1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
Бесіктен белі шықпай бесік тербеткендер...

Күн сайын дамушы елдерде кәмелетке толмаған 20 мың қыз оң жақта отырып босанып қалады екен. Ал бір жылда олардың саны орта есеппен 7,3 миллионнан асып жығылады. Жұмыр жерді шарпыған бұл қатер қазақ қыздарын да айналып өте алмаған. Елімізде соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында жүктіліктің 33 051 фактісі тіркелсе, орта есеппен жыл сайын 3000-ға жуық жасөспірім қыз жүкті болады екен. Оған қоса, 15 және 18 жастағы қыздардың 9906 жасанды түсігі тіркелген. Бұл мәлімет пайыздық көрсеткіш бойынша Батыс Еуропа елдерінен екі-үш есеге артық.
Әрине, дүниеге сәби әкелгеннен артық бақыт бар ма, алайда балиғатқа толмай құрсақ көтеру қыздардың бағынан гөрі сорына айналады. Себебі әлі мектепте оқитын өрімтал қыз кірерге тесік таппай, орта жолдан жүктілікті үзуге мәжбүр. Кейбірі тіпті туып, тастап кетіп жатады. Ал мұның соңы суицидке әкеліп соғуы әбден мүмкін. Мәселен, дамыған елдерде жыл сайын 70 мыңға тарта жасөспірім қыз осы себептен көз жұмады. Ал Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің үштігіне еніп отыр.

«ОН ҮШТЕ ОТАУ ИЕСІНІҢ» ЗАМАНЫ ӨТКЕН...
«Мешкей деген жақсы ат емес», яғни біз бұл деректерді мақтану үшін айтып отырмағанымыз белгілі. Ендеше, неге? Бір бастан екі бас артық, әсіресе осындай ғаламзаттық мәселе көптің талқысына салынбай шешілмейді. Себебі ол проблема қызы бар әр үйден табылуы әбден мүмкін. Құр әншейін «бетін аулақ қылсын» деп қойып, қам-қарекетсіз отыру бөлек те, отбасы, мектеп, дәрігер, психолог болып тұтас қауымның «мәселені майшаммен қарауы» тіпті бөлек. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде екіншісінен гөрі біріншісі, яғни «құдай сақтасын» деп қойып, көз алдында қызын бетімен жібергендер көп. Әйтпесе «әй дейтұғын ажа, қой дейтұғын қожасы» бар қоғамның қыздары 15-ке толмай, оңды-солын танымай құрсақ көтермесі анық еді.
Жасына жетпей қыз қабағына ауыр мұң, аяғына құрсау түсуінің себептеріне үңілейік. Мұның ең бірінші себебі – көбіне көп әлеуметтік тұрмыстың төмендігі. Себебі ауқатты отбасында өскен қыз балалардың арасында мұндай фактілер өте сирек ұшырасады немесе олар басына түскен ондай абыройсыздықты араағайындық немесе ақшаның күшімен жауып тастауы да ғажап емес. Десек те, 15-ке толмай сәби сүйгендердің көбі ерікті түрде ол шешімге бармайтыны айтпай-ақ түсінікті секілді. Яғни үріп ауызға салғандай үлбіреп тұрған қыз байғұстың кедей қоғамда немесе тұрмысы төмен отбасында тууы сорына дегізетін фактілер жоқ емес. Алайда зорлық болмай-ақ бала жастан екеуді үйлендіру ата салты саналатын елдер де бар. Соның ең біріншісі – мемлекеті жоқ босқын жұрт – сыған. Мемлекеті жоқ болғандықтан, олар Албания мен Сербияда және басқа да елдерде көптеп кездеседі. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2011 жылғы деректерде 13-17 жас аралығында отау құрғандар саны Албанияда – 31, Сербияда 44 пайызды құраған. Сондай-ақ бұл көштен Қырғызстан да құр қалмаған, яғни қырғыз қыздарының 12 пайызы 18-ге толмай күйеуге шығып, сәби сүйіп үлгереді екен. Қазақ та бұрын «он үште отау иесі» деген салтты ұстанғанын ескерсек, аталған елдердің әлі де сол даму деңгейінде екенін аңғару қиын емес.
Жасөспірім шақта жүкті болудың келесі бір себебі – мектеп пен орта кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылмағандығы. Себебі бар ынтасы білімге ауған, мектепті толықтай бітірген қыздардың бұл қауіпке ұшырауы екіталай. Болса да некен-саяқ. Яғни әлі бесіктен белі шықпай жатып бесік тербеткендердің дені білімсіздер деуге толық негіз бар. Әйтпесе көзі ашық қыз бала, жалғыз қыздар емес, бозбалалар да күн сайын 20 мың жасөспірімнің аяғы ауырлайды десек, солардың 200-і жүктілікті көтере алмайтынын оқып, біліп, адам өміріне соншалықты көз жұма қарамас еді. Ендеше, қашанда қордаланған мәселенің барып тірелетін жері қараңғылық болып шығады.
Үшінші себеп – жасөспірімдер арасында жыныстық сауаттылық жайлы әңгіменің мүлдем қозғалмауы. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектептерде валеология пәні жүретін. Дәріс барысында аз-кем қыз бен ер балалардың жеке бас гигиенасын сақтауға арналған сағаттар өтілетін. Сонда ата-анамен ашық айтылуға қысылатын ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас қаузалатын-ды. Бұл пәнді билік қажетсіз деп тауып, бірнеше жыл бұрын оқу жоспарынан алып тастады.
Төртінші себеп – ақпараттың ашықтығы. Қолжетімді интернет, түрлі «құлып» салынбаған порнографиялық сайттар оң-солын танымаған бұрымдының бұзылуына әсер етеді. Одан қалды, кабельдік теледидардағы түрлі арналар мен газет-журналдар нәпсіні қоздырып, қызды «қылығынан» айырады. Нәтижесінде сауатсыз жыныстық қатынас жоспарсыз жүктілікке, мұнан соң жасанды түсік пен түрлі дертке душар етеді.
Алматыдағы Аналар үйінде тұрып жатқан 17 жасар Айгүлдің мына сөзінен зор өкінішті байқамау мүмкін емес:
– Неге екенін білмеймін, соңғы сыныптарда сабаққа деген құлшынысым мүлдем болмай, бойымды желік биледі. Менің жеңілтектігімді байқады ма, әйтеуір, жігіттер де көп үйір бола бастады. Күнде кездесу, күнде қыдыру. Содан бір күні аяғым ауыр екенін білдім. Бірақ әкесі кім екені өзіме де беймәлім. Түсік жасатпақ болдым. Бірақ кеш қалыппын. Сондықтан үйден қашып кеттім. Ата-анам қазір менің қайда екенімді білмейді. Қазір қатты өкінемін. Ата-ана, бауырларымды, бір кездері қашқан мектебімді сағындым. Менің өмірге келудегі бар мақсатым – тек жаялық жуу емес, сондықтан қалайда оқып, білімімді ұлғайтып, өзім секілді ойланбай от басқан қыздарды оятуым шарт. Опық жеу оп-оңай екен, – дейді ол.
ТҮЙІН. Бесіктен белі шықпай жатып бесік тербеткендердің картинасы көп қазір. Бір сәттік ләззатпен бүкіл өмірін былғап, көктей солғандардың қылығына кімді кінәлаймыз? Баласын асырау үшін азаннан кешке дейін жұмыс істейтін ата-ананы ма немесе қағазға көмілген мұғалімді ме? Әлде қатыгез қоғамды ма? ...Өзгеден емес, кемшілікті өзіңнен ізде, ата-ана! Тәрбиең құрсақтан, одан қалды, бесіктен беріледі. Өмірге әкелген соң әр баланың жауапкершілігі екі дүниеде өз мойныңда. Сондықтан қызың қас керіп, бой түзесе, құрбыңдай сырлас. Жылуды жаттан іздеп, жаңылысуына жол берме!
 

Мәриям ӘБСАТТАР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар