1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №54 (16240)   6 шілде, бейсенбі 2017
6 шілде 2017
Балиғатқа толмаған балағат

Бәрін айт та, бірін айт: YouTube-те Прикаспий колледжінің бір топ түлегінің өз оқу орнын балағаттап, ғайбат сәлем жолдағанының видеосын айт! Білім мен тәрбие саласына тікелей жауапты шенділер «мынау не деген сұмдық, дереу бұзықтарды жауапқа тарту керек» деп у-шу болып жатыр. Алайда бас жарып, көз шығармаған балаларды соттап (!), абақтыға жауып тастады. (Бесіктен белі шыға қоймаған оларды соншалықты қинап не көрініпті, құдды бір қаз ашуын тырнадан алғандай. Қолмен істегенді мойынмен көтеріп кешірім сұрады, енді ең болмағанда қоғамдық жұмыстарға жегіп, жазасын беруге де болар еді ғой!)
Әрине, «жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» деп, «осының бәрінің алдын алу керек еді» деп, әдеттегідей жазғырумен әңгімені тәмам қылуға болар еді: кім кімді балағаттап жатқан жоқ дейсің бұл былыққан заманда. Бірақ...
Өз басым, әрине, жасөспірімдердің осынау шектен шыққан қимыл-әрекетін қолдамаймын. О жағы түсінікті. Бірақ бұл ешбір жерде қайталана алмайтын, тек қана Атырауда орын алған оқиға деп кім айта алады?!
Әрине, мұнайлы астанадағы оқу орнының бізге әзірше беймәлім өз ерекшеліктері болуы мүмкін. Видеодан түйетін біраз нәрсе бар. Селфи мен ютуб заманы балаларының мына масқара қылығынан көп нәрсе ұғуға болады. Бәлкім, колледждеріндегі кейбір жайсыздықтардан құтылғандарын осылайша білдіргісі келген болар. Қайткенмен де нақты оқу орнына, нақты оқытушыларға деген бір теріс көзқарас жатыр. Оны тексеру анықтай жатар. Тек баз баяғы «бармақ басты, көз қысты» боп кетпесе болды тағы.
Мен болсам, мәселеге басқа бір қырынан қарағым келеді.
Осы жайттың субъективті де, объективті де себептер бар емес пе?!
Меніңше, небәрі 11-ақ секундқа созылған видеоның... 26 жылдық тарихы бар. Өйткені тәуелсіздік алғалы бізде небір моральдық, психологиялық метаморфозалар, талай жылғы түсініктер мен ұстанымдардың басын аяқ жаққа төңкеріп жіберген өзгерістер болып жатыр.
Мәселен, біз мектепте оқып жүргенде мұғалімнен беделі артық маман иесі болмады. Төр де соныкі, алғашқы сөз де соныкі, жүрекжарды сый мен құрмет те соныкі болатын. Ұстаздарды біз, оқушылар, ғана емес, дүйім жұрт сыйлайтын.
Қазір ше?
Осы жылдар ішінде өкімет ұстаздар қауымының беделін түсіру үшін бар жағдайды жасады. Күні-түні жұмыс істетіп қойып, мардымсыз жалақы төлейді. Ешқандай да әлеуметтік перспектива жоқ: не үй ала алмайды, не өмірдің басқа қызығын көре алмайды.
Оған қоса, лас саясаттың қолшоқпары етті: оқушыларды жиналыс пен шеруге апаратын да солар, сайлау кезінде үгіт-насихат жүргізіп, дауыс беруді бұрмалап, бюллетень лақтыратын, бір өзі бірнеше адамға дауыс беретін де солар. Керек десеңіз, үй-үйді аралап, әкімдіктің тапсырмасын орындап, әртүрлі мәлімет жинайтын да солар. Мына ЭКСПО-ға да амалсыздан билет сатып алып, өз ақшасына жол-пұлын төлеп, Астанаға барып қайтуға міндетті де солар.
Осының бәрін оқушылар көріп-біліп отыр. Беделі осылайша қолдан құлдыраған, жасанды түрде жермен-жексен болған ол қауымды жасөспірімдер балағаттамағанда не істейді?! Мыналар видеода көзге түсіп қалды, ал іштен тынып жүрген оқушылар қаншама?!
Мұның бәріне билік кінәлі екені рас. Бірақ осынау берекесіздікке қарсы бас көтермей, өз еркімен шенділердің «барып кел, шауып келіне» айналған ұстаздардың өзі де кінәлі.
Бұға берсең, сұға береді. Шынын айту керек, мен айтып отырған ертерек кездегі ұстаздар сол қошеметке шынымен де лайықты болды. Жо-жоқ, олар да советтік жүйенің зардабын бір адамдай шекті. Бірақ еңбек адамын, соның ішінде мұғалімді ардақтау, жалпы, мемлекеттік саясаттың бір ұстыны болды.
Болмаса, неге сол білімді, парасатты қауымның ішінен басынан сөз асырмайтын намысшыл біреуі шығып: «Мұғалімдерді сасық саясатқа, шенеуніктердің күмәнді істеріне араластырмаңдар! Біздің міндетіміз – тек білімді емес, адал, шыншыл, абыройын ойлауға тиіс ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін ең алдымен өзіміз таза болуымыз керек!» деп неге айтпайды?!
Сонымен бірге ескі педагогикалық әдістер мен XXI ғасырдағы ақпараттық, коммуникация мен технологиялық супермүмкіндіктердің адам миына сыйғысыз ғаламат мүмкіндіктері арасында заманауи тепе-теңдік бар ма?! Бір кітапты бір жыл бойына қаужап түсіндіретін жүйе ескірген жоқ па? Өйткені қазіргі интернет заманында балалар жақсыны да, жаманды да («бәленің бәрін»!) үйінде компьютері жоқ мұғалімінен бұрын біліп алады емес пе?!
Айтпақшы, оқу орнының ресми атауы «Прикаспий қазіргі заманғы колледжі» екен. Иә, қазіргі заманның колледжі осы. Қалпы да, нарқы да осы. Содан туатын дақпырты мен «даңқы» да осы!

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар