1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (16239)   4 шілде, сейсенбі 2017
4 шілде 2017
Басқарманы ашып-жабу баланың ермегі ме?

Біз бір нәрсені улап-шулап жүріп бастап аламыз да, керек-керек еместігін кейіннен тәжірибе жүзінде анықтаймыз. Мұны қазақстандық жүйеге, қазіргі қазақ қоғамына тән ерекшелік десек те болады. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиясында өңірде арнайы тапсырмамен жүрген бас прокурор Жақып Асановтың аға көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова сөз алып, ел-жұрттың жағасын ұстатқан біраз фактілерді жария етті.

Аға көмекшінің айтуынша, “Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” пилоттық жобасы аясында Сарыағаш ауданында ішкі істер, әділет, денсаулық сақтау және тағы басқа да салалардың өкілдерінен құрылған топ ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін үгіт-насихат шараларын жүргізген. Осы науқан барысында бірқатар проблемалар анықталыпты.
«Отбасындағы жағдай сырт көзге ғана жақсы болып көрінеді», – дейді С.Тұрсынбекова. Тексеру кезінде ата-аналық жауапкершілігінен жалтару фактілері белгілі болған. Бір ауылда ерлі-зайыптылар бала-шағаларын кәрі әке-шешелеріне тастап, өздері белгісіз жаққа кетіп қалған. Дербісек ауылында ата-ана үш кішкентай баласын 90 жастағы әжесіне қалдырып кетіпті. Өздерінің қайда жүргені белгісіз.
Абай ауылында отбасындағы ана ішкілікке салынып, ал оның кәмелетке толмаған екі қызы үйден қашып кеткен. Үш бала тәрбиеленіп жатқан бір отбасында ешқандай құжат жоқ көрінеді. Осының салдарынан балалардың бірі мектепке бара алмаса, екіншісі аттестатын ала алмай жүрген көрінеді. Сарыағаш қаласында 13 жастағы жасөспірім қыз немере ағасынан жүкті болып қалған. Ауданда 1014 баланың аутизммен ауыратындығы да осы пилоттық жоба аясында белгілі болғанға ұқсайды. Сонымен осы аталған проблемаларды мәслихаттағы депутаттардың назарына салған аға көмекші облыста жуық арада отбасы, бала және жастар ісі жөніндегі дербес басқарма құру туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. Осы жөніндегі құжаттар қаржы министрлігіне жолданыпты. С.Тұрсынбекова аталған мәселеде халық қалаулыларынан қолдау сұрай келіпті. Депутаттар бұған қатысты пікір білдірген жоқ. Дегенмен күні ертең жаңа басқарма құру қажет деген ұсыныс бас прокуратураның өзінен түсіп жатса, мәслихаттың келісім беруді көп күттірмесі анық. Алайда асығыс-үсігіс ашыла салған басқарманың ғұмыры қаншалықты ұзақ болады? Біз осы жөнінде облыс әкімі жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлмира Боранбаеваны сөзге тартқан едік.
– Бүгінгі заман бәрін жаңаша істеуді қажет етеді. Қазір ауылдарды аралап жүріп кейбір отбасындағы жағдайды көрсеңіз, жылағыңыз келеді. Жасөспірімдердің тәрбиесі де алаңдатады. Небір сұмдық жағдайлар болып жатыр. Отбасы, әйелдер ісімен айналысатын қоғамдық ұйымдар да бар. Біздің комиссия көп жұмыстарды атқарып келеді. Дегенмен 3 миллион халықтың бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан осы саладағы қызметтерді үйлестіретін облыстық деңгейде жұмыс істейтін бір басқарманың құрылуын қолдаймын, – деді хатшы.
Дегенмен соңғы жылдары оңтүстікте облыс әкімдігінен басқарма құру, артынша оны таратып жіберудің әдетке айналып бара жатқаны рас. Әр басқарма бір сылтаумен ашылып, бір сылтаумен таратылады. Облыста жастар ісімен айналысатын басқарма онсыз да бар. Асқар Мырзахметовтің тұсында өз алдына дербес болып құрылған басқарма кейіннен білім басқармасына қосылды. Атамқұлов келгеннен кейін жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қайтадан дербестік алды. Облыста Астанаға тікелей бағынатын балалардың құқығын қорғау департаменті де болған. Кейіннен ол облыс әкімдігінің құрамына өтті де, артынша білім басқармасына қосылды. Облыста дін істері басқармасы да соңғы екі-үш жылдың көлемінде бір рет тарап, қайта құрылды. Қысқарту туралы мәселе қозғалса, тізімде бірінші болып тұратын тілдерді дамыту басқармасын Бейбіт Атамқұлов ақыр аяғында мұрағатқа жіберді. Дәлірегі, тіл басқармасы мұрағат және құжаттама басқармасына қосылып тынды.
Жаңадан құрылатын басқарма да осылардың кебін кимей ме? Бұдан кім ұтып, кім ұтылады? Басқарманы ашып-жабу баланың ермегі емес қой.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар