1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Қызылжарда «Крест шеруі» өтті

Петропавл қаласында христиан әулиелері Петр мен Павелді еске алу күніне орай «Крест шеруі» өтті. «Азаттықтың» хабарлауынша, шеруге қатысушы православтар әулиелердің соборынан бастап, қала көшелерімен жүріп өткен. «Петр мен Павел православтар үшін ұлы әулиелер. Біз оларды құрметтейміз, еске аламыз. Біз үшін олар өте қадірлі», – депті Сібір казактары бауырластығы қоғамдық бірлестігінің атаманы Виктор Таранов. «Крест шеруіне» қатысушылар өздерінің діни жоралғысымен қаланы сумен аластап шыққан.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде азаматтардың діни сенім бостандығын қорғайды. Елде тұрып жатқан кез келген этникалық топтар діни ғұрыптарын белгіленген заң аясында жүргізе алады. Православтардың «Крест шеруі» де заң аясында өтті деп үміттенеміз және олардың діни жоралғыларына зайырлықпен, түсіністікпен қараймыз. Алайда біз түсінбейтін бір мәселе бар: ол – «Крест шеруіне» шыққан православ казактардың әскери киім киіп жүруі. Діни жоралғыда неге олар әскери киіммен жүреді? Бұл Қазақстан заңына қаншалықты сай?

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
– «Крест шеруі» – діни жоралғы, оған міндетті түрде рұқсат беріледі. Мысалы, тасаттық беретін болсақ, оны ғимараттың ішінде жасай алмаймыз, бір төбенің басына барып мал соямыз. Сол сияқты егер «Крест шеруі» христиан дініндегі белгілі бір кезеңде жасалатын жоралғы болса, кресті алып шығып, халықтың ортасында жүрсе, меніңше, бұған рұқсат берілуі керек. Себебі бұл дінге, белгілі бір сенімге байланысты жасалатын жоралғыға жатады. Бірақ бізде діни әдебиетті тарататын, үгіт-насихат жүргізуге рұқсат беретін заң бабына «тек қана белгіленген жерлерде» деген сөз қосылды. Бұрынғыдай көшеде қолыңа кітап ұстатып, сенім-нанымын түсіндіруге болмайды. Ал бұл шеру бұрыннан келе жатқан діни жоралғы. Әскери киімге қатысты да заң бар. Алайда ол заңды түсінудің өзі қиын. Әскери киім киген казактар – жеке-дара ұлт емес, белгілі бір тек я тап. Сондықтан олар әскери формамен шықты. Оларға тек қару асынып, қылыш ұстауға заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ елдегі казактар «Қазақстанда өзге елдің әскери құрылымының бөлімі болмауы керек» деген заңды бұзып жүр. Біз Қазақстанның кей қалаларында олардың қандай полкке жататыны жазылып ілінген суреттерді түсіріп алдық. Мысалы, Көкшетауда бірнеше жерінде ондағы казактардың Орынбор полкіне қарайтыны мен Ресейдегі бас атаманға бағынатыны жазылған. Мұндайды мен Жетісу казактарынан көрген жоқпын. Жалпы, бізде казактар үш жерде бар ғой: Орал казактары, сосын «ащы шеп» казактары және Жетісу казактары. Соның ішінде Ресейге жақын жатқан казактардың барлығы дерлік сондағы казактардың белгілі бір әскери бөлімі болып саналады. Бұл Қазақстан заңына толықтай қайшы.
Бірақ олар діни нанымына байланысты крест ұстап шеруге шығам десе ешкім қарсылық білдіре алмайды. Тек қаруларын іліп шықпаса болды. Дегенмен бізде әлі де бір нақтылық жоқ. Менің әлі күнге дейін таңғалатыным – атамандарының халық ассамблеясында жүруі. Бұл өте қызық нәрсе. Онда сан түрлі диаспоралар мен ұлттардың өкілі болуы керек. Ал казактар славяндарға кіреді. Онда орыстар, украиндар бар, ал олардан бөлініп шыққан казактардың жеке бір ұлт ретінде бөлінуі, меніңше, заңға қайшы. Бұл, мысалы, қазақтардың ішіндегі қожалар мен төрелердің жеке ұлт ретінде бөлініп шығуымен пара-пар. Қазақстан үкіметі «бұл білгенін істей берсін, тиіспей-ақ қояйық, әйтеуір, тыныш болсын» деп тұрған сияқты. Бұл – заңның орындалуы мен оның бақылауы жоқ деген сөз.

А.ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар