1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Тентек баладан шыққан тұлға

Түрлі себептермен Түлкібас атанып кеткен Түркібасы аймағында көрікті ауылдар мен көркем бұлақтар көп. Шақпақтаудан шымырлап шығар Арыс пен Құлантаудан қайнап басталатын Құлан өзендері қуанып қосылатын тұста қос өркешті Түркібасы тұрыпты. Осы Әулиетөбенің Шұбайқызыл шоқысына қарайғы қапталындағы тегістікте Түркі қағанатының қағандары жазғы ордаларын тігетін болған.
 

ТӨБЕЛЕСКІШ ТАРЗАН

Міне, сол Түркібасы төбесінен екі қыр, екі сай өте бере Бүйрекбастау ауылы жайнап көрінер еді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Бүйрекбастау атауын Жаңаталап деп алмастырған. Біздің кейіпкеріміз – экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның және шетел халықаралық академияларының академигі, төрт рет парламент депутаты болып сайланған сайыпқыран, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО спорт шебері, көрнекті қайраткер Оразалы Сәбден соғыстан кейінгі екінші жылда бұрынғы Бүйрекбастау, кейінгі Жаңаталап ауылында туған.
Соғыстан сарғыш балдаққа сүйеніп, жаралы боп қайтқан Ережеп пен Үрбұлақ ауылынан келін боп түскен Үрзаданың үйінде ұл перзент дүниеге келген. Отыз жетінің қуғын-сүргіні бар, сұрапыл соғыстың қырғыны бар, жалғыз қалған Сәбден мен Кенжекүл отау құрып, он үш перзент көрсе де, ұлдары түгелдей және біраз қызы шетінеп кеткен. Тек төрт қызы ғана тірі қалған нағашы атасы мен апасы Оразалыны осылайша өздеріне бала етіп алған.
Үрбұлақ ауылы оразада туған Оразалыны сәби кезінен-ақ өзгеше еркелеткен. Есесіне ол сотқар, тентек болып, талайлардың есін шығарған. Ауыл келіншектерін таспен атқылап, рогаткамен атып қырғын салған. Бірде Сәбден шал есекке мінгестіріп, «Тарзан» киносына апарған. Содан қайтарда қара талдың бұтағына секіріп, одан тұт ағашына асылып, терекке өрмелеп, жұртты қайран қалдырған. Ақырында ағаштың басынан есектің үстіне топ ете түсіп, арқанның ұшындағы темір қазық басына кірш етіп кірген ғой. «Балықты» санаторийінің дәрігерлері баланы әзер аман алып қалыпты.
Тарзан бала Кенжекүл ананың айтқанына көнбестен тоқал тамдардың бірінен-біріне секіріп жүріп, үйдің төбесінен темір ыдыстарға құлап, көк шелектің тікірейген қос құлағы қарнын жарып кеткен. Қарны жазылмай жатып Балықты ауылының балаларымен және төбелескен... Итке тиісіп таланған. Тасып жатқан Арыс өзеніне ағып кете жаздаған. Трактордан комбайнға секіріп, ораққа түскен... Айта берсек таусылмайды...

СОТҚАРЛЫҒЫ СПОРТҚА ҰЛАСҚАН

Тентек бала тез басылды. Тарзаныңыз тосын мінез тапты. Бәрі адуынды атасы мен апасының арқасы екен ғой. Аудан орталығындағы Абай мектебіне ауысқанда азарлығы ауылда, безерлігі Балықтыбұлақ бойында қалып қойғанын түсініп күрсінді. Амал қанша...
Атақты Абай мектебінің сегізінші сыныбынан бастап-ақ сотқарыңыз спорттың сегіз-тоғыз түрімен қатар айналысуға кірісті де кетті. Бірте-бірте гимнастикадан, қазақ күресінен, баскетболдан, жүгіруден, еркін күрестен, шахматтан, дойбыдан – бірінші, волейбол мен велосипедтен екінші разрядтарға ие болды.
1964 жылы он бір жылдық мектепті бітіріп, Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсті. 1971-1973 жылдары Шымкент қорғасын зауытында, «Қазмонтажавтоматика» тресінде инженер болды. Одан кейін Алматыға ауысты. Республика Ғылым академиясы Экономика институтының инженері, аға экономисі, кіші ғылыми, аға ғылыми және бас ғылыми қызметкері атанды.
Осылайша Оразалы Сәбденнің өзгешелеу өсу баспалдақтары басталды. Спорттан қол үзбеді. Жиырма жасында КСРО спорт шебері, Қазақстан чемпионы атанды. Отыздан асар-аспаста зкономика ғылымының кандидаттығын қорғады.
Қиын да күрделі, алайда сәттіліктері басым болған Сәбденнің ерен еңбек жолында спортшылығы қашанда құлшынысқа бастап отырды. Ізгі ізденістердің, мақсат биіктеріне ұмтылыс барысында бойына да, ойына да күш-қуат пен қайрат-қажыр құятын қасиет сол спортшылық сайыпқырандығынан еді.

ҰЛТШЫЛ АТАНҒАН

1986-1987 жылдары ол Мәскеуде, КСРО Ғылым академиясының Экономика институтында ғылыми тағылымдамадан өтті. ХХ ғасырдың 70-ші және 80-жылдарында-ақ Сәбденнің ғылыми ізденістері кәсіпорындардағы желілік жоспарлаудың өзекті мәселелерін мәністей отырып, негізгі міндеттер мен мақсаттарды ұлттық мүдделерге қарата ойыстыруды ойластырмаққа саятын.
Спорт саңлағы ретінде де көкпарды, аударыспақты, асық ойнау мен қазақ күресін, тіпті шілік ойынына дейін шын беріле насихаттап, небір тартысты пікірсайыстарға қызу кірісіп кететін. Сөйтіп жүріп жоғары нәтижеге, тосын табысқа ие бола-тұғыны білініп тұрған Оразалыны Минск қаласында өтетін әлем чемпионатына қасақана жібермей қойды.
Мәскеуде, Абалкиннің атақты институтында докторлық диссертациясы алдын ала талқыланатын болды. Осы арада спортшыларға етене тән ерекше шыдамдылық пен әкесі Ерекеңнен сүйегіне сіңген текті төзімділік көмекке келгендей болды. Экономика институтының ғылыми-технологиялық прогресс бөлімі, неге екені белгісіз, табалдырықта сүрінді. Жүрегі мазасыздана атқақтады. Диссертация қорғағаннан бетер қатқыл талқылау ұзаққа созылды. Ұлы елдің үлкен ғылыми мінбесіндегі орта бойлы ғана Оразалы дейтін қайдағы бір қазақты менсінбей, сынай қарайтындар қатары қалың еді. Сәбден сыпайылықты жиып қойып, қыза-қыза келе еркінсіп, өзгелермен бірге қызу пікірталасқа кірісіп-ақ кеткен. Ақырында академиктердің көпшілігі қазағыңызды лажсыз мойындады.
Мынадай қорытынды жасалды: «Оразалы Сәбденовтің дайындаған диссертациясы докторлық дәрежеге лайықты. Қорғау мерзімі 1987 жылғы ақпан айы деп белгіленсін».
Кенет 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды. Мәскеуде оқып жүрген, жұмыс істеп, тұрып жатқан қазақтарға көзқарас осыдан соң күрт өзгерді. «Қазақ», «Қазақстан», «Алматы» деген сөздер бөтен мағыналар қосылып айтылатынға айналды.
Докторлық диссертация қорғайтын ай да келіп жетті. Ғылыми хатшы сазарып: «Сіз енді өз еліңізге барып қорғайтын шығарсыз. Солай, Сәбденович», – деді. «КСРО менің өз елім емес пе еді?!» – деді Оразалы сабырын сақтаса-дағы қалшылдап кетіп. Ғылыми хатшы мысқылмен мырс етті.
Желтоқсанға байланысты ұлтшыл атанып, Алматыға оралған Оразалы мұнда да кедергілерге ұшырап, тек 1989 жылы ғана экономика ғылымының докторы атанды. Қырықтан енді ғана асқанда осы саладағы тұңғыш жас ғалым ретінде тіркелді.

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ

Қырық үш жасында екі рет КИНЭС кітабына енді. 1990 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Төрт рет парламент депутаттығына сайланды. Экономикалық реформа комитетінің төрағасы, ТМД мемлекеттері парламентаралық ассамблеясы мәдениет, ғылым, білім және ақпарат комитетінің тең төрағасы, Қазақстан Инженерлер одағы қоғамдық-саяси қозғалысының ұйымдастырушысы және төрағаның орынбасары болды. 2001-2003 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, 2004 жылы Қазақстан-АҚШ талдау және болжау институтының президенті, 2006-2012 жылдары Экономика институтының директоры қызметтерін атқарды. Қазір Экономикалық саясат және жаһандану орталығының жетекшісі, бас ғылыми қызметкер.
Бір кездегі тентек бала, төбелескіш Тарзан, сотқар оқушы атанған Оразалы бүгінде әлемге әйгілі экономист ғалым. 700-ге жуық ғылыми еңбек пен 81 монографияның авторы. 2003 жылы «Қазақстанда нарық экономикасы дамуының концептуалды негіздері» атты еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Жақында Оразалы Сәбденнің 25 томдық жинағы жарық көрді. Әлемге әйгілі академик-ғалым халықаралық деңгейдегі бірқатар жобаны жасады. 2011 жылы Ресейдің атақты ғалымы А.Е.Арменский-
мен бірге жазған «ЕурАзЭО елдерінің даму заңдары негізіндегі тұрақты экономикалық өсімі» атты еңбегі жарық көрді. Бұл кітапта әлемнің тұрақты даму жобасы мен әдіснама негіздері ұсынылды. Осы жаңа парадигмаға байланысты ұсыныстары көптеген мемлекет басшыларынан қолдау тапты. Әлемдік дағдарыстарға жауап ретінде Сәбден жаңа рухани-идеологиялық тұжырымдама әзірледі. Сондай-ақ «Ұлы Жібек жолында «Түркістан өңірі» жаңа рухани-технологиялық кластерін құру» жобасы баспасөзде жарияланып, елді елең еткізді. «Адамзаттың ХХI ғасырдағы өмір сүру стратегиясының тұжырымдамасы және азық-түлік қауіпсіздігі» жобасы елімізде ғана емес, Еуропада да зор ықыласқа ие болды. Оның тұсаукесері Лондонда, Кембриджде өтті. Британ баспа үйі БАҚ өкілдеріне «Қазақстаннан келген академик өзінің ХХI ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясымен Лондонды таңғалдырды» деп мәлімдеме жасады. Аталмыш кітап Австралия, Жаңа Зеландия, Канада, Швеция, Нидерланды, Дания, Ұлыбритания, АҚШ елдерінде сатылды. Тұсаукесерлер Осло және Стокгольм қалаларында да өткізілмекші.
Академик Сәбден «Абай. Қазақстанның болашағы және әлемдік өркениет» атты кітабын шығарып, жұртты тағы да таңдантты. Кейбіреулер «осы Оразалының Абайда несі бар?» десіп мысқылдады. Алайда Абай да, сайып келгенде, ерекше экономист болып шықты. «Жаралы сезім», «Әйгерім», «Жақсы адам», «Жер» көркем фильмдері идеяларының авторы ретінде де көрермендерді қайран қалдырды.
Түркі қағандары жазғы ордаларын тіккен Түркібасы төбесіндегі бастаудың басында, Арыс пен Құлан өзендері қуана қосылар тұста «Түркібасы әулие» монументі менмұндалайды. Оны да салдырған осы Оразалыңыз еді...
 

Мархабат БАЙҒҰТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар