-жұқа болғандықтан, оларды бірден жел ұшырып әкетеді. Эколог мамандар адам аяғы баспаған құладүз бен ит тұмсығы батпайтын ну ормандардың өзі де соңғы уақытта полиэтилен пакеттерімен қатты ластанып жатқандығын айтып дабыл қағуда.
Сол себепті де, аталмыш пакеттерден бас тарту шаралары қазір дүниежүзі бойынша қарқынды түрде жүріп жатыр. Яғни шетелдерде оларға не мүлде тыйым салынған, не Ирландия, Германия, Оңтүстік Африка мемлекеттеріндегі сияқты үлкен салық міндеттелінген. Табиғаттың осынау зиянды ластаушысынан бас тарту бәрінен де Тайваньда қатты насихатталуда. Полиэтилен пакеттер ондағы мемлекеттік және жекеменшік сауда орындарынан осыдан алты-жеті жыл бұрын алынып тасталынған. Жұрттар сауда-саттық жасауға өз сөмкелерімен келеді. АҚШ дүкендерінің де тұтынушыларына қағаз орамдар ұсынып жүргеніне талай жыл болған және біраздан бері қағаз пакеттің орнына пластик пайдаланып, тәртіп бұзғандарға айыппұл салына бастаған. Ал австралиялықтар бүгінде ешқандай жазалау шараларынсыз-ақ, экологиялық жағынан зиянсыз, кенеп сөмкелерге көшкен көрінеді. Жоғары дамыған елдерде экологиялық жауапкершілік тіпті сәнге айналған десе де болады. Мәселен, Доменико Дольче, Стефано Габбана іспетті танымал дизайнерлер сауда-саттық жасауға арналған сапалы сөмкелер ойлап шығарған. Ал Аня Хиндмарч деген модельер «Мен пластик пакет емеспін!» деген ұран жазылған сәнді мата сөмке жасаған. Батыстың белгілі жұлдыздары осындай жаңа дүниелерді жұрттан бұрын сатып алу, күнделікті тұрмыста пайдалану арқылы тіпті өзгелерге үлгі көрсетуде.
Өкінішке қарай, бұл үрдіс бізге әлі жеткен жоқ. Яғни қарапайым пакетпен-ақ қоршаған ортаны қандай күйге түсіріп жатқанымыз біздің ойымызға кіріп-шыққан да емес. Ал шын негізінде, табиғат тазалығы – әр адамның қолындағы шаруа. Ағылшын ғалымдарының есебінше, ірі қалалардың әрбір тұрғыны тым болмағанда, бір жаңа пакетті пайдаланудан бас тартса, ауаға жайылатын зиянды заттардың көлемі жылына он бір мың тоннаға азаятынға ұқсайды. Өкініштісі, біз жауапкершілікті өз мойнымызға алуға үйренбегенбіз. Біздіңше, барлық жұмыспен билік айналысуы керек. Әрине, мемлекеттің экологиялық қауіпсіздік тұрғысындағы рөлін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ оны әсірелеудің де қажеті жоқ. Әсіресе экология мәселесіне әрбір адам өзінше үлес қоса алатын осындай тұстарда...
Бізде кез келген нәрсеге тұтынушылық көзқарас басым. Ал тұтыну мәдениеті төмен. Дәл қазіргі жағдайда оны қалыптастыру да оңайға соқпайтын секілді.

Жайнагүл ҚАСЕНҚЫЗЫ,
Қарағанды қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар