1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (16207)   14 наурыз, сейсенбі 2017
14 наурыз 2017
Семейге келетін Сағынтаев Ленинді өзімен ала кете ме?

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ҚАЙ КӨШЕМЕН ЖҮРМЕК...
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың 16-17 наурызда Семейдің «төбесінен түсетіні» хабарланды. Бірақ жоғары жақтан біреу келетіні күні бұрын белгілі болса, қауырт қимылға көшетін әкімдік әзірге қарт Семейдің бет-әлпетіне «макияж жасауға» асығар емес. Жылдағыдан қалың түскен қардың қала шетін қойып, орталық көшелерінде жалы күдірейіп тұрғаны өз алдына, ептеп еріп, көшелерді көлге айналдырып жатыр. Онсыз да ойық-ойық асфальт жолдардан темір тұлпарын секіртіп өтіп, мезі болған жүргізуші атаулының өкпесі қара қазандай. Таксистің жанына отырсаң да, автобусқа кірсең де, асау тайды үйретіп жүрген жас баладан айырмаң болмайды.
Қала ішін қардан тазартуға қолда бар техниканың шамасы жететін емес. Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Пазынаның бұл тұрғыда айтар базынасы қосымша техникалар алуға кемі 500 млн теңге ақша керектігін айтудан ары аспайды. Коммуналдық мекеме жұмысшыларының әр тұста қара көбейтіп жүргені болмаса, қолда барды ұқсатып, жоқтан бар жасап мұрыннан шаншылып жатқандары шамалы. Оған дәлел мекеме ғимараттарының айналасында сүйменмен мұз ойып, қарды күрекпен көшеге лақтырып, білгенін істеп жатқан адамдар. Әйтеуір, судың астында қалмаудың амалы. Ал ғимарат шатырларынан салбырап тұрған мұз сүңгілер мен «жалбырап тұрған ақ көрпенің» өткен-кеткеннің басына түсіп кетпеуі үшін айналасына лента тартып, «аулақ жүруге» шақырған сақтық ишарасын көргенде бейшаралығына жаның ашиды.
«Әләуләйім біткенде, хәләуләйім бар» демекші, жарығы мен жылу төлемақысын уақтылы жинай алмай, қыс басталғаннан әлекке түсетін Семейдің әкімдігі үшін қаланың ішкі жолдарының мәселесін шешу де күрделі жағдайға жеткен.
Облыс әкімі Даниал Ахметов өткен айда ғана қаланың алдағы үш жылда танымастай өзгеретінін айтып сендіріп кеткен. (Бұл сөзді Семей облыс мәртебесінен айырылып, Өскеменге қарайтын қала кейпіне түскен күннен бастап, облыс басшылығына келгендердің қайсысы айтпады дейсіз?)
Қаланы дамыту жоспарына қатысты деректе осы мерзім ішінде 48 көшенің жөнделетіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Осынша көшеге тиесілі жолдардың жалпы ұзындығы – 75 шақырым. Ал Семейдің бір-бірімен тамырласып жатқан барлық көше жолдары 750 шақырым екен. Сонда жол атаулының 10 пайызы ғана жөнделсе, үш жылдан кейін қаланың адам танымастай қалай өзгеретінін семейліктер неге сүйеніп елестетерін білмей басы қатып отыр. Облыс басшысының бұл тұрғыдағы айтқаны жылаған баланың қолына кәмпит ұстатып, алдаусыратқаны секілді бірдеңе. Жаңағы 750 шақырымның 450 шақырымына әлі күнге дейін асфальт төселмеген. Қар көбесі сөгіліп, жаздың төбесі көрінгенде лай-батпақ кешкен жұрттың зарын естуге құлақ табылғанымен, істеуге құлық жоқ. Бұған дейін асфальтталған көше жолдарының теміреткі түскен терідей көлік мінгенге көресінді көрсетіп тұрғаны анау. Бұған кейінгі екі жылда бірде-бір шақырымның толық жөндеуден өтпегенін қоссаңыз, «Семейдің жолы – көліктің соры» деген мәтелдің шындық екеніне көзіңіз жете түседі.
Сағынтаев болса келе жатыр. Төбеден қонатын премьер-министр Семейдің сансыз шұрық-тесік жолын ұшақ терезесінен көре ме? Халықтың жүйкесін тоздырған мәселені түсініп, Семей көшелерін тақтайдай түзеуге пәрмен бере ме? Семейліктер Бақытжан Сағынтаевтың қала жолын түзеп беруге шамасы жетпесе, онда құры кетпей, Ленинді бірге ала кетсе деп тілейді. Алаштың 100 жылдық мерейтойы өтіп жатқан сәтте Алаш астанасы – Семейдің төрінде Ленин көшесінің атауы ауыспауы елдігімізге, мемлекеттігімізге сын, қара таңба ғой! Б.Сағынтаев осы ұяттан құтқарады деп үміттенеміз.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Семей қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Айдар Ғали-Арыстан | 14 наурыз 2017 19:38
Семейліктердің жанайқайын мақалада жақсы ашылыпты
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар