1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Сенатор мен халық қандай нан жеп жүр?

Дағдарысты сылтауратып бүгінде бар дүниенің бағасы өсті. Әсіресе, азық-түлік бағасы дес бермей тұр. Құны өрге озғанымен, сапасы күн санап кері кетіп барады. Онысы аздай, өндірушілер тұтынушыларды таразыдан жеп жатқаны тағы бар. Бұл мәселені қозғап жүрген қоғамдық белсенділер мен депутаттар «баяғы жартас – бір жартас» деп отыр.

УЛЫ НАН
Парламентте жуырда өткен үкімет сағатының бірінде сенатор Ләззат Қиынов ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановқа азық-түлік құнын өз қалауынша шарықтатып, ойына келген бағасын қойып отырған «мафиялық топтар» туралы мәселе көтерді. «Жылда рекорд жаңартып аста-төк астық алсақ та, нан бағасы өте қымбат. Сөйте тұра, сапасы мен дәмі өте нашар. Өзге елдердің наны тәтті болады. Біздің жеп жүрген нанымыз дәмсіз. Елімізде қолданылатын нан ашытқыларының құрамында улы заттар бар екен. Соның бірі – формалин қоспасы. Әдетте осы химиялық қоспа мәйіттердің бұзылып кетпеуі үшін қолданылады. Оны нанға қосуға мүлде болмайды. Осы мәселені шешуге бола ма?» – деп сұрақты төтесінен қойған-ды. Бұл сұраққа абдырап барып жауап қайтарған вице-министр: «Халық улы химиялық қоспаларға бөгіп тұрған нанды жеуге мәжбүр» деген деректі алғаш рет естіп тұрмын. Тез арада тексеру жүргізіп анықтайтын боламыз», – деп құтылды. Арада бірнеше күн өткен соң Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер «ешбір нанның құрамынан формалин таппадық» деп мәлімдеме жасады. Алайда «депутат айтқан формалин қосылған ашытқыны заңсыз қызмет жасайтын наубайханалар дайындауы мүмкін» деп қойды. Елде ашытқы өндірушілердің көптігін, бірақ олардың формалин мен формальдегидті пайдаланатыны туралы ақпараттың жоқтығын бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин де баспасөзде хабарлады. Елдегі наубайханалардың өкілдері де сенатордың сөзіне жағаларын ұстап, аң-таң болысты. Ресми орындар терістеген нан құрамындағы улы затты сенатор Ләззат Қиынов қайдан тауып, нендей дерекке сүйенгенін әзірге айтпай отыр.

ТАРАЗЫДАН ЖЕЛІНГЕН НАН
Дегенмен ас атасы – нан мен нан өнімдерін пісіретін зауыттардың әрекеттерін тәуелсіз ұйымдар мен мамандар жиі айтып сынап жүр. Сондай мәселенің бірі – нан салмағы. Мәселен, Астана қаласындағы «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының өкілдері былтыр арнайы жиын өткізіп, кейбір зауыттар нан бағасын қолдан көтеріп қана қоймай, әр бөлкеден 20-30 грамм ұн жеп қоятын қитұрқы әрекеттерін ашып айтқан болатын. «Дамыған елдерде күнделікті тамақтың құнарлығы өте күшті. Олар күнделікті теңіз өнімдері мен ет тұтынады. Бізде бәрі керісінше, жал-жая жеуге елдің жағдайы жоқ. Басты тұтынатын тағамымыз нан өнімдері. Оның өзі дұрыс емес. Наубайхана салмағын жеп, жұртты қанап жатыр. Ал сапасы туралы айтудың өзі қорқынышты», – деді «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закарьянов.
Закарьяновтың айтуынша, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамына нан бағасының қымбаттығы мен сапасына қатысты арыз-шағымдар өте көп түседі. Келіп түскен осындай арыз-шағымдар негізінде Астанадағы наубайханалар мен жиырма шақты ірі сауда орталығына арнайы рейд жүргізіп, нан сапасы мен салмағына қатысты тексеру жүргізіп, дүкен сөрелеріндегі бөлке нанның салмағы стандартқа сәйкеспейтінін анықтаған. «Елімізде бекітілген стандарттарда зауыт нанының салмағы 550 грамнан кем болмауы тиіс. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ. Наубайханаларға кемшіліктің орнын толтыруға талап бердік. Олар «бәрін реттейміз» деп уәде берді. Одан кейін тағы да тексеру жүргізген едік, өзгерген нан салмағын көрмедік. Есесіне нан бағасы 80 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Нанның сапасы өте нашар. Бір тәуліктен кейін бұзылып, жағымсыз иіс шыға бастайды», – дейді «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Күнзадаш Саттықова.
Мамандардың пікірінше, Астанадағы дүкен сөрелеріне маусым-шілде айларында сапасы өте нашар нан келіп түседі. Өйткені дәл осы мерзімде қамбада бірнеше жыл жатып қалған, яғни ескі бидай ұны пайдаланылады екен. «Сапалы бидай қымбат бағаға шетелге сатылады. Оның үстіне нанға қосылатын дән желімшесінің (клейковин) мөлшері де төмен. Норма бойынша ол 28 пайыздан кем болмауы тиіс. Бірақ оны сақтап жатқан нан зауыттары жоқ. Соның әсерінен нан сапасы нашарлап, одан жағымсыз иіс шығып тез бұзылады», – дейді тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының бас сарапшысы Қарпық Омаров.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілдері өздеріне нан сапасы мен бағасына қатысты тұрғындардан шағым көп түсетінін жоққа шығармайды. Бірақ халық шағымданды екен деп дәмді болып кеткен нан болмай тұр.


Үкі НҰРАТА
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Асылбек | 17 наурыз 2017 11:48
Казакты кыру жойу амалдары .
Төре | 17 наурыз 2017 20:18
Неге екені қайдам, кейінгі кездері нанның сапасы өте нашар, көлемдері кішірейіп дәмсіз болып кетті? Сапасына көңіл аударған жөн. Нанғада сұғанақтар қол салды ма? Құдайдан қорықпайма бұлар?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар