1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Қарағандыны су баспауы үшін не істеу керек?

(Әкім мен алтын балықтың әңгімесі)
Бір күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жайылма өткен елді мекендерді аралап жүріп, айдаладағы көлшікте күннің көзіне шағылысқан жарықты көріп, ат басын бұрыпты. Барса, шағын көлшіктің жағасында шоршып жатқан алтын балық екен.
Әкімге алтын балық мынандай өтініш айтса керек:
– Нұра тасығанда ағын сумен ағып келіп, осы шағын көлшікке тап болдым. Балықтар жылда өзен тасығанда осылай ағып барып шалшықта малтығып қалатындықтан, адамдар оларды қолмен-ақ аулап алады. Судың азайып-көбейгені, тасығаны, оның жақсы-жаман атағы екеумізге бірдей тиеді. Мәселен, сенің қарамағыңа қарасты біраз елді мекеннің үстінен су жүріп өтті. Ал менің балықтарым әр шалшықта шашылып қалды. Екеумізді осылайша сын сағатта жолықтырған Алланың әмірі шығар. Әйтпесе балықтарыма ғана емес, біраз дүниені өзгертуге шамам келетін патша едім. Патшаның мүсәпірге айналуы әп-сәтте екен. Саған көмектесіп, қалағаныңды орындайын, мені Нұра өзеніне апарып тасташы. Сасық суда малтығып өлетін болдым. Ағын суға жетсем өзімді еркін сезініп, күшімді қайта жинар едім. Қазір ештеңеге шамам жоқ...
– Сен алтын балық болсаң, алып мұхит, телегей теңізде емес, шағын ғана Нұра өзенінде не істеп жүрсің? – депті әкім.
Сонда алтын балық:
– Сонау Совет өкіметінің кезінен Нұра өзеніне өндірістік қалдықтар төгіліп келді. Бүгінде Нұраның түбінде сандаған улы, ауыр металдар жатыр. Орман елі жерасты байлығыңды алып, «күл болмаса, бүл болсын» деп жергілікті жұрттың жағдайын ескермеді. Алайда тәуелсіздік алдық деп күпілдегенімізбен, Нұраға әлі де өндірістік қоқыстар тасталып жатыр. Мен сол металдардың бағалы тастарынан Алланың қалауымен жаратылдым. Осы өзенді сақтап, тазарту үшін жанымды салып бақтым. Бірақ дүниеге көзі тоймастар табиғаттың қасиетін түсінбей, қоршаған ортаны ластап отыр. Олар обал-сауапқа қарамайды да... Адамдардың, ел басқарушылардың пейілі түзелмесе, мемлекеттің әлеуеті көтерілмейді.
– Ал сен маған көмектесе аласың ба?
– Не сұрайсың? Маған Қарағандыда әкім болғандардың барлығы да келген. Бәріне көмектесіп, тілектерін орындадым.
– Сонда кімге көмектестің? Оларға көмектескен болсаң, Қарағанды бүгінгідей дағдарыста қалар ма еді?!
– Мен оларға өздерінің сұрағанын бердім. Мысалы, билікке қызыққандарына қызмет тауып бердім. Кейбірінің айлығын миллион теңгеге дейін көтердім. Зейнетке шыққандарының өзі осы елдің қазынасын шетінен кертіп жеп жатыр. Жалпы, алдыңғы басшылар туралы өзіңе қажетін ғана білгенің жақсы. Сонда ұйқың тыныш болады.
– Маған әзірге ақша да, мансап та керек емес. Қызметке енді кірістім. Мені басқа мәселелер мазалайды. Бұған дейін жылдағы жауатын, ел мен жердің ырысы саналатын қардың суы көктемде еріп, халықты әбігерге түсірді. Осы келеңсіздіктерді жоюдың жолы бар ма? Енді қандай амал жасасам болады?
– Кезінде биліктегілер қолынан кеп тұрғанда қонышынан басып, суағар, бөгеттердің темір-терсек құралдарын ұрлап сатты, қалғанын халықтың өзі бұзып қиратты. Бұзылған бөгеттер мен көпірлер қараусыз қалды. Ал кейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндегенде суағар жасаудың орнына бұрынғыларын жауып тастады. Көпірлерде су ағатын жолдар қосымша кеңейтілмеді. Жылдағыдай сала басшылары мен әкімдер немқұрайдылықпен өзен-көлдердің суағарларын да толық тазалаған жоқ. Кеңес өкіметі кезінде егіс алқаптарында дала-
ның қалың қары арнайы тоқтатылатын. Өзендердің арнасы бұрылып, тоған жасалатын-ды. Сонда өзен-көлдерден артылған және еріген қар суы шаруашылықтардың шабындықтары мен егістіктеріне жіберілетін. Қазір ондай суармалы егістік те, шабындықтар да жоққа тән. Құдайдың күніне ештеңе істей алмайсың. Десе де, сен бар мүмкіндікті пайдалан. Баспанасын, шаруашылығын су шайып кеткен халыққа көмектес. Көктемгі су апатының алдын алу шараларын былтыр жасау керек еді. Сен енді келесі жылға жақсылап дайындал.
– Мені тағы бір мәселе қинайды. Бұрынғы әкім Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейханға беруге және Қарағанды қаласында Алаш көсеміне ескерткіш орнатуға уәде беріп, онысын орындай алмай, маған мұраға қалдырып кетті. Осы мәселенің шешімін қалай тапсам екен?
– Бұрынғы әкімнің ел ішіндегі азғантай шовинистерден қорқып, басқа әкімдердей қолайлы сәтінде батыл қадам жасай алмағаны рас. Ол жоғары жақтың қалыбынан шықпай, қасындағыларды ғана тыңдады. Бірақ халықтың мұңына құлақ түрген жоқ. «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген. Тек серкелердің ғана айтқанына құлақ асып, көпшіліктің пікірін ескермесең қателесесің. Сен халықпен, ел азаматтарымен ақылдасып іс қылсаң, демеуші де, қиын істің шешімі де табылады.
– Ол түсінікті ғой... Жарайды, ешқандай көмегің болмаса, кете берейін, – деп әкім бұрыла бергенде, алтын балық:
– Тоқта, енді кездесеміз бе, кездеспейміз бе, кім білсін... Ең бастысын айтайын. Қазіргі кезеңде өз жасағыңды жинамай, ел басқару мүмкін емес. Сондықтан сенімді серіктерің болмаса, далада қаласың. Әр басшы өз құрамасын жинайды. Сен жоғарыдағы көкелеріңнің аузын алып, өзіңнің жақындарың мен пікірлестеріңді емес, өзіңмен көзқарастары қарама-қайшы болса да, халыққа жаны ашитын кәсіби кадрларды жина және жас мамандарды дайында. Қарағанды қолында көзірі бар мырзалардың саяси ойын алаңы емес. Сарыарқа – қасиетті өңір, қастерлі өлке. Ол шіркіндер осыны түсінуі тиіс. Қарағандыға келгенде Тоқтар батырдың өзі (Т.Әубәкіров) туған жеріне тәу етеді, қалың елге тағзым жасайды. Алайда мұнда келіп, жалпақ жұртты менсінбей тұратын шертиген шенеуніктер қара жер түгіл, көк жүзін шарлаған батырдан артық емес. Ұлы халықтан өзін кішік санаған Тоқтардан сол мырзалар неге имандылық пен ізгілікті үйренбейді екен?! Қасиетті өлкеге әмірін жүргізгісі келетін осындай ұры-қарылардан халықты сақтап, қорғағайсың. Қарағанды – Қазақстанның кіндігі. Бұл аймақтағы әрбір саланың өзі бір облысқа жүк боларлықтай. Қарағандыны дұрыс басқарған адам мемлекетті де басқара алады. Орталық өңірде барлық сала дамып келеді, білікті мамандар да аз емес. Олар билікке қазір де барып жатыр. Сол жастарды өз халқын сүйетін патриот етіп тәрбиеле. Жемқорларды, жағымпаздарды осы бастан маңайыңнан аласта. Олар ешкімге де жақсылық жасамайды. Әр ісіңе жауапкершілікпен қарап, қарамағыңдағыларға қатал әрі әділ, халқыңа жайлы болсаң түбінде өкінбейсің... – деген екен.
Аңыздың түбінде ақиқат жататыны айдан анық. Ел аузында жүрген осы әңгіменің қайдан, қалай туындағанын білмеймін. Бұл ертегі, шынында, шынайы өмірге айнала ма, алтын балықтың ескертуі орындала ма – оны уақыт көрсетер.

Жаңабек НАРОВ

ТАСҚЫННАН КЕЛГЕН ШЫҒЫН
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов тасқын су басқан аудандарда үйлерді техникалық тұрғыдан тексеру, бүлінген мүліктерді бағалау жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, алдын ала есеп бойынша зардап шеккен тұрғындардың шығынын өтеу үшін жалпы сомасы 160 миллион теңге қажет. Оның 148,6 миллион теңгесі облыстық бюджеттен, қалған 12 миллион теңгесі аудандық бюджеттен бөлінбек.
Ресми мәлімет облыстың 22 елді мекенінде жыл басынан бері 140 үй мен 274 ауланы су басқанын растайды. Бұған дейін билік облыстағы бес ауданда – Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау, Шет және Нұрада төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған. Тасқыннан Бұқар жырау ауданы, әсіресе, осы аудандағы Садовое және Чкалово ауылдарының тұрғындары зор шығынға батқан (112 миллион теңге). Ал ең аз зардап шеккен – Абай ауданы (575,5 мың теңге).

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті