1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Әлияның идеясы, Ақанның ақшасы, Арыстанбектің арманы және Тұмар ханым

22 ақпанда өткен Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының салтанатты сессиясында сөйлеген сөзінде президент Н.Назарбаев: «Кейде анау тарихқа, «Томирис қазақ екен», «Шыңғыс хан қазақ екен» дегенде менің ішім ауырады. Біздің басқа айтатын сөзіміз жоқ па? Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді», – деген еді. Бірақ президенттің бұл сөзі туған қызы Әлия Назарбаева мен мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және режиссер Ақан Сатаевқа жетпеген көрінеді. Олай дейтініміз, министрліктің тапсырысымен «Сатайфильм» сақ патшайымы Томирис туралы тарихи фильмнің түсіру жұмыстарына дайындық жұмыстарын бастап кетіпті. Ал фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева екен. Әлия Нұрсұлтанқызы сценарий авторларының да бірі делінеді. Сатаевтың жекеменшік әрі әмбебап сценарисі Тимур Жақсылықов оған көмектесетін сықылды. Фильмнің идеясы да Әлия ханымға тиесілі. Енді тек басты рольді өзі ойнауы ғана жетіспей тұрғандай. Осылайша президенттің қызы қазынаның қаражатына тарихи фильм түсірмек. Тапсырыс беруші мәдениет және спорт министрлігі болғандықтан, ақшаны да министрлік беретіні анық. Арыстанбек Мұхамедиұлы ақша шығарады екен дегенді естіген емеспіз. Демек, салық төлеушілердің ақшасынан құралған қазына қаражатына Томиристі түсіріп береді.
Әлия Назарбаева мен Ақан Сатаев бұған дейін «Анаға апарар жол» дейтін фильм түсірген. Фильмнің атауының өзі орысшадан тікелей аударылғаны тіл білетін адамға көрініп-ақ тұр. Фильмнің өзі бір кейіпкердің өмір желісін ұстап отырған демесеңіз, әдемі түсірілген құрама көріністердің жиынтығы сияқты әсер қалдырады. Иә, бір көрген адамның адами сезімін баурап, аяушылық тудырып, көзіне жас алдыратын да шығар – бары сол. Ешқандай ой, идея, терең психология, кино өнеріне тән шығармашылық кең тынысты, қуатты драматургияны, режиссерлік көзқарас пен қолтаңбаны көре алмайсыз, әуре болмаңыз. Жоқты қайдан табасыз. Міне, қысқаша айтқанда, осындай фильм түсірген топ енді Тұмар ханымды тастай қыламыз деп білек сыбанып отыр екен. Жалпы, Сатаевтың тарихи фильм түсіре алмайтыны, оған ол қол емес екені «Жаужүрек мың баладан» кейін-ақ кино танитын жұртқа белгілі болған. Бірақ Сатаевты енді тоқтату қиын. Өйткені оның ісі – кинобизнес. Кинобизнес пен кино өнері – екі бөлек дүние, екі басқа әлем. Назарбаеваға керегі осы болса керек. Көлеңкеде көрінбей келген кенже қыз енді кино әлемінің Тұмар ханшайымына айналғысы келетін секілді. Несі бар, қолыңда барда қонышыңнан бас. Мұндай салтанатты дәурен екі келмейді. Тым құрыса пәлен деген фильм түсірген деген аты қалады. Бәрібір тарихта қалатын әулеттің мүшесіне ол да олжа. Ал Ақан мырзаның есебі қашанда түгел. Айтпақшы, Арыстанбек Мұхамедиұлы бұдан не ұтады? Министр сол баяғы әдеті бойынша президенттің көзіне түсіп, сол кісінің оң қолына, сенімді серігіне айналсам деген тәтті арманына бір қадам жақындай түсетін шығар.
Жарайды, Тұмар ханымның аруағы үшін фильм түсіргелі отырғандарға тарихи негіз ашып бере салайын.
2015 жылы жарық көрген президент Н.Назарбаевтың «Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым» деген тақырыптағы мақаласында: «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ», – деп жазған. Уһ, бәсе, айтқан екен ғой дедіңіз бе? Иә, иә, абырой болғанда, айтқан. Әйтпесе Әлия Назарбаева Томиристі түсіру идеясынан бас тартып, түсейін деп тұрған тарихи фильмінен айырылып, жұрт жылап, Ақан ақшасыз, Арыстанбек арманынан қол үзіп қалар ма еді... Көрдіңіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлының екі жыл бұрынғы айтқан сөзі сақтады ғой, сақтады. Биылғы сөзін қойшы, ондай-ондай сөзді әркім айтып жүр ғой...

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар