1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Қытайдан ба, биліктен бе?

Қазақ қоғамы Қытай десе өре түрегеледі. Қашанғы әдеті. Біраз жыл бұрын күзге салым Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы саябақта өтетін мемлекеттік тілді қорғау митингілерінде де «Қытайға жер берілмесін!» деген ұрандар көтеріліп жататын. Ақыры сол «Қытайға жер берілмесіннің» соңы 2016 жылы бірнеше қаладағы үлкенді-кішілі шерулерге ұласты. Шерулердің аяғы немен тынғанын жұрт жақсы біледі. Бірақ қоғамның Қытайға қарсылығы артпаса, бәсеңсіген жоқ. Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасындағы әрбір мәселе үнемі жұрт назарында, қызу талқыланып жатады. Бұл жолы да солай болды.

Шілденің 12-сінде Астанада Қазақстан-Қытай аграрлық инвестициялық форумы өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі министрлік сайтында форум жайлы егжей-тегжейлі баяндапты. Сол ақпаратқа сүйенсек, форум барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 160 млн доллар көлемінде инвестиция тарту және сауда бойынша ынтымақтастық жөніндегі жеті құжатқа қол қойылыпты. Екі елдің арасындағы сауда айналымы ай санап өсіп жатқандай. Мәселен, 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларының аралығында-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы тауар айналымы 14,5 пайызға артқан. Бірақ экспорттан импорт көп. Қазақстанның Қытайға шығаратын тауар көлемі 14,5 пайызға көбейсе, Қытайдан Қазақстанға келетін тауар 23,7 пайызға өскен. Мұны айтып отырғанымыз, Қытай қанша қауіпті болса да, шекараңды тарс жауып, алыс-беріс жасамай отыру мүмкін емес. Қытай – Қазақстан үшін үлкен нарық. Сондықтан сауда-саттық, экономикалық байланыстың дамығаны жақсы-ақ. Жақсы болса, сонда не кедергі? Ел Қытайдан неге қорқады? Біздіңше, ел Қытайдан емес, мемлекеттің Қытаймен арадағы саяси-экономикалық мүддесін табандап тұрып толық қорғай алмайды деп биліктен қорқатын сықылды. Оның басты бір себебі – бізде қоғам мен биліктің арасында сенім жоқ. Сенім жоқ болған соң бұқара биліктің Қытаймен жасаған әрбір ісінен секемденіп тұрады. Қытай қорқынышының түп мәні сонда. Әйтпесе Қазақстан Қытаймен бүгін ғана көрші болған жоқ, атам заманнан қоңсы.
Билік білгенін істейді. Біліп істей ме, білмей істей ме, ол жағы бізге беймәлім. Десе де, қоғамның қарсылығына қарамастан, Қытайдан Қазақстанға көшірілетін 51 зауыттың жұмысын бастап жіберді. Елдің сөзін елең қылған жоқ. Білгенін істейді дегеніміз – осы. Қытайдан 51 зауытты Қазақстанға көшіру жобасы аясында ауылшаруашылық саласында алты кәсіпорын салынады екен. Оның төртеуі тағам өндірсе, екеуі мақта, жүн өңдейтін көрінеді. Бірақ бұл кәсіпорындар Қытай талаптарына сай өнім өндірмек. Яғни Қытай нарығы тұтынушыларының ыңғайына өнім жасайды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева айтқан алты кәсіпорыннан Қазақстанға не пайда, Қытайға не пайда? Сұрақты бұлай қойып отырғанымыздың себебі, айталық, Қытай Қазақстанда салынатын кәсіпорындарға инвестиция құйса және ол жерден өз талаптарына қарай шыққан өнімді сатып алса, одан Қытайға не пайда? Бұл – қарапайым логикаға салғандағы ой. Ал Қазақстан Қытайға арнап өнім шығарып, оны сол елдің нарығына сатып пайда табады делік. Сонда біздің билік Қытайдың ақшасына кәсіпорын салып, оның өнімін және өздеріне сатпақ па сонда? Біздің мүдде түсінікті болғанмен, мұндағы Қытай мүддесі қандай? Қарапайым қауашаққа салып қарағандағы өте бұлыңғыр нәрсе осы болып тұр. Ал Қытайдың өз мүддесін жібермейтін ел екені бәріне мәлім. 51 зауытты Қазақстанға көшірудегі Қытайдың мақсаты, қалай алсаңыз да, беті ашылмаған құпия. Құпия түбі қауіп болмасына кепілдік тағы жоқ.
Зауыттарға қатысты тағы бірер мәселе бар. Сонымен, 51 зауыт Қытайдан Қазақстанға көшіріледі деп отыр. Көшіріледі мен салынадының айырмасы бар. Күні ертең экологиялық зияны зор, тозығы жеткен зауыттар көшірілсе, онда мұндай зауыттардың керегі шамалы екенін сарапшылар көптен айтып келеді. Олардың да күдігі қоғамның қорқынышымен сабақтас. Сабақтас болатыны – біздегі жетібасты жемқорлықты Қытай өз ыңғайына сәтті пайдаланып, ескіні жаңа деп, өзі құтыла алмай отырған зауыттарын Қазақстанға орнатып кетуі де ғажап емес. Бұл да сол биліктің сенімсіздігінен шығады. Егер халық биліктің Қытаймен қатынаста елдің мүддесін жібермейтініне кәміл сенетін болса, әр істен секемденіп, үмітті күдік жеңбес еді. Сондықтан да Қытайдан көшірілетін 51 зауыттың төңірегінде күдік бұлты әзірге сейілмейді.
Оған зауыттың сылтауымен келетін Қытай жұмысшыларының мәселесін қоссаңыз, бұл әңгіме мүлдем қоюлана түседі. Билік өз азаматтарымыз жұмысқа алынады деп сендіруге тырысатыны анық. Алайда «сол азаматтарды үйретеді», «зауытты қосады», «жаңа технологияның қыр-сырына қанықтырады» деген желеулермен шекара асып қытай келетіні бал ашпай-ақ белгілі. Жұрттың қорқынышын зорайтып отырған да осы. Бірақ қорқыныштың түбі билікке сенімсіздікте жатқанын тағы да қайталап айтқымыз келеді. Сенім бар жерде мұндай мәселелер болмас еді. Біздің билік Қытаймен экономикалық байланыста зор дамуға жеткісі келеді. Бірақ қытайдан қорғанудың қауіпсіздік мақсатында саяси-экономикалық тәсілдерін білмейтіндей. Тіпті кей әрекетіне қарасаң, білгісі де келмейтіндей ме, қалай өзі?!
Қытай – өте үлкен тұтынушы нарығы. Егер екі елдің арасындағы саяси-экономикалық қатынас біздің тарапымыздан қатаң бақылаумен әрі мемлекет мүддесі толықтай қорғалып жүзеге асқанда ғана пайда әкеледі. Ал қазіргідей ашықтығы өте төмен, болашағы бұлыңғыр, мүдделері көзге көрінбейтін Қытаймен арадағы мұндай жобалардың елге не беретінін, пайдасынан бұрын, салдары қалай болатынын болжап айтудың өзі қиын.
Жалпы, Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық қатынаста басы ашық сауал көп. Сондай сұрақтардың бірқатары Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы таратқан мәлімдемеде де айтылған. Партия мәлімдемесінде «Жалпы, ел аумағында Қытайдың инвестициясымен барлығы 26 миллиард долларға бағаланған 51 кәсіпорын құру жөнінде әңгіме жүріп жатыр. Біз осы Қазақстан-Қытай келісімдерінің бұрынғыдай беймәлім жабық жағдайда жасалынып, онда халықты алаңдатын сұрақтарға жауап жоқ екенін ескерткіміз келеді» деп мемлекет басшысынан төмендегі сұрақтарға жауап беруін сұраған еді.
«– Қазақстанда қытайлық капиталмен жұмыс істеп жатқан 2800-ден астам кәсіпорынның экономикалық табыстылығы, әлеуметтік тиімділігі, экологиялық қауіпсіздігі тұрғысынан қызметінің бағалауы қандай?
– Қазақстанда салынбақ қытайлық кәсіпорындар жоғарыда аталған талаптарға сай болу үшін нендей шаралар қолға алынды?
– Осы кәсіпорындарды құруда Қытай біздің елге қандай ілеспелі міндеттер қояды? Жерді пайдалану, еңбек миграциясының тәртібі қандай болады және экологиялық бақылау қалайша жүзеге асырылады?
– Бұл кәсіпорындарды ашқаннан кейін Қазақстанның сыртқы борышы одан әрі қаншалықты көбейеді? Бұған болжамды есеп-қисаптар арнайы жасалды ма?»
Мәлімдемеде жазылған сұрақтардан бөлек, елдің көкейінде жүрген сұрақ қаншама?! Ал жауап жоқ...

Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономист:
– Қазақстан да, Қытай да нарық іздеуге мәжбүр. Еуразиялық экономиалық одақ құру арқылы Ресейдің нарығына шығамыз деген мақсат орындалмады. Ресей өз нарығына бізді кіргізе ме деп едік, бірақ кіргізе қоймады. Оның үстіне Қазақстан мен Ресей экономикасы бірдей десе де болады. Екеуі де мұнайға тәуелді ел, ауылшаруашылық салаларында да айырма аз. Ал Қытай жылына үш рет өнім алып, ауыл шаруашылығын тоздырды. Қазақстанда өндіретін шаруашылық өнімдерінің бәрі органикалық. Біз үшін Қытайдың ауылшаруашылық өнімдерін сатып алғаны жақсы.
Қытайлық 51 зауыттың мәселесіне келсек, біздің билік, шенеуніктер таза, қажырлы, қайратты болса, мемлекет мүддесін табандап қорғай алатын Алашшыл болса, онда зауыттардың келуіне қандай қарсылық бар? Қауіп неде десеңіз, Қытай өзіне керексіз болып қалған, экологиялық зиянды технологияларын бізге әкелуі мүмкін. Ал оған қарсы тұра алатын шенеунік бар ма, табандылығымыз жете ме деген мәселелер көпті толғандырады. Егер қандай зауыт көшірілетінін, оның қалай жұмыс істейтінін және басқа жағдайлардың бәрі заң жүзінде, қатаң бақылаумен жүзеге асатын болса, онда ол зауыттар экономикамызға серпін беруі әбден мүмкін.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
нұртай | 13 шілде 2017 14:24
Егер Қазақстанның орнында Израиль мемлекеті тұрса, онда еврейлер өз басшыларына сеніп Қытайдан қорықпас еді. Ал, бізде ондай ұлтжанды, сенімді басшы барма? Жоқ.
Сәбит | 14 шілде 2017 01:33
Баяғы сол қазақ қара жұмысшы болып қала бередi деген сөз бұл. Ешқашан өзгерiс болған емес бiзде. Ол аздай қарыздарымызды айтсайшы бұрынғы, сол қытайдың өзiнен тағы алды қарыз. Халық кредиттiң қамытын киiп банкке қарыз. У дай қымбатшылық. Әй қайдам осының арты жақсы болмайды ау. Димашты шамалы қытайдың алдына апарып ән айтқызып, әдейi қытайларға қолпаштатып қазақтардың қытайларға деген қырғи көзқарасын алдап жiберiп сумаң еткiзiп 51 компанияны қоныстандырмақ ендi. Қытай өздерiн нан ауыстырып бередi дегенге мен сенбейм.
Мұрат | 14 шілде 2017 09:37
Назарбаев пен Қытай арасындағы келісімге байланысты қытай инвесторларына 5 жыл уақыт көлемінде өнеркәсіп заводтарының қажеттілігіне қазақ елді мекендерінен 3-5 км алысырақ жерден жер беріледі. Өйткені аңқау қазақ қытайлардың қалай көбейіп жатқанын байқамай аңдамай қалсын деген ниетпен 51 завод пен өнеркәсіп орындарындағы жұмыс жасайтын жұмыскерлер саны да жасырын құпия ұсталынатын болады. Қытай заводтары мен өнеркәсіп орындары ашылса олар өз аспазшысынан бастап тек өз мамандарын алып келетіні ай
Дала үні | 16 шілде 2017 08:49
Халық пен санассын , басшымыз дейтіндер.Онсызда экология мыз шакка тұр.Саранча дай қаптап өзен көлдері іміз ді тартылдырып жерлерміз ді шаң қаптырмақпа?.. кәсіпорындарыда жұмыс орындарында құрысын,өйтіп бізді алдамасын. . Өкімет бар болсаңдар неге тыңдамайсыңдар білетін адамдарды?..
Қытайлар өз проблемаларын өздері шешсін,тууға шектеу қойсын ,қыз болса УзИ арқылы неге алдырып тастайды бұл кәпір лер?..
хави | 17 шілде 2017 11:52
казактарга кауип тонди Дабылдамасандар капут болады
Жасулан | 17 шілде 2017 16:21
Қытайдың өзінен емес саудасынан және қыздарынан қорқу керек, Иә, өйткені олар бізді және бұрынғы Кеңес одағындағы елдерді 90 жылдары сауда жасап жүріп-ақ жаулап алды Жұмыс істеп тұрған бүткіл жеңіл өнеркәсіп жұмыс істеуін тоқтатты. Екінші жаулап алудың түрі ол егер бізге олар өз қыздарын қалыңдыққа бере бастаса, әсіресе жоғарғы тап өкілдеріне, шенеуніктерге. Тарихты үңіліп қарасақ ондай мысалдар көп, бірінші Египеттегі перғауындардың билігінің құлауы, Рим империясының ыдырауы т.с.с
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар