1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
10 тамыз 2017
Марқұмдар мен «марқұмдар»

(ТІРІ ӨЛІКТЕР ӘЛЕМІНЕН РЕПОРТАЖ)
Жазушылар одағының екінші қабатына көтерілген сайын қолымызды кеудемізге қойып «Ассалаумағалейкум!..» деп үлкен құрметпен сәлем береміз. Себебі төраға кабинетінің алдындағы алаңшада үлкен кие бар. Қазақтың небір көрнекті де дарынды тұлғалары сол жерден соңғы сапарға аттанды. Арасында өлімге қимайтындары қаншама десеңші!
Соңғы бірер жылдың ішінде біздің түсінікте әдебиетші қауымның орны толмас екі-үш шығыны болған сияқты. Әсіресе солардың ішінде өз басым аса құрметтейтін, дарыны мен білігін, эрудициясын қатты қадірлейтін екі тұлға болды. Оның алғашқысы – жас айырмасына қарамастан, құлын тайдай тебісіп бірге өскен, бірге жүрген Дидаш, Дидахмет Әшімханұлы, екіншісі – кемел білімімен, дүниетанымымен әдебиетші қауымның мойындауына ие болған эрудит ініміз – Әмірхан Балқыбек. Осы екі азаматтың қазасы, басқаны білмейміз, бізге қатты әсер етті. Себебі екеуі де пікірлес, әдебиетші ортадағы дос-жар жігіттер еді. Кереметі сонда – мен осы екі азаматты да қайтыс боларының алдында көріп, тілдестім.

ДИДАШ – «ДИДИК»
Дидахметпен «Түркістан» газетінде бірге қызмет істедік. Дидаштың «430» деген нөмірлі ескі машинасы бар. Қолымыз босаса соған отырып алып, себепсізден-себепсіз Алматыны аралаймыз. Сондағы бітіретініміз – әдебиет, проза туралы әңгіме, сырласу. Мен оны еркелетіп «Дидик» дейтінмін. Сол атауым оған қатты ұнайтын.
Тіршілікте небір оқиғалар болып тұратыны тағы рас. Күндердің бір күні әлдебір болмашы жағдайға бола Дидахмет екеуміздің арамыздың әжептәуір алшақтағаны бар. Кездескен сайын салқын амандасып, дүрдиісіп жүрдік. Бір күні «Түркістан» газетінің редакциясында бетпе-бет кездесіп қалғанымызда операциядан соң көзін дәкемен таңып алған Дидаш мені көріп, балаша елпілдеп құшағын жая ұмтылғаны ғой. Бұл пендешілікті қойсаңшы, оған рай байқатпай, салқын қабақ танытып қасынан өте шыққаныма әлі күнге дейін өкінемін. Артымнан «Өмірзақ! Өмірзақ!» деп екі рет айқайлағанын естідім. Бірақ қайырылмадым. Сол жағы өкінішті-ақ. Әрі сол өкініштің мені ұзақ уақыт қинағаны да рас. Төрт-бес күннен кейін «Дидаш қайтыс болып кетті» дегенді естіп, бармағымды шайнағаным-ай!..
«Адамның қадірі өлгенде білінеді» дейді қазақ. Дидахметті ақтық сапарға шығарып салуға жиналғандар қарасы тым қалың болды. Соңынан Дидаш екі-үш рет түсіме енді. Сондағы қиналысым мен күйзелісімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Мешітке барып құран оқытып қана өз-өзіме келгем. Бірақ көкейде бәрібір өкініш қалды...
Дидахмет, шынында да, қазақтың аса дарынды қаламгері еді. Өзінің кереметін өлгеннен кейін дәлелдеген беделі де әдебиетші қауымға қатты әсер етеді.

АЖАЛСЫЗ (НЕМЕСЕ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ)
Ажалға қимайтынның бірі – екінші бір әріптес ініміз Әмірхан. Қазақ энциклопедиясының директоры Бауыржан Жақыптың өтінішімен Пәкістанның көрнекті мемлекет қайраткері Мұхаммед Джинна туралы кітапты тәржімалап жатқан кезім. Соған байланысты энциклопедияға жиі барып тұрам. Арасында Әмірханға кірем. Екеуміз темекі шегіп, ұзақ әңгімелесетінбіз. Әңгімеміз негізінен таным, имприционизм, Клод Моне, әдебиет, оның ішінде Латын Америкасының әдебиеті туралы болатын. Негізінен, ауызға Борхесті алатынбыз. Соның алдында «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша осы жолдардың авторы постмодернистік әдебиеттің серкесі Борхес әңгімелерін тұңғыш рет қазақ тілінде тәржімалап шығарған болатын. Аударма танымдық білігі өте жоғары Әмірханға қатты ұнаған. Сол жолғы әңгімеміз де негізінен Борхес шығармалары, оның ішінде ұлы жазушының «Ажалсыз» деп аталатын новелласы төңірегінде болған. Әлбетте, ол кезде күні ертең Әмірханның өзінің де нағыз «ажалсыз әдебиетшіге» айналарын екеуміз де білген жоқпыз-ау деп ойлаймын. Ақиқатында, мен білген жоқпын. Ал Әмірхан... Әмірхан болса... Қазір ойлап отырсам, бір нәрсені білген, түйсінген тәрізді. Тек оның не екенін мен әзірге біле алмадым. Әйтеуір, менде сондай бір түйсік бар.
Әңгімені бастаушы – Әмірхан. Сол кезде біздің қасымызға Болат Үсенбаев келіп біраз тұрды да, «Борхестерің – өздеріңе!..» деп қолын бір сілтеп кетіп қалды. Ол 2014 жылдың 7 көкегі болатын. Сол әңгімеден менің есімде қалғаны әрі мені күні бүгінге дейін ойландырып жүргені – Әмірханның сол жолғы айтқан сөзі болды. «Білесіз бе, – деген ол, – Борхестің «Мен өлгеннен кейін ешкімнің шаруасы болмағанын қалаймын. Маған тыныштық қана керек!..» деген сөзі бар...» Дәл сол жолы оған мүлдем көңіл бөлмеппін. Ертесіне Әмірхан бауырымыз о дүниелік болды. Қайғырдық, мұңайдық, қимадық. Бірақ тағдырдың жазуына қылар қандай амал болмақ?!
Дидаштың қазасы сияқты Әмірханның қазасы да өз басыма қатты әсер етті. Әмірхан таным, эрудицияға қатысты тұста кез келген тақырыпқа байланысты қозғалған әңгіменің бәріне де жауап бере алатын, пікір таластыруға қабілетті білімді жігіт еді. Өкініштісі сол – өзінің сол шалқар білігін толық мәнінде әдебиет айдынына шығара алмай кетті. Алайда, Борхесше қисындасақ, Әмірханды «ажалсыз» әдебиетші деуге толық негіз бар деп ойлаймыз. Біз барда, әдеби қауым барда сенің есімің мәңгі өлмейді!.. Бізбен бірге жасайды.
Бір жағынан ойлап қарасақ, адамның қадіры көп жағдайда ажалы арқылы дәлелденетінге ұқсай ма-ау деп ойланғандайсың. Аталмыш екі әдебиетшінің қазасы да қазақ өнері үшін орны толмас шығын еді. Бір қуанарлығы, екі әдебиетші де өздерінің қарым-қабілетін дәлелдеп кетті.

«ӨЛДІҢ, МАМАЙ, ҚОР БОЛДЫҢ...»
Халық арасында беделді һәм аса сүйкімді бір ғалым ағамыздың қазасы есімде жақсы сақталыпты. Дәл қазір аты-жөнін айтуды құп көрмей отырмыз. Себебі ол кісінің аты аталса, кейбір жағымсыз персонаждардың да сыры ашылып қалуы мүмкін. Қазақы ортада біреудің қайғысын бас пайдасына айналдыру пиғылдары кездесетіні де өтірік емес. Әлгі ғалым ағамыздың мәйіті жатқан шымылдық ішіндегі оқиғаны көріп, біраз адамның жағасын ұстағаны бар. Сонда не болды дейсіз ғой?
Мәйіт жатқан шымылдық ішінде «Жазушылар одағының штатный жоқтаушысы» деп аталып жүрген бір келіншек дауысты салып-салып, «есінен айырылып...» серейіп талып жатыр. Екі аяғы екі жақта. Ауыздан жасандылықтың ақ көбігі ағып жатыр. Ал қайғы иесі – марқұмның әйелі оның бетіне су бүркіп отыр. Ғажап емес пе? Міне, саған артистизм! Міне, саған жасандылық!
Біз көтеріп отырған «марқұмизм» тематикасының өзектілігі осы жерден көрініс береді. Тура мағынасында қисындасақ, біреу – материалды өлік, яғни эфирлі дене, енді біреу – рухани өлік. Басқаша айтқанда, қу құлқынның құлы. Рухани азғындау тақырыбының бүгінгі күннің ешкімді таңғалдыра алмайтын үйреншікті, жиі қайталанатын кереметіне айналған жайы бар, ағайын.

АРАМЫЗДА БІРЕУ ЖҮР...
«Формациялармен қоса, қоғамның рухани сипаты да өзгереді» деген қағида айтылады. Әрі оны біз бүгінгі күнделікті өмірімізден де көріп жүрміз. Қазақ атаң мұндайда «заманына қарай – амалы» деп қисындаған. Ал бүгінгі күннің формуласының «заманына қарай – адамы» деп өзгерген жайы байқалады. Себебі бұрынғы иман тұрақтаған төрге ақша озды. Бедел де, құрмет те адамның ақшасымен бағаланатын болды. Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді. «Ақшаң болса қалтаңда, талдаңдасаң талтаңда...» демекші, ақшалы пенде бүгінде өзін Алланың ар жақ, бер жағындағы құдірет санап жүр. Формация өзгерісімен байы жоқ заманда байды қолдан жасап алдық. Ақылымен, іскерлігімен байып жатқан адам шамалы. Кешегі атеист – бүгін молда. Кешегі коммунист – бүгін демократ. Кешегі мұсылман – бүгін кришнаид. Жалпы, дүниетанымның сипаты өзгергені көзге ұрып-ақ тұр.
Елдегі өзгермелі саяси жағдайға орай өңін өзгертпек түгіл, кейбір «марқұмдардың» болмысын өзгерту тенденциясы жиі кездеседі. Қызметі, мәртебесі өссе билікті мақтап, төмендесе даттап шыға келетін Біреуді де білеміз. Сол Біреу әлі де ортамызда, мәртебелі төрде. Яғни әзірге билік жағында. Ал ертең... әлбетте, ол беймәлім жайт.
Украиндық киностудия түсірген атақты «Малиновкадағы үйлену тойы» фильміндегі шалдың образы еске түседі мұндайда. Біресе ақ келіп, біресе қызыл келіп жатқан заман. Әлгі шал қойнына екі қалпақ салып жүреді. Біреуі – ақтыкі, біреуі – қызылдыкі. Қызыл келсе – қызылдың, ақ келсе – ақтың телпегін киіп алады. Дәл осындай «ғажайып персонаж» бүгінгі біздің қоғамда да кездесіп қалып жүр. Біз біраз адамға ой салуы ықтимал бұл мақаламызда көтеріп отырған марқұмдар мен «марқұмдар» проблемасының өзектілігі де осында деп ойлаймыз. Бір қарағанда «марқұмдар» өз күнәһарлығын, мунафиктығын шын марқұм болғанда ғана түсінетіндей ме-ау деп те ойлаймыз. Себебі «ол жақтың» талабы қатаң дейді білетіндер. Дәл осы жерде «адамгершілік пен иман алдындағы жауапкершіліктен өлім арқылы құтылуға бола ма?» деген сауалдың туындауы да заңды сияқты. Әлбетте, ол енді Жаратушының құзырындағы шаруа. Қалай десек те, бүгінгі хақиқатта марқұмдар мен «марқұмдар» проблематикасының бары өтірік емес. Әрі ол күн сайын асқынып та бара жатқан тәрізді. ...Қаншаға созылар екен?..

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Адам | 11 тамыз 2017 17:20
Имприционизм деген не болды екен!? Клод Монены айқанына қарағанда импрессионизм шығар!
Әділбек | 12 тамыз 2017 20:41
Жершіілдікті қою керек қой.. Дидахмет пен Әмірхан не қиратты екен.. Жазушылар одағы дарындарға былай да бай кеңсе!
Дауыл | 16 тамыз 2017 14:48
мәні - Одаққа тас лақтырып кету. Дидахмет пен Әмірхан (сөзіміз ауыр болмасын) Тұлғалар емес қой. талантты жазушылар екені рас. Қазақ әдебиеті таланттарға кенде емес. іштарлық исі аңқиды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті