1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №54 (16240)   6 шілде, бейсенбі 2017
6 шілде 2017
Планета тарылса, пиғыл тарығады

(БИЛІКТЕГІ ҮРЕЙДІ ҚАЙ ТАРАПТАР ТІЛЕЙДІ?)
Танымдық ілімде баланс, тепе-теңдік, диспропорция деген ұғымдар бар. Ағымдағы ғылымның айтуынша, осынау үш анықтаманың жалпы адамзат дамуына тигізер ықпалы да орасан көрінеді.
Алдымен адамзаттың туабітті мекені саналатын Жер планетасындағы ықтимал таршылық пен ондағы Адамата ұрпағының мекендеу, туу һәм өсіп-өркендеуі туралы әңгімелер соңғы кезде танымдық санаға маза бермей отыр. Тіпті әңгіменің жаңғырығы өткен жылы Қазақстан президентінің аузынан да шықты. Әлбетте, жетіскеннен емес...
Яғни Жер жарықтықтың алдағы уақытта адамзат ұрпағына тарлық етуі әбден ықтимал дейді нақты ғылым берген деректер. Ал ондай жағдайда халқы – аз, жері – кең Қазақстан сияқты мықты дамушы елдердің жағдайы не болмақ?
Математикалық пропорция нұсқасымен сөйлер болсақ, Пушкин заманындағы планетаны мекендейтін адамдар саны қазіргіден бес есе кем болған. Яғни 1 миллиардқа жетер-жетпес Адамата ұрпағы тіршілік еткен.
Ал қазіргі жағдай ше? Қазіргі жағдай, шынында да, алаңдатарлықтай. Халық саны 1 миллиардтан асқан қос бірдей мемлекет бар. Оған алдағы 20-30 жылдың ішінде демографиялық өсім бойынша, Үндістан мен Қытайды басып озуға тиісті-мыс делінетін Нигерияны қоссаңыз, проблеманың қаншалықты өзекті екені айтпаса да түсінікті болса керек.
Жасыратыны жоқ, Жер тарылып келеді. Жермен қоса, оның ресурстары да түгесілуге жақын деген болжамдар айтыла бастады. Міне, соңғы кезде қазақ даласының астын үстіне шығарған жерге байланысты небір даулы оқиғалардың түпкі негізі осында жатыр деуге толық негіз бар.
«Мықтының арты диірмен тартады» дейді данышпан қазақ. Өзің мықты болсаң, жерің қарамағыңдағы халқыңды асырауға тарлық ете бастаса, Қазақстан мен Ресей сияқты ұлан-ғайыр жері, игерілмеген табиғи ресурстары мол мемлекеттердің жеріне көз қызықтырмағанда қайтпексің?!
Біз соңғы кезеңде қазақ даласын дүрбелеңге толтырып, билікті амалсыз болса да, бір сәт халық жағына шығаруға мәжбүр еткен қисынды оқиғалардың жаңғырын осыдан іздеуге тиістіміз.
Шынында да, Жер-Ананың Адамата ұрпағын ауырсына бастағаны аңғарылады. Адамзаттың өзі де жай жатқан жоқ. Түрлі жарылыстар, түрлі ғылыми мазмұндағы ізденістер, оқиғалар бүгінде ғылым мен таным айдынын қатты алаңдатып отыр.

***
Жер-Ананың адамзат ұрпағын асырай алу мүмкіндігі қандай деген сауалдың да туындауы заңды құбылыс. Нақты ғылым оның да есебін жасап қойған.
ЖЕР-АНА БАС-АЯҒЫ 14 МИЛЛИАРД АДАМДЫ ҒАНА АСЫРАЙ АЛМАҚ.
Ал қазіргі деңгей осы мөлшердің жартысынан асып отыр.
Ол дегеніңіз нені көрсетеді? Ол дегеніңіз – ықтимал ашаршылықтың, саяси тартыстар мен соғыстардың жаңғырығы.
Батыс дүниесінде қазірдің өзінде ықтимал табиғи катаклизмдерден үрейлену тенденциясы байқалады. Атап айтқанда, әлемдік су тасқыны болған жағдайда теңіздің ортасында жатқан тоқымдай ғана Ұлыбритания сияқты мемлекеттерді айтпағанда, Еуропаның біраз елдерінің де су астында қалу қатері бар.
Соған байланысты адам саны біршама сирек Еуразия құрлығы сияқты аймақтарға көз сұғын қадау тенденциялары күн өткен сайын күшейіп барады.
Әлбетте, мұндай ықтимал қатердің жері көп, халқы аз Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Соңғы кезде әлдебір тараптардан «Қазақстанда мекендейтін азаматтардың саны мен жер көлемінің сәйкестігіне байланысты» түрлі пікірлер айтылуда.
Олардың айтуынша, Қазақстан халқының тығыздығы жөнінен әлемде 184-ші орында. Яғни бір шаршы шақырымға келетін тұрғындар саны әлемдік деңгейден әлдеқайда төмен деген сөз.
Есесіне 1,5 млрд халқы бар Қытайды айтпағанда, көршілес Өзбекстандағы жағдай да қазақы болашаққа қатерлі болып отыр. Ферғана, Әндіжан, Наманган өңіріндегі халық тығыздығы бір шаршы шақырымға шаққанда Қытайдың халқы ең көп орналасқан провинцияларынан да жоғары.
Өзбекстанның халқы небары тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде анау-мынау емес, бақандай 10 млн адамға көбейді. Жиырма бес жылдағы 10 миллиондық өсім дегеніңіз – шынында да, көрші жатқан халқы аз, жері мол Қазақстанды айтпағанда, жалпақ жаһан үшін де үлкен проблема.
Өзбектердің бір бақыты – екі құдіретті державаның ортасында қысылмай, сол қапталында Қазақстан сияқты қауқарлы қорғанның тұруында деп болжауға болады. Рас, халық саны осыншама өскен консервативті өзбек этносының да этникалық тұрғыдағы проблемалары жеткілікті.
Атап айтқанда, ала тақиялы ағайын қауқары күн сайын артып келе жатқан парсы өркениетінің ықпалын қатты сезінуде.
Соған қарамастан, өзбектер өзінің жерін кеңейтіп қана қоймай, халық санын да өсіруге қол жеткізіп отыр.
«ПЛАНЕТАНЫҢ ТАРЫЛУЫ» проблематикасынан алып қарағанда, қазақ этносы үшін ол да үлкен проблема.
Қалай десек те, демограф сарапшылар аталмыш проблематиканың шешімін әр елдің ішкі экономикалық мүмкіндіктерінен іздестіреді. Қазіргі жағдайда Өзбекстаннан гөрі Қазақстанның интеграцияланған экономикасы қарқынды дамуда. Демек, Қазақ елінің ықтимал ортаазиялық экспансиядан қорғана, құтыла білуінің мүмкіндігі бар деген сөз.
Әлемдік, оның ішінде аймақтық социологиялық-демографиялық ахуал сөз болып отырған жерде біз не үшін экономиканы алдымен ауызға алдық дегенге келейік.
Ықтимал демографиялық экспансия жағдайында экономиканың маңызы өте үлкен болмақ. Мәселен, орыс империясының Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жылға дейін әлемдік деңгейдегі құдіретті мемлекеттердің бірі болғаны белгілі. Сөз арасында айта кетуге тиіспіз, Ресейдегі дүниежүзілік соғыс жаңғырығы, одан кейінгі қызыл төңкеріс – бәрі де қолтума саясаттың нәтижесі.
Әйтпесе 1913 жылғы бір деректерде француздың белгілі экономисі «алда-жалда патшалық Ресей осы қалпында дами берсе, жарты ғасырдан кейін орыс рублінің әлемдік валютаға айналатыны» туралы болжам айтады. Соған сәйкес, Ресейдің халқы да, халық саны да өсіп, жарты миллиард адамға жетеді деген болжам жасаған.
Ал ішкі-сыртқы қақтығыстар мен оқиғалардың әсерімен Ресейдің қазіргі экономикалық жағдайының «кері эволюцияға» ұшырағанын көріп отырмыз.
Бұл да үлкен сабақ.

***
Ал қазақ этносы осындай мазмұндағы болжамды ақиқаттарға қаншалықты әзір, қаншалықты дайын?
Күні кешеге дейін қазақта ұлттық демография деген болған емес. Біздің ұлттық демографиямыздың басында Мақаш Тәтімов қана тұрды. Одан кейін оған Әзімбай Ғали, тағы да басқа демограф мамандар ілесті.
Дегенмен Мақаш Тәтімовтің бұл орайдағы орны һәм патриоттық ниеті үлкен болғаны қазақтың зиялы қоғамына екібастан белгілі.
Мәкең – өмірін дәл осы біз айтып отырған проблемаға бағыштаған маман. Ол кісінің айтуынша, қазақ этносы өзінің өміршеңдігін сақтауы үшін әр отбасында кемінде төрт бала болуы керек еді. Себебі екі бала – ата-ананың орнын басса, оның біреуі – ауру-сырқаудың, түрлі апаттар мен әскери әрекеттің шығыны болмақ. Тек төртінші бала ғана ұлттық популяцияға өсім бермек.
Ал қазіргі қазақ этносының демографиялық өсімі бұл есепке қаншалықты сәйкеседі? Негізінен, өсім – Қазақстанның оңтүстігі мен Астана және Алматы қалаларында ғана. Қалған өңірлердегі бала туу саны межелі мөлшерден әлдеқайда төмен.
Енді елдегі бала туу деңгейінің неліктен біркелкі еместігіне, нақтырақ айтқанда, төмендігіне тоқтала кетелік. Қазіргі заманда тіршіліктің басты тетігі ақша саналады. Бала тудырдың ба, оны жеткізуің, асырап бағуың керек. Ол үшін жақсы жұмысың, ақшаң болуы шарт.
Ресейдегі депопуляциялық ахуал бізге де үлгі болса құба-құп дер едік. Қазіргі орыстардың өсімі Ұлы Отан соғысының алдындағыдан екі-үш есе кем. Сондықтан Путин үкіметі бала тууды барынша ынталандыруға күш салуда. Нақтырақ айтқанда, әр туған балаға төленетін жөргекпұл мөлшері мемлекеттің бақылауында.
Ал Қазақстанда жаңа туған нәрестеге көрсетілетін күтім үшін төленетін ақы жалпы жалақы деңгейінің орташа мөлшеріне байланысты. Әрі соған орай құбылып тұрады. Әрине, мұндай социологиялық-қаржылық саясаттың бала тууды ынталандырмайтыны айтпаса да белгілі.
Кейбір сарапшылар, өзіміз жоғарыда айтып өткендей, халқының тығыздығы жөнінен әлемде 184-ші орында тұрған Қазақстанда жұмыс қолының тапшылығын алға тартады. Басқаша айтқанда, «сіздерде жер көп, бірақ жұмыс күші аз, сол әділдік пе?» деген пиғылда.
Ал ол нені көрсетеді? Ол – күні кеше қазақ даласын дүбірлеткен жерге байланысты солақай пікірлер мен оған ілескен оқиғалардың нақты себебі.

***
Қазір түрлі тараптардан осы мәселеге байланысты сан алуан күмәнді пікірлер де айтылуда. Қазақта «бір ұрты – май, бір ұрты – қан» деген мәтел бар. Бір жағынан алып қарағанда, біз көтеріп отырған проблемаға байланысты пікірлер тасқынын осындай екі тұрғыдан қарастыруға болады.
Қазақстанның халқын өсіру керек-мыс деген кейбір екіұштылау пікірлердің астарында небір сұрқия ойлардың жатқанын да аңғару қиын емес. Кейбір ақпарат құралдарына көз салсаңыз, осындай пиғылдағы пікірлер кездесіп тұрады. «Қазақ халқын көбейту, сапасын арттыру үшін небір амал-айладан бас тартпауы керек» деген жымысқы пікір білдіреді ондайлар.
Олардың дегеніне құлақ түрсек, «амал-айланың» арасында «басқа ұлттың ақылды азаматтарынан ұрық алу, ұрпақ тарату» сияқты ұсыныстар көрініс береді.
Оу, сонда қазақтың өз азаматының ұрығы сапасыз дегенді кім айтыпты? Онсыз да түрлі оқиғалардың әсерімен этникалық тазалыққа кінәрат түсе бастағаны аз ба?
Әлде 1959-60 жылдары бала туудан дүниежүзілік рекорд жасаған қазақ әйелі ана болу қабілетін әлсіретіп алды ма екен?
Шынында да, мұндай пікірлер ұлттық патриотизмді онша қуанта қоймайтыны айтпаса да белгілі.
Сондай-ақ «Қазақстандағы күйеуі жоқ 300 мың әйелдің дені жоғары білімді. Сондықтан олар ұлттық демографияға айтарлықтай үлес қоса алмай отыр. Ауылдың төменетекті әйелінен гөрі солардан туған бала сапалы болуға тиіс» деген солақай пиғылдар да айтылуда.
Оу, сонда Абайды, Абылайды туған қазақ әйелі Оксфорд университетін бітірді дегенді кім айтыпты?!
Жеме-жемге келгенде осындай теріс ниеттердің астарында қазақ ұлтының болашағына балта шабу, яғни біз көтеріп отырған «планетаның тарылуы» проблемасынан туған пиғылдар жатыр.
Бұл да қазіргі қоғамымыздың бір ақиқаты.

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар