1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Төрт әкіммен тоқтап тұр

Әрине, бір күнде төрт облыстың әкімі опыр-топыр ауысып кеткені бір қарағанда аяқастынан болған жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ кез келген аймақта бір-екі жыл жұмыс істеген әкімдердің соңынан «ауысады екен, кетеді екен» деген әңгімелердің ақырын айтыла бастайтыны анық қой.
Оның үстіне осынау ауыс-түйіске бір-екі күн қалғанда әлеуметтік желілерде «бірқатар облыстарда әкімдер ауысады, пәленшенің орнына түгенше барады» деген ақпараттардың ашық айтыла бастағаны бұл тағайындаулардың табан астында болмағанын айғақтаса керек. Рас, әлеуметтік желінің кейбір «жорамалдары» дұрыс келмей, пәленшенің орнына түгенше емес, мүлдем басқа біреу тағайындалып, жаңа әкімдердің қатарында жаңа есімдер пайда болды. Сонымен, сейсенбі күні еліміздің төрт облысында, атап айтар болсақ, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының әкімдері ауысты.
Тағайындалған су жаңа әкімдердің барлығы да бұған дейін мемлекеттік қызметте жиі ат ауыстырып, талай құзырлы мекемелерді басқарып, кең кеңселерде тапжылмай отырып, тәп-тәуір тәжірибе жинағандары салақұлаш өмірбаяндарынан көрініп тұр. Бірақ, құдай біледі, осылардың ішінде ел жыға танитыны Маңғыстау облысына әкім болған Ералы Тоғжанов қана болса керек. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары боп жүрген жерінен Ералы Лұқпанұлы бірден еліміздің Дін істері комитетінің төрағалығына жоғарылап, одан Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметінде жарқырап көзге түсті. Әрине, «Тоғжанов облыс әкімі болуы мүмкін» деген әңгіме бұған дейін ел арасында да, билік дәлізінде де айтылған емес. Сондықтан бұл тосындау тағайындау болды. Алайда мұнайшыларының мұңы бітпей, мәңгілік мәселеге айналып кеткен Маңғыстау өңіріне Ералы Лұқпанұлының басшы боп баруына идеология саласындағы тәжірибесінің молдығы да себеп болса керек. Бірақ елді иландыра білетін идеолог болумен ғана бір облыстың мәселесін шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан жұрт жаңа әкімнен нақты істер күтеді.
Ақмола және Қарағанды облыстарына әкім боп тағайындалған Мәлік Мұрзалин мен Ерлан Қошанов елімізде тәуелсіздік туы желбірегелі бері қызмет бабымен Астанадан аттап шықпаған екен. Яғни екеуінің де аймақтармен бұған дейінгі байланысы нашар болған деген сөз. Мәлік Мұрзалин де бір жылдары Ералы Тоғжанов сияқты еліміздің дін саласында жауапты қызмет атқарған. Қайта бұл екеуіне қарағанда Солтүстік Қазақстан облысына басшы боп барған Құмар Ақсақалов ауылдың бел баласы екені анық. 1998 жылы Қостанай облысын Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрған кезде ұжымшардың бастығы боп жүрген Құмар Іргебайұлы бірден аудан әкімі қызметіне жоғарылап, содан тасы өрге домалады. Қайбір жылы президент пәрменімен біраз мемлекеттік қызметкер Астанадан аймақтарға сау ете қалғанда, арасында Қ. Ақсақалов та ілесе кетіп, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметінде идеология саласына жетекшілік етті. Енді, міне, облыс басшылығына президент аппараты жетекшісінің орынбасары қызметінен келіп отыр. Әрине, әкімнің тірлігі қат-қабат. Мың сан шаруасы бар. Дегенмен де бір кездері Әулиеата өңірінің тәрбиесін көрген Құмар Іргебайұлы енді оңтүстіктегі ағайындарды солтүстікке көшіру, олардың сол жақта тұрақтап қалу мәселесіне тағы бір дем беріп, жандандыра түссе деген тілек бар.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев әлеуметтік желіде «осындай кадрлық өзгерістер әлі де жалғасын табады, бір күнде төрт облыстың басшыларынан басқа әкімдерді ауыстыруға уақыт тапшы болған сияқты» деген пікір айтқан болатын. Алайда сәрсенбінің сәттісінде ешқандай ірі ауыс-түйіс болған жоқ. Сондай-ақ Қарағанды облысының экс-әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Қалған экс-әкімдердің қандай қызметке барғаны белгісіз. Дегенмен өз құпиясын ақырына дейін сақтайтын Ақорда тарапынан тосын жүрістер жасалып, тағы да тосын тағайындаулар боп жатса оған таңғалудың қажеті жоқ.


Оралхан ДӘУІТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Үрістем | 16 наурыз 2017 20:58
Ал өзгерді бірақ жаңашылдық болады деген сенім жоқ халықта. Танғалатыным калай бір екі сағатта облыс маслихат хатшылары хаттаманы оқитынына таңқалам.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар