1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
Ұлтты сақтаудағы ұлы күрес дәріптелуі тиіс

Маған «Жас Алашта» жарияланған «Тоқал ма, әлде көңілдес пе?» деген мақала (8 тамыз, №62) қатты әсер етті. Соған байланысты өз ойымды білдіргенді жөн көрдім.
Баспасөзде, теле-радио хабарларында алданған қыздар, көкек аналар мен тастанды балалар туралы мәселе қозғалып, әртүрлі жастағы қатысушылар пікір білдіріп жатады. Өмір тәжірибелері мен жастарына, тіпті мамандығына қарай әркімнің пікірі әртүрлі болып шығады. Ол заңды да. Көп ойдың бір түйіні болмай жүр. Мысалы, алдаған жігітті жазалау, алданған қызға жатақхана жағдайын жасау, екіқабат болудан сақтану, зорлап үйлендіру, ата-ананың жауапкершілігі т.б. Ой-пікірлер шашыранды айтылып, айтылған жерде қалады. Нәтижесінде жетім бала, жесір «қыз», алдамшы жігіт мәселесі шешімін таппай, ұсыныс нақты айтылмай аспанда ілініп қалады. Қырықтан асқан қырқылжыңдар мен алпысқа жақындаған «жас иіс» іздеушілерге де біраз сын айтылып жүр. Үлкен қызметтегі ағалар жас қыздар жұмыс сұрап келгенде жағдайды төсек әңгімесіне бұратыны, қазақы үлкендік, әкелік қамқорлық, «қарындасым», «қандасым» деп қарау кемшіндігі, басқа ұлт өкілдерінен қаракөздерімізді қорғай алмайтынымыз туралы да аз айтылмай жүр.
Жеңілтек қыздың сарыүрпек бозбаланы алдап үйлендіруі, екіқабат болдым деп қоқан-лоқы жасап, зорладың деп ақша талап ететіні, полицияда қашанда қыздыкі «дұрыс» боп шығатыны да қышыған тілге тиек. Мен бірінші кезекте қоғамды кінәлаймын, оның неке туралы заңдарын өмірге икемсіз, «өлген» заңдар деп есептеймін.
Қазақ келін алғанда «малың адал болсын» дейді. Адалынан жолыққан екінші, үшінші әйел перзенттерінің ешкімнен кемдігі жоқ. Кемітіп жүрген «тоқал талқылауын» күлкі-мазаққа айналдырған өзіміз. Сондықтан қазақ қана емес, пайымы шолақ орыстілді басылымдарда, теледидарда ұлтты сақтаудағы ұлы күрес – баба дәстүрі, көп әйел алушылық дәріптеліп, түсінік жұмыстары діндарлармен бірге жүргізілуі қажет, ұлттың сапалы дәстүрі ретінде мадақталуы тиіс. Мұның өзі жесірлікті, жетімдікті, кәріқыздануды, халық өсімін арттыруды өз-өзінен шешетіні мәлім.
Көп әйел алушылық, қазақы неке жасының ерекшелігі, ұлы қазақтардың тоқалынан туған балалар туралы оқырмандар тарихтан хабардар шығар. Тоқалдан туған ұлдардың әңгімелерін халқымыздың ұлы қаламгерінен бастайық. Өзінің жазуынша, алғашқы әйелімен некеде бақытсыз болды. Қателеспесем, ұлы ақынның бәйбішесінің сіңлісін алып, одан қыз көрді. Одан орыстан әйел алып, қыздар көрді. Бірақ қыздардың аты қалмай, тоқалынан туған жалғыз ұл атын шығарып жүр. «Заңсыз туды» дегендей сөз де жоқ. Елді елу жыл басқарған құдасы сол ерлікті жасай алмай, әйелінен аса алмай, перзент көрмей өтіп кетті.
...Естелікке сенсек, сезімтал Құлагер ақын «жеңгеңе, балаларға көз қырыңды сала жүр» депті. Бұйрабас жігіттің қылықты, түлкідей сұлу жеңгесіне көзі түскенін сезбеді дейсің бе?! Жылдар өтті. Бәрі кетті. Уақыт таразысына барды салатын кез жетті. Асыл перзентінің қызығын көрмесе де, тура жолға түсіріп, оқытып, ұлы жазушы ізбасарына өмірін жалғап кетті. Бұл ұлы шығарма жазғаннан да артықтау, нағыз еркектің ерлігі дер едім.
Қазақтың тағы бір марқасқа қаламгері, ұлы жазушы өмірден өткенде перзенттеріне (қыздарына) дүниесін бөлетін комиссия бастығы болған екен. Сонда бәйбіше қыздары тоқал ұлынан ақша, үй, мүлік, машина сияқты дүниелерді қызғаныпты дейді. Һәм жұмысқа жолатпай, Алматыға жақындатпай, дөкей қайнағасын пайдаланып, жас жігітке қыспақты жасап-ақ баққан. Комиссия бастығы қазақы мінезбен «әке мұрасынан ұлға да бөлейік» десе керек. Сонда әпке қабағына қараған әрі ақылды ұл: «Әкем беретінін беріп қойған», – депті» дейді. Шошына қарап, байлықты ойлаған орысшылдау әпке шошына: «Не берді?» – десе керек. Сонда асылдың сынығы ұлы: «Ол маған фамилиясын берді, сол да жетеді», – депті» дейді. Дәл осылай ма, басы-қасында болған жоқпыз, бірақ данышпанның асыл қанының көрініс бергені, тот баспас алтындай жарқ ете қалғаны анық қой.
Ұлы адам да пенде. Жазбагер жадау көңілмен өз баласын – Тәңірден тілеп алған тұяғын медеу көріп, сан түндер жазу жазғанда соның жер бетінде бар екендігіне шүкіршілік етіп, тәуба қылып, «армансызбын!» деп күбірлеген шығар.
Орташа қазақ туралы ұлылар өз жөнімен қала тұрсын, ал орташа қазақ Бектепов туралы атамның әңгімесі мынау: «Қазір Жетісайда Бектепов атында көше бар. Ол, қателеспесем, ауданның қаржы бөлімінің бастығы болған екен. Коммунист, перзенті жоқ. Әйелі тоқал алдырмайды. Молотов базарының асханасында бөлек бөлмеде тамақ жеп, арақ ішкенде арманын айтып, ұл перзентті аңсап көңілі босайды екен. Қырықтан жаңа асқан атама – асханашыға: «Әйел алайын десем жұмыстан босап кетем, коммуниспін, әйелім арыз жазып, құртып жібереді» деген көрінеді. «Оның оңай жолы – осында бір ыдыс жуушы жас әйел бар, бір қызы бар, соған жасырын үйленіңіз. Жан баласына тісімнен шығармаймын» депті пысық асханашы. Сөйтіп, кембағалдау, ыдыс-аяқ жуатын келіншектен Бектепов ұл перзент көріпті, қарасып жүріпті...
...Арада он алты жыл өтеді. Бектепов те, кемпірі де қартаяды. Үлкен жұмыс, қызмет креслосы жоқ, Кеңес өкіметіне адал қызмет етіп, байлық жимай өткен қалтыраған қос зейнеткер мұңлықтар ғой. Күндердің күнінде кемпірге құдай сана беріп: «Баяғыда бажылдай бермей біреуді қосқанымда, бір шикіөкпені туғанда, осы уақта соқа басымыз сопайып отырмас едік. Өлсек топырақ салатын да адам жоқ. Мен ақымақ болыппын», – деген-мыс. Сондай сөздер араның ызыңындай мазаны алып қайталана берген соң, өмір қосағына жаны ашыған Бектепов: «Бізді көметін адам бар, құр қол емеспіз», – деп «ұрлығының» сырын ашыпты.
Қысқасы, әңгімеге қанған кемпір қоржын-қосқалағын дайындап, Жетісай қаласынан осы аттас совхоз бөлімшесіне, бұрынғы Молотовқа қуана барып, күндесімен табысқан. Оның қызын ұзатуға да қатысқан. Он алтыдағы бала екі үйге бірдей келіп жүрген. Тағдыр солай да! Арада көп өтпей ұлдың анасы, тағы біразырақтан соң ұлды үйлендіріп шал да қайтыс болады. Құдайдың жазуымен Бедірей кемпір мен Тілектес бала қалады. Ол үйленіп, кемпір одан немере сүйіп, кейінірек ақ жуып арулап, кемпірді сол бала жөнелткен. Ұмытпасам, атам: «Бектепов молдаға некесін қидырып алды. Ол кезде мұсылманшылық таза ғой, дұрыс істелген», – деп еді. Атамның өзі кісіге көп қайырым жасаған соң ба, сол жақсылықтарының қайтымы ма, Молотовтан көшіп кеткен соң, «Тельман» колхозында қырық жыл жасап, көп перзент көрді, малға кедей болса да, жанға кедей болмады – балалары жақсы өсіп, атын шығарды, дүниеден «армансызбын!» деп өзіне иман, жастарға өмір тілеп өтті.
...Қай елдің де ардақты азаматтары бар ғой. Неге көп ардақтылар – айқасқалар жалғыз әйел, жалғыз ұлмен өмірден өтіп барады?! Бәрібір көп әйел алушылық туралы заң керек сияқты. «Көп баласы бар үйде табиғи іріктеу, таңдау оңайырақ» дейді білгіштер.

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар