1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
Министр: ТАЙЖАН ...МЕН ҮШІН ҚЫЗЫҚ ЕМЕС

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзін теледебатқа шақырған қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның ұсынысын қабылдамай тастады. Министр М.Тайжанның бастамасына қатысты, әрине, арнайы мәлімдеме жасаған жоқ. Үкімет дәлізінде жаңалық іздеп, шенділердің жолын тосып, ақжағалылардың аузын аңдып, артынан жүгірген тілшілердің тікенектей сұрақтарына амалсыздан жауап қатқан сәтінде бүй деді:
«[Мұхтар] Тайжанмен пікірталасқа келсек, бұл менің міндетім емес, мен үшін қызық емес, онымен кездеспеймін».
Тура осылай деген министр Е.Сағадиев көп кешікпей әлеуметтік желіде елдің мазағына айналды. Өйтетін жөні де бар еді. Жуырда ғана денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен экономист, сарапшы Рахым Ошақбаев телеарнада дебат өткізіп, бір-бірінің басын жарып, аяғын сындырмай-ақ, боқтап, тілдемей-ақ медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты жұрт көкейінде жүрген түйінді мәселелерге пікір, уәж, дәлел, деректерін жайып салып айтысқан еді. Осыған айызы қанған жұрт айтыстың жалғасын күткен еді. М.Тайжан жұртты көп күттірмей, «Министр өз реформаларын қоғам алдында қорғауы керек. Біртанов қорықпады, Ошақбаевты дебатқа өзі шақырды. Ал Сағадиев үштілді білім беруді, ескі қазақ тарихын жоғары оқу орындарында оқытуды алып тастауды қорғай ала ма? Көреміз», – деп Facebook-тегі парақшасында қиқулап, болуы мүмкін жекпе-жекпен көпшілікті желпіндіріп қойған еді. Бірақ білім министрі мұндай дебатты қызық деп санамады. Сонысына бола кей адамға еркек емес, ездей көрінді. Министрдің бас тартуын қалай қабылдағанын М.Тайжанның өзінен сұраған едік.

Мұхтар Тайжан: БІРТҮРЛІ БОЛЫП ҚАЛДЫМ

– Шынымды айтсам, біртүрлі болып қалдым. Үлкен реформалар ашық талқыланбайды ғой, дебаттан да бас тартады деген ой болды. Бірақ «Мұхтармен пікірталастыру қызық емес» деп кесіп айтарын күткен жоқпын. Білім беру жүйесіндегі реформа министрдің өзіне қызық болмаса, кімге қызық болуы керек? Министр Е.Сағадиевпен жеке бас жаулығым жоқ. Оның саясаткер, министр ретінде жүргізіп отырған реформасы ұнамайды. Халыққа, ұлтқа қауіпті іс деп білемін. Бұл менің ғана жеке пікірім емес. Қарапайым көп адам осы күдіктің құшағында жүр. Президенттің өзі де «шенеуніктер халыққа реформалардың мақсаты мен мазмұнын дұрыс түсіндірмейді» деп айтты ғой. Бірақ бұл сөзге Е.Сағадиев құлақ аспайды екен. Дебаттан бас тартып жатыр. Оның бұл ісінен кейін реформаға көңілі күдікті жұрт не ойлайды? Маған, мысалы, үштұғырлы тіл әлі түсініксіз. Физика, математика, геометрия, тарих пәндерін түсіну онсыз да қиын, ал бұларды ағылшын тілінде қай бала оңай түсінеді? Түсіндіре алатын мұғалімдер жеткілікті ме? Мұғалім жалақысы көтерілмей, мәртебесі көтеріле ме? Жоғары сыныптардан ежелгі қазақ тарихы пәнін неге алып тастады? Тарихшы Ермұхан Бекмаханов ашқан кафедраларды Е.Сағадиев не үшін жауып тастады? Міне, осындай қарапайым сұрақтарға министрдің өз аузынан жауап естігім келіп еді. Сағадиевке бұл сұрақтар қызық болмай тұр ғой. Сонда министр үшін қандай сұрақ қызық? Дебаттан қашпай, пікірсайысқа келсе онысын да білер едік. Амал не? Министріміздің сиқы осы ғой.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар