1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
11 шілде 2017
Отан неден басталады?

Бұл ертеректе болған оқиға-тұғын. Мұғалім оқушыларға «Отан» деген тақырыпта шығарма жазуға тапсырма береді. Балалардың бәрі мұрындары пысылдап, ақ қағазға шұқшиып, оқыған, естіген, білгендерін жазады. Бір бала шығарманың тақырыбы ғана жазылған ақ парақты өткізеді. Кейін мұғалім әлгі оқушыдан шығарманы жазбауының себебін сұрағанда, ол: «Көршім Нұрболдың әкесі, ауыл басшысы туралы не деп жазам?» – депті. Сөйтсе, ауыл әкімінің аты Отан екен. Баланың ұғымында Отан деген ауыл әкімінің ныспысы болып бекіп қалған ғой. Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, ол бала Отан туралы шығарма жаз десе, қазір де жарытып ештеңе жаза алмас еді. Неге? Себебі бізде Отан деген ұғым қалыптасып, санаға сіңіп орнықпаған.

Отан ұғымының кеңістігін, тұтастығын сезіне алатын адамдар бар, әрине. Бірақ ол түсінік қоғамда жоқ. Есесіне бізде жершілдік пен рушылдық қатты дамыған. Дамығаны соншалықты – елдің дамуына салынған шідер секілді, бөтен адамның адымын аштырмайтын шырмауық сияқты. Кейде тіпті Қазақстан аспанын күннен көлегейлеп тұрып алатын бұлттай әсер қалдырады. Бәлкім, соның да әсері ме екен, Отан ұғымының біздің санамызға сіңбей, су бетіне шыққан майдай болып кілкіп тұратыны. Біз отаншылдықтың орнын басып тұрған жершілдік пен рушылдықты бекер айтып отырған жоқпыз. Қоғамның ішкі құрылысынан сұраныс пайда болады десек, биліктің «Туған жер» бағдарламасы да сондай сұраныстан туып отыр. Әйтпесе билік «Қазақстан – жалғызым!» деген жалпыұлттық бағдарлама қабылдауына болар еді. Бірақ ондай бағдарлама үшін биліктің өзі жершілдік пен рушылдықтан арылып, өз бойында отаншылдықты қалыптастыруы керек қой. Ал отаншылдық билікте де, қоғамда да жоқ. Содан келіп «апама жездем сай» болады. Мәселен, еліміздің бір ауылының оқушылары қыста мектепке қатынайтын ескі автобустары күнде сынып, оқудан кешігіп жатады әрі бұл жағдай жыл сайын қайталанады, ал тура сол ауылдың іргесіне барып, бір рудың адамдары батыр бабаларына ескерткіш қойып, ат шаптырып аста-төк той жасап, ақшаны судай шашады. Мектеп болса сол ескі, Совет өкіметінен қалған автобуспен қала береді. Немесе бір бай ауылына барып мешіт салады. Қыруар қаражат жұмсайды. Ал сол ауылдан шыққан талантты бала оқуға түсе алмай тауы шағылып, сағы сынып, болашаққа деген үміт оты өшіп, тіршілік ағынымен кете барады. Бұл үлкен өмірдің қарапайым мысалдары. Мысалы, оңтүстіктің азаматы солтүстікте мектеп салыпты, батыстағы бір облыс үздік оқушылардан жинақталған топты Шығыс Қазақстанды танып-білуге, көруге жазғы демалысқа жіберіпті деген жаңалықты осы күнге дейін естіген емеспін. Есесіне жершілдік пен рушылдықтың күлімсі иісі шыққан әңгімелерді күнде естіп жатамыз. Демек, бізге Отаннан гөрі өз руымыз, өз туған жеріміз шығандап кетті дегенде, сол аймақтан шыққан жершіл топтар әлдеқайда маңызды.
Жершілдік дегенде жер еске түседі. 2016 жылы бірнеше қалада ірілі-ұсақты жерді қорғау митингілері болды. Сол митингіге мен де бардым. Көрдім. Бірақ әдетте жершілдікпен «сырқаттанған» қатты «науқас» биліктегі де, қоғамдағы да түрлі топтардың қарасын көрмедім. Сонда ойладым, оларға жердің тұтастығы емес, өз ауылының амандығы ғана керек екен-ау деп... Әдетте мұндай жершілдер әртүрлі мемлекеттік-қоғамдық лауазымды қызметте, ел ішінде әжептәуір беделі бар адамдар болып келеді. Олар маңына жершілдерді топтастырып әрекет етеді. Мұндайдың жарқын көрінісі – бүгінгі билік. Оны ешкімге тәптіштеп түсіндірудің қажеті жоқ шығар. Мұндай жағдайда Отан деген ұғымды, отаншылдықты емге таппайсыз. Есесіне «Шығысым – шынарым», «Батысым – бағым», «Оңтүстігім – жәннатым», «Солтүстігім – жерұйығым» деген сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген бір Отанның қиқым пұшпақтары көп-ақ. Яғни қоғам санасында бөлінбейтін, бөлшектенбейтін, біртұтас Отан ұғымы жоқ. Ол ұғымды орнықтыратын биліктің түрі – анау. Өзі жер мен руға бөлініп отыр.
Қоғам мен биліктің бойындағы отаншылдықтың жоқтығы әркез байқалып жатады. Оқырманның есінде болса, бірер жыл бұрын мемлекет атауын өзгерту туралы қызу пікірталас болды. «Қазақия, Қазақ елі, Қазақ Республикасы» деген түрлі атаулар ұсынылды. Байқасаңыз, жоғарыдан бастау алып, төменде талқыланған осы бастаманың өзі-ақ біздегі Отан деген ұлы түсініктің жерге қонбай, ауада қалықтап жүргенінің белгісі. Әйтпесе ұрпақ санасында Отан деген нәрсе о бастан бір бүтін болып шегеленсе, Отанның атын өзгерту былай тұрсын, оның тарихының үтір-нүктесіне дейін қатаң қорғалып, бірізділік пен нақты деректен ауытқымай, отантанудың шамшырағы болып тұрар еді. Ал біздің тарихтағы өз «сырқатымызға» қарай бейімдеп алғанымыз соншалық – тарихтан жүйелілік, бірізділік, деректілік табу қиын. Қиын болатыны – бізде бәрі «тарихшы». Тарихшы болғанда өз аймағына, өз руына, өз ауылына тартатын «тарихшылар». Мемлекет үшін мұндай маңызды дүниені реттеуде билік қайда қарап отыр дерсіз, ал ол тарихты өзінен бастауға әлектенгелі біраз жыл болды. Яғни қоғам мен биліктің бір-біріне күлер жағдайы жоқ. Отан ұғымы «Менің Отаным – кең-байтақ Қазақстан!» деген бір ауыз сөзден әрі аспайтын қоғамда өскен бала Отан туралы тебіреніспен шығарма жаза алмасы анық. Оны айтасыз, адам аяғы жететін тау-тастың саласы, орман-тоғайдың іші, өзен-көлдің жағасы қоқысқа толып жатқанын көргенде Отан дейтін киелі түсініктің біз үшін өте алыста екенін түсінесіз. Және біздің «Менің елім – менің жерім!» деген ұранның да шын мәнінде өтірік сөз екенін білесіз. Ал сол елін, жерін «сүйе» тұрып, оны қоқыс қапшығына айналдырып жатқандардың сөзіне құлақ түрсеңіз, «Отан үшін отқа түсуге» дайын отырады. Міне, біздің жағдайымыз. Демек, біз үшін Отанның неден басталатыны әлі белгісіз. Өйткені қоғамдық санамызда ондай түсінік қалыптасқан жоқ. Оның үстіне табиғатты қалай қоқысқа толтырып жүрсек, ішіміз де дәл сондай қоқысқа толы.  Отан неден басталады? Тым болмағанда ойлана жүргенге жақсы...

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар