1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Бопсалаушы вирус

Бір вирус төрткіл дүниені дүр сілкіндірді. Бүкіл әлем улап-шулап жатыр: айдың күні аманда «бопсалаушы вирус» пайда болыпты. Әп-сәтте ол 100 елге жетіп, жан-жағын жалмауда. Бопсалаудың мәнісі мынада: ол сіздің компьютеріңізге кіріп алады да, ондағы барлық бағдарламаларды бұғаттап тастайды. Сосын оларды іске қосу үшін ақы (пара?) бопсалайды екен. Мәссаған, безгелдек! Билігі ғана емес, вирусы да жемқор боп кеткен уақыт-ай...

Бір қарағанда бұл адам сенгісіз жағдай. Бірақ осы вирусты ойлап тапқан хакерлер небәрі екі күннің ішінде 42 мың доллар пайда тауыпты. Әрине, миллиондарға құлағы үйренген әлемдік қауымдастық үшін бұл сома – бес тиындай, бірақ тәбет те ас үстінде келмей ме? Және де ол хакерлердің нақты шоттарын кім, қалай біліп жатыр деп ойлайсыз?
Бопсалаушы вирустың қайдан, кімнен шыққанын бүкіл дүниежүзі болып іздестіріп жатыр. Алпауыт мемлекеттердің арнайы қызметтері бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Бірақ қолдарын кеш сермеген сияқты, өйткені олардың «білгені – бір тоғыз, білмегені – тоқсан тоғыз»: ғаламтор секілді жаһандық мүмкіндіктің біз әлі біле бермейтін қыр-сыры мол, сондықтан да бар хакердің аузына қақпақ бола алмайсың. Сол себепті ертең «бопсалаушы вирустан» да өткен «жаңалықтар» болмасына кім кепіл?!
Жә, ғаламтор өзінің қауіпсіздік қызметтерінің арқасында дүниені дүрліктірген бұл пәледен құтылар. Аттары бөлек болғанымен, заты – бизнесі – бір корпорация ғой олардың бәрі.
Мен әңгімені басқа жаққа бұрғым келіп отыр.
Тақырып – бопсалау боп тұр ғой. Шынтуайтына келсек, нағыз бопсалаушы өз ішімізде. Оның аты – билік. Дәлірек айтқанда, сол биліктің атын пайдаланып жүрген нақты шенеуніктер.
Ауылдық әкімдіктен бір бет қағаз анықтама алғысы келгендерге «құрғақ қасық ауыз жыртады» деп қолын жайып, «түсінбесең, кейін келерсің» деп бопсалайтындар кім?
Мектепке, ауруханаға мұғалім не медбике сияқты қарапайым ғана жұмысқа тұру үшін пара талап етіп бопсалайтындар кім?
Онсыз да битін сығып, қанын жалап отырған оларды «барсаң да барасың, бармасаң да барасың» деп ЭКСПО-ға зорлап билет алғызып бопсалайтындар кім?
Ауыл-аймақта шағын кәсіпорын ашып, жұмыс орнын ұйымдастырып, өз тірлігін жасағысы келетін кәсіпкерге «маған бизнесіңнің пәлен процентін бермесең, ісің оңалмайды, керісінше, көзіңе көк шыбын үймелетемін» деп бизнесменді тығырыққа тіреп бопсалайтындар кім?
Сайлау комиссиясының мүшелерін «тиісті партияға берілген дауысты пәленше проценттен кем етіп жазсаң жұмысыңнан шығасың» деп қорытынды көрсеткіштерді көпе-көрінеу бұрмалауға мәжбүрлеп бопсалайтындар кім?
Немесе шетел инвесторы елге келе қалса, жақсы заңдарды алға тартып, бірақ «тек менімен ғана жұмыс істе, мен ғана барлық жағдайды жасап бере аламын» деп, экономикаға келе жатқан қаржының біршама бөлігіне қол салып, бейшара капиталисті бопсалайтындар кім?
Қарап отырсаңыз, бопсалау біздің өмір салтымызға айналып кеткелі қай заман!
Ең қызығы, осы бопсалауға елдің бәрі мойынсұнған, оны заңды деп қабылдайды. Бірен-саран жүрек жұтқан батырлар бұл жабайы дәстүрге қарсы шығып көріп еді, болмады: билік бастарына әңгіртаяқ ойнатты.
Компьютерлік әлемде осындай, басқан ізіне шөп шықпайтын тажалдарға қарсы антивирустық бағдарламалар қолданылады, солардың арқасында ғана ғаламтор әлі жойылып кеткен жоқ. Технология мен коммуникация дамыған сайын сол антивирустық бағдарламалар да, оларды жасайтын компаниялар да қарыштап дамып жатыр. Бір-бірімен бәсеке.
Ал виртуалды емес, нақты өмірде бопсалауды қызмет пен күн көру салтына айналдырып алған шен-шекпенділерге қарсы антивирустық бағдарламаның да рецепті бірдей әрі бірегей: сөз бен пікір бостандығы, билік тармақтарының тепе-теңдігі, әділ сайлау, халықтың бақылауы.
Бірақ техникада әр бағдарламаның өз лицензиясы болады. Онсыз ол заңсыз, тиімділігі мен жұмыс мерзімі де дүдәмал.
Амал не, Қазақстанда демократияшыл, антивирустық бағдарламаға лицензия әзірше берілмей тұр...
 

Әміржан ҚОСАНОВ
арнайы «Жас Алаш» үшін
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
362 | 19 мамыр 2017 01:46
Бәрiнен құтқаратын бiр ақ төте жол бар, ол Революция! Жаңа үкiмет келу керек,жаңа жол керек. Ал мына бұзылған қоғамды кiм мипаздап қайта тәрбиелей алады, болды,ендi ешкiм қалпына келтiре алмайды Төңкерiстен басқа.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар