1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
11 шілде 2017
Аятжан АХМЕТЖАН, KAZBILIM орталығының директоры: БАЛАСЫН ОРЫС СЫНЫБЫНА БЕРЕТІНДЕРГЕ ЖАНЫМ АШИДЫ

«Ел боламыз, Қазақстанда тұрамыз, ұрпағымызды тәрбиелейміз деген адамдар балаларын қазақ мектебіне, қазақ балабақшаларына беріп жатыр». Бұл – менің сөзім емес, президент Н.Назарбаевтың 2017 жылы 20 сәуірдегі белгілі қаламгерлермен кездесуіндегі сөзі. Иә, ақылды бұл сөздің ақиқаты өз тәуелсіздігін жариялағанына 26 жыл болған Қазақ елінің тұрғыны үшін дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Бүгінде орыс мектебінде баласын кімдер оқытады? Орыс мектебінде болашағын Қазақ елімен емес, солтүстік көршімен байланыстыратын қауым оқытады, оның көбісі тарихи Отанына қайтқысы келетін орыс ұлтының өкілдері мен аздаған жатырынан жерінген қаракөздеріміз. Басқа бірде-бір қауым орыс мектебіне баласын бермейді, оны сәлден кейін сандар сөйлегенде байқарсыз.
«Балаңды қазақ мектебіне бер!» Бұл – кезінде замананың зарына, қаймана қазақтың қайғысына айналып, оқытқысы келсе де, қазақ мектебін таба алмай әуреге түскен, қазақ мектебін аштыру үшін айтылған өткен замандағы ұран, ал бүгін парыз. Парыз дейміз-ау, ертең баласын Қазақ елінде үлкен табысқа жетсін дейтін қауымда одан басқа таңдау жоқ.
Кезінде орыс тілінен әбден таяқ жеген, орыс тілін білмегендіктен көп арманы орындалмай қалған ата-ана баласын орыс мектебіне сүйреді, орыстың тілін білу мақсатқа жетудің жалғыз жолы болса, бүгін заман кері айналды. Бүгін базбіреу қанша мойындағысы келмесе де, тарих өз дегенін жасайтындығын дәлелдеді. Тұғырлы тәуелсіздігіміз тұрған сәтте енді, бәлкім, он жылда, бәлкім, одан да бұрын Қазақстанда қазақ тілін білмейтін адамға табысқа жететін ауа жоқ. Бұл – қазақ қоғамының сіз қаламасаңыз да қалыптасатын ақиқаты.
Бәлкім, балаңызды орыс мектептеріне берудегі мақсатыңыз, ойыңыз басқа шығар, бірақ біз сізге емес, балаңызға жанымыз ашиды. Сіздің ойыңыздан жасап алған ертегілеріңізден ауытқып шындықпен қарап, балаңызды қазақ сыныбына апармасаңыз, бармақ шайнайтыныңызды ойласам, талантты балаңызға қастандығыңызды қолыңызбен, жарамсыз ойыңызбен жасайтыныңызға күйемін.
Жә, жақсы, көп сөйлемейік, дәлелді сөзге жүгінелік.
Бірінші себеп – Қазақстан демографиясы, қазақ үлесі. Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16 199,2 мың адам, оның 6 534,6 мыңы, яғни 41 пайызы қазақ ұлты еді. Ал орыс ұлты 6 227,5 мың, яғни 38 пайызын ұстайтын еді. Ал қазір ше? Бүгінгі көрсеткіш бойынша Қазақстан халқының саны – 18 миллион 22 мың 500 адам, оның ішінде 12 миллион 780 мың адам, яғни 71 пайыз қазақтар, 3 миллион 710 мың адам, яғни 20,6 пайыз орыстар, 613 мың адам, яғни 3,4 пайызы өзбектер. Бұл санды мәліметтер есті адамды ойландырса керек. Қазақ санының күн санап артуы мен Қазақстандағы орыс ұлты санының күн санап кемуі Қазақстандағы орыс тілінің қаласа да, қаламаса да құлдырауы екені ақиқат.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне 100 пайыз көтерілмесе де, қазақ топырағындағы қазақ ұлтының сандық үлесі артуына байланысты мемлекеттік деңгейдегі тағына бәрібір отырады.
Екінші себеп – орыс тілінің әлемдік аясының тарылуы. Кеңестік кезеңдерде әлемнің 400 миллионға жуық адамы орыс тілін ресми қолданса, бүгінде бұл көрсеткіш 200 миллионға жетпейді. Негізінен, жалғыз Ресейдің мемлекеттік тілі. Бұл – халықаралық тілдер тобындағы орыс тілінің ешқандай да әлемдік орнының жоқ екенінің дәлелі. Не өзі тұратын елдің мемлекеттік тілі емес, не әлемдік орны жоқ, құлдырап бара жатқан тілдегі мектепке баласын беру баласының болашағына жасалған қиянат демеске шара жоқ.
Үшінші себеп – қазақ мектептерінің білім сапасының артуы. Кезінде алғаш мектепке барып жүрген кезде қазақ мектептерінде білім жоқ, орыс мектептері жақсы білім береді деген қолдан жасалған ертегі бар еді. Бірақ уақыт оның да өтірік екенін дәлелдеді. Сандар сөйлесін...
2016 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 толық балын жинаған 19 оқушының бәрі тек қазақ сыныбының түлегі, республика бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен 10 мектептің 8-і таза қазақ мектебі, бірі орыс, бірі аралас мектеп.
2017 жылы 139 балл жинаған Тасан Саят Елтайұлы қазақ мектебінің түлегі, 2017 жылғы үздік көрсеткіш те қазақ мектептерінің еншісінде.
Соңғы бес жылда ҰБТ нәтижесі бойынша да, жалпы рейтинг бойынша да қазақ мектептері оқ бойы озық тұр. Мысалы, Астана қаласының үздік 10 мектебінің қатарындағы 8-і таза қазақ мектебі.
Әлемдік пәндік олимпиадада оза шауып алтыннан алқа тағынып, елдің атын шығарып жүргендер де қазақ мектептерінің оқушылары немесе қазақ-түрік лицейлерінің түлектері (қазақ-түрік лицейінде орыс сыныбы деген түсінік атымен жоқ) екені жасырын емес.
Білім саласындағы қандай бәсекеде де басты бәсекелес қазақ мектептерінің арасында жүретін бүгінгі сала мамандарына жасырын емес.
Төртінші себеп – білім гранттарының бөлінуі. Қазақстан Республикасы жоғары білім гранттары 2014 жылы 65 пайыз қазақ тобы, 35 пайыз орыс тобына, 2015 жылы 75 пайыз қазақ тобы, 25 пайыз орыс тобына, 2016 жылы да 75 пайыз қазақ тобы, 25 пайыз орыс тобына бөлінген. Ал биыл, 2017 жылы жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек өтініш беріп, олардың
67 627-сі (76,3 пайыз) қазақ тілінде және 20 968-і (23,6 пайыз) орыс тілінде тапсыруға өтініш берген. Бұл көрсеткіштер біз қанша сақтап қалуға тырысқанмен де, жоғары оқу орнындағы орыс топтары көп өтпей жабылатындығының дәлелі. Оның үстіне соңғы жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында орыс топтарының орнына ағылшын тілі топтары ашылып жатқаны анық. Енді орыс мектебіне берген балаңызды болашақта қаламасаңыз да Ресейге апарып оқытасыз, әйтпесе қазақ сыныбына жетектейсіз... Басқа таңдау жоқ. Мен орыс сыныбына барып, болашақта жоғары оқу орнында қиналатын балаға жаным ашиды, ата-анасына ақыл кеш кіре ме деп...
Ал төменгі буында да сол жағдай, мысалы Назарбаев зияткерлік мектептеріне тапсырушы түлектердің үлесіне қарайық. Мәселен, Астана қаласындағы екі Назарбаев зияткерлік мектебіне 1185 оқушы қазақ сыныбына, 520 оқушы орыс сыныбына өтініш берген. Бұл зияткерлік мектептердің де біртіндеп таза қазақ мектептері қатарына өтетіні анық.
Бесінші себеп – мектеп-тердегі қазақ сыныптарының үлесі. Қазір еліміз бойынша 83 пайыз бала қазақ сыныптарында, 16 пайызға жуық бала орыс сыныбында, 1 пайызға жетпейтін бала өзге тілді мектептерде білім алады. Ал өткен жылы, 2016 жылы 1-сыныпқа барғандардың 89 пайызы қазақ сыныбына, 10 пайыздан асар-аспасы орыс сыныбына барғанын ескерсек, болашақта орыс сыныптарын бітірушілер қазіргі өзге тілді мектепті бітірушілер секілді Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсыруға мәжбүр екені анық. Себебі өзі 10 пайызға жетпейтін орыс сыныптары балаларының жартысынан көбі Қазақ елінде оқымайтын этникалық орыстар екенін есерсек, болашақта жоғары оқу орнына түсуге тапсырушылардың орыстілді үлесі 5 пайызға жетпейтіні ешқандай да құпия емес.
Тарих тек алға жылжиды, оны кері шегеру ешкімнің қолынан келмейтіні ақиқат. Қазақ тілінің өркендеуі, қазақ қоғамының көтерілуі де дәл солай. Орыстілді қауым қанша жанын сала қорғаса да, тыраштанса да, болашақта Қазақ елі үшін №1 тіл – қазақ тілі. Қазақ тілі тек заңда емес, өмірде, экономикада, қолданыста, қаттырақ айтқанда, Қазақстанда нан тауып жеуде, өмір сүруде білмесе болмайтын тіл болары анық. Оны билік жасамайды, оны қазақ ұлтының күшеюі мен тарих өзі жасайды. Сол кезде балаңыз көптен бөлініп қалмасын десеңіз, табысқа жетсін десеңіз, онда бүгін ойланбасқа шара жоқ.
Алтыншы себеп – үш тілді оқыту жүйесінің орнауы. Шынын айтқанда, ешқандай үш тілді бағдарлама жоқ, оның аты үш тілді оқыту болғанымен, заты қос тілді оқыту бағдарламасы екені бағдарламаның жүйесін көріп жүрген бізге түсінікті. Маған сенбесеңіз, президент Н.Назарбаевтың 2017 жылғы халыққа арнаған жолдауында: «...атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет», – дейді.
Міне, енді президенттің сөзіне мән берсек, үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшеміз, бірақ қазақ тіліне басымдылық сақталады, тіпті ары қарай дамиды деп ашық айтылып отыр. Ал қазақ тілінің басымдылығы сақталса, оның үстіне дами түссе, қазіргі үшінші тіл болып тұрған ағылшын тілі қай тілдің есебінде дамуы керек, әрине, орыс тілінің орын босатуынан деген сөз. Ренжімеңіздер, бұл – менің шешімім емес, президенттің шешімі.
Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деді. Қараңыз, орыс тіліне емес, қазақ тіліне аударылады. Бұл үрдіс Қазақстанда болашақта әлденеше есеге дамиды, себебі «орыс тілі – ғылым тілі» деген қолдан жасалған қиял-ғажайып ертегіге ешкім де сенбейді, ғылымды тікелей ағылшын тілінен алу мүмкіндігі тұрғанда, ешкім орыс шовинизмі араласқан орыстілді оқу құралдарына жүгінбейді.
Жетінші себеп – орыстілді сапалы маман тапшылығы. Бірде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың орыс мектептері үшін мұғалімдерді Ресей мен Украинадан алдыруды ұсынып, күлкіге қалғаны бәріміздің есімізде болар. Орыс мектебіне сабақ беретін сапалы мұғалім азайды, бұл үрдіс ауырламаса, оңалмайды. Оған және бір дәлел, 2017 жылы 4 шілде күні Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі Facebook-тағы парақшасында: «Қазіргі таңда орыс сыныптарына сабақ беретін бастауыш мамандарының тапшылығына байланысты 1-ші орыс сыныптарына құжаттар уақытша қабылданбайды. Мұғалім алған күні қабылдау бойынша ақпарат жариялаймыз», – деген хабар таратты. Міне, енді орыс сыныбына сапалы маман табу түгіл, мамандық иесін табудың өзі үлкен мәселе.
Осы үрдіспен шынайы қарасақ, болашақта тіпті орыс мектебі деген түсінік жоғалатын күн де алыс емес. Қарапайым мысал, Астана қаласына көшіп келгеннен бері бірде-бір таза орыс мектебі ашылмады, орыс тілінде білім беріп келген мектептердің біразы аралас мектепке, тіпті таза қазақ мектептеріне айналып үлгергенін көріп отырмыз.
Бүгінде қазақ мектептерінің түлектері әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында, Еуропаның төрінде, АҚШ-тың үздік университеттерінің аясында білім алып жүргені ешкімге де жасырын емес. Ал орыс сыныбын бітірген бала ары кетсе Мәскеуден тұрақ табар...
Ойланыңыз!
Тәуелсіздіктің ширек ғасырын қорытындылаған ел үшін бүгінде жаңа құндылықтар бой көтерді. Уақыт пен тарихтың өзі көп дүниені реттейтіні түсінікті күйге жетті. Басқасын айтпағанда, орыстілді ақпараттық ортаның ешқандай күші қалмағаны, қазақ басылымдарының күш алғаны, орнының нығайғаны анық.
Басқасын айтпағанда, әлеуметтік желінің өзінде орыс тілінде көтерілген мәселеге жұрт назар аудармайды да. Ал дәл сол мәселе қазақ тілінде көтерілсе, мыңдаған жұрт талқыға салады. Осыған дейін «бізден басқа кім бар» деп кеудесін қағып келген орыс сайттарының өзі жаппай қазақ тіліне ден қойып, қазақша мақала жазуға көшті. Бұл – әлеуметтік ортаның қазақ ортасына ығысуы.
Қазақта «көп қорқытады, терең батырады» деген тәмсіл бар, базбіреулер жанын сала орыс тілін қорғаса да, сіз балаңызды орыс сыныбына берсеңіз де, Қазақ еліндегі орыс тілі енді оң жамбасымен тұрмайды. Сіз ағысқа қарсы шықпаңыз, біз сіздің балаңызға жанымыз ашиды, жанымыз ашығандықтан айтамыз.
«Балаңды қазақ мектебіне бер!» Бұл – кезінде ұлтты сақтау үшін айтылған ұран болса, бұл күнде ұрпаққа жаны ашығаннан айтылатын ақыл. Сіз балаңызды жоғары белестен көргіңіз келе ме, алдағы оқу жылында балаңызды қазақ мектебіне ауыстырыңыз, қазақ мектебіне беріңіз, мұны қазақ «есің барда еліңді тап» дейді. Сіздер де естеріңіз барда елдеріңізді табыңыздар...
«Балам ертең қоғамнан оқшауланып қалмасын» десеңіз, онда бүгін ойланыңыз, ескерту бізге парыз.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
Динара | 11 шілде 2017 16:24
Шындығы шыңғырып тұрып жазылған мақала. Жарайсыз, Аятжан! Шынымен де, орыс тілінің ортамызlан ығысып бара жатқанын көріп отырмыз. Қазақ тілінің көсегесі көгеріп, ұлттың ұяты орнына келер деген сенімім артпаса, кемімейді.
Зайр | 11 шілде 2017 22:51
Жақсы жазылған елім деген ердің сөзі
Сейтжан | 12 шілде 2017 09:09
Өкінішке орай, мемлекеттік органдарда, əсіресе ұлттық компанияларда қазақ тілін керек етіп отырғаны шамалы. Жиналыстардың бəрі орыс тілінде өтеді, іс қағаздар орыс тілінде жүргізіледі, қазақ тіліндегі нұсқалары мағынасыз, сын көтермейді. Ешқандай талап жоқ, өйткені талап ететін басшылардың өздері орыс тілді. Қазақ тілінің қажеттілігі болмай, мəртебесі ешқашан өспейді.
Баймұрат Анарбекұлы | 12 шілде 2017 18:38
Керемет жазылған мақала. Əрбір қазақ қазақ тілін кұрметтеп, қадірлесе Қазақ тілінің мəртебесі жоғарылайтыны хақ.
Бимырза | 12 шілде 2017 22:36
Бұл шындық. Мен балаларымды 1990 жылдардың бас жағында ҚАЗАҚ мектебіне бердім. Оған өкінбеймін, өйткені балаларым өз АНА тілінде білім алды, ҚАЗАҚша тәрбиеленді. Қазір санасы да, білімі де еш мәңгүрттен кем емес, артық болмаса. Үлкенді сыйлай білетін,ҚАЗАҚы тәрбие көрген, жүрегіне ИМАН ұялатқан балаларыма жаратушы АЛЛА ұзақ ғұмыр бергей!
Бахытгул | 14 шілде 2017 20:35
Қазақ мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиет пәнін қызықтырак өткізуге тырыса сағаты көбірек болса әдеби шығармаларды талдауға нұр үстіне нұр болар еді Әсіресе 5 сыныптан бастап осы пәндерге мұқият назар аударса бөлінген уақытын көбейтіп ,пәнге қызығушылық тудыратын (шығармашылық кештер, ақындық үйірмелер )іс шаралар қолға алса
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар