1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Мүгедек сана салдары

Әскерге барып келген жас жігіттер керемет әңгімешіл. Өздері неше түрлі жаргонмен сөйлейді. Қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін ашып жатқандай көрініп кетеді кейде. Жақында азаматтық борышын өтеп қайтқан бір жігіт өзінің «ақсақал» кезіндегі қызықтарын біраз термеледі. Шынын айтқанда, бізге сол оқиғалар түк қызық көрінген жоқ.
Бір-бірін қалай қорқытқанын, «сарыауыздарға» өмір сабақтарын қалай үйреткенін айтып тыңдаушыларын күлкіге қарық қылды. «Қатты қорқып кетті» дегенді «беті ағып кетті» дейді екен. Әңгімесін қызықшылық тұрғысынан емес, осындай «тілдік жаңалықтары» тұрғысынан ғана тыңдап тұрдым.
Өзім әскерде болмадым. Дегенмен университет жанындағы әскери кафедрада екі жыл оқып, сабаққа қалмай қатысып, бір айлық сынақ мерзімін дұрыс өткізіп, әскери билет алып шықтым. Оған түк те қысылмаймын. Белгілі бір дәрежеде Отан алдындағы борышымды өтедім дей аламын. Үш жыл бұрын Қырымдағы оқиғалар бұрқ етіп, Донбасста адам тағдыры ойыншыққа айнала бастағанда әскери комиссариат мені де шақырып, елге қауіп төнсе қосалқы құрамдағы офицерлер бірінші келуге тиіс екенін ескертті. Ішімді тыңдап көрдім де, ондай тәуекелге дайын екенімді сездім. Құдай сақтасын, ел басына күн тумай-ақ қойсын, Отанымызға пайдамызды журналист ретінде келтіре берсек те жаман емес.
Жақында әскер көрген бір досыммен әңгімелестім. Қырыққа келіп қалған жігіт қой, әскер жайлы әңгімесінің соңын ауыр аяқтады. «Әскерге барған адам психологиялық мүгедек болып қайтады ғой», – деді ол күрсініп. Қатты ойландым. «Сонда әскерді нағыз азаматтық орта жасауға болмай ма?» – деппін сасқанымнан. Ол күлді.
Әрине, көпке топырақ шашып отырған болармын, білмей айтып отырған шығармын. Еліміздің қорғаныс саласының мүмкіндігі мен адами әлеуетіне күмән келтіргендей болуым да ғажап емес. Артық кетіп жатсам, Наурыз айы ғой, мың мәрте кешірім сұраймын. Бірақ жоғарыдағы жайды мысал ету арқылы қоғамдағы жағдайларға назар аударғым келеді.
Қазақ қоғамы өз мүшелерін психологиялық мүгедек жасамауға тиіс – сөзіміздің негізгі ұстыны осы. Дүниеге келе сала туу туралы куәлігіне аты қате (көп жағдайда орысша транскрипциямен) жазылатын, балабақшаға тұру кезегін мектепке барғанша күтетін, тіпті болмай бара жатқан соң парамен бақшаға «орналасатын», мектепте сынып қорына ақша беретін, одан да көп түрлі ортақ шараларға әке-шешесінен амалсыз ақша сұрайтын, оқулықтарды сатып алатын, түрлі әлеуметтік желілерде жасына жараспайтын ересек әңгімеге кірісетін, екі арманының бірі әнші не тележүргізуші болғысы келетін, Ұлттық бірыңғай тестілеудің төбесін көрмей қашып, амалсыз колледждерге сытылатын, тестілеуге қатыса қалса, екі жыл тек соған дайындалып, мектеп бағдарламасын жайына қалдыратын, болар-болмас бір сынақ үшін кейде өміріне қауіп төндіріп өзіне қол жұмсайтын, әке-шешесін өзін өмірге келтіргені үшін бәріне міндетті санайтын, үлкен қалаларда жаман әдеттерді тез жұқтыратын, әскерге барса алты ай таяқ жеуге дайындық жасайтын, өзі «ақсақал» болған соң өшін «сарыауыздардан» алатын, университет бітірген соң таныс жағалап жұмыс іздейтін, жұмысқа құлқы жоқ, я орын табылмаса күзетшілікке ойланбай бара салатын... тағысын-тағы, тағысын-тағы әдеттермен өсетін адам біздің жастарымыз емес пе, психологиялық мүгедектік деген нағыз осы емес пе?
Тілі қазақша анық болмай жатып бес-алты жасынан қойыртпаққа киліксе, яғни үш тілге бірдей ауыз салып, миы көжеге айналса; сауат ашатынын, я әліппе оқитынын өзі білмей, әйтеуір, бір реформалардың экспериментіне айналып шыға келсе; қазақша ғана білетіні бетіне масқара болып басыла берсе; ел алдындағы ағалары бірінші ресми термелеп, биік мінберлерден «жарияладық қой, қарамайсыңдар ма?» деп саспай «грубить» етіп тұрса – ол өскін психологиялық мүгедек болмай қайтеді?
Жүргізуші куәлігін сатып алса, қоғамдық көлік айдауға бар болғаны 20 жасынан кірісіп, салонға арзан әндерді айғайлатып қойып жолаушылардың жүйкесіне тисе, алдын жазатайым қиып кеткен көліктің иесімен жұдырықтаса кетсе, ең жаманы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін тартып алуды ғана ойлап, тіршіліктің ең сорақы түріне машықтанса – отызға жетпеген ұлың психологиялық мүгедек емей, кім сонда?
Қоғам осындай мүгедектіктен сауықпай алға жылжитын ба еді? «Біз қауіп еткеннен айтамыз» деген біздің ғана сөз емес. Санасы мүгедек әке санасы мүгедек бала өсіреді.
... деген ойлар көңілге көптен келіп жүр.


Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Дәурен | 16 наурыз 2017 19:36
Сіздің пікіріңізге түгелдей қосыламын. Менде әскерде болдым 2 жыл. Басқаны білмеймін мен көп нәрсеге үйреніп қайттым. Кеңес үкіметі еді ол кезең. Бірақ ол кезде тап қазіргідей жаппай сауатсыздық болған жоқ. Әрине, қазірде де ол кездегідей оқып-жаза алады. Әңгіме, сөз саптау сауаттылығында. Жаргонды тілмен түсінісетін ұрпақ бой түзеп келе жатыр. Сұрақтары мен жауаптары бір текті әңгімелер. Оған түсінбеген адам ол ортаға кіре алмайды. Ал өздері қалыпты ортаға сыймайтын жастар көбеюде.
Дәурен | 16 наурыз 2017 19:39
"әкенің таяғы тиген жер тозақта күймейді" дегендей тозақта күймейтін жері жоқтар өсіп келе жатқан жоқпа?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар