1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
Бас прокурор түскі асқа шақырады

НЕМЕСЕ ЖАҚЫП АСАНОВТЫҢ БАСТАМАЛАРЫ НЕГЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛА БЕРЕДІ?
Сыр елінде шыр етіп дүниеге келіп, мектеп бітіріп, жоғары білімді Алматыда алып, шырайлы Шымкентте шып-шып терлеп қызмет еткен еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов оңтүстікте көп мәселе шайдың үстінде шешілетінін жадына түйіп өссе керек. Шынында, үлкен лауазымды адамдармен дастархандас болу, бірге ас ішу жолыңды ашып, шаруаңды оңалтып жіберетіні бар. Бірақ басқа-басқа, бас прокурормен бірге ас ішу бақыты қарапайым қызметкерге бұйыруы мүмкін бе?
Осыдан біраз уақыт бұрын Жақып Асанов прокурорлардың барлығына кітап оқу туралы бастама көтерді. Тіпті түнде төсекке жатар алдында қандай кітап оқу керектігін де өзі айтып берді. «Прокурорлардың тілі түсініксіз, жауаптары жұтаң» деп жазғырған бас прокурор «Абай жолын» немесе қазақтың басқа да классикалық шығармаларын атай ма деп едік... Жоқ, Стивен Кови, Радислав Гандапастардың психологиялық кітаптарын оқуға кеңес берді. Мейлі ғой, қайсысы болса да, әйтеуір, кітапты көп оқыған адамнан жаманшылық шықпас. Мұның ең тамашасы, бас алмай кітап оқып, оқымысты атанған және өз ойын қағазға еркін түсіріп, жап-жақсы шығарма жаза білген қызметкерді Жақып Асановпен түскі ас ішу бақыты күтіп тұр.
Бас прокурор мен жас прокурордың шай үстіндегі әңгімесі, әрине, кітапта жазылған дүниеге пікір таластырумен ғана шектеліп қалмас. Шай құйып отырып Жақып Қажманұлына жан-жақты жақындай түсуге прокурорлардың барлығы күш-жігерін салатыны анық. Дегенмен де бас прокурормен бірге ас ішкен қызметкер туралы әл-әзірге естігеніміз жоқ. Әлде прокуратурада кітапты көп оқитын қызметкер қалмаған ба, жоқ әлде Жақып Асановпен бірге ас ішуге жүректері дауаламай жүр ме? Әйтеуір, бұл бастама туралы қазір ешкім ештеңе айтпайды. Әлде бұл да жаңашыл, реформашыл Жақып Асановтың сансыз бастамаларының бірі ретінде аяқсыз қалғаны ма?
Егер бас прокурордың түрлі жиындарда сөйлеген сөздерін, жалпы, ол туралы жазылған мақалаларды оқыған болсаңыз, сіз өзіңізді Қазақстанда емес, құрама штаттарда өмір сүріп жатырмын ба деп ойлап қалатыныңыз анық. Демократия дегеннің біз білмейтін нышандарын осы бас прокурордың сөздерінен байқайсыз. Асанов мырзаның осынау айтқан сөздерінен кейін еліміздің құқық қорғау саласы мүлдем артта қалғанын, өз құқымызды талап ете алмайтын, айдағанға жүріп, айтқанға көнетін көнбіс халық екенімізді тағы бір мойындайсың. Сенбесеңіз, Жақып Асановтың жалынды сөздерінің кейбірін сіз де бір оқып көріңізші:
– Біздің биылғы жылғы басты міндеттеріміздің бірі – жаңа теxнологияларды енгізу. Қылмыстық процесті жеңілдету және жеделдету үшін электронды форматқа ауысу керек. Осы жағдайға тоқталайықшы. Мысалы, қылмыскерді қолынан ұстап алдық. Кінәсін мойындады. Куәгерлер бар. Соған қарамастан, 15 күн тергеледі. Одан соң үш күн прокурор істі зерттейді, сотқа тағы 20 күн қажет. Осының бәріне 40 күн уақыт кетеді екен. Осы күндер аралығында жәбірленуші, күдікті, куәгер – бәрі де әр кабинетке кіріп есік тоздырады. Қайта-қайта тергеу, дәлізде сағаттап күту – осының бәрі адамдардың жүйкесін жұқартады.
– Біз әлі күнге қылмыскерді «дубинкамен» қуып жүргенде, АҚШ құқық қорғаушылары Big Data (Биг Дата) теxнологиясымен қылмыстың қайда және қашан боларын алдын ала біліп отырады.
– Оқуды жарытып оқымаған. Жазу-сызуды білмейді. Қызметке көкелерінің арқасында тұрғандар бұлар. Ойлағандары тек пайда. Заңды белшеден басқан прокурорларды да жұмыстан қуып жатқанда, мұндайларға да аяушылық болмауы керек. Кәсіпкерді аяқтан шалу – мемлекетті аяқтан шалу деген сөз.
– Енді барлық тергеу амалдары электронды тәртіпке көшуі тиіс, бейнетүсірілімсіз оны жүзеге асыруға болмайды. Тергеу және қамау орындарында бейнекамералар орнатылып, барлық процестер ашық өтуі тиіс.
– Біз 50 жыл бойы ғарышқа ұшып жүрміз. Үйлер ұялы телефон арқылы басқарылады. Технологиялар барлық жерде – үйде, көшеде, көлікте, жұмыста. Мұның барлығы адамдарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Ал қылмыстық істерді әлі күнге дейін қағазда жүргіземіз, әлі күнге дейін қара қаламмен ақ қағазға жазып жүрміз деп айтуға болады.
– Прокуратура «кездейсоқ» адамдар мен көкесі барлар қызмет ететін мекемеге айналмауы тиіс. Қызметке кейде үздіктер емес, іскерлік қабілеті төмен, тек өз пайдасын ойлайтын кездейсоқ адамдар кіріп жатады. Танысың, көкең болмаса, өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қалыптасқан.
Жасыратыны жоқ, Жақып Асанов осы қызметіне тағайындалғалы бері ол қатысқан жиындар қызықты болып, бас прокурор жағдайды дөп басып, мәселені төтесінен қоюымен де ерекшелене бастады. Жақып Қажманұлының жиын сайын оңды-солды бастама көтеріп, кемшіліктерді көзге шұқып, саланың «ауруын» жасырмай өткір сынап, бетке шыжғырып басқаны қайтсем осы саланың жұмысын көгертемін, қайтсем прокуратураның беделін арттырамын, қарапайым жұрттың заңдық сауатын қалай ашамын, қоғамның әділетті болуына қалай ықпал етемін деген ниеттен туындағаны анық. Мұны мойындау керек.
«Әрбір қазақтың арманы – ұлтарақтай жер алып, мал асырап, бақша егу. Оның арманы сол. Кең үй салып, келін түсіріп, қолынан шай ішіп, солай емес пе!? Біздің қанымызға сіңген қасиет, менталитетіміз. Адамға қанша пәтер берсек те, ол бәрібір жер үйге жетпейді», – дей отырып, Жақып Асановтың қазақстандықтарға 10 сотық жер беру туралы заң жобасын жасауды ұсынғаны қандай керемет! Жұрттың сан жылдан бергі арманы. Нағыз күйіп тұрған мәселе. Алайда өткен жылдың күзінде айтылған бұл әңгімеден әл-әзірге ешқандай хабар жоқ. Немесе бас прокурордың кеше ғана «ұрлықсыз өңір ашайық» деп, ұры-жемқорларға «соғыс» жариялауы да көпшілікті бейжай қалдырмады. Бірақ қалай? Нақты қандай әрекет жасау керек? Осыдан кейін әлеуметтік желілерде «Жерұйық іздеген Жақып Асанов» атанған прокурордың бұл ұсынысы да түсініксіз күйде тұңғиыққа кететін тәрізді. Дәл сол сияқты «прокуратура «кездейсоқ» адамдар мен көкесі барлар қызмет ететін мекемеге айналмауы тиіс» деген мәселенің де мұрты бұзылмаған күйі тұр. Сіз бен біз бүгінде прокуратураға қалай қызметке тұру керек екенін жақсы білеміз. Бұл бағытта бас прокурордың сөзі мен ісі қабыспайды. Прокуратураға жұмысқа тұру бұрын да солай болған, алдағы уақытта да солай бола беретін секілді. Әзірге Жақып Асановтың бұл бастамасын іліп әкеткен облыс прокурорларын да көргеніміз жоқ. Соған қарағанда олар да бұрынғы «жүйемен» жұмыс істей бергенді қалайтын сияқты.
Енді, міне, кеше ғана Қытайға барған сапарында Жақып Асанов сол елдің әділет министрі Чжан Цзюнмен кездесіп, ҚХР-да сотталып, айыбын өтеп жатқан 9 қазақстандық азамат туралы сөз қозғады. Олардың Қазақстанға ауысқысы келетінін, бірақ ҚХР-да оларға салынған айыппұлды төлеуге мүмкіндіктері жоқ екендігін айтты. Яғни бас прокурор бұл сотталушыларды Қазақстанға ауыстырып алуға күш салмақ.
Әдеттегідей бұл да жақсы бастама...
Бірақ әр бастама іске асуымен, орындалуымен бағалы емес пе? Айту оңай, іске асыру қиын. Бас прокурордың бұл тірлігі елін сүйген патриотизм бе, жоқ әлде мансап қуып, ұпай жинап қалуға тырысатын басы бар, аяғы жоқ популизм бе? Сіз қалай ойлайсыз? Біздіңше, Жақып Асановқа, «Шаншардағы» тәуіп айтқандай, нақты әрекет керек. «Асанов айтты» деп емес, «Асанов айтты, бітті, істеді» дегенді еститін күн болар ма екен, сірә?

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Бақыт | 6 сәуір 2017 21:53
Жақып мырзаның ұсыныстарынан қазақы менталитеттің иісі аңқып тұратыны рас. Нағыз қазақша тәрбие алған үлтына жанашыр азамат деп сенемін. Алайда ұсыныстары жол орта жолға жетпей ізім-қайым болуына мемлекеттік аппарат кіналы екенін кімнен жасырасың.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 7 сәуір 2017 12:10
Асанов прокурор.Яғни,еш уақытта қылмыс ашпаған адам.Яғни,қылмыстың "жасалыну,ашылу"негіздерінен мақұрым.Айтатындары"прокуратураның назарында"деп қылмыстың ашылуына кедергі келтіреді."Ұрасың-соғасың"дейді,"болған қылмысты заңсыз түрде ашасың"деген не сөз?Сот"маубасқа"айналған орган.Полицияның жазғандарың флешкімен алдыртып"Үкім"деген сөзді қосып оқи салады."Сот тергеуі"жоқ.Бірақ,қылмыспен күресіп,жаманды-жақсылы тыныштықты сақтап тұрған полиция органы екеніне мән бермей астамсиды.
Ерғали | 9 сәуір 2017 13:20
Ассаляму Алейкум құрметті оқырман қауым!
Бас прокурордың тергеу істерін электронды жүйеге енгізу туралы ойын дұрыс деп есптеймін! Қазірге кезде тергеу амалдарының бүкіл іс әрекеттерін электронды жүйеге ауыстыру қажеттілігі туындап отыр, тіпті құзырлы тергеу органдарының электронды жүйе арқылы іс атқарудан кеш қалып келе жатқандарын айту қажет.
Тергеу амалдарының ілектронды жүйе арқылы орындалуы ең бірінші азаматтарға, шағымданушы тұлғаларға, қылмыстық әрекеттерден зәбір шеккендерге және басқада
Қызылордалық Балталы Төлеген | 10 сәуір 2017 10:41
Асанов популист адам! Ойы өзіне арзан ұпай жинау! Қылмыспен шын күрескің келсе, қылмысты ашуға қатысы жоқ прокуратурадағы ақымақтардан"прокурорский надзор"дегенді ал. ФБР сияқты, оперативтік және болған қылмыспен айналысатын орган құр. Ол органның жұмысына ешкім араласпайды. Қылмыс ашылып, адам қамауға алынған сәттен тергеуді сот жүргізіп,прокурор сот тергеуіне қатысады.МВД қоғамдық тәртіппен айналысуы керек. Сонда ешкім айлап жүріп"ығыр"болмайды. Онда прокурор"көп наннан"айрылады..
36 жыл құқық саласында істеп зейнетақысыз қалған қария | 12 сәуір 2017 15:22
Асанов прокурор болғалы көп нәрсе өзгереді деп ойлағам жоқ қателесіппін,прокурор баяғы білтелі шаммен жұмыс істеп іс жүргізген қазір далада қалған адамдарды ойламай отырып қайдағы техно жаңалықпен жұмыс істеу,маған сенбесеңдер кез келген аудан прокуратурасына кіріп көр ол жер жерде туфлинін шаң жұқтырмай компютермен ойнап отырған қымбат костем киген балаларды көресің ештеңе істеп отырған жоқ,баяғыда бір прокуратурады прокурор,тергеуші екі көмекші өртеуі барлық жұмысқа үлгеретін қазір 20 қызметке
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар