1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
ЭКСПО көрмесі –халықтың көз жасы

Тәуелсіз Қазақ елінің энергетикалық әлеуеті өте қызық. Инновация дәуірінде өмір сүріп жатса да, еліміздің көптеген өндіріс ошақтары, тас дәуірі демей-ақ қоялық, қола дәуірінің заңдылығымен жұмыс істеп тұр. Электр қуатын өндіретін мекемелердің 70 пайыздан астамының әлі тас көмірсіз күні жоқ. Тек 30 пайызы газ бен мұнайдың, су көздерінің үлесінде. Күн мен желдің үлесі тіптен 0,1 пайызға да жетпейді. Ал өзгелер мына тұрған Айды қойып, қызыл ғаламшарға қала салып, адам қоныстандырғалы жатыр. Батыс мемлекеттерінің басым бөлігі осыдан ең кемі – 30, ары айтар болсақ, 50 жыл бұрын-ақ тас көмірден бас тартқан.
Wind Europe өндірістік бірлестігінің мәліметінше, қазіргі таңда еуропалық ұлттық электр стансалардың 86 пайызы баламалы қуат көздерімен жұмыс істейді. Яғни бір жыл ішінде тұтынған 24,5 ГВт энергияның 21,1 ГВт-ы күн, жел, су, биомасса секілді баламалы қуат көзінен алынған. Жел энергиясы бойынша бүгінде әлемде Ұлыбритания бірінші орында тұр. Одан кейін Германия, Франция, Ирландия, Литва, Финляндия және Голландия елдері келеді. Қажет болса, Исландия елі толығымен баламалы қуат көзіне көшкен. Тіптен Австрияның өзінде елдегі энергияның басым бөлігін жел, күн, гидроэлектр стансаларының есебінен өндіреді.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерінен алатын электр қуатының көлемі Орталық Азия елдерінің ішінде ең соңғы орында тұр. Өзбекстан, Қырғызстан бастаған көрші елдер бізден көш ілгері тұр. Тәжікстанның өзі әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрғанын айта кеткен жөн. Ал «Азияның барысы» – Қазақ елі соңғы ондаған жылдан бері көштің соңын ешкімге бермей келеді. Есесіне көмір арқылы жылытылатын қазандықтар мен пеш мұржаларынан шығатын улы газы мен халықтың сүреңсіз өмірі жағынан халықаралық біраз рейтингтің басында тұрмыз. Ал көгілдір отын туралы айтудың өзі ұят. Азия төріндегі асқақтығы жағынан талайды «шаң қаптырып» тұрған Астана қаласына қашан газ келетіні әлі белгісіз.
Алайда, осыған қарамастан, еліміз бұрынғы кеңестік республикалар арасында бірінші болып Астана қаласында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізгелі жатыр. Қыруар қаржы бөлініп, сырт елдерден жүздеген, мыңға жуық жұмыс күші тартылды. Тәуелсіз сарапшылардың алдын ала есептеуі бойынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне еліміз 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсапты. Мұндай ірі көлемдегі қаражатқа Алматыда өткен Универсиада-2017, Қысқы Азиада ойындарының бір емес, бақандай сегізін (109 миллиард теңге жұмсалған) өткізуге болады екен. Сондай-ақ мамандар еліміздің алты бірдей қаласында сән-салтанаты мен құрылысы жағынан Алматыдағы метродан қалыспайтын (Алматы метросының құны – 163 миллиард теңге) жерасты жолын салуға болатынын айтады. Қазақстанның алтын қорын бірден 75 мың килограмға молайтып немесе орташа есеппен алғанда (175 000 теңге) 5,5 млн адамның жалақысына жұмсауға жетерлік қаржы екен. Қала берді, Алматы мен Астана қаласынан 50 шаршы метр болатын 50 000 жаңа пәтер сатып алуға жетеді екен.
Әрине, арзан атақ үшін жасалып жатқан мұндай мал шашпақ тірліктің арты бүтіндей елдің қазынасына салмақ салып, қарапайым халықтың тұрмысын қиындатып отырғаны белгілі. Баланы мектеп тамағынан айырып, аналардың мардымсыз жәрдемақысынан жырымдалды. Айыппұлдар көлемі де асқақтап, әлеуметтік төлемдер көтерілді. Онысы аздай, жұрттың зейнетақы қорындағы ақшаға да ауыз салды. Ұлардай шулаған жұрттың наразылығына қарамастан, жұрттың маңдай терімен жинақталған қаржының 15 млрд теңгесі ЭКСПО құрылысына аударылды. Қазақстан даму банкінің басшысы Болат Жәмішевтің айтуынша, бұл қаржы пайыздық өсіммен қайтарылады-мыс. Дегенмен осы ақша әлеуеті нашар салаға бүгін жұмсалса, елдің ризашылығы артпас па еді?! Көрме нысанының негізгі жұмысы аяқталса да, «анау-мынау» деген желеумен әлі де қыруар қаржы бөлініп жатыр. Жақында ғана мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халықаралық көрменің аясындағы мәдени-спорттық шараларды өткізу үшін тағы 9 млрд теңге жұмсалатынын мәлім етті. Айтуынша, бұл қаржының басым бөлігі шетелдік жұлдыздар мен сыйлы қонақтардың жатар орны, ішіп-жейтін тамағы, келіп-кетер жол шығындарына жұмсалмақ. Қош, биліктегілерге қаржы дағдарысынан қысылған, жұмыссыздықтан қажыған халықтың көз жасын сүрткенше, голливуд актері Арнольд Шварценеггер, боксшы Майк Тайсон, әнші Лара Фабиан сынды жұлдыздарды жарылқаған оңай болып тұрғандай. Биліктің ЭКСПО көрмесін көруге «5 миллион қонақ келеді» деп әу баста мақтанғаны да жел сөзге айналғандай. Қазірдің өзінде ЭКСПО шығынын шетелдік қонақтар емес, аймақтағы мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер өтейтіні белгілі болып тұрғандай. Күштеп билет алдыру мен тарату, «әр өңірден 100 мың адам әкелу» жайындағы құпия жоспар туралы сөз ел арасында гулеп тұр.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов аймақтан жиналған әкім орынбасарларына алқа-қотан жиын өткізді. Осы жиын үшін Астанаға арнайы келген әкім орынбасарларына қазақстандықтарға көрме билетін зорлап сатпау жайы айтылды. Бірақ «елге көрменің маңызы мен оның не үшін өтіп жатқанын түсіндіретін насихат жұмысы жүріп, тұрғындар билетті қызығушылық, құштарлықпен сатып алулары керек» деді. Бұл керектің талабы айтпаса да белгілі ғой. Айтпақшы, осы күнге дейін көрменің 850 мың билеті сатылған.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 13 сәуір 2017 14:34
Біреудің "мен, мен" астамсуы үшін "құрбандыққа" шалынған ҚАЗАҚТЫҢ көз жасы емес, ҚАНЫ, ЖАНЫ болды ғой. Енді"көрмені көреміз" деп келетін қара қытай мен еріккендер үшін ҚАЗАҚТЫҢ АРЫ мен ҚЫЗДАРЫМЫЗДЫҢ намысы болса еш таңырқамаймын!
Шымкенттік Нұрлан | 15 сәуір 2017 14:53
"Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп.
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?»
...
Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп" деп жазған Сұлтанмахмұт өлеңдері бүгін де маңызын жоғалтпаған.
Шыңғыс төре | 16 сәуір 2017 10:55
Экспоның билетін мəжбүрлеп мем.қызметкерлерге алдыртқанын байқап пайдасыз шара екеніне көз жетеді.
жанар | 16 сәуір 2017 17:45
Толықтай автордың онымен қосыламын
Тәке | 17 сәуір 2017 10:29
Түк қызықпаймын Экспо ңа!
НнН | 17 сәуір 2017 20:54
Шар домалап кетіп өлігімізді таба алмай қалып жүрмейік.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар