1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Енді «алжыған апай» сабақ бере ме?

Келесі жылдан бастап әйелдердің зейнет жасына шығу мерзімі біртіндеп ұзарады. Жыл сайын алты айдан жылыстап, бұйыртса, 2027 жылдың соңында ерлермен теңеседі. Бірақ бұдан табиғаты нәзік, жолы жіңішке әйелдің қоғамдағы, отбасындағы рөлін, күш-қуаты мен қажыр-қайратын ер-азаматтармен теңестіре аламыз ба?
Зейнет жасы мен әйелдерге қатысты жәрдемақы мәселесі осыдан бес жыл бұрын көтеріліп, әжептәуір дау болған. Сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің жаңа жүйені жағы талмай насихаттағаны, өңірлерді аралағаны, Қарағандыда өткен бір жиында «патамушта» атанғаны, Алматыда өткен бір жиында министрге бір қоғам белсендісінің шикі жұмыртқа лақтырғаны күні бүгінгідей есте. Қоғам арасында наразылық күшейіп кеткен соң, президент Н.Назарбаев заң жобасын қайта қарауды ұсынды. Ақыр аяғында әйелдердің зейнет жасын 2018-2027 жылдар аралығында біртіндеп ұзарту туралы шешім қабылданған. 2018 жылыңыз да есіктен әне-міне дегенше еніп қалады. Үкімет халықтың наразылығына қарамастан, заң жобасын өткізудің жаңа тетігін тапты. Ақырындап-ақырындап амалдады. Әзірге у-шу, ың-шың жоқ. Серік Әбденов баяғыда отставкіге кетіп қалған, заң жобасын мақұлдаған парламентіңіз мерзімінен бұрын тарап тынған. Серік Әбденовке жасалған тентектік енді Тамара Дүйсеноваға жүрмейді-ау. Өйткені ол әйел баласы емес пе? Әйел баласына жұмыртқа лақтырып, ел алдында абыройын айрандай төгуге ешкім бара қоймас, сірә. Бірақ өткен төрт жылда халықтың жаңа талап-тәртіпке деген өкпе-реніші тарқады ма? Үкіметтің көрсеткен тиімділігіне көзі жетті ме? Жаңа зейнетақы реформасына көндікті ме? Енді иліге ме?
«Жас Алаштың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы қосынына Сайрам ауданының тұрғыны, бастауыш сыныптың мұғалімі Баян Ахметова хабарласты.
– Үкіметтің бұл шешіміне өз басым қатты қапаландым. Мұғалім болып істейтін әріптестерім де мені түсінеді деп ойлаймын. Жасым келесі жылы 50-ге толады. Зейнеткерлікке әлі 14 жыл бары есіме түссе, еңіреп тұрып жылағым келеді. Осы 49 жасымның 31 жылын бастауыш сыныптың мұғалімі болуға арнадым. Бастауыш сыныптың мұғалімі болу дегеніңіз өте қиын. Көп сөйлейсіз, баланың алдында әртіс болуыңызға тура келеді. Бойыңыздағы бар энергияңызды оқушыға бересіз. Уақыт өте келе сол энергияның таусыла бастағанын сезесіз. Өйткені бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пенде емеспіз бе? Кешкісін сілікпең шығып үйге келгеннен кейін де мұғалімдік жұмысыңыз тоқтамайды. Көз майыңды тауысып, түні бойы дәптер тексеруің керек. Кейінгі кездері мұғалімге деген талап та күшейіп кетті. Электрондық журнал, жазбаша журнал, тәрбие журналы дегендер бар. Отбасы, ошақ басындағы тірлік те тоқтап қалмауы тиіс. Газдың қымбаттығы, күнделікті күйбең тірліктің уайым-қайғысы онсыз да жұқа жүйкеге тиеді. Ерлердің зейнеткерлікке әйелдерге қарағанда кештеу шығатын да жөні бар ғой. Өйткені еркек түздің адамы, ал әйел отбасының ұйытқысы емес пе? Олар зейнеткерлікке неге ерлермен бірге шығуы тиіс? Мен биыл бірінші сыныпты қабылдап алдым. Зейнеткерлікке шығу үшін әлі тағы осындай үш сыныпты қабылдап алып, төртінші сыныпқа дейін білім беруім керек. Мына түрімізбен енді бірер жылдан кейін ата-аналар мендей ұстазға балаларын оқытуға бермеуі де мүмкін. «Алжыған апайға» ұл-қызын кім оқытқысы келеді?! Осыны үкіметтегілер неге ойламайды? Бұл кімге тиімді? Министр әйелдерге ме? Әлде парламенттегі беттеріне опа-далабын жағып, әдемі болып отыратын әйел депутаттарға ма? Біз сайлаған, үй-үйді аралап, сайлау науқанына құлша жегіліп жүріп өткізген парламенттегі бірде-бір әйел депутаттың осы мәселеге бас ауыртпағаны, ара түспегені қалай? Мұғалім болған әйел елуден асқан соң зейнеткерлікке шығып кетуі тиіс емес пе? Құдайға шүкір, орнымызды басатын, қолымыздағы тірлікті алатын маман жетіп-артылады. Неге жүндей түтіліп барып шығуымыз керек? – дейді Б.Ахметова.
Бастауыш сынып мұғалімінің бұл пікірін облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева да қостап, толықтыра түсті.
– Қоғамдағы кез келген мәселені азғантай топпен емес, халықтың қалың ортасымен өлшегенді жақсы көремін. Өйткені қоғамдағы бейнеттің ауырын көтеріп тұрған солар. Басқа ұлтта шаруам жоқ, қазақ әйелі үшін отбасындағы тіршіліктің қиын екені рас. Олар барлық істі жан-тәнімен орындайды. Отағасының қамын жасап, отбасындағы ұл-қызын бағып-қағатын, бұдан бөлек, ағайын-туыс, жегжат-жұрағаттың көңілін табатын оңтүстіктің әйелдері үшін зейнет жасын бес жылға ұзарту ауыр деп ойлаймын. Әсіресе, бұл әлеуметтік сала қызметкерлеріне қиын. Ұстаз, дәрігер болу жүйкені көп жейтін мамандық. Қазір қоғамдағы психологиялық ахуал күрделеніп келеді. Адамдар қит етсе кінәмшіл, жазғыруға бейім болып барады. Халықпен тығыз жұмыс істеу, көптің көңілін табу, біреулер ойлағандай, оңай шаруа емес. Әр әйел немере-шөберелерінің қызығын уақытында көруге құқылы. Біз ұлттық болмыстың әженің тәрбиесімен қалыптасатынын ұмытпауға тиіспіз, – деді әжелер алқасының төрайымы.
Ал өзге мемлекеттердегі жағдайға қарасақ, әйелдер Ресейде, Өзбекстанда, Украинада және Беларусьта әзірге 55 жаста зейнетке шығады. Қырғызстан мен Тәжікстанда – 58, Түрікменстанда – 57, Қытайда – 50-55, Әзірбайжан, Францияда – 60 жас. Ал Қазақстан әйелдердің зейнет жасын 63-ке ұзартуды Орталық Азия елдерінде алғаш болып енгізгелі жатыр. Сонда биліктің қол жеткізген жетістігі осы ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті