1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
10 тамыз 2017
Бәріміз – Пьер Ландриміз…

Ол кім? Кім бәсе, айтып қойсам, несі қызық? Соңғы нүктеге бірден бармай, әуелі әлқиссадан бастасам, ең алғашқы жарнамалар есіңізде ме? Менің есімде: өңшең сойылған тауықтар ұшып бара жатады, аспанға қарап отырған кішкентай бала: «Дедушка, это журавли летят?!» десе, атасы: «Нет, внучек, это куриные окорочка летят – СОЮЗ-КОНТРАКТ» деуші еді ғой?!. Сол «Буштың бұтынан» басталған жарнамаға ол кезде біз аса мән бермеуші едік, ал қазір ол тіпті жеке жанрға айналып, жаһанды жаулап алды.

АДАМДЫ АРБАП, ИТТІ ЖЕККЕН…
Жарнама десе, Жанатбек есіме түседі, себебі ол бірде: «Енді рахаттана жарнама көріп келе жатсам, жылт-жылт етіп кино бөле береді», – демеуші ме еді?.. Расында, бұрын киноның арасын жарнама бөлуші еді, қазір тура, Жанатбек айтқандай, сюжеттері бірінен-бірі өтетін жарнаманы көріп отырып, тіпті өзіңнің о баста не үшін теледидар қосқаныңды ұмытып қаласың. «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, ақыр аяғында «Активия» ішіп, іш босатқанына қуана билеп жүрген әдемі келіншектің қылығын да ерсі көрмейтін болып алдық. Күлеміз де қоямыз, ал анығында, адамзаттан ерік кеткен, сіз бен бізді бір желік соңынан ертіп алып барады, ол – жарнаманың желігі. Себебі ол бай, «қалтасының» түбі көрінбейді. Сондықтан біз оның «арбасына» мініп алғанбыз, ал «кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтатының» белгілі. Өтірік деңізші?! «Тіл үшін күресеміз» дейміз, ал қазақшасы қисық-қыңыр жарнама тосқауылсыз эфирден кетіп жатыр. Қала берді, көше, лифт, жүріп, жылжып, қалқып бара жатқан көлік атаулы, әйтеуір, бір нәрсені жарнамалап бара жатады. Қаладағы ең үлкен деген мегадидарлар да көлік жүргізушінің көңілін аулап, жол апатына ұшыратуы мүмкін демей, көшенің ең биік ғимаратында менмұндалап шақыратын болды. Үндемей көнеміз бәріне. Көлік мейлі техника ғой, ендігіде «бекер кезбей, жарнамалай жүр» деп, тіпті ит екеш итті де сол мақсатқа жегуге көштік. Таяуда Новосібірде жарнаманың осындай түрі пайда болды. Жансыздан жандыға көшкен жарнама енді елді немен елең еткізер екен, бұдан артық жұртты немен таңғалдыруға болады деген журналистік сұраққа ресейлік сарапшы, осы салаға арнаған 22 жыл ішінде 500-дей жарнама ролигін жасап, осының «майын ішкен» маман Юрий Давыдов қысқаша былай жауап береді:
– Итті жарнамаға жегу – бүгін ойлап табылған жаңалық емес, ол сонау Александрия жұртында жүзеге асып қойған дүние. ХХ ғасырдың 60-жылдары батыста да жарнамалаушы иттер болған. Ендеше, біз сол естен шығып үлгерген ескіні жаңғыртушы ғанамыз.

МЫСЫР, МЫСАЛЫ: АЛТЫН АРТҚАН ЕСЕК, СҰЛУ ӘЙЕЛ
Маман пікірінің жаны бар, жарнама жанры, біз ойлағандай, ХХ ғасырдың соңында аспаннан жерге салбырап түсе салған жоқ. Тіпті сонау ежелгі Мысыр жұртын тасқа қашалған жарнама жалт қаратса керек. Әйтсе де оны «төбесіне хан көтерген» мына біз өмір сүріп жатқан аудио-визуалды техниканың дамыған дәуірі. Бұрын «үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім?» дегенде «ол – Ленин бабамыз» десек, қазір үй де емес, ауыл да емес, бүкіл әлемнің төрінен ойып тұрып орын алған жарнама десек, жаңылыспаймыз. Ал оның басты беткеұстар құралы – әйел заты. Инеден бастап, ұшаққа дейінгінің бәрінің жарнамасында – қылымсыған қыз, керілген келіншектің сиқырлана қарап, сыңғырлай күліп тұрғаны. Әйел арбауының сұмдық құдіретін, тіпті орта ғасырлар жайлы шығармалардан да оқып-білуге болады. Ұшқан құс, жорғалаған тышқан өте алмайтын қалың күзеттен патша сарайына емін-еркін кіретін екі нәрсе болса, бірі – алтын артылған есек, екіншісі сұлу әйел болыпты. Бүгін сол сұлулар – жарнаманың басты көзірі, яғни жарнама үшін әйелден артық «тауар» жоқ.
Айтып-айтпай не керек, жарнама жаһанды уысында ұстап тұр. Ал мұның салдары қандай болуы мүмкін? Бір қарағанда адам атаулының басы ауырып, балтыры сыздағанын қаламайтын жарнама, тіпті бала-шағамыз бен өзіміздің жақсы киініп, әдемі үйде өмір сүріп, көңіліміздің көтеріңкі жүруін, жаяу жүрмей көлікке, онда да қандай көлікке мінуіміз керектігіне дейін бәйек болып жүрген «жалпақшешей» іспетті. Бірақ соның бәрі тегін бе? Қайдағы, қып-қызыл ақша! Олай болса, біздің қамымызды ойлаған кейіп танытып, анығында, өз қалтасының қамын күйттеген оның сол саясатын біле тұра, неге оған нанамыз? Иланғанымыз емей немене, тіпті біз өзіміздің қалай жарнамамен таңды атырып, күнді батырып, ақыр аяғы онсыз өмір сүре алмайтын халге жеткенімізді аңғармайтын болып алдық емес пе?

МҰНЫМЕН НЕ ДЕМЕКПІН?

Баяғыда оқыған бір кітабым еріксіз еске түсе береді. Өзінің туған ғасырын күллі адамзаттың даму эволюциясының шарықтау шегі, ал айнала қоршаған адамдарды ең ізгі қауым деген түсінікті Пьер Ландриге жан-жағындағы жарнама «айтып тұрғандай» болған. Себебі ол көзін ашқаннан жарнамаға қызығу, елігу деген бер жағы, соншалық ынтызарлықпен «ғашық болған», қалтқысыз сенген. Әр күнін жарнамамен бастап, сол не айтса сатып алып, ол сілтеген бағытқа міндетті түрде бет түзеген. Бұл елігудің соңы жақсылыққа апармады, жарнамадағы жылт еткен дүниені ала-ала ақыры ауруға шалдығып, тістері түсіп, шашы ағарып, жасына жетпей қартайып бара жатса да, сеніміне селкеу түсірмеген. Ақыры сол бейбақ өзінің қалай «жарнама құрбанына» айналғанын сезбей қалған.
Қазіргі қоғам да маған осы Пьер Ландридің кейпін елестетеді… Біз кімге күлеміз? Айтыңызшы, сіз де сенесіз ғой жарнамаға? Аласыз ғой сол «айтқан» затты? Тіпті қолыңыз жетпесе, армандайсыз: «шіркін, осындай үйім, осындай көлігім болса…» деп. Сізді қоршаған ортаның ажарын ашып тұрған да сол жарқ-жұрқ еткен жарнама секілді көрінеді. Қалай болғанда да, әйтеуір, түбі бәріміз «Жарнаманың құрбаны» болмасақ етті. Ал атақты француз жазушысы Эмиль Золяның әйгілі шығармасы тап осылай аталады…

Мәриям ӘБСАТТАР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті