1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Ұстаз беделі арбаның бесінші доңғалағына айналды

ХХ ғасырдағы Ұлыбританияның ұлы адамы Уинстон Черчилль: «Мектеп мұғалімдерінің қолындағы билігін премьер-министрлер тек армандай алады», – депті. Па, шіркін, премьер емес, бізге әкімдер армандаса да аздық етпес еді. Черчилльдің сөзіне зер салып ой қорытсаңыз, бүгінгі күннің шындығынан бетіңіз күйіп, табаныңызбен шоқ басып алғандай боласыз. Айтыңызшы, мұғалімдерде қайдағы билік, қайдағы бедел?!
Рас, бір кездері мұғалім беделі биік, тау тұлға болғаны талассыз. Айтқаны – айтқан, дегені – деген, даналардың қатарында тұрған. Сауатты адаммен жұрт санасқан. Бүкіл ел аузына қарап, алдынан кесе-көлденең өтпеген. Мұғалім болуға екінің бірінің қолы жетпеген. Талантымен тас жарғандар ғана мұғалімдер қатарынан табылған. Нағыз білімді, мінезді, еңбекқор, он саусағынан өнер тамған майталман мұғалімдерді ел қалай төбесіне көтермесін? Алдында отырған шәкірттердің ой-қиялын айтпай түсініп, оқып-біліп, қабағымен-ақ жөнге салып отырған. Таяқ көтермей-ақ, «тәйт» деп тәртіпке шақырған. Мұғалімнің билігі мен беделі ақыл-парасатпен астасып жатқан. Сірә, сэр Черчилль осыны айтқан болуы керек.
«Барымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ, бізде-дағы талай мықты болыпты» (Ж.Нәжімеденов) демекші, сонау Ыбырай атамыздың заманында мұғалімдер дәріс беруге қолын жуып, дәрет алып барып кірісетін болған. Бұл, бір жағынан, тазалық пен имандылығын көрсетсе, екінші жағынан, өрендерге өнеге, үшінші жағынан, билігі мен беделіне басымдық берген.
Өкінішке қарай, қазір мектеп мұғалімдерінің билігі мен беделі туралы айтуға аузың бармайды. Сол құрғыр бедел мен билікті мұғалімдер қай жерде және қашан жоғалтып алған деген ой маза бермейді. Мұғалім деген ардақты аттың абырой-беделін айрандай төккен өзіміз. Тай терісіндей тартқылап, жүндей сабап, ту-талақайын шығардық. Момын, мізбақпайтын, мүсәпір күйге түсірдік. Себебі де жоқ емес. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыран отбасы, ошақ қасында күйелеш болып жүрген келіншектер мен жауырды жаба тоқып жүрген жігіттерді мұғалімдер қатарына қосты да жіберді. Екіншіден, болашаққа бас ауыртпайтын, қанағатсыз, кездейсоқ мектеп директорлары пара алып, кім көрінгенді мұғалім етіп, бизнестерін дөңгелетті. Мұның бәрін көріп-біліп отырған адамдар мұғалімдерге мұрнын шүйіріп қарамағанда қайтсін. Үшіншіден, жоғары оқу орындары жаппай диплом сатуға көшті. Сырттай оқу сор болды. Адам баласы білім мен ғылымды іштей үңіліп үйренеді, ал сыртынан қарағандарға сарқыт та бұйырмайтынын ескермедік.
Сонымен, мектептердегі өнер шашқан, тәжірибесі мол, үлгілі ұстаздардың қатары сиреп, талапсыз толқынмен толыққан мектеп ұжымы дәмсіз-тұзсыз быламыққа, қойыртпаққа айналды. Біздің қоғам сол қойыртпақтың дәмін татып келеді, әлі де тата береміз. «Не ексең, соны орасың». Жасырып-жаппай турасын айтсақ, білім саласын әйелдер жаулап алды. Соның салдарынан тәртіп пен тәрбие «тәлтіректеп» тұр. Бұл енді бөлек әңгіме.
Қазір білім саласында былық көп. Даурығып, дауласып, даңғазалыққа бой алдырып жатырмыз. «Аты шықпаса жер өртеп», түк таппағандай қайдағы бір смартфонға, ҰБТ-ға, электронды күнделікке, үштілділікке кенедей жабысып, ана пәнге, мына пәнге басымдық беріп, басы бар, аяғы жоқ, бітпейтін бағдарламалармен бас қатырып жатырмыз. Баланың да, білімнің де «миын» ашытып жібердік. Күніге бір жаңалық естімесек тұра алмайтын болдық. Ұстаздың билігі мен беделі арбаның бесінші доңғалағына айналды. Мұғалім туралы ой – ұлт туралы ой екенін ұмытып барамыз.
Әңгімеміздің басында сөз болған ағылшын премьер-министріне әлдекім: «Уинстон, сіз массыз ғой!» – десе, ол: «Дұрыс айтасыз. Ал сіз оңбағансыз. Таңертең менің мастығым тарқайды, ал сіз оңбаған күйіңізде қала бересіз!» – депті.
Сол айтпақшы, білім саласының оңбай тұрғаны өкінішті-ақ. Жаңалыққа, жақсылыққа, жасампаздыққа ұмтылсақ ұтылмайтынымыз рас, бірақ не болса соған еліктеп-солықтай бермей, бәрін екшеп, електен өткізіп алсақ құба-құп.


Махамбет САПАРМҰРАТОВ, білім беру ісінің құрметті қызметкері
Мақтаарал ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар