1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
Дүбірлеп басталып еді... күбірлеп айтатын жағдайға жетті

Біздің жемқорлық жайлаған қоғамда тәп-тәуір істі дамудың жарқын көрінісі іспетті дабыралатып бастап, соңын қоңыраулатып дабыл көтеруге ұластыру үйреншікті әдетке айналып кеткен.
Әсіресе, отандық медицинаның үздік жетістіктерін тізгенде әлем елдерінің алдына түсіп кеткенін айтуға даяр тұратын Қазақстанда халық денсаулығының оңып тұрғаны шамалы екендігі мойындауға тиіс шындық. Ал Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен өңір тұрғындары ғана емес, еліміздің көптеген облыстары, тіпті Ресейдің көршілес аймақтарының халқы ауыр дерттеріне араша боларына үміттенген Семейдегі радиологиялық орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімшесінің жеме-жемге келгенде іске қосылмай қалғанына не дерсіз?! Басты себеп – бекітілген жобаға сәйкес, сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтайтын жүйенің дұрыс орнатылмауында. Соның салдарынан президент сенім артқан Семейде отандық медицинаның кластерін құру идеясы құрғақ сөзге айналып отыр.
Талай жылғы түйткілге айналған осы мәселеге нүкте қою мақсатында Семейге арнайы келген ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой бастаған үкіметтік комиссия БАҚ өкілдерімен бірге бір-бірімен қанаттас жатқан онкологиялық орталыққа, радиологиялық орталыққа, ядролық медициналық орталығына келіп, ғимараттардың барлық бөліктерін аралап көріп шықты.
О баста ядролық медициналық орталығындағы 6 417 334,9 мың теңге қаражат бөлінген нысан ғимараттарының басым бөлігіндегі жұмыстар жауапсыз, салғырттықпен жүргізілген. 2012-2015 жылдар аралығында бас мердігер “ИртышГЭСстрой» ЖШС қолға алған құрылыстың нәтижесі атом сынағының ауруына шалдыққандардың үмітін күлге айналдырды: нысанның уақытында тапсырылмағаны өз алдына, қомақты қаржыға әкелінген медициналық және техникалық қондырғылардың толық жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылмағандықтан, қорап-қорап, бума-бума күйінде жертөлелерде «күңіреніп жатыр».
Ең маңыздысы, сұйық радиоактивті қалдықтар сақтайтын қойманың пайдалануға берілуінде болатын. Өкінішке қарай, қауіптілігі жоғары радиоактивті сұйық қалдықтар сақталатын бұл қойманың салынуы талапқа сай келмейтін болып шықты.
– Бұл қоймада осы уақытқа дейін тек құрастыру жұмыстары ғана жүргізілген. Оның өзі де аяқсыз қалғаны белгілі болып отыр. Шындығында, бұл жерді толықтай іске қосу үшін көптеген талаптарға баса мән берілуі тиіс болатын. Еден мен қабырғаның қазіргі жағдайына қарап, қажетті процестерді жүргізу туралы ойлаудың да қажеті жоқ. Нақты айтқанда, барлығын қайта жасау керек. Ең сорақысы, радиациялық қауіпсіздік ескерілмеген. Желдеткіш жүйесін іске қосу да назардан тыс қалған. Қалдықты сақтайтын «бөшкенің» қалыңдығының өзі алты миллиметр ғана, – деп вице-министрдің алдында циклотон инженері Д.Бидахметов барлық шындықты жайып салды.
Радиологиялық орталықтың құрылысын, орнатылған құрылғыларды көптеген комиссиялар бұған дейін де бірнеше мәрте тексеріпті. Тіпті Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) өкілдері бар халықаралық комиссия да айналысқан екен. Барлығының шешімі ортақ: орнатылған сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтау жүйесін ауыстыру қажет. Өйткені салынған ғимарат құрылысы шетелдерден қыруар қаржыға сатып әкелінген құрал-жабдықтардың жұмыс істеуіне сәйкес келмейді.
– Біз мұндай комиссияның құрамында нысан пайдалануға берілуі тиіс болған 2015 жылы келіп, сол кезде бас мердігер мен мердігердің («ИртышГЭСстрой» ЖШС мен «Медтехника» АҚ) өз міндеттерін орындамағандығын анықтағанбыз. Сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтау жүйесінде радиациялық қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Біз құрылғыны алып тастау немесе осы күйінде іске қосу туралы шешім қабылдауымыз керек. Бірақ қазірдің өзінде оның қауіпсіздік талаптарына сай еместігін көріп отырмыз, – деді Алексей Цой.
Сонымен, дүбірлеп басталған тірлік қазір күбірлеп айтатын жағдайға жетті. Егер комиссия қорытындысы нақты нәтиже шығарып, Семейдегі радиологиялық орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімшесі іске қосылатын болса, мұнда жыл сайын обыр ауруына шалдыққан 600 адам емделіп, 3000-нан астам адам тексеруден өте алады. Егер екі жыл бұрын межелі уақытында бұл нысан пайдалануға беріліп кеткенде, қазір көптеген сырқаттар дертіне шипа тауып, шаңырағында шалқып отыратын еді. Өкініштісі сол – онсыз да сынақ азабын тартқан өңір тұрғындарының жанын сыздатқан жағдайды сезінудің орнына миллиардтаған қаржыны жымқыруды артық көрген «ИртышГЭСстрой» ЖШС басшысы сотталып, қазір түрмеде отыр.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті