1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №52 (16238)   30 маусым, жұма 2017
30 маусым 2017
Қазақстанға қоғамдық телеарнакерек пе?

Бейресми түрде «журналистер күні» аталатын 28 маусымда елде түрлі шаралар өтіп, БАҚ өкілдерін марапаттау, мадақтау, арқадан қағу сынды мерекелік жоралғылар жасалады. Сонымен бірге дәл осы күні Қазақстандағы сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі де сөз болады.

Сөз бостандығы туралы Ата заңда әдемі-ақ жазылған: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» (ҚР Конституциясы, 20-бап). Бірақ іс жүзінде басты заңда көрсетілген бостандықты Қазақстанда көру өте қиын. Өйткені елде жазылған заңнан гөрі жазылмаған заң әлдеқайда үстемірек (әкімшілік кедергілер, Конституциядан кейінгі заңдардағы шектеулер, әртүрлі сипаттағы сылтаулармен қудалау, еркін баспасөзді жабу). Осыған қарамастан, Конституцияда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқындап жазады. Егер осы басты заң талабына мойынсұнсақ, онда адамның ажырамас құқықтарының бірі – еркін, тәуелсіз ақпарат алу. Сондай ақпаратты біздің елдің азаматтары алып отыр ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін елдегі еркін баспасөз бен сөз бостандығы қандай деңгейде екенін анықтауға тура келеді. Иә, егер біздің шенеуніктер мен мемлекеттік ақпараттық саясатқа тәуелді баспасөз өкілдеріне салсаңыз, Қазақстан – Орталық Азиядағы сөз бостандығының аралы. Олар көптеген сыни материалдарды соған мысал етуден ұялмайды. Және соны сөз бостандығы мен еркін баспасөздің бар екенінің дәлелі деп атайды. Амал жоқ, олар жеңеді. Себебі жүйенің сөзіне жалқының айқайының шамасы жетпейтіні белгілі ғой. Осындай бар дейін десең жоқ, жоқ дейін десең бар, сиқырлы жағдайдағы Қазақстанның ішкі ақпараттық кеңістігінде қалың бұқара «Қазақ» газетінің орнына «Егеменді», қоғамдық телеарнаның орнына «Хабарды» көріп отыр. Ал тәуелсіз баспасөздің орнын такси жүргізушілері мен әр үйдің асханасы алмастырған. Жалпы, Конституцияда айтылғандай, «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің» негізгі алғышарттарының бірі – тәуелсіз һәм еркін баспасөз. Оның қазіргі заманғы нұсқасы – қоғамдық телеарна. Осыдан 15-20 жылдай бұрын қоғамдық телеарна құру, оның қажеттілігі туралы баспасөзде арагідік көтеріліп тұратын. Соңғы 10 жылдың бедерінде ол әңгіме мүлдем айтылмайтын болды. Жыл өткен сайын жүйе шеңбері тарылып келе жатқан Қазақстанда қоғамдық телеарна болуы мүмкін бе өзі деген сауал туады.

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, журналист, «Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің хатшысы:
– Қоғамдық телеарна – демократияның басты белгісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Хабар», КТК сынды жаңа телеарналар ашылып, жұмыс істей бастаған жылдары қоғамдық телеарнаның қажеттілігі, болуы керектігі туралы ой-пікірлер айтыла бастаған еді. Ол арна ешкімге бүйрегі бұрмайтын, ешкімнің сойылын соқпайтын, кез келген мәселеде бар тараптың пікірін бірдей беретін, халықтың – бюджеттің есебінен қаржыландырылатын және бақылау кеңесінде де түрлі көзқарастағы, белгілі адамдар болатын арна болса деген ұсыныстар айтылған. Бәрімізге мәлім, қазіргі әр телеарнаның артында оның белгілі иесі бар екені анық қой.
Қоғамдық телеарнаға халықтың ішкі сұранысы бар. Мәселен, мемлекеттік арналарды бұқараның көп бөлігі көрмейтіні баяғыдан айтылып келеді. Оның басты себебі – ол арналарда жетістік пен жақсы нәрселер ғана көрсетіледі де, түрлі саладағы кемшіліктер, өткір проблемалар, ел ішінде талқыланып жатқан мәселелер көтерілмейді. Ал қоғамдық телеарна түрлі көзқарастарды беріп, елдегі мәселелерді алаламай көтереді ғой. Ондай арна жоқ болған соң, оның орнын әртүрлі әзіл-сықақ, эстрада концерттерімен, жеңіл-желпі ток-шоулармен толтырып жатыр. Ал бұл жалпы телевидениенің беделін түсіріп жатыр. Екінші бір мәселе – кадрлық мәселе. Қоғамдық телеарна құрыла қалған күннің өзінде, қазіргідей жалақысы мардымсыз, жағдайы төмен қазақ журналистерінен қорықпай, жалтақтамай, алаңдамай өткір мәселелер көтере алатын қоғамдық баспасөз жасау қиын. Өйткені журналист тәуелсіз болу үшін де оның белгілі бір дәрежеде соған сай әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әрі жоғары табысы болуы шарт.
Қоғамдық телеарна, әрине, керек. Бірақ ол арнаны ашу қазіргі Қазақстанның жағдайында мүмкін бе деген сауал көлденеңдей береді...
Міне, бұл – телеәлемді ішінен білетін маманның сөзі. Демек, қоғамдық телеарнаның ауылы тым алыс. Яғни Қазақстандағы сөз, баспасөз бостандығы: ол – бостандықсыз бостандық. Түсініктірек етіп айтқанда, белгіленген шеңбер ішіндегі өлшеулі бостандық. Қоғамдық телеарнаның әзірге арман болып тұрғанының бір ұшы сонда жатыр.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар