1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
15 тамыз 2017
Полиция полицияға пышақ ұрды

Түн жарымында Тараздағы мейрамханалардың бірінен ішімдікке сылқия тойып шыққан лауазымды полицейлердің көшеге шығып бірін-бірі пышақтаған оқиғасы бейғам жатқан жұртты дүр сiлкiндiрді. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Үмбетәлиевтің криминалдық полиция басқармасының басшысы Ерлан Бектұрғановты жарақаттап, бұрынғы полиция қызметкері, Байзақ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марсель Жетпісбаевтың кеуде тұсына пышақ тығып алғаны анық көрінеді. Бірін қуып жүріп соққыға жығып, екіншісіне суық қару жұмсаған Үмбетәлиев артынша оқиға орнынан ізін суытып, қашып кеткен.

Жалпы, өркениетті елдерде «полиция – біздің қорғанымыз» деп шен таққандарға құрметпен қарайды, қошемет көрсетеді. Біздің елде ше? Полицияның төбесі көрінсе, «пәлесінен аулақ» деп қырық қадам алыс жүруді қалайтындар көп. Біздің полицейлер неге халық сеніміне ие емес? Әрине, бәрiне бiрдей топырақ шашудан аулақпыз. Бiрақ елдің әбден зығырданын қайнатып біткендері баршылық. Олар үшін қолдан қылмыскер жасау топырақтан балшық жасағаннан да оңай сияқты. Соның бірі «Бамбук» болатын.
Иә, «бамбук» десе жалпы халықтың есіне жылдам көбейіп, өмірінде бір-ақ рет гүлдейтін өсімдік түсері анық. Ал Жамбыл облысының Шу ауданында сол өсімдік жайында сөз қозғалса, тұрғындар ұзақ жылдар сол ауданның ішкі істер бөлімінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басшысы болған Мұрат Үмбетәлиевті әңгімелеп жатқанына шүбә келтіруге болмайды. Иә, соның дәл өзі. Бұрынғы әріптесін пышақтап, қазіргі әріптесін қуып жүріп соққыға жыққан атышулы полиция бастығы. «Бамбук» лақап атымен өңірге жақсы таныс М.Үмбетәлиевті шулықтар қолдан қылмыскер жасайтын полиция деп сипаттайды. Айталық, бірер жыл бұрын Шу ауданының тұрғындары Үмбетәлиевке қарсы наразылықтарын білдірген. Өйткені сол ауданда есірткі саудасымен айналысады деген күдікпен көптеген жастардың күдікпен ұсталып жазалануы себеп болған еді. Сол кезде ата-аналар: «Олардың қалталарына есірткіні өздері салып жібереді. Сонан соң үстілерінен іс қозғап, оларды абақтыдан алып қалу үшін қомақты қаржы талап етеді. Сұраған ақшасын тауып бере алмаған біз сияқтылардың балаларын қамайды. Ал, анығында, сол іспен айналысып жүргендер сұрағанын беріп құтылып кетеді. Бұл операцияларды ұйымдастырушы Үмбетәлиев деп есептейміз» деген болатын. Осылайша баласы үшін шырылдап шындық іздеп шыр-пыр болған ана – Майра Рысманова ақыры әділдік таппай, өткен жылдың 6 желтоқсаны күні Астанада бас прокуратура ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп, о дүниеге аттанып кете барды. Сол оқиғадан кейін бас прокуратурадан Жамбыл облысына арнайы топ келіп, тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Алайда Мұрат Үмбетәлиевтің мұртын балта шаппай, оған ешқандай жаза қолданылмады. «Қарға қарғаның көзін шұқымайдының» кері ме, әлде «күлшелі бала сүйкімді» болды ма, әйтеуір, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы қайта оны қорғап, шаң жуытпаған болатын. Тіпті «Қылмыстық топ серкелерін темір торға тоғытып, Шуға тыныштық орнатқан осы Үмбетәлиев. Нашақорларға қырғидай тигені үшін тұрғындарға жақпай отыр. Ол өз ісінің маманы. Бұл дау қылмыстық топтың серкесі қолға түскен соң туындап жатыр. Біздің қызметкердің үстінен талай арыз түскен, бірақ біреуі де дәлелденген жоқ», – деп ресми жауап берген болатын. Міне, осы мақтаулы Үмбетәлиев қазір іздеуде жүр. Және бүгін төртінші күн, әлі қолға түсер емес.
Әсілінде, жолы кесілмеген, жазаны сезінбеген адамның одан да сорақы қитұрқылықтар жасайтынын басқа-басқа, шен таққандар жақсы білсе керек-ті. Ал Үмбетәлиевтің бұл жолғы салған сойқаны әбден дандайсып, шегіне жеткенін көрсетіп берді. Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Ал «құмалақ» жалғыз «Бамбук» дейсіз бе? Мәселе «құмалақтың» тым көбейіп кеткенінде болып тұр емес пе?!.
ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев: «Оқиға орнына барған ІІМ министрінің орынбасары М.Демеуовтің басшылығымен тәртіптік комиссия шешіміне сәйкес, Үмбетәлиев пен Бектұрғанов жұмыстан босатылды. Сонымен қатарІІД кадр жұмысы және қызметі басшысының орынбасары жұмыстан босатылып, ІІД басшысының бірінші орынбасарына сөгіс жарияланды», – деп мәлімдеді. Сонымен, қазiр полицейлердің түнгі төбелесі бойынша Таразда елiмiздiң iшкi iстер министрiнің орынбасары М.Демеуов бастаған арнайы комиссия жұмыс iстеп жатыр. Әрине, «көпшіліктің көкейінде лауазымды полицейлер нені бөлісе алмады екен?» деген сұрақтың тұрғаны анық.
Бұл ретте Мұрат Үмбетәлиевтің әйелі Гүлнәр Екейбаева күйеуінің мейрамханада ішпегенін айтады. Тиісінше Бектұрғанов пен Жетпісбаев айтарлықтай қызу болған екен. «Олар күйеуіме тіл тигізіп, «еркек болсаң, далаға шық» деп шамына тиді. Ол шықты. Екеуінің бірі боксшы екенін білгеннен кейін, сақтық үшін пышақ ала шықты. Мұрат: «Өйтпеген жағдайда мені өлгенше тепкінің астына алар еді»,– деді. Олар бірінші болып күйеуіме өздері тап берді. Күйеуім қорғану мақсатында оларға пышақ жарақатын салды», – дейді Г.Екейбаева. Сондай-ақ күйеуі жақын күндері қорғаушымен полицейлерге өзі баратынын айтқан. Оқиғаның анық-қанығы алдағы күндерде айқындалар деп сенемiз.
Осы орайда, газетіміздің 3 тамыз күнгі №61 санында «Екі полицияның басы бір қазанға сыймай жүр» деген мақала жариялаған едік. Аталған мақалада полицияның мәліметтерін келтіре отырып, қылмыс деңгейі артпаса, кемімей тұрғанын нақты фактімен жазған болатынбыз. Атап айтсақ, Т.Рысқұлов ауданында көшедегі тәртіпсіздік 58,3 пайызға, мас күйінде жасалатын қылмыстар 43,3 пайызға, жол-көлік оқиғасынан жапа шеккендер саны 5,7 пайызға артқан. Жуалы ауданы бойынша маскүнемдікпен жасалған қылмыс деңгейі 187,5 пайызға, топ болып жасалған қылмыс саны 20 пайызға артқан. Ал пәтер ұрлықтары екі есеге өскен. Тараз қаласы бойынша мал ұрлау деректері 8 пайызға, бұрын сотталған тұлғалар жасаған қылмыстар саны 59,9 пайызға, жол-көлік оқиғалары 13,5 пайызға артқан...
Міне, айтып ауыз жиғанша полицияның лауазымды қызметкерлері ішімдікке сылқия тойып алып, төбелесіп, пышақтасқан жағдай орын алып отыр. Бұл Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшылық қызметіндегі шенділердің бір-бірімен араздасып, бірін-бірі мойындамай, беттерімен кеткендерінің айқын көрінісі болса керек-ті. Кешегі оқиға осы саладағы былықтың шегіне жетіп, сыздаған жараның жарылғаны емей немене?

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар